ҒЫЛЫМИ СЕМИНАРДЫҢ БЕРЕРІ КӨП
ҒЫЛЫМИ СЕМИНАРДЫҢ БЕРЕРІ КӨП
Өткен аптада Шымкенттегі «Тассай» білім тарату орталығында «Ауылшаруашылық малдарын ұстау, азықтандыру және олардың өнімділігін жоғарылату. Ауылшаруашылық малдарының селекциясындағы қолдан ұрықтандырудың әдістері» тақырыбында 7-ші ғылыми-практикалық семинар өтті. Оған облыстың әр аймағынан 34 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің өкілдері қатысты.
Аталған оқу-практикалық семинарда, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғылыми қызметкерлері, лекторлар — мал шаруашылығы технологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ж.Күзембайұлы, ірі қара мал және шошқа шаруашылығы секторының жетекші ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының. кандидаты К.Байтөреев теориялық және практикалық сабақтар өткізді.
Семинар барысында мал азықтандырудың толыққұндылығын бағалау әдістері және азықтар мен рациондарды кешенді бағалауды зерделеу бойынша сабақтар өтті. Малдарды нормалап азықтандыру жүйесінің негізгі элементтері: азықтандыру нормалары, азықтандыру типтері мен рацион құрамы, рациондар, азықтандыру техникасы, толыққұнды азықтандыруды бақылаудың тәжірибелік әдістері қарастырылды. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы малдарын қолдан ұрықтандырудың ғылыми негіздері және олардың төлдегіштік қабілетін арттыру жолдары қарастырылды.
Бес күндік семинар соңында тыңдаушыларға, білім тарату орталығының жетекшісі Серкебай Ережеповке арнайы сертификат тапсырды. Жалпы ауылшаруашылығы саласындағы мамандардың білімін жетілдіруге негізделген «Тассай» білім тарату орталығында биылға 12 ғылыми-практикалық семинар өткізу жоспарланған.
Осы семинар аяқталысымен-ақ «Шалғайдағы жайылымда қуаңшылыққа төзімді азықтық дақылдардың түрлерін және тұқымдарын жақсартуда мәдени жайылымның бейімделген технологиясын жасау. Қуаңшылыққа төзімді азықтық дақылдардың тұқымы және оларды жерсіндіру» тақырыбындағы 8-ші ғылыми практикалық семинар басталып та кетті. Оған фермерлер, АӨК мамандары, тауар өндірушілер, кәсіпкерлер, жеке шаруа қожалықтар мен өндірістік кооперативтердің өкілдері қатысуда. Жұмыс іздеп, өз шаруашылығын ашамын деушілерге де мұнда есік ашық.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ