Жаңалықтар

Қайраттың «пиар» жасауға уақыты жоқ

ашық дереккөзі

Қайраттың «пиар» жасауға уақыты жоқ

 

Бұл жөнінде әнші және оның анасы Гүлзира Айдарбекова Алматы қаласындағы ұлттық баспасөз клубында журналистерге мәселенің анық-қанығын айтып берді.

Сағат 14-30-да басталады делінген баспасөз мәслихаты тұп-тура 3-те басталды. Тағатсыздана күткен тілші қауымы жан-жақтан сұрақты төпелетті. Әуелгі «Бұл пиар емес пе? Бұл бүлікке әншінің қатысы бар ма?» деген сауал қойылды. Оған әнші Қайрат Нұртас: «Бұл біріншіден, менің жеке кешім емес. Маған сағат 8.15-те кел деді, айтқан уақытында бардым. Кеш ашық аспан астында өтіп жатқандықтан, халық көп жиналды. Қазір 3 мың адам қатысты деп жатыр ғой, бұл өтірік. Меніңше, 6-7 мың адам жиналды. Сахнаға шығудың өзі қиын болды. Жан-жақтан қолымды ұстап, амандасып, суретке түскісі келгендерде есеп жоқ. Әйтіп-бүйтіп сахнаға шықтым. Жүрегім бірдеңе болатынын сезген сияқты. Сол кезде шу шықты. Ұйымдастырушы тараптан бір әйел микрофонды алып, орыс тілінде «тоқтатыңдар!» деді. Өзім де жастарды сабырға шақыру үшін сахнаға қайта шықтым. Тағы бір әнімді ұсынғым келген. Бірақ ұйымдастырушылар айқай-шу тоқталмай, сахнаға шықпайсың!» дегенді айтты. Шын мәнінде, бүлікке еш қатысым жоқ. Бұл – пиар да емес. Бұрын алғаш рет сахнаға шығып жүргенде пиар керек болды. Ал қазір құдайға шүкір, пиардың қажеті жоқ, тіпті оған уақыт та жетіспейді”, – деді.

Ал Қайраттың анасы, продюсері Гүлзира Аайдарбекова: «Егер бұл Қайраттың жеке концерті болса, басқаша қарайтын едік. Бұл сауда үйі бізді алдап, көшелерге «Қайраттың жеке концерті» деп афиша іліп тастаған. Әрберіден соң сауда үйіне концерт өткізуге рұқсат бермеген көрінеді, Ал қауіпсіздік жағы мүлде қарастырылмаған» деп жауап берді. Сондай-ақ, әнші бүлікке қатысы бар жастарға қатысты тергеу амалдарына шақырылып жатсам, бас тартпаймын деген ойын да білдірді.

Ерекше айта кететін жайт, баспасөз мәслихатында орыстілді тілшілер сауалдарына орыс тілінде жауап беруін бірнеше рет өтінсе де, әнші Қайрат Нұртас та, анасы да тек қана қазақ тілінде тіл қатты. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Қайрат Нұртастың толықтай қазақ тілінде жауап беруіне құқы бар. Қазір кейбір орыстілділер Қайрат Нұртасты «мәмбет» деп жүр. Бірақ сол “мәмбет” қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген бірден-бір азамат екенін дәлелдеді.

Динара Мыңжасарқызы