Жаңалықтар

САЯСИ МАУСЫМ СЫЛБЫР БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

САЯСИ МАУСЫМ СЫЛБЫР БАСТАЛДЫ

Депутаттардың бір-екі рет қол шапалақтағаны болмаса, сессияның ашылуында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық болған жоқ. Елең етерлік оқиға – Президенттің Әнұранды дауыстап бастан-аяқ айтып шыққаны болар.

Парламенттегі биылғы саяси маусым сылбыр басталды. Сессия ашылмай тұрып, дәліздерде жүз көріскен депутаттар бір-бірінің қай елде демалыс өткізгендерін сұрап, қауқылдасып жатты. Шынында да, көпшілігінің күнге күйіп, әбден тыныққан күйі байқалды. Екі ай бойы ақпарат құралдарымен аралас-құралас болмағандықтан ба, депутат мырзалар пленарлық отырысқа дейін де, одан кейін де журналистер сұрақтарына жауап беруге бейіл қалып танытып, оңды-солды сұхбат беріп жатты. Парламенттегі тотыққан, толысқан бет-жүздерге қарап, Үкімет кабинеттерінде алдағы ғаламдық экономикалық дағдарыстың келесі толқынына дайындық шараларының қызу талқыланып жатқанына сену қиын. 

Былтыр осы шақырылымның депутаттары жүз қаралы заң жобасын талқылап, қабылдап үлгерген екен. Қазіргі таңда «қоржында» отыз шақты заң жобасы бар. Олардың ішінде Президент үлескерлікке қатысты, зейнеткерлікке шығуға, т.б. жобаларды маңызды құжаттар ретінде атап өтті. 

Үшінші сессия барысында қабылдануы тиіс заң жобаларына шолу жасаған Президент бес бағытты айқындап берді. Біріншіден, тұрақты экономикалық өсімді құқықтық-заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде экономикалық дағдарыс қаупі бар екенін тағы бір рет ескертіп өтті. Сондықтан отандық кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасау қажет. Осыған орай, Президент Кәсіпкерлік кодексін дайындауға тапсырма берген еді. Бұған қоса жыл соңына дейін елгезек Үкімет бизнес-құрылымдарды бюрократиялық озбырлықтан қорғайтын «Рұқсаттар және хабарламалар» туралы заң жобасын өткізуі тиіс. Бұдан басқа, осы сессия кезінде депутаттар жер қойнауының байлығын пайдалану, кен орындарын игеру, шетелдік инвесторларға қойылатын талаптар, инвестиция тарту, инновациялық саланы дамытуға қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жасыл экономиканы қалыптастыру мен дамытудың заңдық негіздерін жасауы керек. 

Екінші бағыт – инновациялық даму басымдығы бар салаларды ынталандыруға арналған заң жобаларын қабылдау. «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасы Парламент қарауына өткізілген. Оның үстіне, азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, оларды баспанамен қамту мәселесі. Алдағы уақытта Парламент үлескерлік тұрғын үй құрылысы саласындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталған, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарына қатысты заң жобаларын қабылдауы тиіс.

Үшінші бағыт – азаматтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету. Оның ішінде зейнетақы жүйесін реформалау жұмыстарын жандандыру көзделген. Президент Үкіметке зейнетақы жүйесі реформасына байланыс­ты азаматтардың зейнетақы жинақтары өсіміне қосымша кепілдіктер беру туралы тапсырмалар берді.

Төртінші бағыт – құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және одан әрі реформалау. Парламент биыл Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің жаңа жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қайта қарап, қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізуі тиіс. Қазақстан құқық қорғау және сот жүйесінің әлемдік тәжірибеге сай жаңа құқықтық негізі қалыптастыруға ұмтылады.

Бесінші бағыт – Қазақстанның өзге елдермен қол қойған мемлекетаралық келісімдерін ратификациялау. Үкімет биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіру кезінде қабылдайтын міндеттемелерін ратификациялау бойынша Жол картасын дайындауы тиіс.

Жаңа маусымда Парламент Сенат төрағасының орынбасары болып Асқар Бейсенбаев сайланды. 

Алты жыл қатарынан сенатор болған жеті депутат: Әділ Ахметов, Оралбай Әбдікәрімов, Ғарифолла Есім, Болат Жылқышиев, Ғани Қасымов, Александр Судьин, Юрий Цхай өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты жаңа депутаттарға орын босатты. Босаған орындарға Президент жарлығымен тағайындалған жеті депутат палатаның тұрақты комитеттеріне бөлінді: Бірғаным Әйтімова, Сергей Громов, Ләззат Қиынов, Георгий Ким – Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне, Дулат Құсдәулетов – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетіне, Серік Нөгербеков – Қаржы және бюджет комитетіне, Нұрлан Оразалин – Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне мүше болып, Сергей Кулагин Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып сайланды.

Гүлбиғаш ОМАР 

Астана