Жаңалықтар

Іле бойын аралады

ашық дереккөзі

Іле бойын аралады

Алматы облысында отандық өнімді экспорттау жақсы жолға қойылған. Да­йын өнімді шығару бойынша жаңа цех-фабрикалар іске қосылуда. Бұл сапарында облыс басшысы Чапай ауылдық округі аумағындағы «Сарыбұлақ компаниясы» ЖШС жұмысымен танысты. 

Мұнда құс еті мен жұмырт­қа өндіріледі. Сарыбұлақ жұмырт­қалары облыста ғана емес, республикаға тегіс тарайтын, мол сұранысқа ие өнімдердің бірі. Аталмыш зауытта бірқатар қосымша өндіріс бар. Майбұршақ, күнбағыс, соя дақылдарын өңдеп, май шығаратын зауытқа да ат басын тіреді. Аталмыш өндіріс орнының бас директоры Жеңіс Смайлов зауыттың жұмыс істеу тәртібімен қонақтарды бастан-аяқ таныстырып шықты. 

Осынау өндіріс орнының құрылысы 2008 жылы басталған болатын. Араға екі жыл салып, 2010 жылы құрылысы толығымен аяқталып, іске қосылды. Жобаның жалпы құны 825 миллион теңгеге түссе, құрылыс жүргізу мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, оны орналастыру кәсіпорынның өз қаржысы есебінен жүргізілген. Зауыттың өнім өндіру қуаттылығы жылына 55-75 мың тоннаға дейін жеткізілмек. 

Бүгінгі күні аталмыш нысан толық қуатында жұмыс істеу үшін қажетті шикізат жеткіліксіз. Былтырғы көрсеткіш небәрі 15 мың тоннаны ғана құраған. Шикізат облыс шаруашылықтарынан сатылып алынады. Шикізат мөлшерін молайту мақсатында, Кербұлақ ауданынан 3 мың гектарға жуық жер телімі алынған. Қазір онда бірқатар шаруа қожалықтары еңбек етуде, дегенмен зауытқа өткізілетін өнім аздау. 

Серіктестік бастығының айтуынша, қазір зауытта жүзге тарта адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80-85 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 4240 тонна майбұршақ дақылы өңделіп, одан 754 тонна май, 3332 тонна шрот алыныпты. Жеңіс Жексенбіұлының айтуынша, өндірілген өнімдердің бір бөлігі ішкі қажеттілік үшін өздерінде қалса, қалғандары сұранысқа сай сатуға шығарылады.

Облыс әкімі зауыт жұмысымен танысу барысында компания басшылығына өнім шығару барысында неғұрлым бәскелестікке қабілетті болу үшін жаңа технологияларды батыл қолдануға шақырды. Ал арнайы зертхана меңгерушісі Р.Келдібаеваның айтуынша, зауыт цехтарынан өндірілетін өнім түрлері осы жерде қатаң тексеруден өтеді. Негізгі мақсат – өнімді халықаралық стандарттарға сай ету. 

Ал фабриканың құрама-жем зауыты да талапқа сай жұмыс істеп келеді.  Оның жылдық қуаты 99200 тоннадан асып жығылады. Мұнда  қосымша жылдық қуаты 16 мың тонна болатын сапалы құс етін өндіретін фабрика салынуда. Оның аяқталу мерзімі 2014 жыл деп белгіленсе де, қазірдің өзінде бір бөлігі толық жұмысқа қосылған.

Аңсар Тұрсынханұлы өзінің жұмыс сапары барысында жаңа зауыттың мүмкіндіктерін атап өтті. Өңдеу цехтарындағы жұмыс автоматты жүйеге көшірілген. Осының өзі-ақ жоғары өнімділікке кепіл болса керек. Облыс әкімі өзінің жұмыс сапарын «Сарыбұлақ компаниясы» ЖШС-ына қарайтын құс өсіріліп жатқан, жұмыртқа өндірілетін және сұрыпталатын басқа да бірер ғимаратта болып, саланың көңіл аударарлық мәселелеріне назар аударды. Сапарының соңында құс өсірушілерге еңбекте табыс, сәттілік тіледі.

Ақниет ОСПАНБАЙ