Таққа мінген 13-ші министр
Таққа мінген 13-ші министр
Еліміздің білім ұялары күміс қоңырауын соғып, шәкірттерді оқуға шақырғаны кеше ғана. Сол күні мектепке асыға жеткен 2,5 млн. оқушыны Білім күнімен құттықтап, сәттілік тілеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осы аптада қызметінен босатылды.
Президенттің Жарлығымен Білім және ғылым министрі болып Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов тағайындалды. Жаңа министрдің өмірбаяны да жұтаң емес. 1974 жылы туған ол Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Венадағы дипломатиялық академияны тәмамдапты. Экономика ғылымдарының кандидаты. Сондай-ақ, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде атташе, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның мемлекетаралық кеңесінің атқарушы комитетінде жұмыс істеген. 2008-2009 жылдары Үкімет және ҚР Ұлттық банкі жанындағы «Ұлттық сараптау орталығы» АҚ-ның Алматы қаласындағы бас өкілдігі басқарма төрағасының орынбасары, ал 2009 жылдан Назарбаев университеті кластерін Қадағалау комитетін басқарып келген. Қазақ «Жас келсе – іске» дейді. Сәрінжіповтің білім беру саласындағы түйткілдерді шешуге біліктілігі жете ме, оны уақыт көрсетеді. Ал, осы қызметте аттай үш жыл отырған экс-министр Бақытжан Жұмағұлов неден мүлт кетті? Ол басшылық еткен уақытта білім беру ісіне енгізілген бастамалар жүзеге асты ма? Үкімет тарапынан айтылған сын мен ескертулерден қорытынды шығарды ма?
22 жылда білім беру саласының тізгінін осымен он үшінші министр ұстап отыр. Оның әрқайсысы өзінше реформа енгізуге тырысып бақты. Мәселен, тек 2000-2004 жылдар аралығында 4 министр 4 бағдарлама қабылдаған болатын. Атап айтсақ, 2000 жылдың аяғында Қ.Көшербаев «2005 жылға дейінгі білім беруді дамыту туралы» бағдарламасын, 2001 жылы Н.Бектұрғанов «2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын», 2003 жылы Ш.Беркімбаева «Ауыл мектебі» бағдарламасын және 2004 жылы Ж.Құлекеев «2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» тұжырымдамасын қабылдады. Соның ішінде Ш.Беркімбаева мен Ж.Құлекеевтің еңбегін ерекше бағалайтын жұрт көп. Себебі, бірі ауыл мектептерінің болашағына алаңдаса, екіншісі мемлекеттік гранттың үлесін 60х40 етіп, қаракөздердің тегін білім алуына мүмкіндік жасаған еді. Бір өкініштісі, бұл үлес кейінгі министрлердің тұсында өзгере қойған жоқ. Ал, түрлі реформаның алаңына айналған білім беру саласына Б.Жұмағұлов қандай жаңалық әкеліп, несімен есте қалды?
Соңғы жылы талай уақыттан бері талқыға салынып, бір қайнауы ішінде болып келген «Ғылым туралы» заң қабылданып, кеңінен қолдау тапқан. Мемлекет ғылымды көтеру үшін қомақты қаржы да бөлді. Былтыр Қазақстанның ғылымына бөлінген қаржы еселеп өсіп, 51 млрд. теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда төрт есеге көп. Алайда, бұл әлі де аз. Дамыған елдерде ғылымға бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 4 пайызын құрайды екен. Ал бізде 0,3 пайыз ғана. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ғылымға кететін шығынды 2014 жылы ІЖӨ-нің бір пайызына жеткізу мақсат етілген. Соған қарамастан кейбір ғылыми-зерттеу институттары жалақысын уақытында алмайтындарын айтып, наразылық танытқаны да есте. Олардың «Жастар ғылым жолына түскісі келмейді. Өйткені, олар мардымсыз еңбекақы үшін жұмыс істемейді» дегені ащы да болса, шындық.
Экс-министр Жұмағұлов Түймебаевтың бастаған ісін жалғастырды. Еліміздің облыс орталығы мен ірі қалалары тұрмақ, аудан орталықтарындағы саны бар, сапасы төмен жоғары оқу орындарын жабуға кірісті. Ол жыл өткен сайын сырттай оқу орындарының қатарының сирейтінін де алға тартқан. Мұнымен қоса, ол ұлттық бірыңғай тестілеу талаптарын күшейтіп, тест жауаптарының қолды болуына қатаң тыйым салуға белсене кіріскен басшының бірі. Ал, бірақ ата-ана мен ұстаз қауымы министрліктің «колледж студенттері жоғары оқу орнына түсерде кешенді сынақ тапсырады» деген бұйрығын қолдамағанын айту керек.
Мамыр айында Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласындағы 700 оқушыға арналған білім ұясының құрылысына бөлінген 1,5 млрд. теңгені қолды қылғаны үшін Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовті қамауға алған болатын. Сол кезде Жұмағұлов орынбасарының мұндай әрекетке барғандығы жөнінде қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан еді. Ал кейбір сарапшылар орынбасары қылмыспен қолын былғап жатқанда басшысы өз еркімен отставкаға кету керектігін айтқан. Демек, министрдің қызметтен кетуіне негізгі себептің бірі осы болса керек.
Жақында бір топ ғалым Жұмағұловты докторлық диссертация жазу кезінде плагиаттықпен айналысты деп шу көтерді. “INSIDERMAN” интернет-басылымында «Министр Жумагулов подозревается в масштабном и беспринципном плагиате» атты материал жарық көрдi (авторы – А.Құдайқұлов). Оның айтуынша, Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясын түгелге жуық өзге ғалымдардың еңбектерiнен жымқырған. Атап айтсақ, орыс ғалымдары В.Н. Монахов, С.Н. Антонцев, А.Н. Коновалов, О.Б. Бочаровтың еңбектерiнен көшiрген. Министрдiң докторлық диссертациясына жан-жақты сараптама жасай келiп, автор былай дейдi: «Бұл диссертацияны КСРО Ғылым Академиясының Сiбiр бөлiмiне қарасты М.А. Лаврентьев атындағы Гидродинамика институты ғалымдарының еңбектерiнiң нашар көшiрмесi десе де болады». Жоғарыда аталған ғалымдар (Монахов, Антонцев және т.б.) – осы институттың белдi ғалымдары екен.
Ал, Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалған Аслан Сәрінжіпов мырза қандай басымдықтарға көңіл бөлуі керек? Әуелгі кезекте нені шешуді қолға алған дұрыс?
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Жаңа министр білім саласында оншалықты жұмыс істемеген, ЖОО да тәжірибесі жоқ көрінеді. Қазақстанның білім саласы өте тұралап қалған сала. Бұған бір министрдің шамасы жетпейді. Оған концептуалды реформалар керек. Осы уақытқа дейінгі келген әр министр жақсартудың орнына, былықтыра түскен сияқты. Әрі бастаған ісін аяқтамай кетті. Әйтпесе, белгілі бір нәтижесін көретін едік қой. Сондықтан министрдің кемінде бес-алты жыл отырғаны дұрыс деп санаймын. Қолға алған дүниесін жүзеге асыруына мүмкіндік беру керек. Біріншіден, ЖОО-ын жайлаған коррупцияны жою керек. Екінші, оқулықтардың жағдайы. Үшіншіден, тұралап қалған ғылым саласын көтеру. Бізде академиялық ғылым немесе зерттеу ғылымы әлі күнге дамымай келеді. Ғылыми база болмай, ғылым алға жүрмейді, өндірістік технологияға енбейді. Ғылым академиясының жабылуы да содан шығар. Төртіншіден, қазақ мектептеріндегі қазақ тілінің жағдайына да көңіл бөлсе деймін. Жаңа министрдің еңбек тәжірибесіне қарасам, ауылдан шығып ауыл мектебіне сабақ бермеген екен. Сондықтан жағдай баяғы күйде қала ма деген қорқыныш бар. Бірақ адамды көрмей жатып, сынауға асықпағанымыз жөн. Бәлкім, жұмыста біліктілігін көрсететін шығар.
Ал Бақытжан Жұмағұловтың қызметінен кетуіне, меніңше, плагиаттық мәселесі ең бірінші себеп болған сияқты. Бұл мәселеге еліміздің ғалымдары да соқпай өте алмайды. Қазір ғылыми жұмысында басқа ғалымдардың еңбегін пайдаланатындар көп. Жиырма жыл ЖОО-да қызмет атқардым. Кезінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, марқұм Тоқмұхамед Садықовтың еңбегінің де көшірілгендігі туралы Сәбетқазы Ақатайдың «Аңқау елге арамза молда» деген мақаласы шыққан еді. Мұнда да диссертация беттерінің көшірілгендігі дәлелденген болатын. Қазбалай берсек, мұндай факті көп. Сондықтан да ғылым дамымай жатыр.
Динара Мыңжасарқызы