Жаңалықтар

Ішкі туризм толғандырады

ашық дереккөзі

Ішкі туризм толғандырады

Қазіргі күні, әлемде туризм кіріс кіргізу жөнінен мұнаймен қатар орын алатыны белгілі.

Мысалы, Түркияда 2012 жылы 31 мил­ли­он­нан астам турист болған екен. Ал, соңғы 10 жылда Түркияға келетін туристердің саны 3 есе өскен. Егер, әр турист елге кем дегенде 1000 доллар қаражат алып келеді деп есептесек, қанша кіріс келіп жатқанын бағамдай беріңіз. Тіптен, Түркия 2014-2018 жылдары туристер санын 48,5 млн.-ға жеткізуді көздеп отыр.

Мәселен, жыл сайын Түркияға Қазақ­станнан мыңдаған туристер ағылатыны бел­гілі, айталық, өткен жылы 300 мың қазақ­стандық Түркияның аумағында демалған екен. Биылғы жылы кейбір проблемаларға (бірінші мәселе, туристерді тасымалдаушы жеке меншік түрік әуе компаниясының банкротқа ұшырауы және «Гези бағына» байланысты орын алған тәртіпсіздіктер) қарамастан бұл сан одан сайын өсе түспесе, кеміген жоқ.

Түркия туристерді несімен қызықтырады;  туристерді тасымалдауға арналған чартерлік рейстер ашылған. Ол рейстер Астана мен Алматыда және Қазақстанның басқа да қалаларында ұйымдас­тырылған.

Сондай-ақ туристерді тарту үшін «бәрі қамтылған» бағдарламасы жұмыс істейді. Демалуға келген турист үшін барлық жағдай жасалған. Климаттық жағдай қолайлы.Араб көктеміне бәсекелестер қолайлы мүмкін­дік­терін жіберіп алды.

Саяхаттың барлық түрлері жұмыс істейді. Мысалы, тарихи, жағажай, діни, тау және т.б. Қысқаша айтқанда әр туристің нені қалайтыны алдын ала зерделеніп отырады.

Визасыз режимнің болуы өте қолайлы (мысалы, Қазақстан азаматтарына 1 айға дейін виза қажет емес, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша). Әрине, олар бұл күнге бірден келе қойған жоқ.

Жалпы, көне тарихты алатын болсақ, түрік халқы жаппай қызмет көрсетумен бұрыннан айналысқан жоқ, бірақ бұл үрдіс өткен ғасырдың 80-жылдары қатты қарқын алды. Әрине, олар да шетелдіктердің, ең алдымен, немістердің көмегіне жүгінді. Инвестиция салушыларға барлық жағдайды жасады.

Енді, Қазақстанда дәл осындай жағдайды жасауға бола ма деген сұрақ өзінен-өзі туындайды?

Әрине, бұл үшін Үкімет те бизнес өкілдері де жұмыс істеп жатқаны мәлім.

Бірақ, Қазақстан өзінің бар мүмкіндігін сарқа пайдаланбай отыр.

Егер, Алматы қаласы мен оның төңі­регі халқын 2 млн. шамасында деп есеп­тесек, олардың көпшілігі, әрине, Түркия мен Қызғызстанда демалуды ұнатады, ста­тис­тикалық деректерге қарасақ, 2011 жылы Қазақстанға 1 500 000 қырғыз азаматы келген екен, ал Қырғызстанға барған Қазақстан азаматтары 3 500 000 болған. Егер, Қазақстанға келетін қырғыз бауырлар демалуға емес, жұмыс істеуге келетінін ескерсек, онда қаншама азаматтарымыз көрші елдің бюджетін байытуда екеніне көз жеткіземіз (әрине, аталған сандағы азаматтарымыздың бәрі турист болып барды деуден аулақпыз). Қазақстанның оңтүстік облыстары халқына арнап барлық жағдайды жасайтын болсақ, өз бюджетіміз молығар еді әрі жергілікті халыққа қосымша жұмыс көздері ашылар еді.

Халық саны 800 000 адамға жетті, оның сыртында қалаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан азамат­тарымызды тағы қоссақ, 1 млн. төңірегіне шығамыз. Осынша халыққа туристік қажет­ті­ліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жаса­лып отыр ма?

Астана халқы үшін ең қолайлы тынығу орны әрине Бурабай демалыс аймағы.

Астана-Шучье автобаны салынғаннан бері қатынас та жиіледі, бірақ ол қарапайым халықтың сұранысына жауап беріп отыр ма? 

Әрине, жоқ, егер, қонақүйден орын алсаңыз кем дегенде 100 доллардан басталады, ал жеке сектордан төсекжай іздесеңіз, осы көлемдегі баға ұсынысына кезігесіз. Жүріп-тұрыс, азық-түлік, тамақтану, сауық-сайран – бәрін қосқанда Түркиядағы демалыстан көп шығын шығады және сондай қаражатқа сай сервис жоқ.

Қазақстанда міне, осылардың бәрін екше­леп-текшелеп зерделеумен айналысып жатқан бір ұйым бар, ол Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарайтын «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамы.

Осы мақсатта «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамы Астана қаласының, Бурабай аймағының және Баянауыл мен Қарқаралы төңірегінің туризмін дамытудың жобасын жасауда.

Яғни, институт тек қана Астана төңірегін ғана емес, сонымен қатар Астана қаласына жапсарлас Ақмола мен Қарағанды, Павлодар облыстарының туристік аймақтарын дамытуды зерттеуді қолға алуды жоспарлап отыр.

Өткен жылы, институт 5 мастер-жоспарды әзірлеумен айналысқан болатын.

Олар: Шығыс Қазақстан облысындағы туризмді дамыту жөніндегі кластерлік бағдарлама. Кендірлі аймағы туризмін дамытудың жүйелік жоспары; Алматы қаласы тау шаңғысы аймағын дамыту жөніндегі кластерлік бағдарлама; Бурабай курорты аймағын дамытудың кластерлік бағдарламасы; және жалпы Қазақстанда туризмді дамыту мастер-жоспары.

Енді, Астананың іргесіндегі Бурабай аймағын зерттеу бойынша институттың мынадай ақпаратына тоқтала кетейік.

Бурабай ауданы Қазақстанның солтүстік бөлігінде орналасқан Ақмола облысының құрамына кіреді. 

Статистика агенттігінің деректеріне сәй­кес Бурабайға туристер саны 2005 жылы 10 000 адамнан 2011 жылы 120 000 дейін өскен. Қаржы дағдарысы 2008 және 2009 жылдары сұраныс деңгейін баяулатты, бұл ретте 2010 жылы көрсеткіштер дағдарысқа дейінгі деңгейге қайта оралды және қазіргі уақытта өсуін жалғастыруда. Бұл ресми тір­келген және қонақүйлерде тұрақтаған ту­рис­тер саны. Ал өз бетімен келіп-кетіп жатқан туристердің саны 600 000 дейін жетеді. Мәселен журналист Айнұр Қоскинаның жазуына қарағанда («Курортная зона Бурабай: реклама и реальность» атты мақала) қонақтар ең алдымен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Омбы, Новосібір, Түмен, Қорған облыстарынан келеді екен, ал өз ішімізде қонақтар Қазақстанның барлық аумағынан келетіні белгілі, дегенмен туристер арасында Астана тұрғындарының басым екеніне де өзіміз көз жеткіздік. 

Одан әрі нақтылап, сағаттық қашықтық бойынша бөлетін болсақ, Бурабайдан 3 сағаттық қашықтықта Астана мен Көкшетау қалалары орналасқанын көреміз, яғни бұл өз көлігімен жетемін деген туристерге өте қолайлы.

Көлікпен жетудің 3-6 сағаттық қашық­ты­ғындағы туристердің ең көбі Ресей аймақтары, оның ішінде Қазақстан шекарасына таяу орналасқан Омбы қаласы (халқы 1 млн. 150 мың адамды құрайды) екендігі белгіленген. Сондай-ақ, мысалы, Петропавл, Қостанай және Қарағанды сияқты Қазақстанның өзге де қалаларынан туристердің келетіндігі анықталған. 

Қазақстанның қалған бөлігінен келе­тін туристер Қазақстан аумағындағы эко­но­микалық даму деңгейі барынша Алматы, Атырау және Ақтау қалаларынан келеді екен. Бірақ, бұл жерде тікелей ұшақ қатынасының жоқтығы кері әсерін тигізеді (тек 90 шақырым қашықтықтағы Көкшетаудан Алматыға ұшақ ұшады).

Ең соңғы топқа Бурабайға Ресейдің оңтүстік бөлігінен келушілер мен өзге де шетелдік нарық аумағынан келушілерді жатқызуға болады.

Ал Бурабайға туристер табиғатта де­ма­луға, күнделікті күйбең тірліктен қашу; спорт­пен шұғылдану; қысқа еңбек демалысын жақсы өткізуге келеді.

Бурабайға және оның табиғи паркіне келуші туристердің көпшілігі өздерінің отбасыларымен саяхаттайды. Қазіргі уақытта егде жастағы туристердің мүдделері тіптен ескерілмей отыр (Еуропадағы зейнет жасындағы туристердің әлемнің көптеген елдеріне саяхаттап жүргенін өз көзімізбен көрдік).

Жалпы, зерттеу барысында Бурабай аумағы халқының туристерге деген жақсы көзқарасына көз жеткіздік. Әрине, жазғы маусымда олар да (жергілікті халық) барынша табыс табуға тырысатыны белгілі.

Ал, енді Бурабайға бәсекелестерді атап өтетін болсақ, Көкшетау ұлттық паркі; Қарқаралы ұлттық табиғи паркі; Қорғалжын табиғи қорығы; Ақкөл.

 «Қазақстандық индустрия дамыту инс­титуты» АҚ-ы тартқан THR компаниясының алдын ала мәліметтеріне сәйкес 2020 жылы Бурбайға жыл сайын 916 000 турист келеді деп болжанып отыр. 

Тағы бір қуантатыны, өз еліміз ішіндегі тұрғындардың жыл өткен сайын белсенділігі артуда. Мына бір ақпартқа тоқтала кетсек. Мысалы, 2007 жылдан бастап ішкі туристердің өсуі 6,1 пайызды құрайтын болса, шетелге баратын туристердің саны 13,3 пайызға дейін өскенін көреміз. 

Осынша көлемдегі туристерге егер, 2007 жылы 39, 2008 жылы 47 туристік компания қызмет көрсетсе, 2010 жылы 117-ден 2011 жылы 163 туристік компанияға (Ақмола облысы бойынша ғана) дейін жеткенін көреміз. Бұл ретте, жергілікті шағын бизнес те тез бейімделіп жатқанын байқауға болады, әрине ірі қонақүйлер мен демалыс орындарына қарағанда қызмет сапасы төмен болғанына қарамастан, клиенттердің сұраныстарын қана­ғат­тандыруға тырысуда. Мысалы, Бурайбай кен­тіндегі пәтерлерге қарағанда жер үйлердің артық­шылықтары да байқалуда.

 Кейбір елдерде туристерді тарту үшін ойдан аңыздар мен әфсаналар ойлап табады. Ал, біздің қазақ жері, әсіресе Бурабай жері тұрып тұрған тарих пен аңыздар елі емес пе?

Әрине, біз шағын мақаламызда бәрін қамтып шыға алмадық, бірақ қозғалыс бар, ең бастысы талап пен ізденіс те бар. 

Біздің ойымызша, туризмнің түр-түрін дамыта отырып, дәл осы Бурабай төңірегі этнотуризмді дамытуға сұранып-ақ тұр, Қазақстанға керегі дәл этнотуризм. Ал, осы этнотуризмді дамыту үшін Қазақстан қандай жолды таңдауы керек? 

Астана күнін жыл сайын тойлау ке­зінде мен «Хан шатырдың» жанындағы «Мың­жылдықтар тоғысындағы Астана» атты фестивальге тұрақты түрде барамын.

Дәл осы жерде көшпенділер өркениетінің шынайы көрінісінің бір бөлшегін көргендей боламын да ойға қаламын. Неліктен Қазақстанда этнотуризм дамымаған? 

Амандық Қорғанұлы