Жаңалықтар

СЕРИАЛ ҚҰМАРЛАРДЫ «АҚЫМАҚ» ДЕУГЕ БОЛА МА?

ашық дереккөзі

СЕРИАЛ ҚҰМАРЛАРДЫ «АҚЫМАҚ» ДЕУГЕ БОЛА МА?

 Елімізге сабынды телесериалдардың көрсетіліп жатқанына біршама уақыт. Бұл көш мексикалық, бразилиялық телесериалдардан бастау алған еді бір кезде. Содан бері телесериалды серік етіп жүргендердің саны артпаса, кеміген жоқ. Әсіресе, үй шаруасындағы әйелдер, егде жастағы апалар, тіпті отбасымен түгел тамашалайтындарды да жиі кездестіресіз. 

Бүгінде кез келген отандық телеарна шетелдің дайын өнімдерін көрсетуге құштар. Кейбір телеарнадағы прайм-таймның 70 пайызын түрік сериалдары жаулап алған. Есесіне, сол телеарнаның көрермендері де көп деген сөз. Әрине, әрбір адам экрандағы дүниеден өзіне керегін алады. Кейде күйбең тірліктен зәрезап болған жұрт кинодағы өмірге қызығады. Сол арқылы аздап ойы да бөлінеді. «Шіркін, бізде де осындай бас­пана, көлік болса ғой…» деп арманға қанат сыйлайды еріксіз. Ол ол ма, кинодағы кейіпкердің тағдырын уайымдап, «келесі серияда оқиға қалай өрбиді екен?» деп алаңдайтындар да бар арамызда. Соңғы кезде түріктің «Сұлтан Сүлеймен» телесериалы көпшіліктің сүйіктісіне айналған. Оны көрмесе, тыныш ұйқтай алмайтындар көбейген қазір. Несі бар, телесериал – қолы бос, уақыты бар адамның ермегі. Алайда, олардың бәрін ақымақ дей алмайсыз ғой. Мәселен, «доп тепкен тозар» дейтін қазекем баласын спорт секцияларына, соның ішінде футболға бергісі келмесе де, бұл ойынға миллиондаған адам жанкүйер. Әсіресе, шетелдің стадиондарында ине шаншар жер болмайды. Олардың ішінде де әртүрлі топ өкілдері бар. Байы да, кедейі де, жасы да, жасамысы да. Бәрін бір арнаға тоғыстырып отырған – футбол. Сол сияқты телесериалды да түрлі жастағы көрермен тамашалайды. Оның бәрін «істейтін түгі жоқ еріккендер, ақымақтар» деуге қалайша аузың барады? 

Кей адамдар үшін футбол ойындары мен телесериалды тамашалау хобби іспеттес. Содан ерекше ләззатқа бөленетін жандар да жоқ емес. Бірі сүйсінеді, бірі күйінеді. Бәлкім, бұл адами қасиеттерінің оянуына түрткі болуы мүмкін. Ал, оларды «ақымақ» санау әбестік шығар. Өзім де мән-мағынасы бар, тәлімдік тағлым алатын сериалдарды мейлінше жібермеуге тырысамын. Бірақ соншалықты талғамсыз да емеспін. Жаныма жақын дүние болса қараймын. Өмірімде, өне бойымда жоқ нәрселерді тапқандай боламын. 

Жәнібек ӘШІМ