Жаңалықтар

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОЛ СОЗУДА. БІРАҚ ...

ашық дереккөзі

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚОЛ СОЗУДА. БІРАҚ ...

Бәлкім, Қытай төрағасының жақын күндері Қазақстанға келетіндігі әсер етті ме, жоқ әлде виза мәселесінің оңайлайтынының ықпалы болды ма, әйтеуір соңғы кезде Қытай тақырыбы қайтадан ақпарат құралдарының назарын аударып әкетті. 

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ВИЗА  АЛЫНБАЙДЫ

Өткен аптада Алматыда «Ұлттық баспасөз клубында» баспасөз-мәслихатын өткізген бір топ ұлт белсенділері Қазақстан мен Қытай арасында визасыз қарым-қатынастың орнауына түбегейлі қарсылықтарын білдіріп, бұған биліктің назарын аударуға тырысқан еді. Белсенді топ қыркүйектің басында рұқсат етілген шеру ұйымдастырмақ ниеттерін де жасырмады және әкімшілікке бұл жөнінде ұсыныс та жіберді. 

Көп ұзамай Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай Қытай мен Қазақстан арасында визасыз қарым-қатынас туралы әңгіменің айтылмағандығын айтып, ресми мәлімдеме жасады:

– Виза беру режимін оңтайландыру тек қана біржақты үрдіс емес, бұл екіжақты үрдіс. Менің пайымда­уымша, қазір Қытай азаматтары үшін Қазақстан визасын алу оңтайлы түрде шешілген. Ал керісінше, қазақ азаматтарының Қытайға бару үшін виза алудағы қиыншылықтары бұл оңтайландыруды арғы жақтан біздің азаматтарға қарсы жасалған үрдіс ретінде қарастыруымыз қажет. Сондықтан бұл мәселе, әрине, мәмілеге келу ретінде, келіссөздер арқылы ғана шешімін табады, – деген арнайы өткізілген брифингте. Естеріңізде болса, Қытай азаматтарының Қазақстанға визасыз келуі туралы әңгімені Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Саймасаев мәлім еткен болатын. Ол Қазақстан мен Қытай үкіметі арасында визасыз топтық туристік сапар жасауға рұқсат беру туралы келісім жасасып жатыр деген хабар таратқан.«EXPO-2017» кезінде Қазақстанға 5 миллион Қытай азаматы келеді», – деді Мұхит Саймасаев, – «визасыз туризм жайлы келісімнің мақсаты – екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығын арттыру және Қазақстанға келетін туристер санын көбейту». Дәл осы мәлімдеме ұлт белсенділерінің жоғарыдағыдай қадам жасауына түрткі болған. Алайда ресми шенеуніктің мәлімдемесіне сүйенсек, қытай азаматтары үшін оңтайланған виза мәселесі қазақ азаматтары үшін көп кедергілер тудырып келеді екен. Қытай азаматтарынан гөрі, Сыртқы істер министрлігіне қазақ азаматтары көбірек шағым түсіретін көрінеді. Демек, Қытайдан келетін туристерге арналған топтық визаны оңтайландырудың немесе мүлдем алып тастаудың қажеттігі әзірге байқалмайды. Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай Қазақстанның 52 мемлекетпен визасыз тәртіп орнатқанын айтады. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы виза тәртібін өзгертуге қазақстандықтардың 65 пайызы қарсы деген мәлімдеме таратты www.kapital.kz сайты. Сұралғандардың басым көпшілігі егер виза тәртібі өзгеретін болса, қытайлықтар Қазақстанды жау­лап алады деген пікірде. Олардың 25 пайызы Қазақстанға қаптаған қытайларды тоқтату мүмкін емес деген ойда болса, тек 6 пайызы ғана бұдан ешқандай қауіп көріп тұрмағанын айтқан. Сауалнамаға 2024 адам қатысқан. 

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ҚЫТАЙ БАР?

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың қоғамдық пікір өзегіне айналғанына он бес жылдың жүзі болды. Әсіресе, соңғы жылдары Қытайға жалға жер берілуі, Қытайдан алынған қарыздар жайлы ақпараттардың барлығы қазақ ақпаратында шу болған еді. Ресми қазақ билігі бұл ақпараттардың барлығын жоққа шығарумен ғана келеді. Бірақ соған қарамастан ресми емес мәліметтер Қытай шаруаларының Қазақстанға еніп, жерді игеріп, соя еге бастағанын растап отыр. Жақында жолымыз түсіп, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданына барған едік. Сол жердегі туысқандарымыздың Сартеректе Қытай фермерлеріне жалданып жұмыс істейтініне көзіміз жетті. Алайда билік бұл ақпаратты да растамайды. 

Қазір ресми емес ақпарат көздері 5000 қытайлықтың Қазақстан азаматтығын алғандығын айтады. Алайда бұл ақпаратты ресми билік растаған да, жоққа шығарған да емес. www.kapital.kz сайтына сұхбат берген «Рух пен тіл» клубының белсенділерінің бірі Инга Иманбай бұл ақпаратты қоғамдық белсенділерден естігенін айтады. Жалпы, Қазақстандағы Қытайлардың нақты санын білу мүмкін емес. Өйткені қазір еліміздегі миграциялық үрдістер бетімен кеткен. Оның үстіне мүдделі органдар өздерінде бар нақты ақпаратты қоғаммен бөліскісі жоқ. Бір жылдары «31 канал» телеарнасының журналистері Қазақстандағы қытайлардың санын білуге тырысып баққаны бар. Сонда ішкі істер органдары бұндай мәліметті мемлекеттік құпияға балап, мәлімет беруден бас тартқан еді. Міне, содан бері қаншама жыл өтті, үкімет әлі күнге дейін ресми мәлімет беруге асығар емес. Сол себепті де, ақпарат құралдары да, қоғамдық ұйым өкілдері де болжамға иек сүйеуге мәжбүр. 

Жақында Алматы қаласының прокуратурасы соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстанға заңсыз жолмен 1,3 мың қытайлық азаматтың келгенін әрі оларға «қамқорлық» көрсеткен бірнеше фирманы анықтаған. Қазақстанда бірқатар турфирмалар шетелдік мамандарға іскерлік виза жасауға құқық алған. Алайда осы мүмкіндігін асыра пайдаланған олар қытайлық азаматтардың Қазақстанға ағылуына жол ашқан. Негізгі жүйе бойынша, шетелдік азаматтарды шақыруға мүмкіндік алған фирмалар олардың құжаттарын ҚР Сыртқы істер министрлігіне тапсырып, соған сәйкес республика территориясына енуге рұқсат беріледі. Іскерлік виза шетелдік азаматқа Қазақстанда ақша табуға мүмкіндік бермейді, ол үшін арнайы жұмыстық виза қарастырылған. Алайда олар Қазақстанға келгеннен кейін, зым-зия жоғалып кеткен. Прокуратура өкілдері турфирмалар арқылы шақырылған қытайлықтардың қайда кеткенін білмейді. Тексеріс барысында анықталғандай, әлгіндей фирмалардың бірінің бастығы және құрылтайшысы да қытайлық болып шыққан. Әрі олар біржолда 464 адамды шақыруға өтініш жасаған. Дәл осы мәселе құқық қорғау органдарының назарын аударыпты. Қазір бұл фирмалардың лицензиясын қайтарып алу ісі қозғалып жатыр. 

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰПИЯ ҚҰЖАТ

 

Тамыздың 5-інде «Мегаполис» газетіне сұхбат берген мәдениеттанушы, қытайтанушы, Қытайда елшілік қызмет атқарған Мұрат Әуезов Қазақстандағы қытайлардың саны ресми құжаттарда айтылып жүргеннен әлдеқайда көп деген пікір айтады. «Қытайдың ішкі райондарынан біздің шекараларға қарай, Шыңжаңға ханьзулердің жойқын көші жүріп жатыр. Олар өте керемет қалалар мен жолдар салуда. Әңгіме миллиондаған адамдар жа­йында болып отыр. Олардың жалпы саны – Қазақстан халқының жалпы санынан да асып кетеді. Ең қызығы, біз көршіміздің бізге байланысты саясаты жөнінде қанша дабыл қақсақ та, саясат ешқашан өзгерген емес, таласты территориялар мен трансшекаралық өзендерге байланысты Қазақстан ешуақытта саяси мәлімдемелер жасап көрген жоқ. Цзянь Цземиньнің төрағалығы кезінде ол Қазақстанға келіп, трансшекаралық өзендерге қатысты проблемаларды зерттеп жатырмыз деген еді. Ол Қазақстаннан орала салысымен, трансшекаралық өзендердің Қытай мүддесіне жұмыс істеуіне қатысты құпия нұсқаулық берді. Бұл құжатты маған Қытайдан салып жіберген еді. Мен трансшекаралық өзендер мәселесін шешуге Қытайдың құлқы жоқ екендігін мәлімдегенімде, маған арнайы қызметтің адамдары келді. Мен оларға жоғарыдағы құжаттың көшірмесін бердім. Қазір қытайлар Қара Ертістің суын бұзатын ірі су қоймасын салды, Іленің суын буып жатыр. Қытай шаруалары бұл өзендердің суын барынша пайдалануда, оған ірі көлемде химиялық қоспалары бар заттар салынады және ол қайтадан Ілеге құйылады. Осының бәрін көріп отырып, Қазақстан үнсіз отыр. Бізге Қытайдан келетін судың көлемі мен сапасы жайында Қытаймен келіссөз жүргізу керек. Дәл осындай қадамға Үндістан мен Бангладеш барған еді. Әрине, қазір Қытайға біздің мұнай мен газымыз керек. Алайда болашақта олардың көздегені басқа, Қазақстанға өзінің қара орман халқын қоныстандыру және соған заңды түрде қол жеткізу. Олардың халқының саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Қазақстандағы қазіргі қытайлардың саны айтылып жүргендегіден әлдеқайда көп», – дейді ол. Бұрынғы елші дәл осы әңгімесін «Еуразия» ұлттық арнасындағы «Аналитика» бағдарламасында да қайталады. Бізді таңқалдырғаны – Қазақстанның трансшекаралық өзендерге қатысты ешқандай шара қолданбай отырғандығы. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ