«КЕНШІ ДАҢҚЫ» ТӨСБЕЛГІСІН ТАҚҚАНДАР
«КЕНШІ ДАҢҚЫ» ТӨСБЕЛГІСІН ТАҚҚАНДАР
Шахтерлер күні еліміздің барлық тау-кенді аймақтарында аталып өтті. «Қазақмыстың» он жеті мыңнан астам шахтері төл мерекелерін тойлады. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шаралар – спорттық жарыстарға, еңбек озаттары мен ардагерлерді марапаттау, концерттік шараларға ұласты.
Ауыр да қауіпті қызмет иелері қандай марапатқа де лайық. Өйткені жұмыстың әрбір күнінде тәуекелге бел буып, жер қойнауына аттанады. Өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, көпжылдық қажырлы еңбек еткені үшін және еңбек тиімділігін арттыруға атсалысқан 44 қызметкерге «Кенші даңқы» төсбелгісі берілді. Ал жергілікті атқарушы билік пен компания басшылығы еңбек озаттарына мақтау қағазы, құнды сыйлықтар мен сыйақылар табыстады. Өндіріс барысында мерт болған шахтерлердің отбасына, сонымен қатар мүгедек жандарға жәрдемақы бөлінді.
Кенші мамандығын батыл да қайсар жандар таңдайды. Оларға асқан табандылықты, арнайы білімді, кәсіби шеберлік пен батылдықты талап ететін күрделі мәселелерді күн сайын шешуге тура келеді. Олардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде жер қойнауынан мыс және көмір өнімдері алынып отырады және бұл өнімсіз қазіргі қоғамның тұрмысын көз алдымызға елестету мүмкін емес, – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай.
Ақниет ОСПАНБАЙ