Жаңалықтар

«ЕЛДЕ БОЛСА, ЕРІНГЕ...»

ашық дереккөзі

«ЕЛДЕ БОЛСА, ЕРІНГЕ...»

Негізгі отаны Жерорта теңізінің жағалауы болып саналатын мақсарының елімізде өсіріліп, өнім алына бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Жерсіндірілгені де кеше ғана. Одан алынатын негізгі өнім – асқатық май. Мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан кем емес дейді ғалымдар. Бағасы да анау айтқандай қымбат деп айта алмайсыз. Мақта майынан әлдеқайда арзандау болып келеді.

Мақсары – қалдықсыз өнім саналады. Майы алынғаннан кейін де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындаса, Түркияда түрлі сабындар шығарады. Ал тастың өзін кәдеге жарататын қытайлықтар түрлі дертке шипа болатын дәрі-дәрмектер өндіруде. Ал біз қалдықтың өзін кәдеге жарата алмауымыздың салдарынан әзірге малға азық етудеміз. Соның өзіне шүкіршілік деуден басқа амал жоқ. 

Табиғаты жайлы оңтүстік облыстар үшін мақсары өсіру таңсық емес. Ал, Оңтүстік Қазақстанның Бәйдібек ауданы аумағындағы бірқатар өңірлерде бұл дақыл көптеп өсірілуде. Тіпті құнарсыз деген жердің өзінде де мақсары өсіру қолға алынуда. Жер – байлықтың анасы, ал әкесі – еңбек. Азын-аулақ техникалық жұмыс құралын ұқсата білген шаруалар өткен жылы 14400 гектар алқапқа тұқым сіңірген. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудан бойынша былтыр осы кезеңде 4795 тонна өнім қамбаға құйылған. Биыл бұл көрсеткіштен асырамыз деп отыр шаруалар. Мамандардың есептеуiнше, шаңнан тазаланып, басқа да табиғи ысырабын шығарып тастағандағы жиналған өнімнің ішінен азғантай мөлшері тұқымдыққа сақталынса, қалғаны түгел өңдеуге жіберіледі екен. Оның 20-25 пайызынан, яғни тоннасына 200-250 литр мақсары майы алынады. Қамбаға астық толысымен ендігі кезекте таза май өндіріле бастайды. 

Бабын тапсаң – байлық жерде. Бұған жергілікті диқандардың берекелі еңбегі дәлел. Бірқатар диқандар астығын көрші Сайрам ауданы және Шымкент қаласына саудаға шығарып қажетті шығындарын жабатын көрінеді. Сондықтан болар жанар-жағар майдың тапшылығы аса сезілмеуде. Елде болса ерінге, ауылда болса ауызға тиеді, дейді халық нақылы. Аудандағы жеке кәсіпкер Жалғас Біләлов Шаян ауылында осы өнімді өңдейтін, май шығаратын шағын кәсіпорын ашқан. Бұл цех аудандағы қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін бірден-бір өндіріс орны. Бұл кәсіпорын бір тәулігіне ша­мамен 8-10 тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Онда мақсары тазаланып, оның дәні сығуға жіберіліп, май алынса, онан қалғаны мал азығына пайдаланылады. Кішігірім зауыттың өндірістік қуаты толық қосылған кезде мұнда 10-нан астам жұмысшы еңбек өтпек. Қоймасының сыйымдылығы үлкен, яғни 2-2,5 мың тоннаға дейін мақсары шикізатын бір мезетте сақтауға мүмкіндігі жетеді. Сондай-ақ шаруалардан майлы дақылдарды қабылдап немесе мақсарысын сығып, майға айналдырып беріп халыққа қызмет көрсететіні тағы бар. Алайда бұл кәсіпкер жігіт жыл бойына май өндірумен шектелмей, алдағы уақытта егістік алқаптарына мақсары егіп, оны көбейтуді көздеп отыр. 

Бұл зауыт жылына 1-1,5 мың тоннаға дейін өнім өңдеуге қабілетті. Дегенмен мақсары майын сығатын аппараттар да арзан тұрмайды. Оларды арысы Еуропа, берісі Ресейден сатып алуға тура келеді. Оны сатып әкеліп орнатуда, одан қала берсе бұзылған жағдайда қажетті құрал-жабдықтарын сонау шетелден тапсырыс беріп алдыртудағы қиыншылықтар өз алдына бөлек әңгіме. Ендігі жерде Жалғас Біләлов нарықтық экономикаға байланысты майды мемлекеттік стандартқа сәйкес келетіндей құтыға құйып шығаруға талаптануда. Қажетті құжаттар әзірленіп, бірнеше комиссиялардан өтіп, мақұлданып қойылған. Тек қазіргі уақытта «Максимум» инвестициялық қорынан қаржының аударылуын күтіп отыр. Егерде бұл жоба іске асатын болса, ауданды ресейлік өнімдерден әлдеқайда сапалы, ешқандай қоспа қосылмаған, бойында минералдар мен дәрумендері жеткілікті табиғи маймен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашылары сөзсіз. Сондай-ақ шетелдің белді фирмаларымен бәсекелестікке түсіп, иық тірестіре жұмыс істеуге қабілеті жетеді. Нәтижесінде, бірнеше жұмыс көзі пайда болып, жұмыссыз азаматтар еңбекпен қамтылатын жайы бар. Бұл өз кезегінде аудан әлеуетінің артуына, экономикасының көтеріліп, ауылдың гүлденуіне сүбелі үлесін қосады деген сөз. Жалпы, бұл өсімдік майын шығару цехы инвестициялық жобасы аз уақытта өз-өзін толық ақтауы сөзсіз. Шығарылған бұл май азық-түлік өнімдеріне қойылатын барлық талаптарға сай келеді деп айтуға толық негіз бар. Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкер жергілікті ауылдағы және басқа да өңірлердегі мақсары мен күнбағыс өндірумен айналысатын бірқатар шаруашылықтармен алдын ала келісім-шарт жасасып та қойған. Негізі цехтан шыққан өнім аудан тұрғындарының өсімдік майына деген сұранысының 60-65 пайызына дейін қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Сөйтіп, ол ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оның бағасын тұрақтандыруға айтарлықтай септігін тигізбекші. 

Отандық өндірушілердің аяғына тұсау боларлық мәселелер де бар, әрине. Өсімдік майын экспорттаушы Ресей елінің өнімдері бүгінде супермаркеттер мен шағын дүкендердің сөрелеріне дейін жаулап алған. Жарнамалары тіптен ғаламат. Оған құлақ түрсең, экологиялық таза өнім, пайдасы көп көрінеді. «Басқа майларды тұтынсаң, ауруға тұтыласың». Жарнамаларының жалпы жариясы осыған саяды. Майын мақтап, күнде құлақ түбінен қақсай берген соң, оны алуға қызығатындардың көбейетіндігі де сөзсіз. Отандық өсімдік майларына күдікпен қараушылар да жоқ емес дей алмайсыз. Дәл осы салада ішкі нарықты отандық өнімдермен жаулап алуға болады-ақ. Ол үшін, әрине, мақта, мақсары егетін шаруаларға жағдай жасау қажет. Егістік алқаптары күнге күйіп, қаржының жоқтығы қолын байлап отырған диқандар бар. Алайда, оларды ең әуелі жеңілдетілген несие мәселесі қатты қинайды. Оған қол жеткізу аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Одан қалса, техника мәселесі де тұсаулайды. Бәйдібек ауданның шаруа қожалықтары да мақсарыны майға айналдыруды үйреніп алғалы шеке майлары шылқып отыр деуге келмес. Бірақ, бес-алты адамды жұмыспен қамтып, ауыл-аймақты маймен қамтамасыз етіп, шаруаларын дөңгелетіп отыр. 

Боралдай ауылындағы «Диман-Ай» ЖШС-нің иесі Базарбек Шомаев мақсары егумен айналысқанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Өнім өндіріп, оны сатқан пайдасына техника сатып алып, көпке үлгі көрсетуде. Шаруа қожалығының иесі: «Егер мақсары егумен айналысатын шаруашылықтарды көбейтсе, ауыл түгіл, ауданды толық мақсары майымен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Түйткілдер де жоқ емес. Мақсарыны жыл сайын бір жерге еге берген соң, ол жердің құнары қашады. Екі-үш жыл аралатып жерді ауыстырып отырамыз. Тыңайтқыш мәселесі де тездетіп шешуді қажет етеді», – дейді. Осылайша ауыл шаруалары «жеңілдетілген несие алсақ, мақсары өсіруді өрістетер едік» деп алақандарын ысқылап отыр. Майлы дақылдарды өсіру көлемін ұлғайтуды көздеп отырған үкімет осы мәселелерді назардан тыс қалдырмаса шығысы кем, пайдасы мол өнім түрін өсіруді молайтсақ, отандық өндірушілерге даңғыл жол ашылатыны сөзсіз. 

Осы ауданға танымал агроном Нұралы Балтаев: «Мақсары тез жерсінетін өсімдік. Оны қалай өсіріп, күтіп-баптауды шаруаларда жылдам үйреніп алды. Егер тыңайтқышты көбірек пайдалансақ, мақсарыдан мол өнім алуға болады. Әрі басқа майларға қарағанда, мақсарыныкі дәмді әрі пайдалы келеді. Егістік көлемін ұлғайту да – басты мәселе. Біздің Бәйдібек ауданы – мақсары егуге таптырмайтын аймақ. Егілген өнім жылда артығымен өндіріліп алынады. Шаруалардың да осы дақылды өсiруге қызығушылығы артып келедi. Мақсары дақылын егуді диқандар күз айларында қолға алуы тиіс. Себебі, күзде тұқым арзан, әрі сапалысын таңдап табуға болады. Бірінші кезекте әрбір шаруа дақылдың ұғымына, теориясы мен егілу технологиясына мән беріп, жете көңіл бөлгеннен соң ғана іске кіріскені жөн», – дейді. 

Осыған байланысты «мақсары дегеніміз не?» деген сұрақтың жа-уабына назар аударайық. 

Мақсары – күрделігүлділер тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік, майлы дақыл болып табылады. Сабағы тік, бұтақты келіп, түксіз, биіктігі 90 см-ге дейін өседі. Ал, жапырақтары сопақша, шеттері тікенектеу болады. Гүл шоғыры – себет, бір өсімдікте 5–6-дан 30–50-ге дейін себет болады. Гүлдері сары немесе қызғылт-сары түтік тәрізді. Тұқымы пісіп-жетілген кезде жерге төгілмейді. 1000 ұрығының салмағы 20–50 грамды құрайды. Мақсары жылу сүйгіш, шөлге өте төзімді болып келеді. Өсу мерзімі 90–150 күн аралығын құрайды. Айқас тозаңданады (жәндіктер және жер арқылы) және өздігінен тозаңдануы да мүмкін. Топырақ талғамайды. 1 гектарға 6–10 кг тұқымды 5–6 см тереңдікте, жүйек аралығын 45–60 см етіп себеді. Топырағы құнарлы, жауын-шашынның суына қанған мақсарыдан әр гектарына 7 ц-ге дейін өнім алуға болады. Оның тұқымынан 25–35%, дәнінен 46–60% май, ал гүлінен бояу алынады. Одан алынатын май сапасы жағынан күнбағыс майынан кем емес. Тамаққа және маргарин жасау үшін де қолданылады. Күнжарасы – таптырмас құнарлы, мал азығы ретінде пайдаланылады. 10 кг күнжарасында 55 мал азықтық өлшем бар. Одан бөлек ауыл шаруашылығында тыңайтқыш және отын ретінде де қолдануға болады. Мақсары сүрлемге қосылады және тұқымы құстарға жақсы азық. Тұқымы пісіп жетілгенде комбайнмен жиналады. Қатты әрі көп тікенекті болып келетіндіктен мақсарыны кейде бидай, арпа егілген егістік алқапқа мал түспес үшін айналдыра 10 – 15 метр жерге егіп отырады. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ