Төтенше жағдай ретінде қарастырылады
Төтенше жағдай ретінде қарастырылады
Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндамасында ана мен бала денсаулығының бүгінгі көрсеткіштері мемлекеттің бәсекелестік индексінің негізгі өлшемі деп атап өтті. Үкімет тарапынан атқарылған іс-шаралар ана мен баланың денсаулығын жақсартуға септігін тигізуде. Атап айтсақ, халықаралық тиімді технологияларды енгізу, ана қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асыру және балалар сырқаттарын кешенді емдеу сияқты жүйелі шаралар өз нәтижесін көрсетті. Оның дәлелі – республикада соңғы жылдары өмір сүру деңгейі 2,5 жылға ұзарған.
«Соңғы 10 жылда елімізде туу көрсеткіші динамикасы шамамен 1,3 есеге артқаны байқалады. Халықтың табиғи өсімі 2,1 есеге өсті. Ана өлімі 3 есеге қысқарса, еліміздің ДДСҰ ұсынған тірі және өлі туу өлшеміне көшуіне сәйкес 1,5 есе азайды», – деді министр ханым. С.Қайырбекованың пайымдауынша, ана мен бала өлімі көрсеткіштерінің төмендеуі олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі шаралардың басымдығынан.
1970 жылдан бері республикада ана мен бала өлім-жітімі 4 есеге кеміген. Бұл орайда Премьер-министр жалпы денсаулық сақтау шараларына тоқталып, ана мен балаға жіті көңіл бөлу қажеттігін айтты. «Ана мен бала өлімі төтенше жағдай ретінде қарастырылуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі әрбір оқиғаны зерттеуі керек. Дегенмен, сараптама өте тыңғылықты жүргізілуі қажет», – деді ол.
Жалпы, елімізде кардиохирургия, трансплантология, көліктік медицина қарқынды дамып келе жатқаны айқын. Қазақстанда скринингтік бағдарлама енгізіліп, қазіргі уақытта тиімді жұмыс істеуде. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізбесі кеңейген. Жаңа технология мен медицинасы озық мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана бастадық. Десек те адамға жасалған оталардың барлығы сәтті дей алмаймыз. Ал алыс аймақтарға жедел-жәрдем көмегін жеткізетін тікұшақтар көп жағдайда жергілікті әкімнің билігінде қалып келеді. Премьер-министр мұны да ескерусіз қалдырмады. «Әкімдерден тікұшақтардың ұшып-қону алаңдарымен байланысты мәселеге тыңғылықты қарауды сұраймын», – деді.
Селекторлық отырыста Үкімет басы Денсаулық министрінің баяндамасындағы жетістіктерді тыңдап болған соң: «Дегенмен, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеу қажет. Бұл жайында бірнеше рет айттық та. Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру керек. Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жұмыстарды күшейтуі тиіс. БАҚ арқылы қажетті жаңашылдық, жалпы отандық медицинаның жетістіктері туралы хабарлауы қажет», – деді С.Ахметов.
«Бизнестің жол картасы-2020»
Бұған дейін де кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары қабылданған. Алайда мемлекеттік экономиканың басты тіректерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі көп. Әсіресе аймақтарда құжатқа теліну мен есігін қағып, бір жапырақ анықтама сұрайтын мекемелер саны жетерлік. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жетілдіру барысында бірнеше өзгерістер енгізіліп отыр. Әрине, мұның бәрі кәсіпкерлерге жеңілдік жасау мақсатында қаралып отыр.
ҚР Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «БЖК-2020» бағдарламасының сұранысқа ие екенін айтты. Бүгінде 36 мыңнан астам кәсіпкер оның қолдауына ие болып, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 145 мыңнан астам кәсіпкер жұмысын тоқтатпаған және 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылғанын атап көрсетті. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, экономикадағы әрбір 5 жаңа жұмыс орны Бағдарлама шеңберінде құрылып, индустрияландыру картасының әрбір 4 жобасы бағдарлама қолдауына ие болып, оның үлесі шағын және орта бизнеске бөлінген барлық несиелердің 11,6 пайызын құрап, 56 миллиард теңге салық төленген.
Соңғы екі жылда бағдарламаға 3 өзгерістер пакеті енгізілген, таяу арада кезекті төртінші өзгерістер пакетін енгізу жоспарлануда. Олардың аясында кәсіпкерлерлікті қолдау мен оларға қызмет көрсету орталықтарын, бизнес-инкубаторлар құру және оларды жұмыс істеткізу тетіктері, сондай-ақ индустриялдық аймақтарды дамыту бойынша, жаңа бастағандар үшін «Бизнес кеңесші-1», жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін «Бизнес кеңесші-2» бағдарламаларын құрудың негізгі әдістері мен шаралары анықталады.
Бұл мәселелер бойынша сондай-ақ «Даму» қоры басқармасының төрайымы Л.Ибрагимова, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев сөз сөйледі.
Қаралған мәселені қорытындылай келе Серік Ахметов мырза Өңірлік даму министрлігіне облыстармен өзара іс қимылды үйлестіруге айрықша көңіл бөлуді, ал өңірлерге жобаларды сапалы іріктеу мен бөлінген қаржыны дұрыс игеруді тапсырды.
Ақниет ОСПАНБАЙ