ЕРКЕКТЕН АСЫП ЕҢБЕК ЕТКЕН...
ЕРКЕКТЕН АСЫП ЕҢБЕК ЕТКЕН...
Елiмiздің алыс-жақын шетелдерге шығаратын экспортының басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері құрайтыны белгілі. Осыны негізге алған Елбасымыз биылғы Жолдауында ауылшаруашылық саласының дамуы мен өркендеуiне ерекше стратегиялық маңыз бергені көпшілікке аян. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара ауданы негiзiнен ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiретiндiктен осы салаға ерекше басымдық берiлiп отыр. Нәтижесінде диқан-фермерлер өткен жылды жоғары табыспен қорытындылаған. Ауылшаруашылығы саласында 5207 шаруа қожалығы, 26 жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi, 3 өндiрiстiк кооператив және 1 толық серiктестiгi жұмыс атқарды. Биыл да олардың саны көбеймесе, азаймайтыны аян.
Өткен жылдары, әсiресе, шиттi мақта дайындауға ерекще көңiл бөлiнген. Мәселен алдыңғы жылы аудан бойынша 60340 тонна өнiм жиналып, гектар түсiмi 24 центнерден айналыпты. Шиттi мақта өнiмдiлiгiнен шардаралықтар облыс бойынша бiрiншi орынға шыққанын да айта кеткен жөн.
Қызылқұм ауыл округiндегi «Бауыржан» фермерлiк қожалығының төрайымы Зерекүл Сапарованың ауданның «ақ алтын» қырманына қосқан үлесi қомақты. Әңгiменің ауанын осы ауданда фермерлiк шаруашылықты алғашқылардың бірі болып қолға алған, шаруашылығын жап-жақсы дөңгелетiп жүрген Зерекүл Сапарова апамыз төңірегінде өрбітсек.
Заман ағымы, уақыт талабына тез бейiмделiп жүрген әйелдер арасында Зерекүлдiң еңбек жолы ерекше. Одақ тарағанға дейiн сауда саласында 25 жыл абыроймен қызмет атқарған З.Сапарованың бiлгiр фермер атануы сырт көзге кездейсоқ боп көрінуі мүмкiн. Бұрынғы iргелi шаруашылық ыдырап, бөлiске түскенде Зерекүлдiң ерi Алтай Сапаров 5-6 гектар пай үлесiмен бөлiнiп шыққан екен. Алғашқы жылдары экономикалық дағдарысқа тап келген жеке шаруашылықтар көптеген қиыншылыққа душар болды. Ең алғашқы кедергi – қаржы тапшылығы, жер өңдеу техникаларының жетiспеушiлiгi, ескiлiгi көптеген жұмысқа қолбайлау болған. «Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей»,–дегендей бiрқатар жер өңдеу жұмыстарын қол күшiмен атқаруға тура келіпті. Еткен еңбек, төккен тер зая кетпей, бiртiндеп жемiсiн бере бастаған. Шиттi мақтаның бағасы да көтерiлiп, сала қызметкерлерiнiң өз қолы өз ауыздарына жететiн жағдай қалыптасты. Жер емген диқан отбасы мақтадан алынған табысты орнымен, есеппен жұмсауға дағдыланды. Пай үлестерiн ұқсата алмаған ауылдастарынан 5-10 гектарлап суармалы жерлерiн сатып ала бастаған-ды. Жылдық табыс есебiнен ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. Қазiр Зерекүлдiң қарамағында 50 гектар суармалы жері бар. Жер өңдеу жұмыстарын агротехника шараларына сай жүргiзуге арналған «Джон-Дир» комбайны, «К-700», «МТЗ-80», «Т-4», «ДТ-54» маркалы тракторлар, соқа, сеялка, тiркемелер түгел десе болады. Өткен 2011 шаруашылық жылында «Бауыржан» фермерлiк шаруашылығы 50 гектар танапқа шит егiп, 25-35 центнерден шиттi мақта өндiрдi. Өткен күздiң жауынды-шашынды болуына байланысты, бiраз мақта ақырына дейiн жиналмай қалса керек. Оның есесiне 1,4 гектар қауын-қарбыздан жоғары өнiмдiлiкке қол жеткiзiлген. Қысқасы, бақшадан 2,5 млн. теңгеден аса табыс кiрген. Төрт перзенттiң анасы Зерекүл ұл-қызын оқытып,олардың жоғары бiлiмдi-мамандық алуына қол жеткiздi. Қазiр бәрi де үйлi-жайлы. Халық шаруашылығының түрлi саласында жемiстi еңбек етiп жүр.
Фермер, шаруашылықтың төрайымынан атқарған жұмыстарымен қоса биылғы жылға арналған iс-жоспары жайында айтып беруiн өтiндiк.
– «Мен ауылшаруашылық өнiмдерiн қолға алғалы 15 жыл болды. Мамандардың кеңесiн ала отырып, бiр агрономдай-ақ тәжiрибе жинадым. Әлi де бiлгенiмнен бiлмейтiнiм көп секiлдi. Егiншiлiк саласында ауа-райының климаттық құбылыстарын да мықтап есте ұстау керек. Агротехникалық шараларды мезгiлiнен кешiктiрмей атқаруға мұқияттылық қажет. Ең бастысы, ауыспалы егiс жүйесiн орнықтырса, жердiң сорланып, тозуына жол берiлмейдi. Осы жағдайды ескере отырып, мал азықтық дақылдарды егудi қолға алғанбыз. Жоңышқа, жүгерi дақылдарына бiраз жердi бөлсем деген жоспарым бар. Қазiргi таңда сор шаю жұмыстарын аяқтадық. Ал оншақты гектарға бақша өсiру күн тәртiбiнде тұр. Бұл бақша өнiмдерiн елiмiздiң азық-түлiк бағдарламасына қосқан үлесiм деп есептеймiн».
Десе дегендей, Зерекүл тынымсыз еңбектiң адамы. Ауылдастары оның бiр мезет демалып, тынығып, бос жүргенін көрмейді. Қашан көрсең жол үстiнде. Жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, автокөлiк айдауды да үйреніп алыпты. Қарамағында еңбек ететiн жұмысшы-механизаторлардың отбасына қажеттi ас-ауқаты да қамқорлығында. Қашанда өз iсiне мұқият қарайтын Зерекүлдiң iс-қағаздары да тап-тұйнақтай. Фермерлiк-шаруашылыққа ауадай қажет субсидия, минералды тыңайтқыш және жанар-жағар май құжаттарын мерзiмiнде тапсырып, уақтылы алады. Анау-мынау ер кiсi атқара алмайтын шаруаны күн демей, түн демей жайғап, ел байлығына өзiндiк үлес қосып жүрген Зерекүлге денсаулық, табыстан басқа тiлерiмiз жоқ. Ел байлығын тасытып, абыройыңыз асқақтай берсiн демекпiз.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ