Мәңгілік махаббат
Мәңгілік махаббат
Туған жер деген, шіркін, туған анаңдай емес пе?! Ана мейірімін қанша көрсең де, жанында қанша жүрсең де, оның шапағатына мейірің қанушы ма еді, маңдайыңнан сипаған алақанының табын ұмыта аласың ба?!
Туған жерге деген сезім де, пейіл де дәл сондай.
Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер….
Сүйем сені туған ел – атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем,
– деп жырлайды қазақтың дүлдүл ақыны Қасым Аманжолов туған жеріне тағзым етіп.
Туған жер – тірі пендеге тірек. Туған жердің әр тасы, әр бұтасы, ойы мен қыры өткенді ойға түсіреді, тарихтан сыр шертеді. Мұңайтады, қуантады, серпілтеді, жігерлендіреді.
Бүкіл алашқа танымал жазушы Шерхан Мұртаза: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкстан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикогода, Нью–Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім…
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ келеді. Түсімде Ақсу–Жабағылыны көремін» деп жазған екен. Бұл дегенің туған жер мен өз перзенті арасындағы тартылыс күшінің бірі болар? Ойлап отырсаң, сірә, бұл табиғаттың әлі біз біле қоймаған, терең зерттей алмай жүрген жұмбақ құбылыстарының бірі.
Кім болмасын туған жердің топырағынан нәр алады, тамыры тереңдеп, саласын кеңге жаяды. Барлығымызға жақсы таныс «Бейбарыс» кинофильмінде басты кейіпкер (рольді сомдаған Нұрмахан Жантөрин болатын) сұлтан Бейбарыс өмір бойы, көзі жұмылғанша Ұлы даланың жусанының исін аңсаумен өтеді. Туған жердің тартылу күші деген, сірә, осы болу керек!
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та әрдайым туған жері, кіндік қаны тамған шырайлы Жетісу өңіріндегі Үшқоңыр мен Шамалғанды жиі есіне алып, естеліктерінде ерекше перзенттік сезіммен, жүрегі елжірей жазады. Сағынышын да жасырмайды. Тіпті, кейде қолына қалам алып жыр жазып, толғанатын сәттері де болады екен. Соның бірі – радио мен теледидардан жиі беріліп жүрген «Үшқоңыр» әнінің мәтіні:
Yшқоңырым, туған жерім,
Бәйшешек, гүл жұлған жерім.
Шыңдары төбе бидің қалпағындай,
Жазира жасыл кілем алқабындай.
Жусаны, бұрқыраған топырағың,
Әжемнің шекер қосқан талқанындай.
Yшқоңырым, туған жерім,
Бәйшешек, гүл жұлған жерім, –
деп тебіренеді Елбасы. Ол да заңдылық болар. Туған жерге біз әрдайым қарыздармыз, оған деген ыстық сезім еш суымайды.
Әйгілі Шәкең (композитор Шәмші Қалдаяқов) де өзінің атажұртына:
Теріскей айналайын келбетіңнен,
Сен бізге ақ бесіксің тербетілген, –
деп ерекше шабытпен, толқи отырып ән арнағанын көңілі ояу, көкірегі ашық, зерделі кісілер жақсы біледі.
Ал, белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов:
«Армысың, алыстағы аяулы ауылым,
Мен де кең дүниеде есен-саумын.
Тек қана құрдастармен сайраңдаған,
Сағындым кербез төсін Қаратаудың», – деп моншақтай жыр жолдарын төгеді.
Ия, физика пәнінде жердің тартылу күші деген түсінік бар. Менің пайымдауымша, туған жердің топырағы да кімді болмасын өзіне тартып тұратын болу керек. Әсіресе, жасы ұлғайған сайын сол күш арта түседі ме деп ойлаймын. Зер салып көрсеңіз, жасы келген сайын адам туған жеріне, өскен өлкесіне барғысы келіп, ауасын жұтып, суына жуынып, атамекенінің сай-қыраттарын аралап, ағайын-туысқан, ел арасында аунап-қунап қайтқысы келіп тұратын көпшілік біле бермейтін бір сыр бар. Мысал керек пе? Келтірелік. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында еліміздің оңтүстік өңіріне жыл сайын көктем-жазда келіп, асықпай аралап, кәріқұлақ қарттармен әңгімелесіп, жергілікті аңыз-әңгімелерді қағазға түсіріп, ереше бір шабытқа мініп, мерейі өсіп Алматыға қайтады екен. Ол өйткені Семейдегі Шыңғыстауда туса да, ата-бабасы өсіп-өнген атажұрты осы оңтүстікте екенін жақсы білген.
Классик жазушымыздың бірі Тәкен Әлімқұлов та туған жері Қаратау өңірі мен туған топырағы Созақты жиі аралаған, айлап жатып, шығармаларының кейіпкерлері мен ондағы оқиғаларды, сюжеттерді, детальдарды осы ортадан алған. Өлер алдында: «Мені туған топырағым Бабатаға, шешемнің қасына жерлеңдер» деп өтінген екен.
Қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков те, өзінің туған топырағы Отырардағы Арыстанбабта, жазушы-сатирик Шона Смаханұлы Таластың Ойық ауылына, ұлтымыздың ерекше дарынды сазгері Нұрғиса Тілендиев Ұзынағаштағы Жамбыл бабасының қасына, ал белгілі ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбек туған топырағы Жаңаарқа даласының бір дөңіне жерлеуді аманат етіпті.
Ерекше еңбекқор ғалым-филолог Рахманқұл Бердібаев пен атақты театр режиссері, сахна саңлағы Райымбек Сейтметов Алматыдағы жылы орындарын «суытып», атақ-даңқтарына, жаңа қоныстың сандаған қиындықтарына қарамай, туған топырағы Түркістанға ес біліп, ел таныған шақтарында оралып, туған жерлерінде сарқыла еңбек етті, маңайларына дарында жастарды топтастырып, мәдениет пен ғылымға сусындатты. Жазушы Оспанәлі Иманалиев те жасы келген шағында Алматыдан туған топырағы Ақкөлге (Талас ауданы) оралып, біраз жыл шығармашылықпен беріле айналысып, артына біраз дүние тастап кетті. Қызылордалық дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, көп жылдар Алматыда түрлі қызметтер (республикалық аурухананың бас дәрігері, кафедра меңгерушісі және т.с.с.) атқарып, елдің сый-құрметіне бөленді, ұлтымыздың хирургия саласын алға бастыруға өз үлесін қосты. Сол азамат жасы зейнеткерлікке жетіп, шау басқан шақта әсем Алматыдағы үй-жайын балаларына тастап, өмірінің соңғы жылдарын өзінің сүйікті Қызылордасында өткізді. Сөйтіп, жарықтыққа мәңгілік тыныштық туған топырақта бұйырды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл не сонда? Табиғи заңдылық па? Әлде… Кесіп айту қиын. Бірақ, біз ұқпайтын туған жердің өз перзентін өзіне тартып тұратын көзге көрінбейтін бір дүлей күші бар сияқты. Оны ғалымдар магнетизм деп жатады. Туған топырақтың тарту күші, кіндік қан тамған топырақтың жылуы… Мүмкін, онысы да рас болар.
«Өзгені қайдам, мен ес білгелі әке–шешемнің асыл арманы – туған жерге, атажұртқа қайтып оралу болатын. Ол ойларын жария етуге Қытайдың жымысқы саясатынан жасқанса да, іштеріндегі сағынышты жасыру мүмкін емес, Тіпті әкем бізге Қазақстанның куәлігін де алдырып қойған болып шықты. Бұл кейіннен екі мемлекет арасындағы жылымық кезінде біздің алғашқылардың бірі болып елге өтуімізге септігін тигізді. Осылайша 1958 жылы Қазақстанға қайтып оралдық.
Бізді сол кездегі Қапал ауданына қарасты Абай атындағы кеңшардың төрағасы Нұрболат Түшкенов деген кісі Қорғас шекарасынан қарсы алды. Азды-көпті алып өткен жүгімізді қорапты машинаға тиеп, өзімізді жеңіл көлікпен алып жүрді. Ол кезде қазіргідей тас жол жоқ, өзімді құлазыған қу далаға келе жатқандай сезінгенім есімде. Бір тұсқа келгенде әкем машинаны тоқтатуды өтінді. Көліктен түскен ол он қадамдай жүріп барып, тізерлей отыра кеткен. Қос қолымен топырақты уыстап алып, құшырлана иіскеп, сүйгені дәл қазіргідей есімде. Селкілдеген иықтарынан әкемнің жылап отырғанын түсіндім. Жалалы болып орыстың түрмесінен қашқанда да, қытайдың түрмесінде басына шеңбер салып, көзін сыртына шығарып азаптағанда да қара емендей қасқайып, көзінен бір тамшы жас шығармаған болаттай қайсар жанның топырақты құшақтап жылағанын көргенде туған жерге деген сағыныштың қандай болатынын тұңғыш сезінгендей едім. Кейін білгенімдей, бұл әкемнің балалық, жастық шағы өткен Ешкіөлмес тауының баурайы екен», – дейді тағдырлы ақын қызымыз Марфуға Айтқожа өзінің Қуат Қайранбаевқа берген сұбхатында («Егеменді Қазақстан», 13.07.2013 ж).
Қай жерде, қандай жағдайда болмасын ердің кіндік қаны тамған жеріне тартары хақ. Тағдырдың айдауымен бір кезде шекара асып, жат-жұртта жүрген қанша азамат туған елін, туған жерін аңсап өтті, арман-қиялдары орындалмай өмірлері өксікпен өтті. Біз білетін қазақтың нарқасқа перзентінің бірі Мұстафа Шоқай қай жерде жүрмесін, қай қалада тұрмасын өмірінің соңына дейін туған топырағына жетуді армандап, көкірегіндегі сағынышы мен күйінішін өзімен бірге ала кетпеді ме? Ал, біздің білмейтіндеріміз қаншама?
Өмірде туған жерге, туған елге, өзінің халқына, ағайынға, ата-анаға бас имейтін азамат жоқ болар, сірә. Сол себептен де мен туған жерге қазақтың талай тарихының куәгері, киелі де қарт Қаратау өңіріндегі Көсегенің Көкжонындағы Үшбас ауылына (қазіргі Жаңатас қаласына таяп тұрған таулы аймақ) жыл сайын сағына барамын, жас балаша еркелеп, құрбы-құрдастарыма, аға-жеңгелеріме сәлем беріп, олардың аман-саулықтарына қуанып, көңілім бір жадырап, жаңарып, тіпті жасарып қалады. Туған жерге, туған өңірге еш елді, еш жерді ауыстыра алмайсың. Өйткені, одан артық ел де, жер де жоқ.
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер.
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.
Бас иіп, иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
Ойы мен қаламы жүйрік Мұқағали Мақатаевтың осы бір жыр шумақтары менің түсінігімше тура біздің топырағы киелі, тарихы мол Қаратау өңіріне арналғандай болады да тұрады. Туған жерге әрдайым тағзым етемін. Тағзым етемін дегеннен шығады. Соңғы кезде еліміздің әр өңірінің азаматтары арасында «Туған жерге – тағзым» деген атпен әр жылдардағы мектеп түлектерінің арасында игілікті іс-шаралар өткізіліп жатыр. Олардың қолдауымен, қаржыландыруымен бір ауылда саябақтар отырғызылып жатса, бір жерлерде скверлер, субұрқақтар, ескерткіштер, спорт алаңдары, екінші жерлерде мәдениет ошақтары ашылып жатыр. Мысалы, біздің Көкжон өңіріндегі Әшір Бүркітбаев атындағы ауылдағы орта мектептің бір топ түлектері бас болып осыдан үш жыл бұрын үлкен тас жолдың бойындағы Аққырқа асуына жолаушылар бір сәт аялдап, тынығып, саялайтын әдемі демалыс орнын жасады. Бұл күндері олардың осы игілікті істерін көпшілік ризашылық сезіммен айтып жүр. Осы сияқты жанға жайлы іс-шаралар жалғасын тауып, әр өңірде іске асуда. Қолдауға тұратын қуанарлық жай…
– Қымбат маған әр шыбығың,
әр талың,
Қымбат маған тау мен тасың, алқабың.
Уа, туған жер, бозторғайың мен сенің,
Сенің әнің қайда жүрсем айтарым, –
деп қордайлық ақын Рза Қунақова апайымыз ертеректе жырлағандай, мен де туған-өскен ауылымды базбір сәтте сағынышпен еске аламын. Туған жер, атамекен – адамның мәңгі махаббаты-ау деймін мен кейде терең ойға батып…
Қазіргі өздерін «жаңа қазақпыз» деп, кеуделерін соғып жүрген бойында ұлттық рухы, намысы жоқ жандар үшін қай елде, қай қалада тұру сөз емес сияқты. Олар «Адам өмірге бір-ақ рет келеді. Сондықтан оны қиналмай, молшылыққа батып жүріп, ойыңа алған істі атқарып, баянды өткізу керек. Ол қай жерде, қай мемлекетте орындалса – сол сенің Отаның» деп көкиді. Сол пақырлар туған жердің топырағынан тамыры үзіліп қалғанын, болашағы немен аяқталатынын білмейді, тіпті, білгісі де келмейді. Бір күні қызықты өтсе, қалтасы қалың, тамағы тоқ болса сонысына мәз. Болашақтары бұлыңғыр. Заман көшіне ілесе алмай пейілдері тарылып, халық қаржысын қымқырып, елдің сенімінен шықпай, былыққа ұрынып «қыр» асып кеткен қанша жандарды білеміз?! Солардың қайсысын айта бересің? Тек өз бас пайдасын күйіттеп, туған елден безіп жүрген алаяқтар, аферистер жетіп жатыр бұл күнде. Елдің қарғысын арқалаған олар ұзаққа барады деп ойлайсыздар ма? Жоқ, ерте ме, кеш пе олар өз істеріне өкініп, ел алдында жауап беріп, жазаларын алады. «Ұрының құйрығы бір-ақ тұтам» деп қазақ атамыз бекер айтпаған.
«Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» – деген екен көрнекті қаламгер, қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов. Бұл бос айтылмаған сөз. Туған жерден артық жер жоқ. Өйткені, туған жерің – тірегің, атажұртың – алтын бесігің.
Сондықтан, туған жерге көңіліміз суып, жүрегіміздің лүпілі баяулап, махаббатымыз азаймасын, ағайын!
Туған жерге біз әркез қарыздармыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының
докторы, профессор
Тараз қаласы