Жаңалықтар

Жер жаннатындағы жетістіктер

ашық дереккөзі

Жер жаннатындағы жетістіктер

Аймақтағы ауыл шаруашылығы 89 миллиард теңгенің өнімін өндірген, ал нақты көлем көрсеткіші – 100 пайыздан асып жығылады. 

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 259 мың тонна дәнді-дақыл жиылған. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Сонымен қатар 80 мың тонна картоп, 230 мың тонна көкөніс және 28 мың тонна бақша дақылы жиналыпты. Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров шаруашылықтағы озық технологияның өз жемісін көрсеткенін атап өтті. «Қазіргі таңда дақылдарды өсіру бойынша озық технологияларды пайдалану өзін-өзі ақтауда. Осыған орай, ылғал үнемдеу технологиясы мен тамшылатып суару 136 мың гектарда немесе барлық егістік алқабының 15 пайызында пайдаланылуда. Нәтижесінде, дақыл түсімі орта есеппен әр гектарда 10-15 центнерге өскендігі байқалады», – деді. 

Бірақ қазақстандық өнім үлесі бойынша Алакөл, Жамбыл, Кербұлақ, Қаратал, Ескелді аудандарында өнеркәсіп өнімінің өндірісі төмендеген. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған 39 кәсіпорынның 29-ы ғана толық жоспарлы қуатына шықса, он кәсіпорында жұмыс маусымына орай және іске қосу мерзімінің кешігуіне байланысты толық игеру жүзеге аспай отыр. 

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында 65 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Соның ішінде пайыздық үстемені субсидиялау бойынша 34, жартылай кепілдендіруге 2, гранттар беруге 27 жоба мақұлданған. Бұл жобалардың құрылымындағы шағын бизнестің үлесі 78 пайызды құрады. Сондай-ақ, 27 кәсіпкерге 90 миллион теңгенің гранты беріліп, индустриалды инфрақұрылымды дамыту бойынша Талғар ауданында 162 миллион теңгенің 2 жобасы жүзеге асырылған. Олар – «Хун-дай АвтоТранс» ЖШС өндірістік цехтарын газбен қамту және «ЭталонГидроКорм» ЖШС газ құбырының құрылысы. 

Сонымен қатар, бұл жоба бойынша Қаратал және Райымбек аудандарының кәсіпорындары бағдарламаның бірде-бір бағытына қатыспаған. 

Биыл 486,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Десе де жас отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бо­йынша жоспардан ауытқу байқалады. Бірінші шілдеге дейін республикалық бюджеттен бөлінген 1,8 миллиард теңге игерілген. Сондай-ақ, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді және Сарқан ауданында тұрғын үй құрылысының көлемі азайған. 

Бағдарламаның төртінші бағыты бойынша 6,2 миллиард теңгенің 94 жобасы жүзеге асырылуда. Іле, Қарасай, Сарқан және Талғар аудандарында алты дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. 80 ауылда жөндеу жұмысы жүргізіліп, барлығы 1346 жұмыс орны ашылған. Денсаулық саласында 23 нысанның құрылысы, қайта жаңғырту және сейсмикалық күшейту істері жүзеге асырылуда, соның ішінде биыл 16 нысанды іске қосу және 18 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 452,3 миллион теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алынды. 

Алқалы жиында үстіміздегі жылға жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екінші жартыжылдықта іске асатын жұмыс ауқымы тізбектелді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын уақтылы жинау, күзгі науқанды сапалы жүргізу және индустриаландыру картасындағы жобаларды іске қосу мен олардың қуаттылығын арттыруды қамтамасыз ету. Бұл қатарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламаларын жүзеге асыру және қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі бағытындағы жұмысты күшейту де бар.

Ақниет ОСПАНБАЙ