Ішке кіріп, сыртқа тасып...
Ішке кіріп, сыртқа тасып...
Қазақ жерінен өткен, батыс пен шығысты байланыстырған жібек керуенін жаһандану заманындағы елімізге сырттан ағылып жатқан вагон-вагон еңбек мигранттарымен салыстырып қарағанда жер мен көктей парық барына күмән болмағанмен, Орта Азия елдері ежелден осылай сапырылысып жүретін еді дейтіндер де табылады.
Қалай болжасақ та, Қазақстан әлемдегі еңбек мигранттары көп он елдің қатарына еніп үлгерді. Деректерге сүйенсек, елімізде соңғы екі жылда 2 миллионнан астам шетел азаматы тіркелсе, оның 1 миллионға жуығын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары құрайды. Алайда олардың 1 пайызы ғана келу мақсатын «еңбек қызметі» деп, 96 пайызы келу себебін «жеке мақсаттарға байланысты» деп көрсетіп, жалтарыпты. Демек, шетелден келген еңбек күшінің көбі заңсыз еңбекпен айналысатыны белгілі болып тұр. Олардың тапқан табысы мен қаржысын қоржынына салып, шетке тасып жатқанын көре тұра, қалыпты құбылыс ретінде қараймыз. Банктік операцияларды тіркеудің нәтижесінде мәлім болғанындай, қырғыз еңбек мигранттарының елдеріне аударып жатқан табысы сол елдің жалпы ішкі өнімінің 29 пайызын құраса, Тәжікстанның еңбек мигранттары тарапынан өз еліне құйылатын қаржы көлемі 3 миллиард долларға жетіпті.
Құрылыста өз ағам, саудада айыр қалпақ ағайын деп сыртынан қарап отыратын қазақтардың қара күшті талап ететін жұмыстарға аяқ басқысы келмейтіндігі емес, кеңпейілділігі дейік. Еңбек миграциясы саласының мамандары базарда, құрылыста, мақта мен темекі терімі және ауылшаруашылығына байланысты жұмыстарда істейтін еңбек мигранттары Қазақстанға ауадай қажет екенін ескеріп, олардың елге келу процесін күрделендірмеуді қадап айтады.
Әлем бойынша еңбек мигранттарының саны 214 миллион болса, бұл көрсеткіш 2040 жылға қарай 400 миллионға жетеді деп болжануда. Олардың санының артуы аймақтық және жаһандану интеграция үдерістері, дамыған мемлекеттер мен дамушы мемлекеттердегі еңбек табысы айырмашылығының алшақтауы мен саяси тұрақсыздықтан туындаса, табиғи апаттар да мигранттар ағынына себеп екенін халықаралық миграция ұйымы келтіріп отыр. Ресейдің федералды миграция қызметінің дерегінше, нәпақа іздеп, арзан жұмысқа жалданған жұмыс күші бұл елде 5 миллион адамдай болса, оның 3 миллионы заңсыз жүр. «Ресеймен салыстырғанда, Қазақстан тұрақтылық пен төзімділік тұрғысынан әлдеқайда жайлы», – деп санайтындар еліміздің әр жерінде өріп жүр. Әлемдегі орын алған оқиғаларға қарап, қауіптің көбін еңбек мигранттарымен байланыстыру шындыққа жанасымды болса, Еуропа мемлекеттері идеологиялық қауіптің алдын алып, есігін қаққан еңбек мигранттарына жылы шырай танытпайтынын көз көруде. Біздің елде еңбек мигранттарынан келетін қауіпті айтпақ түгілі, заңсыз жүріс-тұрысына тосқауыл қою оңайға соқпайды. Статистиканың есебінше, болашақта мигранттар саны үш миллионға дейін жетеді және оның 200-300 мыңы ғана заңды тіркеуден өтуі мүмкін. Себебі, оларды тіркейтін заңды органдар елімізде тапшы.
Заңсыз еңбек күшімен күресу көші-қон полициясының күйкі бір тірлігі дерсің. Құрылыс орындарынан, базардан босқындарды тауып, заңсыз әрекетін әшкерелеу көші- қон қызметкерлеріне оңайға соқпасы анық. «Қызыл жарты ай» қоғамының қызметкері Татьяна Абрамованың айтуынша, еңбек мигранттары Қазақстан заңдарын білмейтіндіктен шекарадан өткенде, тіркеуге тұру кезінде айыппұлдан көз ашпайды. Олардың ең басты қиындығы – көші-қон полициясының қудалауы. Кейде оларды ресми емес тіркеуге қоятын кездері де болады екен. Босқындардың заңсыз еңбекпен айналысуы мен тіркеуге тұруы арадағы делдалдардың айын оңынан туғызады. Делдалдарды айтпай-ақ, Ақтау қаласы ішкі істер бөлімінің взвод командирі Е.Әлімбеков пен есепке алу-тіркеу бөлімінің аға инспекторы А.Әмірбековтың маңдайына сор болып тигені, құрылыс саласында жалданып жұмыс жасайтын Өзбекстан азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартқызбау үшін компания басшысынан 150000 теңге пара алу үстінде ұсталғаны. ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәлімдегеніндей, құрылыс компаниясының басшысы мәселені заңды жолмен шешуді жоспарлағанмен көші-қон қызметкерлері оның жеңіл жолын ұсынады, яғни шетелдік әр азаматқа 15 мың теңгеден берсе, мәселенің оңынан шешілетінін айтады. Босқындардың әрекеті түрлі заңсыздыққа түрткі болуымен бірге олардың қатысуымен жасалатын қылмысты да есептен шығаруға болмайды. Кейде шетелдік мигранттардың өздері жалданған кәсіпкерлерді тонап кетуін естіп қаламыз. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, республика көлемінде жасалатын қылмыс атаулының 55 пайызы сырттан келетін жұмыс күшінің ықпалынан болады. Әсіресе, Қазақстан территориясы арқылы өтетін транзиттік мигранттар көбіне заңсыз есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тасымалдаумен айналысады.Оңтүстік Қазақстан облысы көші-қон полиция басқармасының бастығы Балтабек Абылаевтың мәлімдегеніндей, өңірге жыл басынан бері 27 мыңға жуық жұмысшы келсе, олардың арасынан 11 қылмыс тіркелген. Сонымен бірге жеке сектордағы заңсыз еңбекке тартылған мигранттарға 70-тен астам жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынса, 90-ға жуық жұмысшы сот үкімімен еліне қайтарылған. Алматы қаласындағы босқындар ісімен айналысатын хатшылық еңбек мигранттары және оралмандар мәселесімен айналысады. Босқындар мен шетелден келген қазақтарды әрі- беріден соң кейбір құзырлы органдар шатастырып алатынына налитын қандастарымыз елдегі заңсыз жүрген өзге ұлт өкілдерімен айналысу керектігін айтып қалатынын көші-қон қызметкерлері жасырмайды. Босқындардың елімізге келтіретін қаупі мен зиянына көз жұмып, арзан жұмысқа жегілетін жанкештілігіне мүсіркей қарасақ та, олардан түсетін пайда бар екенін келтірген «Азия – Тынық мұхит өңірінің экономикалық және әлеуметтік жағдайына шолу-2013» атты құжатта: «Қазақстан экономикасы еңбек мигранттарынан, тіпті олар бар табысын елдеріне әкетіп жатыр дегеннің өзінде, жыл сайын кемінде ішкі жалпы өнімнің 0,57 пайызын немесе 1,1 миллиард доллар кіріс көріп отыр» делінген. Еңбек көші-қоны дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес, шетелдік еңбек күші Қазақстан қазынасына салық төлейтінін есепке алсақ, бюджетке түсетін сома 4-10 миллиард долларды құрайды. Еңбек мигранттарынан келетін қауіп пен зиянды ауызға алған депутаттар осылай пайымдаған. Депутат Нұртай Сабильянов: «Шетелден келетін азаматтардың денсаулығын анықтау үшін медициналық тексерістен өткізу қажет. Олар кім? Шетелден ауру әкеле ме, есірткіге тәуелді адам ба, соны білуіміз қажет. Жұмысқа алмас бұрын біз алдымен өзіміздің ауылдағы, аудандағы жұмыссыз жүрген азаматтарға еңбек қызметін ұсынсақ, олар келмеген жағдайда ғана шетелдік мигранттарға рұқсат берсек», – дегені бар. Сөзінің жаны бар, ауылда жұмыссыз жүрген азаматтардың: «жұмыссыздықтан кешке көшеге шығып қыдырамыз, кафелерге барамыз, таң ата үйге қайтамыз», – дегеннен аспайтынына заңсыз еңбек істейтін босқындар себеп пе, әлде жалқаулығы ма кім білсін? Еңбек мигранттарының заңсыз жұмыс жасап, қалтасын қампайтып, сыртқа кетіп жатқаны мен олардың жасаған қылмысын елемегенде өзіміздің азаматтардың жұмыссыз қалуы ешкімді ойландырмай ма? Қазір жаз мезгілінде өзге елден келгендер құрылыс алаңдарында құмырсқадай қаптап жүр. Өз азаматтарымыз жұмыс таппай сенделіп жүрсе, арзан жұмыс күшін қаржысына үнем көретін компаниялар мен жұмыс орындары қарақан басын күйттеп әуре.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылға қарай еліміздегі қосымша еңбек күшіне қажеттілік 500 мың адамға жетіп, жыл сайын орташа есеппен 60 мың адамға көбейіп отырмақ. Осыны ескергенде, шеттен келетін еңбек күшінің ағыны азаятынына ешкім кепілдік бермейді.
Алтын Бейімбет