Қазақстанда топонимдер әлі толық жүйеленген жоқ
Қазақстанда топонимдер әлі толық жүйеленген жоқ
«Мұстафа Шоқай, – деп жазады атақты өзбек әдебиетшісі Озод Шарафиддинов, – тек түркістандықтар арасында ғана емес, сонымен қатар Шығыстағы, сондай-ақ Германия мен Түркиядағы шығыстанушы ғалымдар ортасында үлкен абыройға ие болған терең білімді жан. Ол бұл құрметке бір кездері Түркістанның басында тұрғаны үшін ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған түркістандық жерлестерін өлім аузынан арашалап, аман алып қалғаны үшін ғана емес, Түркістан Тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлығының, маңызы аса зор терең білімді шығармашылықтарының арқасында ие болды. Шетелдерде оны «Түріктердің аса жоғары ұлт жанашыры» ретінде ардақтайды».
Осы үзінді алынып отырған шағын кітапша, 1993 жылы Ташкенттегі «Шарқ» баспасынан «Тәуелсіздік күрескерлері» деген тақырыппен шықты.
«…Өкінішке орай, – деп жазады өзбектің әдебиетші ғалымы, – бұл ұлы тұлға жөнінде біз ешнәрсе білмейміз. Мәселенің шындығы сол, ол жөнінде естіп-білдік, дегенмен де мұның бәрі кеңестік дәуірде сана-сезімімізді улаған өтірік-өсектен басқа ештеңе де емес еді. Шынтуайына келсек, М.Шоқай есімі 20-жылдары тілге көп алынды. Түрлі кітаптарда, конференцияларда ол негізінен кеңес үкіметіне қарсы күрескен, төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастыруға басшылық еткен халық жауы ретінде түсіндіріледі. Бұған нақты мысал ретінде 1930 жылы Өзбекстан КСР Жоғарғы сотының төрағасы Савдулла Қосимовты соттау кезінде мемлекет айыптаушысы Р.Катанянның айыптау сөзін немесе сол тұстағы Өзбекстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Акмол Икромовтың түрлі құрылтай-жиындарда сөйлеген сөздерін келтіруге болады. Олардың қай-қайсысы болмасын Шоқайды қатаң түрде айыптаудан жалыққан емес. Уақыт өте келе, яғни 1937 жылдан бері қарай М.Шоқай есімі баспа беттерінен өшірілді, мақалалары, сөйлеген сөздері шыққан газет-журналдар түгелдей өртелді, жалпы ол жөнінде айтуға қатаң тыйым салынды. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өткенде, 1985 жылдан кейін ғана М.Шоқай жөнінде айтыла бастады, оның есімі ардақталып, кейбір шығармалары басылымдар беттерінде жарық көрді. Бұл мақала М.Шоқай туралы алғашқы мақалалардың бірі. Ең өкініштісі сол, менің қолымда оның шетелдерде жарық көрген кітаптары, мақалалары жоқ. Дегенмен де мен М.Шоқайдың Түркияда басылған «1917 жыл туралы естеліктер» деген кітабы мен ол жөніндегі альбомды және кезінде оның «Эрк» («Қалау») газетінде шыққан «Түркістан шуралар үкіметі кезеңінде» атты мақаласын қолыма түсірген едім. Өзбек оқырмандары үшін пайдалы болып табылатын бұл мақалада Түркістан тәуелсіздігінің ұлы күрескері, атақты жерлесіміз М.Шоқай жөнінде алғашқы ойлар айтылады».
Сонымен, Мұстафа Шоқай кім!..
Мұстафа 1890 жылы Ақмешітте (Қызылорда) атақты Торғай датқаның баласы, беделді де бетті болған Шоқайдың шаңырағында дүниеге келді. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. Оны Александр Керенскиймен бірге үздік тәмәмдап, 1912 жылы Санкт-Петербургтегі императорлық университеттің заң факультетін үздік бітіріп шығады. (Осы арада айта кететін жайт сол, кезінде уақытша үкіметтің тізгінін ұстаған Керенский Мұстафа Шоқайұлына министрдің портфелін ұсынғанда, Мұстафа одан үзілді-кесілді бас тартады). Осылайша, Еуропа мен Шығыс дәстүрінде білім алған ол орыс, түрік, өзбек, тәжік, француз, поляк, ағылшын, неміс тілдеріне жетік болған. Түріктер елі – Түркістанның тарихын терең білген ол мәдениеттің, саясат пен заң ілімінің дамуына деген дара көзқарасын түркі ғана емес, әлемнің сандаған тілдерінде баяндап бере алатын, ерекше қабілет-қарымының арқасында Ресей Мемлекеттік Думасындағы Мұсылман фракциясының Саяси бюросында Түркістан халықтарының бірінші, әрі белгілі бір мерзім ішіндегі бірден-бір өкілі болды. Оның достары – қандас бауырлары ұлттың тәуелсіздігі жолында жандарын қиюға әзір, қазақ ұлттық интеллигенциясының аса көрнекті көшбасшылары – Думаның мүшесі болған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов, сондай-ақ Үлкен Түркістандағы басқа да түркі халықтарының азаттығын аңсаған ерлер еді.
М.Шоқайдың Мұсылман фракциясының саяси бюросындағы қызметі Үлкен Түркістанды мекен еткен, отарлық езгіде жаншылып келген күллі түркі халықтарының арман-мұңын терең зерделеуге негіз болғанын түсінуге тиіспіз. Казак-орыстардың жергілікті халықтарға жасап отырған қиянаттары мен жауыздықтарын бұлтартпайтын айғақтармен дәлелдеп, Думаның жүгенсіздікті тоқтату жөнінде шаралар белгілеуіне ықпал еткен Мұстафа Шоқай ұлт мүддесі жолында неден болса да тайынбайтынын дәлелдей білді. Түркістан халықтарының құқықтарын қорғау жөніндегі Өкілдер комиссиясына басшылық еткен Мұстафа Шоқай тобы біртұтас Түркістан конфедерациясының құрамында Түркістан ұлттық автономиясын құруға алғашқы қадамдар жасап жатты. Сол тұстағы Ресейдегі революциялық ахуал: монархияның құлауы, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі, Уақытша үкіметтің құрылуы ұлттық интеллигенция санасының оянуына түрткі болған еді.
Алма-кезек дүниеде жаппай қуғын-сүргін өріс алып, Орта Азия мен Қазақстанның ірі қалаларын шарпыды. Осы тұста қарсылық көрсету мақсатын ұстанған мұсылман Саяси ұйымдары: ғалымдар ассоциациясы (Үлем жамиғаты) мен Мұсылмандар кеңесі (Шұра-и-Исләми), сондай-ақ қазақ ұлттық «Алашорда» партиясы құрылды. Олар күш біріктіре келе 1917 жылғы наурызда Ташкентте Түркістан мұсылмандарының конгресін шақырып, онда Орталық комитет сайлап, Мұсылман орталығын құрады. Орталыққа Мұстафа Шоқай басшылық жасады.
Түркістан халықтары үміт артқан Қазан социалистік төңкерісін ұйымдастырған большевиктер ұзамай-ақ берген уәделерінен тайқып шыға келеді де бостандық, теңдік, азаттық деген киелі сөздерді тәрк етті. 1917 жылы 16 қарашада Ташкентте құрылған Түркістан халық комиссарлары кеңесінің мүшелігіне бірде-бір түркістандық өтпеді. Халкомкеңестің төрағасы большевик Колесов мәжілістің алдында былайша түсінік берді: «… Жоғарғы органға мұсылмандарды енгізу олардың бірде-бір пролетарлық ұйымы болмағандықтан ғана емес, сонымен қатар жергілікті халықтың оларға деген көзқарасы әрқилы болып отырғандықтан да мүмкін емес». Мұстафа Шоқай мен оның үзеңгілестері ұстанған бағыттарынан бас тартқан жоқ. Мұсылман орталығы өздерінің «Ұлы Түркістан» мен «Бірлік туы» газеттерінің алғашқы нөмірлерінен бастап-ақ автономия құруға құлшыныс танытып, әзірлік жасай бастайды. «Ұлы Түркістан» газеті Мұсылман орталығының Мұстафа Шоқай бастаған топтың иелігінде болса, «Бірлік туы» газеті «Алашорда» қазақ ұлттық партиясының органына айналып, оған партия көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов редакторлық етті.
1917 жылы 9 желтоқсанда Қоқанда барлық саяси партиялар мен қозғалыстардың бүкілтүркістандық құрылтайы өткізіліп, онда делегаттар Түркістан территориялық автономиясын жақтап дауыс берді. Осы құрылтайда Түркістан автономиясының халық кеңесін сайлады, осы кеңес үкіметті жасақтады. 1917 жылғы желтоқсанда Орынборда «Алашорда» басшысы Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ үкіметі құрылды. Мұстафа Шоқай үкімет құрамына кіреді. Осылайша, Ұлы Түркістан халқы өз тағдырына өздері қожалық ету мақсатымен өз мемлекеттігін жаңғырту жолында тұңғыш қадам жасауға талпынды. 1918 жылы қаңтар айының басында Ташкент халық Комиссарлар кеңесі «Қосарлас мұсылман үкіметін» жоюға шешім қабылдайды да жедел іске кіріседі.
1917 жылдың соңы мен 1918 жылдың басында Ташкентте П.Г. Полтарацкийге Түркістан автономиясы уақытша үкіметі мен оның төңірегіндегілердің қаржысын тұтқындау жөнінде тапсырма берілді. Қысқа мерзімде Мемлекеттік банктің Қоқан қалалық бөлімшесінде 8 миллионнан астам рубль конфискеленеді. Банктердің тұтқындалып, бар қаржысынан айырылуы қаланы үлкен әбігерге салады. Автономия мүшелері мен іскер топтар арасын тіпті ушықтырып жіберді де, бұл М.Тынышбаевтың премьерліктен кетіп, оның орнына М.Шоқайдың тағайындалуына алып келді. Мұстафа өз кезегінде мұсылмандардың мүддесін қорғау ісінде бағдарламаны жүзеге асыруда батыл шаралар қолдануға уәде берді. Жаңа басшылық белсенді қимылға көшті. Уақытша өкімет билігіне келген Мұстафа Шоқай қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының басын біріктіруге әрекет жасай бастады.
Қоқан банктеріндегі ақша конфискеленгеннен кейін 1918 жылғы қаңтар айының аяғында автономияшылар мен Қоқан жұмысшылар мен солдаттар депутаттары қалалық кеңесінің арасындағы жағдай мүлдем ушығып кетті. Кеңес өкіметі жағындағы қарулы отрядтар Қоқан өкіметімен ашық жауыға бастады. Қоқан мұсылмандары қаланың еуропалық бөлігін қиратып, орыстар мен армяндарды қырғынға ұшыратып жатыр деген дақпырт большевиктік кеңеске берілген әскери бөлімшелердің арасында мұсылмандарға қарсы өшпенділіктің қоза түсуіне себеп болды. Түркістан автономиясын жаншып тастауға қалың әскер жылжып келе жатты. Ал, Қоқан өкіметі бірнеше полицей отряды мен қыпшақ атты милициясының ғана қолдауына сүйенді.
Революциялық комитеттің мүшесі болған Н.Сазонов өз естелігінде келіссөздер барысында Түркістан автономиясының уақытша өкіметі өздерінің өкілеттіліктерін доғарып, кеңес өкіметін мойындау жөніндегі шартты қабылдамай тастағанын былай еске алады: «Тағы да бізді Шоқаев қарсы алды. Сол бұрынғысындай өте сыпайы түрде шай мен дәм ұсынды. Әрине, біз бұдан бас тарттық. Оған конверт тапсырдық. Ол оны ашып оқыды да Министрлер кеңесіне беретінін айтты. Мұндай мәселені жалғыз өзі шешуге өкілетті емес екендігін түсіндіре отырып, бұл шартты автономиялық өкіметтің орындай қоюына сенім аз деп ойлайтынын жеткізді. Біз сағатымызды көрсетіп, қайтуға бет алдық. Шоқаев тағы да сыпайылық танытып, бізге шығарып салушысын қосты».
Билікке бейбіт жолмен қол жеткізуге үміт артқан Түркістан автономиясы өкіметінің қорғанысы өте әлсіз болды. Қару ретінде балта, кетпен, шоқпар, тас пайдаланылды. Осыған қарамастан автономияшылыр үш күн бойы кеңес армиясының шабуылына қажырлылықпен тойтарыс берді. Автономияшылардың жақтастары «Түркістан түркістандықтар үшін» ұранымен қасиетті соғыс жариялады.
4 (17) ақпанда қарсы жақ келіссөздерді қайта жаңғыртты. Олар Мұстафа Шоқай кабинетіне мұсылман жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңесі тарапынан қатты қысым жасады. Нәтижесінде 5 (18) ақпанда төңкеріс жасалып, Шоқай кабинеті құлады, бірқатар министрлер мен олардың жақтастары тұтқындалды. Ақпанның 5-інен 6-сына (18-інен 19-ына қарағанда) қараған түні барлығы 11 эшелоннан тұратын кавалериялық, артиллериялық және жаяу әскер бөлімдері Қоқанға келіп жетті. Ташкенттен Түркістан өлкесінің әскери комиссары 28 жастағы поручик Е.Л. Перфильевті ала келді. Ол Түркістан автономиясы өкіметін жою операциясын басқарды.
Қала жан-жақтан қоршауға алынып, ауыр соққының астында қалды. 6(17) ақпанда Түркістан автономиясы өкіметі тізе бүгуге мәжбүр болды, жермен-жексен болған қала тоналды. Мұстафа Шоқай әрең дегенде қоршаудан құтылып шығады. «Алашорда» туының астындағы Қазақ автономиясы үкіметі де қоқандықтардың аяғын құшты…
Бұдан әрі Мұстафа Шоқайдың бас сауғалау дәуірі басталады. Кейін ол былай деп жазды: «Революция біздің үміттерімізді үзді, сенімімізді жоққа шығарды, алданғанымызды анық көрсетті… Кең-байтақ жұртымыз құрбан болған өз балаларының қанымен суарылып, олардың денелерімен қапталды. Мыңдаған жас Түркістан қаһармандары кеңестік Ресей түрмелерінде шіріп жатыр. Он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған түркістандықтар адам сияқты өмір сүруді аңсап, елдерін тастап шығуға мәжбүр болды. Сүйінішпен, үмітпен қарсы алған революция ортақ ұлттық трагедиямызға айналды…».
Тұтас Түркістанның көсемі Мұстафа Шоқай ғылыми-танымдық мақалаларымен танылған жалынды журналист-публицист болды. 1917 жылы Ташкентте «Ұлттық тәуелсіздік жасасын!» деген ұранмен шыға бастаған «Ұлы Түркістан» газетінің тұрақты авторы ретінде танылады. Осы басылымда ол «Халықтың жүзден тоқсан сегізі мұсылман саналатын Түркістан өлкесінде биліктің шетелден келген әскер мен жұмысшылар қолына өтуіне түркістандықтар риза болмайды» деп жазған еді. 1917 жылдың ортасынан бастап шыға бастаған «Бірлік туы» газетіне оның от-жалынға оралған сандаған материалы жарық көрді. 1918 жылы Ташкентте шыққан «Свободный Туркестан» деген орысша газетте Мұстафа Шоқайдың түрлі лақап есімдермен орыс тіліндегі мақалалары үзбей жарияланып тұрды. 1942 жылы Мұстафа Шоқайдың қайтыс болуының бір жылдығына орай түрік докторы М.Делил Стамбулда «Намуна» атты альбом шығарып, оның журналистік-публицистік қабілет-қарымы тұрғысында өте қымбат та қызықты мәліметтер береді. Ғалымның нақты дәлелдерге сүйене отырып айтуынша, М.Шоқай 1919-1920 жылдары Кавказда төрт газет шығаруға көмектескен. Бұлар – 1919 жылы Тифлисте орыс тілінде шыққан «Вольные горцы» апталық газеті, Түркістан және Украина ұлттық орталығының қолдауымен жарық көрген «На рубеже» басылымы, 1920 жылы Шығыс Кавказ ұлттық ұйымы мен Түркістан ұлттық орталығының бірлесіп шығарған «Жаңа өмір» газеті және «Шафак» газеті. Осы соңғы газетке М.Шоқай бас редакторлық еткен. Жоғарыдағы басылымдардың бәрінде де Мұстафаның ұлттар мүддесінен өрілген өзекті мақалалары жарияланып жатты. Оның тікелей араласуымен Стамбулда 1927 жылдың соңынан 1931 жылдың шілдесіне дейін «Жаңа Түркістан» атты айлық брошюра шықты. Сондай-ақ оның редакторлығымен және саяси басшылығымен 10 жыл бойы (1929-1939 ж.ж) Парижде жарық көріп тұрған «Жас Түркістан» журналы кеңестік жүйенің көзіне шыққан сүйелдей болғанын айтуымыз керек.
Мұстафа Шоқайдың Тұтас Түркістан тарихына, оның ұлттың оянуына арналған, Түркістан өлкесінің тәуелсіздік проблемалары жөнінде пікірталас тудырған кең ауқымды шығармалары француз («Onent et occident»), ағылшын («Asiatik Revico») және поляк («Wsсhod») басылымдарында жарияланған. Түркістан өлкесін зерттеуші шетелдік ғалымдар М.Шоқай материалдарындағы мәліметтерді негіз етіп алып отырған. Бір ғана мысал: 1942 жылы неміс тілінде 434 беттік «Түркістан» атты үлкен кітап шыққан. Еңбек авторлары Р.Олцша мен Г.Клайноктың айтуынша, осы кітаптың 363-409 беттерін Мұстафа Шоқай жазған. Тағы да төмендегі мына мәлімет те ерекше назар аударады: Калифорниядағы Статфорд университеті жанындағы Орыс революциясы институтының «Түркістандағы революция және Совет үкіметіне қарсы халық көтерілістері» деген жинақ дайындау үстінде Мұстафа Шоқайға көлемді дүние жазып беруге өтініш еткені, оның «Түркістандағы революция және Қоқан автономиясы» атты мақала жазуға уәде бергені тарихи шындық. Бұл мақала 1937 жылдың басында жазылып, Калифорнияға жіберілсе керек.
М.Шоқайдың 1928 жылы Парижде француз тілінде басылған «Түркістан кеңес үкіметі дәуірінде» деген мақаласына атақты мемлекет қайраткері Пьер Ренодель алғысөз жазған. Мұстафа онымен 1920 жылы Тифлисте танысқан. Автор алғысөзінде кезінде Мұстафаның өз жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қажымас күрескер, демократ ретінде таныта білгенін, мақаласының мазмұнына жоғары баға бере отырып, Кеңестік Түркістан жөніндегі шынайы шындықты айқын ашып берген өте бағалы құжат екенін айтады. «Бұл мақалада, – деп жазады Пьер Ренодель, – мыңдаған түркістандықтардың ешбір жазықсыз құрбан болғандықтары нақты дәлелдермен көрсетіледі. Мұнда алып мемлекетті жауыздықпен басқарып отырған большевиктердің марксизм-ленинизм деген теориямен уланып отырғаны, күллі халықтың өтірікке, екіжүзділікке негізделген идеология мен құлдық психология дертіне шалдыққаны терең ашылған…»
Жоғарыдағы терең мазмұндылығымен француздың мемлекет қайраткерін мойындатқан мақаланың тарихына тоқтала кетейік. 1927 жылы Қазан төңкерісінің 10 жылдығы құрметіне Мәскеуге француз жұмысшыларының делегациясы келеді. Оның бір бөлігі Өзбекстанға жіберіліп, республика өмірімен танысады. Француз өкілдері «Түркістан халқы өміріндегі көз көріп, құлақ естілмеген «таңғажайып» өзгерістерге» таңқалып, тамсанады. Олардың айтуынша, Түркістанның барлық жерінде азаттық салтанат құрған, ұлттық мәселелер шешілген, халық бақытты өмір сүруде, саяси-әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан… Делегация басшысы мадам Гаше мен делегация мүшесі мадам Шелина «Правда Востока» газетінің 1927 жылғы 30 қараша мен 2 желтоқсандағы нөмірлерінде өз сезімдерін ризалықпен баяндайды.
Мұстафа Шоқай делегация өкілдерінің газетте жарияланған материалдарын негізге ала отырып, жоғарыдағы мақаланы жазады. Ол Француз делегациясы мүшелерінің кеңестік жасанды көріністерге алданғандарына наразылық білдіріп, болып отырған нақты ахуалды жайып салады. Мақала авторы алдымен жергілікті халықтың тілін білмейтін делегация мүшелерінің аудармашылар арқылы мәлімет алғанын айта отырып, осы аудармашылардың арнайы дайындалғанына, берілген тапсырмаға сай әрекет еткеніне, олардың кейбірінің қауіпсіздік комитетінің қызметкері болуы да мүмкін екеніне бұлтартпайтын дәлелдер келтіреді. Осы мақаланы жазу үстінде М.Шоқай партиялық съезд, пленум, конференция құжаттарына, кеңес үкіметінің саяси және мемлекеттік қайраткерлері айтқан сөздерге, партиялық түрлі ақпараттық материалдарға сүйенеді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Үлкен Түркістанда болған аштықта 1.114.000-дей адамның аштықтан өлгені жөніндегі кеңестік ақпаратқа сүйене отырып, мұны жер-жердегі ұлт-азаттық көтерілістерге соққы беру мақсатымен большевиктердің қасақана қолдан ұйымдастырғанын бұлтартпастай етіп дәлелдейді. Осы орайда мемлекет қайраткері болған Тұрар Рысқұловтың кітабынан төмендегідей үзінді келтіреді: «Түркістандағы қазан төңкерісі төрағаларының бірі Тоболин үлкен жиналыстардың бірінде «білімсіз қырғыздар түгелдей дерлік қырылып кетуі тиіс. Сондықтан да революция бар күшін аштыққа қарсы күресуге емес, майдандағы жағдайды жақсартуға жұмсау керек!». М.Шоқай қазан төңкерісінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ большевиктердің ұстанған қаныпезерлік саясаты тұңғыш болып әшкереледі.
Соңғы демі қалғанша Түркістандағы кеңес билігінің орнына тәуелсіз ұлттық басқару жүйесін армандаған ұлы тұлғаның арпалыспен өткен қысқа ғұмырында атқарған істері «халық жауы», «түрікшіл», «исламшыл», «әлем буржуазиясының тыңшысы», «Қазақтың Власовы», «фашистердің құйыршығы» деген сияқты жалалардың көлеңкесінде көмескілендіріліп келгені ақиқат. Қарап отырсақ, Шоқайға жабылмаған жала қалмаған екен. Кезінде қаһарлы Сталиннің өзі қатты сескенген түркі әулеті көсемінің есімі жетпіс жылдан астам уақыт бойы үстемдік құрған кеңестік идеологиялық таным-түсініктің аясында Алаш арыстарымен қатар тұрды. Кеңес билігі Мұстафа Шоқайға қатаң саясат ұстанды, одан асқан «жау» болған жоқ. Кеңестік Қазақстан мен Өзбекстанда дәл осындай жағдаят мықтап орын алған болатын… Айталық, 12 томдық Қазақ Совет энциклопедиясында ол жөнінде ешқандай да мәлімет берілмеген. Ал, 1961 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихынан» «…ағылшын импералистерінің нұсқауларымен 1917 жылдың қараша айының соңында Қоқанда Қоқан автономиясы деген бір автономия құрылды. Бұл кертартпа-төңкерісшіл өкіметтің ішінде өзбек буржуазияшыл ұлттарымен қатар қазақ ұлтшылдары М.Тынышбаев пен М.Шоқай орын алды».
Мұстафа Шоқайдың соңына шам алып түсіп, қаралау науқаны үздікіз жалғасып келді де, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің офицері болған С.Шәкібаевтің 1968 жылы «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы жарық көргеннен кейін ол шарықтау шегіне жетті. Кітап 1972 жылы «Падение большого Туркестана» деген атпен орыс тілінде, 1976 жылы «Чоң Туркестанның қирашы» тақырыбымен қырғыз тілінде басылды. Автор кітабында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болғандықтан кезінде куәгерлерден қорқытып-үркіту арқылы алынған жауаптар негізінде жасалған хаттамалар мен құжаттарға сүйенеді. Кеңестік идеологияны пір тұтушылардың қандай жолмен болмасын саясат төңірегінде қара күйе жағуға құлшынатыны ақиқат еді. Әсіресе, Түркістан легионына қатысты қаралау шаралары дәл осындай тәртіппен жүргізілді. Оның мүшелерінің тергеуде берген жауаптарының хаттамалары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресейге қайтарылған Германия мен Польша мұрағаттарынан алынған. Шәкібаев болса ойдан құрастырылған құжаттар мен хаттамаларды негізгі дерек көзі ретінде пайдаланған. Міне, бұл жөнінде түрік бауырымыз, профессор, шоқайтанушы Әбдіуақап Қара ұзақ жылдардан бері жүргізіп келе жатқан зерттеулері мен басылымдарда жарияланған материалдарында бұлтартпайтын мәліметтермен дәлелдеп келеді. Айталық, Анкара университетінің тағы бір профессоры, шоқайтанушы Тахир Шағатай мен Ә.Оқтайдың есімдері қандай құрметке болса да әбден лайық. Екеуі бірігіп, 1942 жылы М.Шоқайдың қайтыс болуының бір жылдығына орай Стамбулда «М.Шоқай альбомын» шығарды. 1950 жылы осы қос азамат ұлы тұлғаның туғанына 60 жыл толуына арнап «Түркістан ұлттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай» деген кітапты дүниеге әкеледі. Осы екі кісі мен Т.Шағатайдың жары, профессор Саодат Исхахи Шағатайдың тікелей ұйымдастыруымен Түркия баспаларынан 1972 жылы Мария Шоқайдың және 1988 жылы Мұстафа Шоқайдың естеліктері жеке-жеке кітап болып шықты. Тұтас Түркістанның ұлы күрескері жөніндегі бар шындықты жаны шырқырай отырып жазған көрнекті түрік тарихшысы, профессор Хасен Оралтайдың жазбалары ерекше назар аударады. Сондай-ақ Мұстафа Шоқай өміріне арналған зерттеулер мен оның жекелеген еңбектерінің Оксфорд, Берлин баспаларынан әлденеше рет шыққанын, Калифорния (1960), Кембридж (1957, 1964), Париж (1950), Мюнхен (1960), Кельн (1962), Нью-Йорк (1957) баспаларынан да жарық көргенін мақтаныш етуге тиіспіз.
Жоғарыда айтып өткендей, кітап жазып, Мұстафа Шоқайды «фашистердің қолжаулығы болған сатқын еді», «ол құрған «Түркістан легионы» Германияның фашистік армиясымен бірге Түркістанды жаулап алып, Германияның бір отарына айналдыруды көздеген еді» дегендей пікір орнықтыруға тырысқан Шәкібаев еліміз Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдарда да бұрынғы кеңестік дәуірде Шоқайға бағытталған айыптауларын қайталаудан жалықпады. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1992 жылғы шілде айындағы нөмірінде жарияланған «Құрғақ долбар – дәлел емес» деген мақаласында сол бұрынғы гөй-гөйіне басып, соңғы кездері Қазақстан баспасөздерінде М.Шоқайды дәріптеп, ұлттық қаһарман биігіне көтеруге шақырған мақалалардың шыға бастағанына мазасызданатынын айтады. Газеттің осы нөмірінде жазушы-публицист Ә.Әлімжанов «Ұлы адамның аруағымен алыспайық» атты мақаласында Шәкібаевтың «дүниесымағын» кезіндегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің әдеттегі күйе жағу әрекеті ретінде бағалады. «Мұстафа Шоқайұлы ешкімнің ақтауына мұқтаж емес, – деп жазды Ә.Әлімжанов мақаласының соңында. – Ол өзін-өзі шығармаларымен, ерлігімен ақтап отыр. Оны тарих пен уақыт ақтады. Түркі тілінде сөйлейтін халықтар оның өзіне лайықты бағасын беруде».
Сонымен, келмеске кеткен кеңестік идеологияның қорғаушысы, құлы ретінде танылған Шәкібаев қана емес, өскемендік Данилевский мен Михеев дегендер де Мұстафа Шоқайға шабуыл жасауды «кәсіпке» айналдырып алды. Олардың «шимайлары» негізінен орыс тілді басылымдарда ара-тұра болса да шығып жатады. Оның түп-төркінінде ұлттық менменсу, кезінде түркі халықтарының азаттығын жалаулатып, отаршыларға қарсы бітіспес күреске шыққан Мұстафа Шоқайға деген кек жатқанын түсінуіміз керек. 2012 жылы қоңыр күзде Павлодарда іссапарда болғанымызда қолымызға облыстық «Ертіс дидары» газетіндегі «Нападки на Шокая – атака на казахский народ» атты мақала түсті.
«Өскеменде түркі халықтары тәуелсіздігінің ұлы күрескері Мұстафа Шоқайдың есімін ұзақ уақыттан бері қаралап келе жатқан «Flash» дейтін орыс тілді газет бар, – деп басталады мақала. – Біз бұған қалай жол беріп отырмыз?. Ресейде Солженицынді кәдуілгі шовинист, Дмитрий Донскойды бар-жоғы Тоқтамыстың сенімді жендеті деп көріңіз, қоғам тік тұрады не сізге қарсы қылмыстық іс қозғалады. Осы басылымға «Номад» және «Центр Азия» сайттарының Шоқай мәселесі тұрғысында көрсетіп отырған қолдауына еріксіз жағаңызды ұстайсыз…»
Автор М.Шоқай Түркістан легионын құрды ма, жоқ па деген пікірталасты жайына қалдырып, мына жәйттерге назар аударады. Мұстафа Шоқай кезінде қызыл армияның жазалаушы отрядтарының Түркістан автономиясының (мұхтариятының) тұрғындарын қанға бөктіргенін өз көзімен көрді. Екі күнде 40 мыңдай қарусыз бейбіт халық қырғынға ұшырады. Одан кейін М.Шоқай Москва алдында тізе бүгіп, КСРО азаматтығын қабылдауы керек еді. Бірақ ол олай етпеді, бар ғұмырын кеңес пен отарлық режимге қарсы азаттық жолындағы күреспен өткізді.
М.Шоқай фашистік Германияға сенген жоқ. Кезінде ол «Сталин мен Гитлер – екеуі де жауыздар» деп жазған еді. Қажымас күрескер Кеңес одағындағы түркі елдерінің соғыста қолға түскен әскери тұтқындарының жағдайын жақсарту мақсатымен концлагерлерді аралады. Мәскеу тұтқынға түскен өз жауынгерлерін сатқындар деп есептеді де, Қызыл крестің қызметінен бас тартты.
Осы тұста Шоқайдың ықпалымен «Ишси» («Рабочий») одағы құрылды, бұл түркістандық әскери тұтқындардың жағдайын жақсартуға игі әсер етті, оларға неміс заводтарында қара жұмыс істеуге мүмкіндік беріліп, қосымша азық-түлік алды. Мынадай да жайт болған: Үшінші рейхта болған Түркия генералдары кеңестік түркі тұқындарының қиын жағдайын өз көздерімен көріп, Гитлерге жазған хаттарында оларды Түркияға қоныс аударуға өтініш жасаған, Анкара алдындағы борышын Берлинге темекі жеткізіп өтеуге ұсыныс берген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің жанынан құрылған шығармашылық топ баспаға әзірлеген екі томдықта Мұстафа Шоқайұлының он жылдай уақытта 117 саны жарық көрген «Жас Түркістан» журналында жарияланған шығармалары топтастырылған. Бұл еңбектердің қай-қайсысында болмасын елін шексіз сүйген, халқының тәуелсіздігін аңсаған қайраткердің аса зор публицистік таланты мен ұстанған позициясы жарқырай көрінеді.
Ұлы публицистің журналда жарияланған көсемсөздерінде өзіндік асқақ үні, жан-жүрегінің отты лебі аңғарылып тұрады. Мұстафа Шоқай «Біздің жол» атты арнау-кіріспе мақаласында «Жас Түркістанның» ұстанған бағыты мен алға қойған міндетін ашық түрде паш етеді: «Жаңадан шыққан кез келген саяси журнал не газет оқырмандарына өзінің саяси мұратын, жолын және мақсатын таныстырып өтетін әдеті бар. Дәстүрге айналған осы әдетке біз де жүгінеміз. Ұстанған жолымызды ұзақ түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Тоқ етерін айтқанда, жолымыз бен мақсатымыз: Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды.
Біз Отанымыздағы кеңес үстемдігінің ұлттық езгісіне қарсы күресіп жатқан миллиондаған түркістандықтардың бір шағын ғана бөлшегіміз. Біздің үніміз – ата мекеніміздегі қатты, зор дауыстың бір әлсіз жаңғырығы ғана. Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздігі жолындағы таластарының мән-мағынасын бұзбай, күшін әлсіретпей, «Жас Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік».
Тоталитарлық кеңестік жүйеде 20-30-жылдардағы қалыптаса бастаған түбегейлі қоғамдық өзгерістерге сыни тұрғыда баға берген «Жас Түркістан» журналының бірден-бір басылым болғанын, ондағы жарияланымдардың Түркістан республикалары, әсіресе Өзбекстан мен Қазақстанның талайлы тарихын соңғы методологиялық өзгерістер арнасында зерттеуде баға жетпес құндылықтарға ие екенін түсіне білу аса зор маңызға ие. Мұстафа Шоқай «Кеңестік Орта Азия федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне» деген мақаласында соңғы кездері кеңестік Түркістан баспасөздерінде Орта Азия федерациясын (Дербес мемлекет) құру туралы материалдар жариялана бастауына орай оқырмандарды осы бір большевиктік насихаттың мән-жайымен таныстыра отырып, федерация идеясының тарихына байланысты өз пікірлерін ортаға салуды жөн көреді. Большевиктік Орта Азия федерациясы Түркістанның Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Қазақстан (Қарақалпақ уәлаяты 1930 жылдың қазан айында Қазақстаннан бөлініп алынып, Кеңестік Орта Азия ұйымына енгізілді) уәлаяттарын қамтиды. Ол кездегі большевиктік тұрғыдан алғанда, «Орта Азия аймағына» жоғарыда аттары аталған республикалардан басқа Қазақстанның едәуір бөлігі, дәлірек айтқанда, қазіргі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы (бұрынғы Талдықорған облысын қоса алғанда) облыстары да кірді.
«Орта Азия федерациясы мәселесі большевиктердің өздеріне пәлендей бір жаңалық емес еді, – деп түсінік береді ұлы қайраткер жоғарыдағы мақаласында. – 1924 жылы Мәскеу большевиктері сүйікті атамекеніміздің ұлттық бірлігін бөлшектеу мақсатында рулық республикалар мен автономиялы аймақтар құруды ойластырып жатқанда, ұлттық намысы мен иманын жоғалтпаған түркістандық ұлттық коммунистер федерация идеясын көтерген болатын. Түркістандық коммунистер осы федерация идеясын Мәскеу қызыл империалистерінің «бөлшекте де билей бер» деген ұранына қарсы қойған еді. Ол кезде олар ұлттық саяси себептерден басқа Түркістанның экономикалық біртұтастығын да алға тартатын…
Мәскеу большевиктері, әрине, түркістандықтардың дәлелді ұсыныстарын қабылдамады. Бүкіл жәмиғаттың, экономикалық жағдайдың талаптарына қарсы шыға отырып, қызыл орыс империалистері ұлы Түркістанның ұлттық болмысын бөлшектеді.
Орыс большевиктері Түркістанда ұлттық тұтастық пен ұлттық мемлекет құрылуынан өлердей қорқады. Сондықтан қайткен күнде де мұндай тұтастықты болдырмауға тырысады… Большевиктер түркістандықтардың ұлыстық өмірден ұлттық мемлекет құруға қарай жылжуына барынша кедергі жасайды.
Қалай дегенмен де, біз федерация идеясы «Ұлттық республикалар» идеясынан артық деген сенімдеміз. Біздің мұратымыз – бөлінбейтін біртұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргіміз келеді». Жас Түркістанның» 1930 жылғы №11 санындағы публицистикалық еңбектер «Қазақстанның он жылдығына орай Қазақстанның осы бөлігіндегі Ресей саясатынан қысқаша мағлұмат бере кетуді лазым деп есептейміз» деген жолдармен басталады да, елдің саяси-экономикалық жағдайына біршама шолу жасалады. Шоқай бұл мақаласында Смағұл Сәдуақасұлының Мәскеуде шығатын «Большевик» журналындағы материалында Рыков, Калинин, Зеленский, Голощекин және басқа да бірқатар мәскеулік коммунистерді отарлық империяшылдық айыптармен айыптағанын айта келе, Түркістанның қазақ бөлігіне орыс мұжығының селдей қаптап бара жатқанын, орыс мұжығына көбірек жер алып беру, сонымен бірге орыс мұжығын Түркістанға көбірек орналастыру үшін Кеңес үкіметі 1924 жылғы 17 қазандағы өзінің «Көшпенді және жартылай көшпенділерді алдымен орналастыру туралы» қаулысынан бас тартқанын күйіне баяндайды. Орыс мұғажырлары (эмигранттары) өлкенің ең шұрайлы жерлеріне қоныстандырылған. Олардың көпшілігі Ақмола, Қостанай аймақтары мен Семей, Жетісу және Сырдария аймақтарына суармалы егіс алқаптарына орналастырылған. Қазақстан ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы бойынша ең құнарлы жерлер саналатын Қостанай мен Ақмола аймақтарында орыс мұғажырлары қалаған жерлерін иемденген. Осы жылдары мақалада келтірілген мәліметке сүйенсек, мұғажырлар Қостанайда тұрғындардың жүзде 62 жарымын, Ақмолада жүзде 52 жарымын құраған. «Соңғы кездері, – дейді мақаласында Шоқай, – қазақ газеттері қазақ халқын жерге орналастыру ісінің жол ортада үзіліп қалғаны туралы ашына жазылған материалдарға толы. Орыс мұғажырлары күн сайын көбеюде…».
Журналдағы «Кеңестік Қазақстанның он жылдығына орай» деген тақырыппен берілген екінші мақалада патша үкіметінің отаршылдық саясатының негізгі ұраны – «Сібірияны нағыз орыс Сібіриясына айналдырғаны сияқты, Түркістанды да нағыз орыс Түркістанына айналдыру» болғаны ашып көрсетіледі. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бұрыннан мәлім екі жол болған. Оның бірі: жергілікті халықтың материалдық және рухани өркендеуіне шек қойып, оны азып-тозып, өліп-бітуге душар ету. Екіншісі; бұл өлкеге орыс мұғажырларын көптеп әкеліп, орыс көпшілігін жасау. Патшалық Ресейдің осы зұлым саясатын мақсаткерлікпен атқарып келгені мәлім.
Кеңес үкіметі дүниеге келген алғашқы жылдары большевиктер таратқан мәлімдемелерде, қабылданған қаулыларда Түркістан халқының, оның ішінде қазақтардың тартқан азап, көрген қорлықтары, бұдан былай мұндай озбырлықтарға жол берілмейтіні, патша үкіметі тарапынан жүргізілген саясаттың зардаптары және оны жоюдың қажеттілігі туралы айтылады. Ол кезде Кеңес үкіметіне жан-жақтан қауіп төніп тұрған еді. Уақыт өте келе кеңестік Ресей күш жинай бастағанда жағдай күрт өзгере бастады. Қазақстанда Голощекин, ал Мәскеудегі Мұғажыр мекемесінің басында отырғандар бұрын астыртын жүргізіліп келген істерді енді ашыққа шығарып, үкімет бағдарламаларына енгізе бастады. «Қазір большевиктер айтып жүрген уағыздар жаңалық емес, – деп жазды сол тұста М.Шоқайұлы. – …Ол Столыпиннің өсиеті болатын. Борохидоның «Жекелеген өлке мен халықтардың мүддесін жалпы Одақ мүддесіне құрбан ету» дегені де Столыпиннің «Қазақтарды емес, қазақтардың тың жатқан жерлерін ойлау керек. Қазақстан жерлерін тек қазақтардың өздеріне ғана қалдыру Ресей үшін кешірілмес күнә болар еді» деген сөзінің екінші бір нұсқасынан басқа ештеңе де емес еді… Ұранымыз – «Түркістан – түркістандықтардікі!» болуы тиіс. Халқымыздың бақыты мен гүлденуі сонда ғана қамтамасыз етіледі. Қасқырға қой баққызатын аңқау заман өткелі қашан. Ей, жас коммунист жерлесім! Көзіңді аш. Халқыңның болашағы үшін болатын күрестерге әзірлен». Мұстафа Шоқайдың мәңгілік ұстанымы мен өшпес өнегесінің басты құндылығы сонда, ол Ұлы Түркістанның тұтастығы мен Тұтас Түркістанның азаттығын жалаулатып, қысқа ғұмырының соңғы сәтіне дейін «Түркі елі» идеясымен тыныс алды.
Германияда сүйегі жерленген қазақтың ұлы перзенті, Мұстафа Шоқайдың бүгінгі егемен елдерге айналған Ұлы Түркістан, Тәуелсіз Қазақстан халықтарына айтқан өсиетте