Жаңалықтар

Ісі кенеулінің есімі елеулі

ашық дереккөзі

Ісі кенеулінің есімі елеулі

Бірақ жастар арасында қалыптасқан бұл үрдістің қате екенін біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәлелдеп отыр. 

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не қарасты «Қарағанды түсті металл» өндірістік бірлестігінің Қарағанды облысында орналасқан Қарағайлы кен-байыту фабрикасының негізгі қызметі – түсті металдар кенін өндіріп, өңдеп,  қонцентрат ретінде дайындау. Шығарылған өнім Жезқазған мен Балқаш қалаларындағы бас­ты кәсіпорындарына жіберіледі. Бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Сейсенбеков осы кәсіпорында 10 жылға жуық қызмет етіп келеді.  

1967 жылы Қарағанды облысы, Қарағайлы ауылында дүниеге келген Қанат Мұсақанұлы бүгінде  туған жерінде еңбек етіп, еңбегінің жемісін көріп отыр. Қарқаралы ауданы, Мамыраев ауылында орта мектепті тәмамдап, бірден еңбекке араласады. Әскери борышын өтеген соң жүргізуші, күзетші болып істейді. Қазақмыс тобындағы еңбек өтілін 2004 жылы бастаған Қанат ағамыз өзінің нағыз кәсіпқой екенін талай рет дәлелдеген, өз қызметтестері арасында беделі зор маман. 

Кеншілердің барлығының жұмысы ауыр, бірақ жүктелген міндеті санқилы.  «Мәселен, біз кеншіміз деп айту оңай. Қарағайлыға 300 шақырым жердегі Ақбастаудан руда тас күйінде жеткізіледі. Ол мұқият үгітіледі, диірменнен өтеді. Бұл руданың  ішінде алтын, күміс, темір де бар. Оларды ажыратып алғаннан кейін Швейцариядан алынған технологиямен қоюлатамыз. Міне, біздің қызмет – осы. Содан кейін ғана құрғатылып, ажыратылған рудалар Балқашқа жөнелтіледі», – дейді ол. 

Қоюлату аппаратының бір ауысымында үш жұмысшы еңбек етеді. «Біз үш күн бір ауысымда істесек, одан кейінгі үш күнде түнгі, таңғы ауысымдарға кезектесіп шығамыз. Біз қоюлату аппаратына жауап береміз. Жұмыс тәртібі дұрыс қойылғандықтан, жұмыстың ауырлығы еш білінбейді», – дей келе Қанат ағамыз жұмыстың ауырлығына ешбір кенші мойымайтынын жеткізді. «Бұған қоса бізде жұмысшылар үшін тиісті әлеуметтік жағдай жасалған. Кеншілерге тегін медициналық көмек пен демалыстар да беріледі», – дейді кейіпкеріміз. Қанат пен Армангүл Сейсенбекова үш қыздың ата-анасы, қыздардың үлкені жоғары сыныптарда оқыса, кенжесі биыл 3-сыныпқа аяқ басқан. 

– Мен осы өңірдің тумасымын, туған жерімде еңбек етемін. Жұбайым осындағы мектепте істейді, үш қызым бар. Бүгінгі таңда жастар туған елден жырақта оқып, жырақта қызмет етуге талпынады. Ондағысы – жоғары жалақыға қол жеткізем дейді. Ауыл жастары жеңіл жұмысқа ұмтылады. Алайда өзің сүйіп істеген кәсіптен артық не бар?! – деді ол. Кеншінің кәсібі маңдай тер мен адал еңбек. Қауіп-қатер мен тәуекелге бел буатын кеншілер еңбегі тағзым етуге лайық. 

Ерен еңбегі кәсіпорын басшылығы тарапынан ескеріліп, айрықша марапатқа ие болды. «Қазақмыс тобы» ЖШС өндірісіне қосқан үлесі үшін 2006 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған. Ал 2012 жылы «Үздік кәсіп» номинациясы бойынша мақтау қағазы мен әкімшілік және кәсіподақ комитеті Металлургтер күніне орай құнды сыйлық табыс етіпті.  

Қанат Мұсақанұлы үйренген кәсіп, тұрақты жұмысқа қанағат айтады. Кез келген кеншінің күнделікті еңбегі еліміздің экономикасына өзіндік үлесін қосып, шикізат өндіру көлемін ұлғайтуда. Өз ықыласыңмен атқарған кәсіптің жемісі несібе. 

Ақниет ОСПАНБАЙ