Қарақаба олжалы қайтты

Қарақаба олжалы қайтты

Қарақаба олжалы қайтты
ашық дереккөзі

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен тамыздың 19-21 аралығында Алтай тауларына, яғни Шығыс Қазақстан облысына қарасты Қатонқарағай ауданындағы Қарақаба жазығында өткен І Халықаралық археологиялық экспедицияға қатысушылар Астанаға оралды.

Түркиялық TIKA ұйымының қолдауымен өткен бұл экспедицияға Әзірбайжанның Археология және этнография институты, Қазақстанның Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты, Қырғызстанның «Манас» қырғыз-түрік университеті, А.Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен білікті мамандар, танымал археолог-ғалымдар, сондай-ақ бірқатар түркиялық және қазақстандық жетекші БАҚ басшылары қатысты.

Экспедиция аясында ұйымдастырылған «Алтай – алтын бесік» атты дала семинарында Түркі халықтарының тарихи-мәдени мұраларын зерттеп, дәріптеу, сондай-ақ бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру және басқа да ауқымды мәселелер талқыланды. Ашық аспан астында көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына биылғы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған олжалар ұсынылды.

Қарақабадағы төрт ғұрыптық кешенді ашқан археологтар біршама жаңа тарихи жәдігерлер тапты. Шамамен көне түркі дәуіріне жатады деп болжанып отырған бұл артефактілерді Халықаралық Түркі академиясының ғалымдары терең зерттейтін болады.

Экспедиция жұмысы Астанада Халықаралық Түркі академиясын­дағы кездесуге ұласып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Өз кезегінде шет елден келген меймандар түгел түркінің алтын бесігіне баланған Алтайдағы экспедициядан алған әсерлерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды. Осылайша, Академия кітапханасында қорытындыланған халықаралық экспедицияны келесі жылы Бумын, Білге қаған билік құрып, Күлтегіннің ізі қалған моңғол жеріндегі «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жалғастыру туралы шешім қабылданды. Қорытынды жиынды жүргізіп отырған Академия басшысы Д.Қыдырәлінің айтуынша, келешекте экспедиция түркілердің табаны тиген Ресей, Венгрия, Иран, Үндістан, Мысыр, Қытай қатарлы елдерді қамтитын болады.

Ж.Баққондыұлы