Жаңалықтар

«Болашақ энергиясы» — көпшіліктің назарында

ашық дереккөзі

«Болашақ энергиясы» — көпшіліктің назарында

Бұл кездесуде 2017 жылға жоспарланған ЭКСПО көрмесінің ұйымдастыру кезеңдері, көрмеге дейін және соңынан атқарылатын қыруар шаруа тағы бір рет пысықталды. 

Лоссерталес мырзаның елімізге алғашқы сапары емес. Көрме мәселесіне қатысты бірнеше рет келіп, өзара келіссөздер жүргізілген болатын. Бұл жолғы сапарында ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мәселелері, оның ішінде Тіркеу құжаттамасын дайындау талқыланды. Мемлекет басшысы В.Лоссерталес мырзаның Қазақстанға жиі келіп, қолдау көрсетіп жүргенінің маңызды екенін айта келіп, алғысын білдірді. 

– Біз ЭКСПО көрмесін өткізудегі әлемнің көптеген мемлекетінің үздік тәжірибесіне талдау жасадық. Осыған байланысты біз үшін көрмені өткізу елімізге қандай пайда әкелетіні және ол аяқталғаннан кейін не болатыны ерекше маңызды. Бұл мәселе көптеген азаматтарымызды толғандырады. Біз құрылған инфрақұрылым өз қолданысын тауып, елордамызға және барша елімізге пайдасын тигізуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз, – деді Елбасы. 

«Болашақ энергиясы» атты көрме еліміздің «жасыл экономика» саясатына өту жөніндегі тұжырымдамасына сай келеді. Қазіргі кезде қоршаған ортаны қорғау, өндірістің атмосфераға шығарылатын залалды заттарды барынша азайту мәселесі бүкіл әлемдегі өткір мәселеге айналған. Сондықтан да ЭКСПО көрмесінде «Болашақ энергиясы» дүниежүзінің назарында болмақ. 

– Аталған мақсаттағы жетістіктерге бірқатар салалар бойынша нақты өзгерістер түсіп, жаңа индустрияны қалыптастырады және сапалы жұмыс орындары құрылады. Осының бәрі еліміздің одан әрі дамуына елеулі ықпалын тигізеді, – деді Мемлекет басшысы. 

Ал Лоссерталес мырза Қазақстандағы дайындық жұмыстарының жедел және нәтиежелілігін атап айтты. 

– Біз көрмеге уақтылы дайындалып және өткізу үшін белгіленген жоспарға сай жұмыс жүргізудеміз. Тиімді үйлестіру бар. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия арнайы компания құру тапсырмасын табысты орындап, қысқа мерзімде тиімді жұмысты жолға қойды. Ең бастысы – барлық қажетті құжат, соның ішінде Тіркеу құжаттамасы іс жүзінде дайын. Биыл құжаттама ұсынылады, одан кейін біздің ішкі рәсімдер жүзеге асырылады, ал келесі жылы біз тіркеуді толық аяқтаймыз, – деді Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Лоссерталес мырза. 

Көрмені ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңызы зор. Бұл шаруаның тиімділігін Лоссерталес мырза да атап өтті. Қазақстанға сапары барысында көрмелер бюросының бас хатшысы Тіркеу құжаттамасының жекелеген тауарларының жұмыс бабындағы алдын ала нұсқасы, атап айтсақ, көрмеден кейін ысырап қылмай пайдалану жоспары, коммуникациялық жоспар, сондай-ақ «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашып көрсететін көрменің мазмұны туралы жоспар таныстырылды. 

А.Бейімбетқызы