Тыныштық құшағындағы Таксим
Тыныштық құшағындағы Таксим
Әрине, Анадолы жері туралы, бүгінгі анадолылықтар туралы талай рет басылым беттерінде жазылды да. Өйткені Мәрмәр теңізі бен Жерорта теңізіне турист ретінде сапар шегетін қазақстандықтар өте көп. Көргені мен білгенін айтып тауыса алмайтын жолаушылар ең әуелі салмақты сөзін басылым беттерінде жазары хақ. Сондықтан, көне түркі жері мен бүгінгі Стамбулдың ғажайыптарынан сыр шертетін дүниелерді қазақ басылымдарынан көптеп кездестіруге болады.
Ал біз көрген ғажайыптар мүлдем бөлек. Жуырда ғана болған Таксимдегі толқулардың ізін суытпай, Стамбулға келген біздердің ең әуелгі көргіміз келгені де осы, яғни Таксим алаңы. Таксим алаңындағы Гизи паркіне келгендегі ең алғашқы байқағанымыз – алаң маңы тып-тыныш. Жергілікті жұртшылық жайбарақат тіршілікке көшкен. Ары-бері қыдырып жүрген адамдардың да жүзінен мамыражай қалып байқалады. Күнделікті күйбің тіршілік. Алаңда ағылған адамдар. Таксимдегі толқуға себеп болған екі ағашты да іздегенбіз әуелі. Бұл бақта екі ағаш қана тұрған жоқ. Саябақтың ішінде жайқала тербелген тал-шыбықтар да жайбарақаттықтың белгісін танытады. Ешқандай дүрлігу де, сүрлігу де байқалмайды. Демек, жергілікті халық Ердоған билігіне сенеді деген сөз. Сауалнама жүргізу барысында, көпшіліктің Ердоғанды қолдайтынын да білдік. Демек, Ердоған саясаты – түрік жұртының көңілінен шығатын саясат. Біздің көзіміз жеткен дүние де осы.
Мыңжылдық құндылықтар…
Түркияға демалуға келетін саяхатшылардың санында шек жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған демалушылардың арасынан еуропалықтарды да, азиялықтарды да көптеп кездестіресіз. Бұл дегеніңіз – Түркия еліне келушілердің саны артпаса, кемімеген деген сөз. Анадолы жеріне ағылған туристердің бір ғана арманы бар: ол түрік халқына тән нәрсенің бәріне қанығу, әсем табиғатын тамашалау, тарихи құндылықтарына тәнті болу. Отбасымен, туыс-туғанымен, құрбы-құрдастарымен, достарымен, топ-тобымен қыдырған қауым.
Ертесіне бізді тобымызбен әуелі Сұлтанахмет мешітіне алып барды. Бізді бастап жүрген Мехмет мырза Сұлтанахметке қатысты қызықты деректі алға тартты. Он төрт жасында билікке келген Сұлтан Ахмет Осман империясының он төртінші мұрагері, он төрт жыл елді басқарған. Тағдыры он төрт санымен құралған сұлтанға арналып салынған зәулім сарайдың кереметі де осында. Сапарымыз сенбі күніне сәйкес келсе де, мешітті көруге келген туристерден адам аяқ алып жүргісіз. Олардан бөлек, мешітке құлшылық етуге келген жергілікті бауырларымызды да көптеп кездестіресіз. Бұл орталықты жергілікті халық «Көгілдір мешіт» деп те атайды. Бұл Стамбулдағы аса ірі және көрікті мешіттердің бірі. Стамбулда мешіттер саны өте көп. Солардың арасынан бұл мешіт ерекшеленіп көрінеді. Мешітте алты мұнара бар. Төртеуі бірдей, ал қалған екеуі биігірек. Естуімізше, бұл мешіт әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың бірі болып саналады екен. Қасиетті рамазан айы болған соң ба, кешкілік мешіт маңына жиналып, ауыз ашатындар өте көп. Біз келгенде де осы көрініс тағы қайталанды. Бірен-саран жолаушыдан «бұл неғылған көп адам» деп сұрағанымызда, «ифтар жасауға жиналған көпшілік қой» деген жауап алдық. Мешіт маңындағы көгалдарға шағын дастарқандарын жайып, ауыз ашуға қамданып отыр. Кейбірі туыс-туғанымен, кейбіреуі отбасыларымен жиналған. Бұл да дінге деген жергілікті жамағаттың құрметі болса керек. Рамазан айында көз жеткізген тағы бір ғажайып – Стамбулдың кез келген нүктесінен тегін ауызашарлар ұйымдастырған ағайынды көресің. Олар әр күні кешкілік шатырлар құрып, ас-суын әзірлейді. Бұл ауызашарлардан кез келген адам тамақ ішуге мүмкіндігі бар. Өйткені дінді қастерлеген халықтың бойына тән дағдысы бұл. Айтқандай, тегін ауызашар беріп, тегін тамақ үлестіретіндей, Стамбулда қайыршы да көзге көп түспейді. Он алты миллиондай халқы бар Стамбулда қайыршы көре алмағанымызға таң қалдық. Әлде біздің көзге түспеді ме? Кез келгені қолынан келген кәсібімен айналысып жүр. Шамасы келсе, көлік жуады, одан қалса, сауда жасайды. Күнделікті ас-суын айыратын нәпақасын тауып жүр. Ешкімге қол жайып, қайыр сұрамайды. Бір жұма ішінде көз жеткізген менің болжамым. Әлде, қателесемін бе?! Белгілі жазушы Марат Қабанбай: «Есебі, бір кезде құл болсаң, өзгелер біздің бойдан ылғи да құлды көргісі келіп тұрады екен», – деп жазған екен. Құлдық қамытты басына кимеген түрік халқында қайыршылық қамытын кию деген ұғым жоқ шығар, кім білсін?!
Сұлтанахметтен соң бас сұққанымыз – Айя София мұражайы. Айя София Сұлтанахмет мешітіне қарама-қарсы орын тепкен. Бұл Стамбулдағы ең көне ғимараттардың бірі. Әрі ең көне сәулет жәдігері деп санауымызға да болады. Оның іргетасы император Константиннің бұйрығымен 325 жылы қаланған. Ғимаратты салуға он мың жұмыскер жұмылған көрінеді. Ғимаратты бас-аяғы бес жылда бітіріпті. Қаншама тарихи ғасырларды бастан кешірген Айя София қиын күндерде талай рет қирап та қалды. Қайта қалпына келтірілген сәттері де болды. Император Юстинианның заманында Анфимий мен Исидор атты екі сәулетшінің қолынан шыққан үлгі нұсқасын сақтауға тырысыпты түрік бауырлар. Көне жәдігердің ішіне кіргенде, биіктігіне қарап, таң қаласыз. Екі сәулетшінің ерекше зәулім етіп салған күмбезі құлап қалған соң, оның орнына 563 жылы Родос аралы топырағынан жасалған жеңіл кірпіштен жаңа күмбез орнатылыпты. Оның биіктігі – 55.6 м, диаметрі – 31.4 м. Күмбездіктің 40 терезесі бар. Негізгі күмбезге жанамалай жалғасқан жартылай күмбездер жүйесі ғимарат бейнесіне көкпен таласқан зәулімдік сипат береді. 1317 жылы император Андроник Палеолог ғимарат ұстындарын нығайту үшін күрделі жөндеуден өткізеді. Айя Софья кезінде әлемнің ең үлкен ғибадатханасы саналған. Осман империясы жаулап алғанға дейін Византия империясының, кейін түріктердің діни орталығы қызметін атқарды. 1935 жылы Ататүрік Айя Софияны мұражайға айналдырды. Ежелгі византиялықтардан қалған белгілерді де, көне түріктер жасаған діни сипаттарды да көруге болады бұл орталықтан. Қаншама ғасырлар өтсе де, табиғи құндылығын жоғалтпаған ғимараттың бірі осы.
Патшалар жүрген
жолменен…
Осман империясының тарихында небір жақсылар мен жайсаңдар өткен. Олардың арасында қатыгезі де, қанышері де, жауызы да, кемеңгері де, данышпаны да өткен. Сол патшалар салтанат құрған зәулім сарайлар да, көне ғимараттар да бар Анадолы жерінде. Жалпы, осы жолы көз жеткізген тағы бір дүние – түрік бауырларымыздың мәдени мұраға адалдығы. Хан сарайлары да, киімдері де, қолданған заттары да, қару-жарақтары да қаз қалпында сақталған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», – деген еді. Елбасымыз айтқандай, түрік халқы да өз тарихымен мақтанады. Олар өздерінің мәдени құндылықтарын аннан-мұннан іздеп, сабылып жүрген жоқ. Осман империясының тарихын көзбен көргің келсе, Топкапы сарайына, Долмабақшаға, көне Перге қаласына бар.
Стамбулға келген әрбір саяхатшыға немесе демалушыға көрсететін ең басты ғажайыптың бірі – Топкапы сарайы. Бір кездері Стамбулды жаулап алған Мехмет сұлтан негізін қалаған, кейін баршамызға жақсы таныс Сүлеймен сұлтанның меншігіне айналған бұл сарай өзінің ерекше ғажайыптарымен де құнды. Сүлеймен сұлтанның қазақ оқырманына да жақсы таныс болатын өзіндік сыры бар. Ол елімізде көрсетіліп жүрген «Сұлтан Сүлеймен» телесериалына байланысты. Сұлтан Сүлеймен тарихта ұзақ уақыт ел басқарған Осман империясы патшаларының бірі болып саналады. Патша өмірінде Роксалананың, яғни Хюрем сұлтанның да алар орны ерекше. Хюрем сұлтанды түркі жұрты ерекше қадір тұтады. Түркі халқы үшін медресе салдырған, монша соққан патшайымдардың бірі.
Топкапыны түрікшеден аударғанда – «зеңбірек қақпасы» деген мағынаны береді. Фатих Сұлтан Мехмет 1453 жылы Константинопольді жаулап алғаннан кейін Осман мемлекетінің астанасын осы жерге көшіреді. 1475-1478 жылдары Сұлтан Мехмет өзіне резиденция ретінде осы Топкапы сарайын салғызады. Алғашында тек қызмет орны ретінде қолданылған Топкапы сарайы кейін І Сүлейменнің кезінде кеңейтіліп, сұлтанның гаремі де осында орналасады. Топкапы төрт ғасырдай уақыт Осман империясының жиырма бес сұлтанының резиденциясы қызметін атқарған. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана батысшыл Осман падишахы Абдул Мәжит резиденцияны Топкапыдан Долмабақша сарайына ауыстырады.
Топкапы сарайы төрт бөліктен тұрады. Алғашқы ауладағы сарай бөлмелерінде сұлтанның қызметкерлері өмір сүрген көрінеді. Сарайдың екінші жағында мемлекеттік қазына және сұлтанның жұмыс қызметі болған. Үшінші бөлігінде сұлтанның жеке қауіпсіздік қызметі мен гаремі орналасқан.
Топкапы сарайынан Хақ Елшісі (с.а.у.) мен сахабалардың қару-жарақтары мен тұрмыстық бұйымдарын да кездестірдік. Мұнда Мұхаммед пайғамбарымыздың, сахабаларымыздың көзі саналған жәдігерлер де сақталған. Бұл жәдігерлерді Рамазан айында ғана көрсетуге мүмкіндік туады екен. Топкапы сарайының құдіреті де осында: ислами жәдігерлердің сақталуында.
Сұлтандар салтанат құрған сарайдың барлығы дерлік, бүгінде тарихи мұражайға айналған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған туристер де мұнда арнайы ат басын бұрып, тамашалап қайтады. Көне сарайларды көруге деген құлшыныс еуропалықтардың қанына сіңген әдет сияқты. Саяхатшылардың арасынан жерлестерімізді көп кездестірмедік. Жылына мыңдаған жолаушы Түркияда демалатын болса, оның ілуде біреуі мұражайларды көруге шығады екен. Бұл біздің өз көргенімізден көңілге түйгеніміз. Мүмкін, қателесетін де болармыз. Түркияда жүрген соң, Қазақстаннан келген жерлестерімізді іздегеніміз анық. Бұл өз жерлестеріміздің мәдениетке деген «мәдени» талпынысын байқау, әрі сыртта жүргенде қандастарыңды кездестіру де ерекше әсер етеді.
Түрік бауырларымыздың тағы бір ғажайыбы, кез келген үгілген, мүжілген тасынан тарихын табасың. Көне ғимараттардың орындарында болғанда, көне моншаларды көргенде, осыны байқадық. Топ-тобымен Түркиядағы мәдени орындарды аралап жүрген туристерді көргенде бір жағынан қызығасың. Бұл туристер жай ғана аралап жүрген жоқ, түрік халқының ғажайыптарына тамсанып жүр. Әрі бұл Түркия экономикасына құйылған қаржы. Сондықтан, Сүлеймен сұлтан жүрген, ұйықтаған, тамақ ішкен, түрлі кеңестер өткізген киелі мекеннің өз құдіреті болып тұр. Арада қаншама жылдар өтсе де, ұрпағына өз несібесін беріп отыр. Бұл да халықтың ұлттың тарихына деген тағзымы, құрметі болса керек. Қолдан жаңа мұражай жасаудың қажеті шамалы, көненің көзіндей болып тұрған сарайлар заманауи мұражайлардан мың есе артық. Демек, «ұлт болам десең тарихыңды таны» деген тәмсілді түрік жұртының кез келгені бойына сіңірген. Бізге де қажеті осы. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің де тарихты қайта зерделеуді тапсыруында сыр жатыр. Тарих бүгінгі ұрпақты да, келешекті де тәрбиелейді. Және оны қолдан жасаудың қажеті шамалы. Көне Сайрам, Сығанақ, Отырар сияқты қалалар қазақ тарихын қайта жазуға сеп болса, екінші жағынан туристерді шақырудың таптырмас бір құралы.
Соңғы патша
мекендеген сарай
Долмабақша сияқты табиғи қалпын сақтай алмаса да, еліміздегі көне қалалардың орны да қазақ жерін тарихи мекенге айналдыруға сеп болар еді. Ал Долмабақша Осман империясының соңғы ханының табанының ізі қалған киелі мекен. ХІХ ғасырда салынып, салтанат құрған сарайға бес миллионнан астам алтын жұмсалған. Хрусталды баспалдақтар мен көздің жауын алатын әшекейлер де алтынмен апталып жасалған. Виктория патшайым сыйға тартқан богем шынысынан жасалған люстраның салмағы бес тоннаны құрайды. Айвазовский салған түрлі картиналар да сарайдың сәніне сән қосқандай. Монархия құлағаннан кейін, бұл сарайға Ататүрік қоныстанған. Мұстафа Кемал Ататүрік осы жерде 1938 жылы 10 қарашада көз жұмады. Ататүрік дүниеден өткен уақыт та сол күйінше тоқтап тұр. Сарайдың бір басынан екінші басына жету мүмкін емес. Мәрмәр теңізінің маңына жуық орналасқан әсем сарайдың кереметі де осында.
Он алты миллионнан астам халық тұратын алып шаһарды екі-үш күнде түгелімен аралап шығу мүмкін емес. Себебі, қос құрлықтың түйіскен тұсына орналасқан көрікті мекенде көретін дүниелер көп-ақ. «Мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы». Көрдік, көңілге түйдік. Осман империясының тарихын білетін әрбір түркі жұрты үшін бұл сарайларды көзбен көру бір ғанибет. Топкапыны екінші рет көрген әріптесіміздің бірі «сарайдан бұл жолы ерекше әсер алғанын» айтады. Топкапыны да, Долмабақшаны да жүз рет айналып келіп, тамашаласаңыз да артық емес. Өйткені көне түркінің тарихын білгің келсе, бұл ғажайыптардан аттап өтуге болмайды.
Түріктерге тән ғажайыптарды көріп жүріп, еріксіз ойың елге оралады. Долмабақшаға немесе Топкапыға тең келетін сарайлар бізде бар ма деп ойлайсың. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қаншама құндылықтарымыз табылуда. Соның бәрі қазақ халқының ғана ғажайыптарына емес, әлемдік деңгейдегі архитектуралық нысандарға айналса дейсің армандап. Тіпті, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өзін соңғы кезде дауға айналдырып алған жоқпыз ба? Қанатсыз құс болмайтыны секілді, тарихсыз ұлт болмайды. Мәдениетін әспеттеп, тарихын ұлықтап отырған түрік бауырларымызды көргенде еріксіз тәнті боласың. «Әттең-ай» дейсің сосын… Қазақтың тарихы қашан түгелденер екен? Ұлттық тарихымыз толығымен қашан жазылар екен?!
Теңіздей толқыған
Анталия
Түркия – туризмнің ордасы. Жылына сан мыңдаған халық Түркияға демалуға келеді. Сондай туризмнің орталығына айналған көрікті мекеннің бірі – Анталия. Анталияға өткен жылдары 11 миллионға жуық туристер демалуға келген екен. Олардың арасында 380 мыңдай қазақстандықтар бар. Біздің елімізден мұнда келетін туристердің 60 пайызы Анталияда демалуды қалайды. Өйткені мұнда сервистік қызмет өте жақсы дамыған. Бір Анталияның өзінде 550-ге жуық қонақүйлер бар. Олар әртүрлі сапада қызмет көрсетеді. Лондон мен Парижден кейінгі үшінші орында тұрған да осы Анталия аумағы. Анталияда болған сапарымыз кезінде Туризм және мәдениет министрінің Анталиядағы өкілімен жолыққан едік. Ибраһим Ажар мырзаға «Таксимдегі оқиғадан кейін, туристердің саны кеміген жоқ па?» деген сауал тастаған едік. Ибраһим мырза Анталияға демалушылардың саны кемімегенін, керісінше артып келетінін жеткізді. Алдағы уақытта Анталиядан 50 миллиард долларға жуық пайда табуды жоспарлап отырғандығын да айтады. Яғни, бұл аймаққа 50 миллиондай туристер келеді деген сөз. Өйткені мұнда он бес гольф алаңы бар. Халықаралық дәрежедегі гольф орталықтары да бар. Халықаралық стандартқа сай қонақүйлер кез келген демалушының көңілінен шығары хақ.
Анталияға көрік беріп отырған Жерорта теңізі ғана емес. Анталияда адам баласын таңқалдыратын таңғажайып үңгірлер өте көп. Әрбір үңгірдің әрқайсысына тән өзіндік тарихы бар. Оның бәрін бір мақалаға жүк қылу ауырлау. Біз тобымызбен кемеге мініп, теңізге шыққанда, сондай тарихи үңгірлердің бірнешеуіне тоқтадық. Теңіз жағалай орналасқан әрбір үңгірде тарихи сыр жатыр. Бұл дегеніңіз – Анталия аумағы тұнған археологиялық орталық деп санауға болады. Ежелгі гректерден қалған көне сарайлар, көне моншалардың орны, археологиялық мұражай, Бешикташ… мұның бәрі Түркияны әлемге танытатын ғажайыптар. Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей: «Табиғат та адам секілді. Өзін кім сүйсе, соған ғана ықыласы ауып, ырқына көнеді» деген. Анталияның табиғаты да солай. Түрік бауырларымыз ол табиғатты ерекше сүйіп, қастерлеп отыр. Бұл тарихи орындар елдің тарихынан сыр шертіп қана қоймайды, әрі ел экономикасына қыруар қаржы құяды. Оған себеп, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер. Анадолы жеріне демалуға келген туристердің бір ғана теңіздің рахатына бөленуді қаламайтыны белгілі. Олар табиғаттың тылсым сырларын да көзбен көріп, қолмен ұстағысы келеді. Сол себепті де, Анталия, Кемер, Кония және тағы басқа туризмге айналған қалалардың ғажайыптарын көрген әрбір турист екінші бір саяхатшының бұл елге келуіне себепкер. Осылайша, ел экономикасының көтерілуіне мұрындық болады. Түрік жұрты туризмге ден қойған бірден-бір ел. Қазақстанның әрбір жері де табиғаты тұнған көрікті мекендерден тұрады. Табиғаты ерекше, тау-тасы сұлу қаншама жер бар?! Біз сол көрікті мекендерімізбен мақтана аламыз ба? Иіліп тұрып, өзгеге қызмет көрсетудің мәдениетін қалыптастырған басқа елдерден айырмамыз қандай? Бізде туризм ғана емес, қызмет көрсету мәдениеті де қалыптаспаған сияқты көрінеді.
Түрік жұртына тән
құндылықтар не?
Түркияға келген әрбір турист түрік халқының бойынан ерекше құндылықтарды байқайтыны сөзсіз. Түрік халқының бойынан табылатын басты құндылық не? Ол: бір тіл, бір дін, бір діл. Отанын сүйеді, мәдениетін қастерлейді. Біз ше? Абылайханның 300 жылдығын ел болып, ұлт болып, тойлай алдық па? Алаш қайраткерлерінің әрбіріне қаншалықты құрмет көрсете алдық?! Алаш қозғалысының 95 жылдығы қалай тойланды? Алаш аманатын ардақтай білдік пе? Ұлыларымызды қалай қастерлеп жүрміз? Мида мың сауал! Шешімі жоқ. Түрік бауырларымыздың әрбір әрекеті патриотизм емес пе? Патриоттық сезім дегеніміз де сол – тіліңді білу, ұлтыңды қастерлеу, тарихыңды тану. Қазақ тарихындағы әрбір зұлматты кезең – келешек ұрпақтың санасын оятатын қастерлі тарих болуы тиіс. Бүлдіршіннен бастап, азаматтық кемелденген жасқа келгенше, тарихыңды біл, дәстүріңді таны, мәдениетіңді қастерле! Сырттан келген әрбір қонаққа қазақ екеніңді таныт! Қазақы қалпыңды көрсет!
Еуропашыл болу деген сөз – ұлттық құндылығыңнан айрылу деген сөз емес. Батысшыл болу деген сөз – ұлтыңды жоғалту деген сөз емес. Анадолы жерінде жүріп, біз осыны ұқтық. Тарихын білген, мәдениетін қастерлеген, өз тілінде сөйлеген ұлт ешқашан жоғалмайды.
Түрік тілінде сөйлеген әрбір түріктің бірнеше тілді білетініне көзіміз жетті. Бірақ, олардың шеттен келген туристке ең әуелі түрік тілінде сөйлейтінін көрдік. Тілін түсінбеген жағдайда ағылшын тілінде қызмет етеді. Бізде қалай? Тіліміз келсе де, келмесе де, орысша сөйлесуге мәжбүрміз. Қазақша сөйлеп, қазақша үн қатуға арланамыз. Сол себепті де болар, сырттан келген қонақтар әуелі қазақ тілін емес, орыс тілін үйренуге тырысады. Барын салып, орысша сөйлеуге мәжбүрленеді. Өйткені осылай қалыптастырған өзіміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті», – дейді. Тілі, дәстүрі, мәдениеті бар ел – тозбайды. Қадір-қасиетіңді арттыратын да – ұлттық болмысың, ұлттық мәдениетің. Тілің болмаса – мәдениетің болмайды. Тарихыңды білмесең – мәдениетіңді білмейсің. Жер бетінен жоғалған қаншама ұлттар бар. Олар тілін жоғалтты, рухани болмысынан айрылды. Ұлт ретінде жойылды. Сол себепті де, рухы жаншылмаған түрік бауырларымыздан үйренеріміз де, үлгі етеріміз де көп. Сондықтан, тарихи танымымыздан айрылмайық. Тілімізді жоғалтпайық! Елдігімізді қастерлейік!
Гүлзина БЕКТАС
Алматы – Стамбул – Анталия – Алматы