Жаңалықтар

АСТАНАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ЕНДІ «АБАЙТАНУМЕН» АУЫЗДАНАДЫ

ашық дереккөзі

АСТАНАЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ЕНДІ «АБАЙТАНУМЕН» АУЫЗДАНАДЫ

Білім жүйесі заманға сай пішінге ие болуы тиіс. Технологиялар ғасырында мектептердің жаңашылдыққа ұмтылуы заңды. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов орта білім беру жүйесінің өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері бұрынғы таптаурын жолдан айнымағанын сынап, мұғалімдерді ғаламтордағы чаттар мен әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдалануға шақырды. 

Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясының «Сапалы білім мен тәрбие – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» деп аталуы тегін емес.

«Әлемде бұл мәселе баяғыдан тал­қы­ланып келеді. Қазіргі уақытта барлық ел­дерде мемлекеттік білім жүйесіндегі жаңа көзқарастарға қажеттілік бар. Неліктен? Бұл мәселені түсіну үшін алдағы уақыт­тағы болжамдарды айта кетейін: 2030 жыл­дардың аяғында медицинада адам жады көшірмесінің қоры жасалады немесе жі­бе­ретін құжаттарымыздың құрылымдық сипатын сезінуге мүмкіндік беретін ұялы телефондар пайда болады. Бүгінде біз 50 жылдан кейін адамдарға қолжетімді болатын дүниелердің тек бес пайызын ғана білетінімізді мойындауымыз қажет», – деді И.Тасмағамбетов.

Әкім мектептерде мемлекеттік тілді оқытуға тың көзқарас керек екенін айтып өтті. Қазақ тілін оқытуда жаңа әдістемелерді енгізу керек. «Маған бір адам француз тілін оқыту бойынша бірінші сабақтан алған әсерімен бөліскені бар. Бірінші сабақта мұғалім не әліпби, не грамматика туралы мүлдем сөз етпеген, оның орнына ол екі сағат бойы Франция туралы ұлтжандылықпен, ма-йын тамыза әңгімелеген. Осыдан кейін тіпті сырттай бақылаушының да сол мезетте осы тілді үйренуге кірісіп кетуге көңілі құлары анық. Ал бізде ше? Қазақ тілінің кез келген оқулығын алыңызшы! Сізде бірден шектен тыс шаблон-қалыпшылдыққа салынудың бейнесі мен қабылдаудың қиындығын сезіну туындайды», – деді ол. 

Мемлекеттік тілдің өркендеуінде мектеп­ ұс­­таз­дарының ролі айтарлықтай. Өйткені жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, заманауи технологияларды пайдаланып, сапалы оқу құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдер жас ұрпақтың шұрайлы тілді шебер меңгеруіне еңбек сіңіреді. Бұл орайда, ғаламтор мүмкіндіктері мен әлеуметтік желілерді пайдаланудың да әбестігі жоқ. 

«Қазіргі уақытта қазақ тіліндегі мектептер, газет-кітаптар, телебағдарламалар көп, бірақ тілді дамыту үшін кең аудитория керек. Қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу керек», – деді әкім. 

Елордада бүгінгі таңда 11 мыңнан астам мұғалім бар екен. Бас қалада биылғы оқу жылында тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің саны да 11 мыңнан асады.

Жалпы, биылғы оқу жылының үлкен жаңалығы – Қазақстанның үш бірдей қа­ласында – Астана, Алматы және Қара­ғанды мектептерінде мұғалімдер электронды оқулықтармен білім беретін болады. Қазірдің өзінде елордадағы отыз шақты білім ордасында электронды білім беру жүйесі енгізілген. 

Жалпы, жаңа оқу жылында астаналық оқушылар үшін жаңалық көп. Соның бірі – мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер үшін ағылшын тілі міндетті пәндер қатарына қосылды. Ал жоғарғы сынып оқушылары қыркүйек айынан бастап «Абайтану» пәнін оқитын болды.

Екі жылдан кейін республикалық орта білім беру жүйесі 12 жылдыққа ауысады. Осыдан он жыл бұрын елорданың сегіз мектебі сынақ түрінде 12 жылдық жүйеге ауыстырылған болатын. Тәжірибеге 123 оқушы, 147 мұғалім қатысқан екен. Жақында осы тәжірибенің қорытындысын шы­ғарған мамандар мұғалімдердің білік­тілігін арттыру, жоғарғы сынып оқушыларына білім берудің ерекшеліктерін тағы бір рет пысықтады. 

Гүлбиғаш ОМАР, Астана