Жаңалықтар

ТАБЫСТЫ ЕНШІЛЕГЕН КЕНШІ

ашық дереккөзі

ТАБЫСТЫ ЕНШІЛЕГЕН КЕНШІ

1969 жылы Ұлытау ауданының Амангелді ауылында дүниеге келген Әліби Қодарұлы кеніштегі еңбек жолын 1994 жылы бастаған. №7 учаскенің проходкалаушысы болып бір жерде еңбек еткеніне жиырма жылға жуықтап қалған ол Серік Қалиев, Артур Кронвольд секілді еңбек майталмандарының мектебінде шыңдалған. 

– Алғаш өндіріске келгенде кешегі болашақ мамандығыма баулыған ұстаздар, аға буын тәлімгерлер — шетінен сен тұр, мен атайындар еді. Саусақтарының сиқыры бар ма дерсің. Не керек, көп нәрсені солардан үйрендік. Кәнігі машинистер, темірден түйін түйген токарьлар, сантехник-слесарьлар мен білікті инженерлердің Жезқазған, Сәтбаев қалаларына көптеп келуі өндіріспен байланысты екендігін болашақ кәсібіме басыбайлы бетбұрыс жасаған кезде білдім, — дейді ол. 

Бұрғылау станоктары секілді қуат­ты техниканың тілін терең мең­геру жолында өз міндетіне ынталы, ықыласты, салқынқандылығымен, оңтайлы, ұтымды шешім қабылдау шеберлігімен ерекшеленеді ол. Финдік «Параматик», «Атлас­коп» фирмасының «Бумер» бұр­ғылау станогы секіл­ді күрделі жабдықтардың тілін еркін меңгерген шебердің бүгінде №7 үңгу учаскесінде табысты тасқындатуға үлес қосып жатқан жайы бар. Жер астындағы арнайы шеберханада жастардың біліктілігін ұштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық та таныта жүреді. 

– Өндірістегі ұстаздарыма алғысым шексіз. Өмірде де, өндірісте де соларға еліктедім десем болады. Олар ұзақ жылдар талмай еңбек еткен, қайратты адамдар болатын. Олардың тәрбиесін, өнегесін көрмегендер бізде некен-саяқ. Біз сол жолмен келе жатырмыз, — дейді өзі де бүгінде тәлімді тәлімгерге айналған Әліби Қодарұлы.  

Еңбек ұжымында Жұмабай Жазыбеков, Сағадат Махмутов, Тұрсын Үсеров, Азамат Бижанов, Байдырахман Сәукенов, Бақытбек Карин, Евгений Дяков секілді майталман мамандардың қатары мол. Олардың жұмысқа деген ынтасы, ұйымшылдығы, береке-бірлігі ерекше. 

Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке алдағы уақытта балаларының елін сүйген азамат болып ержеткенін асыға күтеді. Үлкен ұлы Әлиханы студент, Асылы мен Аяжаны мектеп оқушысы. Жан-жары Рымгүл педагогика саласында қызметте.  

– Ұрпағымның туған топырағында аунап, соның суынан нәр алып, тума-туыстарын жыға танитын, ұлттық тәрбиемен нәрленіп, санасына сіңіріп, көпшіл болып өскенін қалаймын. Перзенттерімнің қазақ мектебінде дәріс алғанын да ұлтымыз үшін маңызды деп білемін. Сол себепті болашақта немерелерімді де осы бағытта тәрбиелемекпін, — дейді табысты еншілеген кенші.  

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ,

журналист