Жаңалықтар

МҰНАЙ МЕН ГАЗ – МАҢЫЗДЫ САЛА

ашық дереккөзі

МҰНАЙ МЕН ГАЗ – МАҢЫЗДЫ САЛА

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин өзі басшылық ететін министрліктің мұнай мен газ өндіру, мұнай-химия өнеркәсібі және көмірсутек шикізатын тасымалдауды қамтамасыз ету тәрізді салалардағы қызметі туралы баяндады. Министрдің айтуынша, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақты қосқанда ірі кен орындарын игеруге байланысты мәселелер талқыланды. Теңіз жобасында, сондай-ақ өзге де болашақ кен орындарын игеру барысында еліміздің мүддесін мейлінше ескеру қажеттігіне басты назар аударылған көрінеді. Ал Елбасы Қазақстан үшін стратегиялық саланың бірі болып саналатын мұнай-газ саласын одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.

«Бүгінгі күні Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді бастауға дайындық процесі жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұнай және газ министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оның қызметі жетілдіріліп, тиімділігі арттырылатынына сенемін. Сондай-ақ, министрлік тәжірибе және технологиялар алмасу үшін көршілес елдердегі серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта болуы қажет», – деп мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы халыққа тиесілі табиғи байлықтан түсетін кірістің ел экономикасы мен азаматтардың әлеуметтік ахуалын арттыруға сеп болатындығын ескертті.

Елбасы алдында есеп берген министр болса, мұнай және газ саласын дамытудағы оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар туралы айтты: «2013 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай және газ конденсатын өндіру 40 миллионнан астам тоннаны құрап, 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайыз болды. Сонымен бірге, табиғи және ілеспе газ өндіру жоспарланған кестеге сай жүргізілуде. Мұнай-газ өнімдерін экспорттау жөніндегі жоспарлар, жалпы алғанда, орындалуда, жекелеген көрсеткіштер жыл аяғына дейін теңестірілетін болады», – деді мұнай және газ министрі.

Каспийдің қазақстандық қайраңының Жамбыл учаскесіндегі жұмыстар туралы баяндаған Ұзақбай Қарабалин мұнай табылғанын қуана жеткізді: «Жамбыл құрылымындағы барлау ұңғымасын сынақтан өткізу кезінде тәулігіне 60 тонна мұнай ағыны алынды. Біз бұл нысанды зерттеуді одан әрі жүргізе береміз, бірақ қазірдің өзінде жаңа кен орны табылғандығы туралы айта беруге болады, соған орай Сізді құттықтағым келеді. Мұнайшылар және біздің бәріміз үшін бұл өте қуанышты оқиға».

Министрмен болған кездесуден кейін Н.Назарбаев мұнай және газ министрлігінің мойнына бірқатар тапсырма жүктеді. Оның шикізат саласына баса назар аударуы тегін емес. Өйткені табиғи ресурстардан түсетін кірістің арқасында еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елбасы биылғы халыққа Жолдауында да: «Шетелдік инвестициялар мен ішкі салымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу. Біз  дамудың нақты, орнықты және үдемелі қарқынына қол жеткізу міндетін қойдық. Біз осы міндетті тарихи тұрғыдан алғанда  аса қысқа мерзімде шештік. Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында  басты назар экономикалық өсуге аударылды. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі  1997  жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы  28 триллион теңгеге  өсті. Елдің ІЖӨ  16  еседен астам өсті.  1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы  өсуі  7,6 пайызға тең болып,  алдыңғы қатарлы  елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей  шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды.  Біз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жібердік. Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі  және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі», – деп мәлімдеген еді. Демек, мұнай мен газ саласының бар мүмкіндігін сарқа пайдалану арқылы экономикалық және әлеуметтік әлеуетті күшейту – басты міндеттердің бірі.

Нұрахмет ҚУАТ