Жаңалықтар

ЖЕЗКИІК

ашық дереккөзі

ЖЕЗКИІК

Бекет күндегісінен тым ертелеу оянды. Неге елегзігенін өзі де білмейді, ұйқысы шайдай ашылып, таңсәріден оянып алатын әдет тапқан. Істеп жатқан жұмысы да жоқ, қарайлайтын мал басы да шамалы. Өзінің мотоциклі жарамсыз болып қалған соң, ермек қылып онда-мұнда мініп жүрген көк дөненді де бір көкпаршы жігіттің «Уралына» айырбастап жіберген. «Жансыз дөненді» көп мәпелеудің қажеті жоқ, бір баклашкі май құйсаң болды, «дыр» ете қалады. Жас ұлғайғандағы «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дейтін әбігердің әлегіне түскелі әлдеқашан.

Бекеттің ата-бабасынан бері қарай өмір сүріп келе жатқан, ел аузында «Теріскей» деп атанған Созақ еді. Соңғы бір отыз жылдай мезгілде осы Созақ өлкесін түгел уран өндірісі жайлады. Жергілікті тұрғындардың дені ендігі жерде уран көзіне жұмысшылыққа жалдана бастады; кәрі-жасына қарамай жапа тармағай уранға лап қойғанда, кейбір қазақтар «зиян» деген сөздің аса терең байыбына бара бермесе де, шет қалып қойғандары болды. Сондайлардың бірі – Бекет. Басында жастықпен шаламас боп жүріп, тіршілік деген не, бала-шаға деген не, ертең не боладыны ойламай «денінің саулығын» тілеп, мардымсыз ақшаға бола уранға жұмысшылыққа барғысы келмеген. Ол кезде де, қазір де, өзі сияқты тысқары қалғандардың басты күнкөріс көзі және екінші жағынан өмірдегі бір «ермегі, әрі қызықшылығы, рахаты» – киік аулау кәсібі болды. Алғашында етін әкеліп, сатып жүрді. Одан мүйізін жинаған болды. Бірақ ай сайын тұрақты жұмыс істеп, түсіп тұратын жалақыдай болмаған соң ол кәсіпті соңғы жылдары доғарды. Оның үстіне өзімен бірге жүріп-тұрып, киік аулайтын қатарлары түгел әртүрлі себептерге байланысты сирей бастады. 

Киік ату – киелі кәсіп. Бір аллаға сыйынып, «кешіре гөр» деп жаратқанға жалбарынып, басқа тіршілік көзі қалмағандай аттандап, қиқулап кеп құйындатқанда Жер мен Көктің арасы түгел тітіркенеді, құмарлықтан көзге қан толады. Жер де киік, Көк те киік, көп киік – делебе бір қозған соң, айызың қанбайды, ақырына, құтырына, жұлқына ұмтыласың. Киіктердің тұяқтарынан көтерілген шаңның екпінімен аспанға құйын көтеріледі, «Күндіз Күн тұтылды, Түнде Ай тұтылды» деген теңеуді тап осы тұста қолданса болғандай. Қаншама жылдамдықпен ағып өткен киіктерді олардан асқан жылдамдықпен қуып атып алу – ажалға саналы түрде өз еркіңмен аттанғанмен бірдей. Көздерінен сорасы аққан мүсәпір жануарларды жапырып, жайратып, жусатып, қырып салғаннан кейін көз ұшында құтылып, сытылып ағып бара жатқандарын жанұшыра қуалайсың. Қусырылған танауларын Көкке шүйірген қалыпта құйғытқан жануарлар сенің жазаңды тек Көк Тәңіріне тапсырғандай болып көрінеді. Бір сәттік құмарлықтың артынан қаншама нала арқалайсың, қандай жаза көресің ол жағы бір Жаратқанның қолында. Жаратқан киікті қашуға, ал Адамды қууға жаратқан болар, әйтсе де наласыз нәрсе болмайтынын Бекет бертінде, жасы келе, түсінді. Әлде көкірегіне сондай бір күдік кірді ме, жоқ бірдеңеден жүрегі шошынды ма, әйтеуір соңғы кездері киік аулауға аяғы тартпайтын болды. Жасқаншақтап, әлденеден қорқақтайды. Қатарынан екі жолдасы киік қууға арналған арнайы «Урал» мотоциклінен құлап, беломыртқалары үзіліп қайтыс болды, бір досы киіктен қайтып келіп, араққа сылқия тойып, оянбай қалды. Енді бірі қала жаққа қап-қап мүйіз әкетіп, саудалаймын деп ұшты-күйлі жоғалды. Қалған бірді-екілісі уран жақтан тамыр-таныс тауып жұмысқа тұрып кетті. Қысқасы, қырықтан асып, елуді алқымдаған, бала-шағаның нағыз өсіп-жетілер, оқып-шоқыр, үйленіп, құда-жекжат болар тұсында, яғни ұлдың Үрімге, қыздың Қырымға қонар тұсында «жоқшылықпен» алысып Бекет жалғыз қалып қойды. Есік алдындағы аз қаралы ірілі-ұсақты мал бас-аяғы жеті баланың азығына бірде жетіп, бірде жетпейтін болды. Мектеп еденін жуып жүрген әйелінің сала құлаш тілі жоқшылықтан да асып түсті. 

– «Қатын ерге қарайды, ер жерге қарайды!» деген осы! Мен еркек болсам, сен құсап масыл болғанша, басым ауған жаққа қаңғып кетер едім!

Отбасындағы еркектің нағыз мүсәпір болатынын келе-келе білді. Балаларға да қадірі жоқ, олар да жұрттың балалары сияқты оқығылары, киінгілері, жүріп-тұрғылары келеді. Жастау кезінде анда-санда басып-басып арақ ішіп, ызғытып алатыны бар еді, қазір ондайы да жоқ. Денсаулық көтермейді… 

«Жүргенге жөргем ілігеді» деп Бекет қарап жатпады, ары-бері жүрді, туған-туыс, жора-жолдастарына жұмыс сұрап іздеу салды. Жұмыс іздеп Алматы, Шымкент, аудан орталығы, барлық уран мекемелерінің қол жетіп, қабылдаған басшыларына барып көрді. Бірақ, оқыған оқуы жоқ, қолда бере салатын пәресі жоқ, не тіреп тұрған үлкен туысы жоқ, не қылшылдап тұрған қайратты жастық шағы жоқ, тепсе темір үзер денсаулығы жоқ, қай жағына қараса да – қазулы тұрған тек «Қорқыттың көрін» ғана көрді. Көрді де көзі қарықты, тауы шағылды, жүні жығылды, өмірден түңілді. Не түзде, не үйде қадірі болмады; өзі сияқты сыбай-салтаң жолдас-жора жоқ, ырғалып-жырғалып үй-жай болғандарға қарап отырып «қатарынан қалды» деген осы деп ойлады. Жас кезінен дүние жинау, байлық қууды дегенді ойлап көрмеп еді, өмірдің өзі қартайғанда түсіндірді. Дүниесі жоқ адам адам емес, тірі мүсәпір. Осыған мойынсұнған адам – тірі өлік. Тірі өлік боп жүріп шын өліп тынады, өйткені өмірден күдер үзген адам көп жүрмейді, алдымен іштей рухани өледі, сосын ажалынан бұрын өлді деген шын өлім келеді.

– Есуас неме! Не жынды емес, не сау­ емес! – дегенді шығарды әйелі соңғы кез­дер­дегі мең-зең қалпына күйініп. «Айтып қал, – дей­тін ондайда іштей. – Айтатын да адам таппай­ қаларсың…» 

Сөйтіп жүргенде бір күні өздерінен де ары жатқан Тайқоңырда жұмыс істеп жүрген досы Ермек келе қалды. 

– Мен саған жұмыс таптым, – деді бұның жағдайынан хабардар ол. – Біздің бастықпен келістім, тек бір-ақ шарты бар…

 – Ол қандай шарт?! – деді сұрамай-ақ келісе салуға құмбыл болса да Бекет.

Киік ататын, аң аулаудың жайын білетін жігіт болсын деді…

Бекет екі сөзге келмеді, келісті, басқа амалы жоқ. Соңғы жылдары киік атуды мүлдем доғарған досының бірі осы – Ермек болатын, бастапқыдағы қатары сиреген құрдастардың бірі…

«Басқа түссе, баспақшыл» дегендей Бекет досы Ермектің жетегіне ерді. Тайқоңырдағы өндіріс поселкасындағы үйінде жатып, үлкен бастықтың қабылдауын күтті. 

Тайқоңырдағы орналасқан кен орындары қазіргі кезде «Оңтүстік Инкай» және «Солтүстік Инкай» деп аталады. «Инкай» дегені қазақтың «Ыңғайынан» шыққан атау. Шеті, шегі жоқ ұланғайыр осынау кең дала төсі тұнып тұрған қазба байлық деп кім ойлаған?! Елсіз шөл далада бұрынғы кездері бейсауат тірі пенде жүріп көрмеген. Қазіргі кезде дала төсін бұрғылап уран өндірдік, елді мекенге айналдырдық дегеннің өзінде көз ұшы жеткізбейтін елсіз дала. Ал мына алпауыт кен орны сол алып дала төсінде белгісіз бір нүкте сияқты, ал адам мүлдем көзге көрінбейтін тозаң ғана…

Күткеннен өткен қасірет жоқ, Бекет біреудің үйінде жіпсіз байланып апта бойы жатып қалды. 

– Бастық Астана кетіпті…Алматы кетіпті…–деген хабар алып келеді досы. Ақыр соңында кері қайтпақ боп бел буғанда, әбден күтіп сарсылған үлкен бастық та келді деген қуанышты хабар әкелді досы. Бұлар кен орындарының басшылары отыратын офиске дейін жұмысшылардың көлігімен жетіп алып, бастықтың қабылдауына әзер кірді. 

«Оңтүстік Инкай» кен орнының бастығы кең жауырынды, түсінігі мол қазақ кісі екен, аты-жөнін сол өңірдің бәрі біледі, Жақсыбеков Тұраш… Жасы өздерімен шамалас-ау деп жорыды, елудің не арысы, не берісі…Түксиген қалың қасты, көп сөйлемейтін адам екен…

– Жұмыс жоқ, – деді ә дегеннен бұндай­лар­дың не мәселемен келетінін жатқа біліп алғандай. – Өз жұмысшыларымызды қыс­қар­тып жатырмыз, бұрынғыдай жағдай жоқ, жоспарды соңғы кездері орындай алмай қалып жүрміз…

Бекет ең соңғы үмітін үзіп, кілт бұрылып шығып кете алмады. 

– Ағай… – деп жалына бастады. – Бір қора бала-шаға… асырау керек…мен жұмыс таңдамаймын, қайда жұмсасаңыз да барамын…. Мені кері жібере көрмеңіз, үйге баратын бетім жоқ, өлсем осында, сіздің табалдырығыңызда өлейін…

Сол екі ортада қаптаған телефондар шарылдай жөнеліп, тағы біраз уақыт кідіріс болды. «Е,құдай… – деді жүрегі тарсылдаған Бекет. – Жолымды бере гөр… Егер… осыдан далада қалсам… не істемекпін? Қосауызды көмейге тіреп тұрып тартып жібергеннен басқа не қалды?!» Ермек жолдасының айтқан, үйреткен ақылын ең соңына сақтады. Ол «киік ата аласың ба?» деп сұрауы мүмкін, сұрамаса…бітті, кеттім деген тұста шығып бара жатып айтарсың…», – деген. Шындығында осылай болды, телефондарды асығыс тастай салған бастық күрт шығуға дайындала бастады. 

– Солай! – деп мұнымен немкетті ғана қоштаса бастап еді, кенет Бекет ең соңғы амалы қалғанын түсінді. 

– Ағай, – деді бастықтың жасы өзінен кішілеу шығар, солай болса да үлкен лауазымды адамды ізет тұтып атайтын осы өңірдің әдетімен. – Менің Ермек деген досым бар еді, сол сізбен келістім деп еді, тек киік ата алатын, аң аулай білетін жігіт болса жұмысқа алайын деген екенсіз ғой! …

Асығыс қалыпта өзінен бұрын киініп есікке жақындап қалған бастық кенет:

– А-а?! – деп таңырқай қалған қалыпта оқыс кідірді. Сөйтті де бетіне аз-кем тіктей қарап кідірген қалпы кері қарай үстеліне келіп қайта жайғасты.

– Айтқаным рас еді, – деді кенет тамағын кенеп.- Иә, маған Бетпақдаланың ұңғыл-шұңғылын, киіктің жайын білетін жігіттер керек… Сөйтті да тағы алдындағы телефонға жармасып әлдекімдерге шұғыл бұйрық бере бастады. 

– Қазір мен бір жігітті жіберемін, со­ны ыңғайына қарап, дереу жұмысқа қабыл­даңдар! 

 Қоңырауын басып, есті жиып ойланып үлгергенше есіктен кіре берген хатшы қызға: 

 – Мына жігітті кадр бөліміне ертіп бар – деді де, тағы қосымша тапсырмаларды үдете түсті. Одан арғы әңгіменің бәрі жүре сөйлесу болды. 

 – Рақмет, ағай, жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын! – деген мұның сөзін тыңдаған да жоқ. Үсті-үсті тапсырмадан есінен танған хатшы қыз тыржаңдап, аузы бұртиып қала берді.

– Ең соңғы есік, өзіңіз барыңыз! – деді бастық кете салысымен зілденіп.

Бекет құжаттарын жинап, дәрігерлік сараптамадан өтіп, жұмысқа түсемін дегенше тура бір ай уақыт өтті. Салпақтаумен өткен ғұмыр шыдамын сарп етсе де, алда бір үміт оты лыпылдайды. Елдің еркектері сияқты жұмыс істеп, бала-шағаға нәпақа тауып берсе, көрген қорлықтың бәрі ұмыт болмақ. «Дүние қайда?» дегенге «Арыстанның аузында, Түрікпеннің түбінде» деген болар еді. Ақыры арманына жетіп, жұрт қатарлы жұмысқа да түсті. Уранға жай жұмысшы болып орналасудың өзі қаншама қиямет екенін көрді. Бұларға арналған ұзыннан соғылған барак ішінен орын берілді. Жатын жайдың барлық жағдайы келіскен, таза, жарық, жылы. Жанында тағы бір жігіт бар. Төрт мезгіл тамағы бар, арнайы жұмысқа киетін киім беріледі .Таңғы бестен тұрып, кешкісін жатын орынға бірақ келеді. Екі апта жұмыс істеп, екі апта демалады. Жұмысқа алып келіп, алып кететін арнайы автобустары бар. Алғашында естен танар ауыр еңбектен сілейіп жүрді. Бірте-бірте ішкі тіршілікпен танысып-білісе бастады. Уран өндіретін жазықты өздерінің тілінде «полигон» деп атайды екен. Негізгі білікті мамандар жан-жақтан, көбісі Алматыдан қатынап істейтін көрінеді. Өздері сияқты ауылдың оқымаған адамдарының бәрі жұмысшылар, бәрінің қабақтары қатулы, сіркелері су көтермей жүрген бір адам. Арагідік қап көтеріп, уран сүзгілерін жуып, тазалап отырған жерлерінде бірді-екілері анекдот айтып күлдірген болады.

– «Қазақ! Қазақ!» депті бір қырғыз !-деп бірі бастай берсе, екіншісі:

– Әй, айтпай-ақ қойшы! – деп зекіп тас­тайды. 

– «Назад! Азап!» депті!-деген сөздеріне қыран жапқандай күліседі. «Уран» дегеніңді көзбен көріп, қолмен ұстайтын болды. Сары түсті хек болып келеді, сүзгілерді қолмен жуғанға да, «қауіпті» дегенге де еттері үйрене бастады.

– Нанға жағып жеп алайын ба?! – дейтін қу тілділер де кездеседі. 

Бекет жұмысқа әкелген досы Ермекпен бір вахтаға сәйкес келе алмады. Бұл келгенде, ол кетіп жатады. Ол келгенде, бұл кетеді. Сондай алмасу кезіндегі бір сәттік жүздесуде жағдайын сұрап үлгереді. 

– Үйренейін дедің ба?! Бәріне шыдай бер, бір күні түк көрмегендей болып кетесің… 

Ауыр бейнеттен жаны жаншылып шығып, екі апта бойы үйінде тапжылмай жатып ес жинайды. Алатын қаражаттары да мардымды емес екен, әйтсе де бос жүргеннен жақсы, жұмыс істейді деген аты бар. Осылайша бұл жаққа онсыз да ерте түсетін күздің қоңыр салқыны да ызбай ызғар бере бастады. Соңғы вахтада жүздесіп қалған досы Ермек естен шығып кеткен жай туралы құлаққағыс етті. 

– Жылда осындай күзде… біздің «шефтің» Алматыдағы ең үлкен бастығы келеді… Киік атып, аң аулап, сейіл құрады… Сол кезде біздің бәрімізді жинайды, бас қосамыз…

Ермектің айтқаны айдай келді. Көп ұзамады, бүкіл кен орнына «Алматыдан үлкен бастық тікұшақпен ұшып келеді екен» деген хабар сап ете қалды. Бірі «тексеріп келеді екен» десе, бірі «қыдырып, киік атуға келе жатыр» екен десті. Қалай дескенде де нағыз сынақтың жақын қалғанын сезгендей Бекеттің бүйрегі бүлк етті, жүрегі шым етті.

Ойлағандай кен орнының бастығы Жақсыбеков Тұраштан бұйрық болды. Киікке шығатын сайдың тасындай оншақты жігіт жасақталуы тиіс, жұмыстан босатылды. Жуантөбеден бұлар Ермек екеуі, қалғандары жақын маңдағы ауылдың киік қуып жүрген жігіттері… Бұлар Ермек екеуі мотоциклдерін қайта жарақтады. Қатты жылдамдықпен ызғытатын көліктің кейбір тетіктерін ескі комбайнның, жеңіл машинаның, тіпті трактордың шынжырымен, серіппесімен ауыстыруға тура келеді. Әсіресе төбешіктен секіргенде омырылып түспейтіндей етіп белтемірін мекемдеді.Жылдамдығын арттыратын жұмыс жасалынды, ұзаққа шабу үшін қосымша бак орнатылды. Мұндайда ең бастысы – астыңдағы темір тұлпарыңның мықтылығы, түрлі жағдайға төтеп бергені. Егер қиқулаған додадан көлік қирап қалып қойсаң…ондағы өкініштің бетін аулақ қылсын…жерге отыра қалып алақаныңмен сабаланып, аяғыңмен тепкіленіп табан астында жынданып кетесің, «Қап, әттеген-ай» деген өкініш өзекті өртеп өкірте құлатады. Ермек екеуі машықтанған қалыппен, рулін бос қоя бере салса да алған бағытынан ауытқымайтындай, таудан-тас­тан қайтпайтындай етіп көлікті өздерінше құрастырып біткенде, қалған жігіттерден де хабар болып, бұлар үлкен іссапарға аттанды. 

Бәрінің мойнында дүрбі, иықтарында мыл­тық; қолдарына рация берілген.Үс­те­ріне ықшам киім киіп, Бетпақтың құла­дү­зін бетке ұстап жүріп берді. Барлығы жи­налғанда бірнеше мотоцикл, оншақты жігіт. Орталарындағы басшылары Сәкен деген жігіт.

– Әзірге киіктердің қай маңда екенін анықтауымыз керек, көз жазбай торуылдап жүреміз…

Жолай өздерінің кен орындарын басып өтті. Құмды шағыл арасының кей жерлері ну болып келеді. Арагідік көлкіп қалған жұмбақ көлшіктер. Осы жерден су ішуге жабайы құладүз аң-құстары келіп-кетіп жүреді. Әйтсе де киіктердің келе қоюы мұң. Кісікиік жануардың мекені адам баспас, оңайлықпен таппас, «Барсакелмес» екенін жақсы білетін жігіттер солтүстік батысты бетке ұстап, бір қалыпты ызғытып жүріп отырды. Бетпақтың табиғаты бұлардың бағына бір сәт тыным берді. Қосымша жел тұрмай-ақ, қатты екпінмен ызғытқан мотоциклдің үстіндегі бұлардың қарсы алдынан ұрған ызғар өңмендерінен өтіп-ақ кетті. Жүріп отырып, жолай тоқтап, ала шыққан шәугімдеріне шай қойып ішіп, қайтадан алға қарай дырылдата құйындатты.

Құмды алқап артта қалып, алдан нағыз теп-тегіс, шексіз мидай жазық басталды. Осыдан жүріп отырып бұлар киіктер үйіріне, жатағына жетіп жығылулары керек. Кедір-бұдырсыз жолсыз далада тартып келе жатып, жігіттер жағы әлсін-әлсін дүрбімен көз салысып қояды. Киіктер осыдан елу шақырымдай жердегі Жазықсай иіріміне тоқтап, шоғырлануы тиіс. Сол маңдағы шағын көлшіктен су ішіп, иіріледі. Одан соң ертеңгісін қашан арттан хабар келгенше, бұндағы жігіттер жан-жақтан қоршап қаумалап жүруге тиісті. Жақын баруға да, шектен тыс үркітіп алуға да болмайды. Егер үркітіп алғандай жағдай болса, онда бәрінің біткені…үйірімен дүркіреген қалпы тартқаннан тартып отырып, көз көр­мен қашықтыққа бір-ақ ауып кетеді. Істі на­сырға шаптырмас үшін өте сақ аңшыға тән ай­лакерлік керек. Күн екіндіге таянғанда мо­то­циклдің екеуі алға тартты да, қалғандары осында қалды. Бұлардың пайымдауынша киіктер үйіріне көп қалған жоқ. Кешкілікте ерекше шығатын көлденең дауыстан үркітіп алмау үшін, алға қарай шолғыншыға Ермек екеуін аттандырған, қалғандары:

– Біз осында күтеміз, – десті. – Сендер келгенше аздап тамақ пісіре берейік…

Қараңғы түсіп кетпей бұлар діттеген жерді бетке алып, ары қарай қозғалды. Бекеттің есіне қай-қайдағы, жай-жайдағы оралады. Ой тоқтатып жататын мұрша да жоқ, осындайда еске түседі. Алғашқы киік қуған кездерінде де жас екен, мезгіл таңдамайтын. Түндерде мотоциклдің жарығын түсіріп, қырып салатын кездері де болған. Талай рет адасты, талай көліктері бұзылып, елсізде не ары емес, не бері емес қалып қойды. Талай рет түндерде шуылдаған шибөрілер қоршады, талай рет тістері тістеріне тимей сақылдап жаурады, ең бастысы… талай жолдастарының өлі мен тірі арасындағы мертіккен денелерін алып келген кездері де болды. Бірде тіпті аспаннан бұны арнайы күзет адамдары тікұшақпен қуып, жаны қысылғанда жоғарғы вольтті сым шұбатылған темір бағандарының астына кіріп кетіп, әзер аман қалған. Ол жағын ойлау қорқынышты, соңғы жылдары қайтып осы кәсіпке бармаспын деп берген сертін амалсыз бұзып, тағы жол үстінде келе жатыр. «Е, Алла, өзің сақтап, жар бола гөр» деп жалбарынумен болды. Неге беті қайтты, неден қатты шошынып тоқтады, әйтеуір соңғы жылдары «киіктің киесі ұрады» деп әлдебіреу құлақ түбінен үнемі сыбырлап тұратын секілді. Осы ойын бірде әйеліне айтқанда, «Қартайғансың, жаның тәтті бола бастаған» деген сілекей шұбыртқан киіктің текесінің қуырдағын жеп отырып. Қазір да жол үстінде, көкірегін әлдебір қорқыныш билейді. Үрейді білдірмеу – жігіт біткеннің сыралғы мінезі, бәлкім бұл бір өзі емес, басқалар да осылай ойлап келе жатқан болар.

Қараңғы түспей бұлардың кәнігі аңшылық болжамдары дәл болып шықты. Жазық дала бірте-бірте дөңестеніп келіп, ойға құлдилаған жеріне келіп бұлар тоқтады. Дүрбілерін алып, әлі алда алты-жеті шақырымдай болатын ойпаттағы көлшікке көз салды. Киіктер үйірі әр тұсқа үрке көз салғанмен, кешкілік қараңғылықтан бой тасалағандай түгел бір-біріне тығыла түсіп, жақындайды. 

– Болды, – десті сыбырласып. – Осында екен ғой… 

– Жақындау келіп қонуымыз керек еді…

– Таңалакеуімнен шығып, жан-жақтан қоршаймыз…

 Сол бойда бұлар кері бұрылды. Күнұзын көлік үстінде жүргендері өз алдына, күздің түнгі суығы кәдімгідей бойларын тоңазытып бара жатты. Қайтар жолда қарсы алдарынан жылтылдаған оттың жалынын көріп, өз жігіттеріне қосылып, ашық дала астында тамақтанды. Алып шыққан бөтелкелерін бөліп ішкенмен бойлары аса жыли қоймады, әйтсе де қатты тоңбағандай да болды. Уәде бойынша таң құланиектене бере аттанады. Бар бөстектерін төсеніп, бір-біріне иық қойысып мызғымақшы. Жігіттер бір түнге сыр бермейді, әжік-күжік әңгімелер айтылып, ашық дала түнінін бастарына көтеріп жаңғырықтырып жатты. Басшылары Сәкен:

– Уәде бойынша бастықтар ертең түске таман келуге тиіс, – деді.

Бұлар тек бұйрық орындайды, «Енді ұйықтаңдар» деген Сәкеннің сөзінен кейін жұрттың жағы бірден семді. Сілтідей тыныштық орнады. Бір-бірінің иықтарына бас­тарын қойғандардың қорылдай жөнелгендері де болды, әйтсе де Бекеттің оңайлықпен кірпігі ілінер емес.. Әлдебір үрейлі дауыстар ма, жоқ құлақ шекесінің шыңылы ма, мазасы бір болмай-ақ қойды. Біресе оң жақ аяқ-қолы ұйып қалады, аздан соң бір өзі орнынан тұрып шылым тұтатып, көзге түртсе көргісіз шексіз далаға, түнгі аспан жұлдыздарына көз салды. Қайтып келіп, мотоциклге сүйеніп отырған-ды, қалай мызғып кеткенін білмеді…

– Тұрыңдар! – деген дауыстан шошып-ақ кетті. Бойы кәдімгідей тоңазып қалыпты, аяқ-қолдары сіресіп әрең икемге келді. Жылдамдатып жылытпаны ішіп алған соң, кешегі келісім бойынша бәрі көліктеріне қарғып-қарғып мінді де, кешегі киіктер жатқан Жазықсайды бетке алып жүйітки жөнелді. Парылдай жөнелген бірнеше мотоциклдің даусы түнгі өлі тыныштықты осып түсті. Ызғытып отырып, келісілген межелі тұсқа жақындағанда әрқайсысы тұзақ, шеңбер жасағандай әртарапқа пышырап бөліне жөнелді, ол екі ортада таң да жарқырап атып келе жатты. Бұлар Ермек екеуі киіктер жатағынан көп ұзап өтіп барып, қонақтар келе жатыр деген белгілі бағытпен жосылар тұсын қарайлайды. Дүрбілері мойындарында бірі-бірімен рация арқылы хабарласып, киіктерді доға тәріздес алып ауқымда қоршап үлгергенде барып, көлікті доғарып аз аялдады. 

– Абай болыңдар, үркітіп алмаңдар! – деп Сәкен рациямен тағы ескертті. Дүрбімен ғана көз салып, қанша қарайлағанмен киіктер бір орнында тұра қоймасы анық, жан-жаққа шашырай бергенінен сақтасын, сабыр сақтап айналып жайыла тұрса деп тілейді бәрі…

– Бастықтар да кергіп жүріп алмай, тезірек келсе болар еді, – дегені сол еді Ермектің, артынша Сәкен тағы хабар берді.

– Бастықтар хабарласты, жанында Алматыдан келген құрметті қонағы бар, жақындап қалған жайы бар. Бұйрық күтіңдер!

Ермек екеуі қатар орналасқан, көздері дүрбіде, ауыздары әңгімеде. Мұндай иірістің жағдайын екеуі де біледі, сөйлеп отырмаса уақыт өтпейді, түкке тұрмайтын өткен-кеткенді әңгімелейді, бірауық әйелдерін жамандады. 

– Әп, бәлем! – деді кенет Ермек дүрбіге үңіле түсіп. – Мынау жезкиік,былайша текесі бірдеңені байқап қалғандай… Бекет де жалма-жан дүрбісіне жармасты. Шындығында… киіктер шоғырына әлдебір алаң кіргендей… Ерекше бір шеткерек тұрғаны не олай, не былай қозғалмайды, танауын көкке шүйіріп, айналаға құлағын салып, қайшыланып тұрғандай. Олай-бұлай ойқастағандары жанына жақындап «шәйт» десең болды, дүркірей жөнелетіндей. Әйтсе де әліптің ақырын бағуда. Шыдамы таусыла бастаған Ермек тықыршып, шылымын үсті-үстіне тұтатады. Бекет іштей есептеп отыр, бастықтар таңалалкеуімде шығып кетсе, «Джип» көлігімен ендігі шаң беріп қалатын мезгілдері жақын, тым жақын қалды… «Е, құдай, ақырын бере гөр…» дей бергені сол еді, кенет рациядан Сәкеннің даусы саңқ ете қалды. 

– Жігіттер! Кірісіңдер! 

Бұлар Ермек екеуі көліктеріне қарғып-ақ мінді. Алға, үйірге қарай ызғыта берді. Ә дегенше тұс-тұстан атойлап, әп-сәтте киіктер үйірін қаусырмалай, өздері даярлап қойған бағытқа қарай жосылтты. Киіктер шоғыры көзді ашып жұмғанша зуылдай жөнелді де, бірте-бірте белгілі бір ара қашықтықта қаумалап қайырмалаған адамдардың арасымен олар ұзына бойы коридор іспеттес тар қолатқа құйылды. Ендігі жерде қонақтар қарсы алады-ау деген межелі тұсқа келгенде жұлдыздай аққан киіктер шоғыры жан-жақтан бұршақтай жауған оқтарды жарып қарсы бетке өтулері керек. Айналаға алақұйындай болып киіктер тұяғынан көтерілген шаң көзін бұлдыратып ешнәрсе көрсетпей тастады, қиқулаған адамдар, шыңғырып жанұшырған киіктер… Сол қарбалас арасында жарыса құйғытып келе жатқан өңкиген «Джиптерді» аңғарды. Артынша тарсылдаған атыс бас­талды… 

– Солға бұрыл! Солға! – деп айқайлаған дәл қапталындағы Ермектің даусын анық естісе де, шамасы келер емес. Бір мезгілде тап киіктер ортасында қосыла жосып келеді, қалың нөпір келесі бетке өтеуге мұрсат берер емес. Тек өздерінің бағытымен тура бетке ұмтылудан басқа амал қалмады… Бір қарағанда ненің дүбірі екенінін де аңғара алмайды, тарсылдаған мылтық дауыстарын да естімейді. Ышқына шыңғырып құлап жатқан киіктердің кейбірі мотоциклге соғысып, онсыз да қалталақтап келе жатқан көлікті оп-оңай аударып жіберердей болып көрінеді. Жер мен көк арасын әлдебір дүбір дірілдетті, айналаны шыңғырған дауыстар тітіркентті. Аспанға көкбурыл көкшулан шаң көтерілді. Адам мен киік бір жаратылысқа айналып бара жатқандай. Гүрс-гүрс еткен оқ даусын естімей екі құлағы тарс бітіп, аздан соң қай бағытқа кетіп бара жатқанын білмей есеңгіреп бара жатты… Көз алдында қырылып қалған көп киіктердің арасында әлденеге соқтығысып, аударылып бара жатқан көліктен қалай омақаса құлағанын сезбеді, жұп-жұмсақ қара жерге еш жері ауырмағандай жұп-жұмсақ құлады, одан арғысы бұлыңғыр дүние…

Есін ауруханада жинады. 

– Оқ тиген, – деп түсіндірді алғаш есін жиғанда әйелі. Бұл өзгелерді сұрағысы келді, бірақ әйелі бәрінің дін амандығын айтты. Даусы аса зәрлі емес, әңгімесінің ауанына қарағанда емделуге әлдекімдер ақша берген сыңайлы… Дәрілері де жеткілікті, ас-ауқаты да мол көрінді. Бекет бар жағдайды ауруханадан жазылып шыққан соң естіді. Киік қуып жүрген бұлар үйірге қосылып кетіп, бұған киіктерді атқан оқ тиеді. Көп қан жоғалтып, айдаладан ауруханаға жеткізілгенше, әлсіреп қалады. Операция сәтті шығып, өкпе тұсына қадалған оқты алдырып, ай өткенде сылынып, құр сүлдері қалып отбасына оралды. Ең сұмдығын артынан естіді, сол жолғы сапардан оралып келе жатып, өз бастықтары жол апатына ұшырап, қайтыс болады… Осы бір аз уақыттың ішінде Алматыдағы одан үлкен бастықтарының жалғыз баласын әлдебіреулер атып кетеді… Қанды қырғынның ақырын былайғы жұртшылық «киіктердің киесі ұрды» деп жорыды.

Бекет сондай қанды қырғыннан қалай аман қалғанына қайран қалды. «Бір құдай­дың қаққаны» деді, киік атуға өздігінен бар­мағанын алланың ескергені деп түсініп, арты­нша жұмыстан да шықты. Көп ұзамай мек­тептің қарауылдығына тұрып алды да, қайтып киік атуға шықпасқа біржола серт етті.Тек түс көрсе болды өзіне сенген топты бастап, жоси жөнелуге даярланған жезкиік кіретініне таңырқайды…

Ләззат Омарова