ӘЗІРБАЙЖАНДАР САЙЛАУҒА ҚАМДАНУДА
ӘЗІРБАЙЖАНДАР САЙЛАУҒА ҚАМДАНУДА
Сарапшылар пікірінше, әзірбайжандар жеріндегі саяси науқанда «тосын сый» болмайды. Өйткені дауыс беру процесінде екі рет жеңіске жеткен қазіргі басшы Ильхам Әлиевке халық тағы да сенім мандатын тапсыратыны анық.
Бастапқыда Әзірбайжандағы сайлау мерзімі қазан айының соңына белгіленген. Бірақ Құрбан айт сол күнге дәл келгендіктен, 16-сына өзгертілді. Әзірбайжандық оппозицияның беделді тұлғаларының бірі, «Мусават» партиясының жетекшісі Иса Гамбар халықаралық БАҚ-қа берген бір сұхбатында саяси науқан мерзімінің өзгертілуін өздеріне жасалған кедергі ретінде бағалапты: «Үкімет сайлауалды кампаниясына берілетін уақытты шектеуге тырысуда. Бастапқыда Конституцияда көрсетілгендей, 4 ай делінсе, кейін 2 айға дейін қысқартты. Кейін 1 аптаға тағы алға жылжытты».
Әзірге Әзірбайжандағы Ұлттық демократиялық күштер кеңесінің атынан сайлауға үміткер ретінде Рустам Ибрагимбеков қатыспақ. Бірақ ол Ресей Федерациясы мен Әзірбайжан Республикасының азаматы саналады. Оның қос азаматтығы президенттікке үміткер болуға кедергі. Иса Гамбар Ибрагимбеков сайлауға қатысуға үлгермесе, кепілдік ретінде тағы бір үміткерді таңдауға ұсыныс білдірген. Алайда, әзірбайжан саясаттанушысы Зардушт Ализаде оппозиция өкілдерінің бұл ұсынысқа қарсы шығатынын, өйткені әп дегеннен-ақ тек Ибрагимбеков таңдалғанын айтады: «Ұлттық кеңес Иса Гамбарды қолдамайды. Оның үстіне, Ұлттық кеңес құрылмай тұрып, оппозиция өкілдері Қоғамдық палатаның іргетасын қалады. Сайлауға қатысатын ортақ үміткерлікке «Мусават» партиясының көсемі Иса Гамбар мен Али Каримли арасындағы бәсекелестік қатты болды», – дейді. Оппозиция өкілдері жиналған басқосуда Ибрагимбековтің кандидатурасын дауысқа салу барысында 97 адамның 2-еуі – қарсы, екеуі – қалыс қалған, қалғандары бірауыздан қолдаған. З.Ализаденің айтуынша, егер Рустам Ибрагимбеков сайлауға қатыса алмаса, екінші ортақ үміткерді таңдау қиынға соқпақ. Мұның соңы дауыс беру процесіне бойкот жариялауға ұласуы ғажап емес: «Ұлттық кеңес екіге жарылады: бір топ Иса Гамбарды қолдаса, екІншісі сайлаудан бас тартпақ. Гамбар Ибрагимбековке есе жіберіп алатындықтан, оның нәтижесі 2003 жылғыдан әлдеқайда төмен болады. Ал билік өзіне кедергі жасауы мүмкін қарсыластар мен бәсекелестерге кінә тағуға тырысады». Есесіне, Ибрагимбековтің өзі жеңіске жететініне сенімді: «Таңдау маған түскеніне қуаныштымын. 20 жылдан бері әділ сайлау өткізе алмаған, табиғи байлығы биліктің қолында кеткен, демократиялық құндылықтар сақталмайтын елді дамытқым келеді. Халықты репрессияға ұшыратып, сіңірі шыққан кедейге айналдыруда. Сайлауда халықтың басым бөлігі мені қолдайтынына сенімдімін. Адамдар қазіргі биліктен шаршады. Елдің қамын ойлаған шынайы үміткердің саяси сахнаға шығуы халықтың көңіліндегі үмітін оятып, жаңа президент сайлауға деген құлшынысын арттырады».
Неге екені белгісіз, Ресей азаматы болып табылатын Ибрагимбеков басқосуды Бакуде емес, Тбилисиде өткізуді қалапты. Жалпы, ол әзірбайжандар еліне келуге тыйым салынбаған тұлға. Әрі сол елдің азаматы саналады. Кездесудің астарынан саяси сарын іздеген Ресей Баку мен Тбилисидің арасына от жағуға тырысты. Алайда Әзірбайжан оппозициясының Грузияда басқосуының астарында тағы да арандатушылық жатқанын мәлімдеген Саакашвили: «Әзірбайжанның саяси тұрақтылығы – Грузияның саяси тұрақтылығына негіз. Әзірбайжан, Армения, Түркиямен қатынас Грузия үшін аса маңызды», – деді. Бірақ кейбір дерек көздеріне сүйенсек, Рустам Ибрагимбеков басқаратын Кинематографистер одағының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тағылған айып – «мемлекеттік бюджеттен бөлінген қыруар қаражатты жеп қойды». Енді егер Ибрагимбеков Бакуге келсе, оның тұтқынға алынуы мүмкін. Саяси науқанға қатысты мәселелерді Тбилисиде талқыға салған әзірбайжандық оппозиционерлер РФ президенті Путиннен Ибрагимбековтің азаматтығынан бас тарту мәселесін жеделдетуге қатысты ұсыныс білдірді. Сонымен қатар АҚШ Конгресі мен Мемлекеттік департаментіне елдегі президенттік сайлауды әділ де ашық өткізуге ықпал етуді өтіну туралы шешімге келген. Милли Меджлис депутаты (Ұлттық Мәжіліс) «Ана Ватан» партиясының өкілі Фазаил Агамалының пікірінше, «Ұлттық кеңестің құрылуы Әзірбайжанның ұлттық мүддесі үшін емес. Бұл ұйым Әзірбайжандағы сыртқы күштердің сойылын соғады. Ал Әзірбайжан халқы Ильхам Әлиевтің жағында». Оның бұл пікірін әзірбайжан саясаттанушысы Арастун Оруджлу да қостайды: «Ибрагимбековтің ортақ үміткер ретінде ұсынылуы сайлауда оппозицияға жеңіс әкелмейді. Мұндай шешімге келудің басты себебі – жаңа ғана құрылған саяси одақтың ауызбіршілігін сақтау, ортақ келісімде болу». Демократиялық күштердің ұлттық кеңесі 2013 жылдың 28 мамырында құрылған. Оның мүшелігіне Әзірбайжан Ислам партиясынан бастап, либералдық партияға дейін өтті. Кеңестің белді мүшелерінің қатарында «Мусават» партиясының көсемі, Халықтық майдан, Азаматтық бірлік, Либералдық партия жетекшілері бар.
Оппозиция тарапынан ұсынылған ортақ үміткердің басты қарсыласы – «Жаңа Әзірбайжан» партиясының өкілі, Әзірбайжанның қазіргі президенті Ильхам Әлиев. Негізі бұл көпшілік үшін тосын сый емес. Өйткені билікті әкесінен «мұраға» алған, мемлекет басшысының міндетін талай жылдан бері атқарып келе жатқан Ильхам Гейдарұлының ішкі және сыртқы саясатта жақтастары көп. 2003 жылы қайтыс болған экс-президент Гейдар Әлиевтің ұлы Ильхам Әлиев президенттік таққа отырды. Құрамында 518 мың мүшесі бар «Жаңа Әзірбайжан» партиясының әзірбайжандар қоғамындағы саяси салмағы басым. 1995, 2000, 2005 жылдардағы парламенттік сайлаударда басым дауыспен жеңіске жеткен бұл партияның өкілі Ильхам Әлиевті 2003 жылғы президенттік сайлауда дауыс берушілердің 80 пайызы қолдаған. Ал 2010 жылғы парламенттік сайлауда «Жаңа Әзірбайжан» партиясы Палламенттегі 125 орынның 72-сін иемденген.
Оның үстіне, табиғи ресурстарға, мысалы, мұнай мен газға бай әзірбайжандар елімен тығыз қарым-қатынас орнатуға Батыс пен АҚШ, Қытай мен Ресей мүдделі. Мұндайда әсіресе, Ресей аса белсенді. Посткеңестік елдерді, Орталық Азияны уысында ұстауға бейіл Кремль күні кеше ғана Бакуге Еуразиялық біртұтас кеңістікке мүшелікке өту мәселесін он күннің ішінде шешуге ұсыныс жасады. Ал Еуропа болса, батыстық тұтынушылардың көмірсутегілерге деген сұранысын әзірбайжан арқылы қанағаттандыруды көздейді. Бұған әлбетте, Ресейдің өлсе, көнбесі анық. Өйткені Ресейге қазақ, әзірбайжан, түркімен мен өзбектің мұнайы мен газын арзан бағаға алып, оны Украина арқылы еуропалықтарға қымбатқа сату тиімді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ