Жаңалықтар

КӨКАРАЛДАН ЕЛ КЕТКЕН

ашық дереккөзі

КӨКАРАЛДАН ЕЛ КЕТКЕН

Мүмкін. Тұтасып кеткеніне бүгінде біз де куә болып отырмыз ғой. Менің жергілікті бауырларым Көкаралды картада көрсетілгендей жарты арал деп атаған емес. Олар атамекенін Көкарал түбегі дейтін, кей-кейде түбек деп айта салатын. Өзі де тура түбекке ұқсайтын. Мен бабамның жұртына кеп отырмын, Сөндірді екен бұл ошақтың отын кім? Осы жерде сыр шертіскен жандардың, Енді қайтып келмесіне өкіндім...

Расул ҒАМЗАТОВ

Заманында сол түбектің бірінші басында Аққұм, екінші тұмсығында Ауан ауылы болды. Екі аралық көз шамамен жетпіс, ені жиырма шақырым-дай болатын шығар. Мен бұл ыңғайда теңіздің қанасына сыймай шалқып-тасып жатқан кезіндегі Көкаралды айтып отырмын. Ал сонау ұлы құрлықта-ғы Ақбасты ауылы мен Ауандағы ауылдың арасын бір кезде көл айдыны бөліп жататын. Оның шет жағасын бала кезімізде біз де көріп қалдық. Кейін теңіздің деңгейі ортайып жұтауынан Көкарал түбегі біздің көз алдымызда Ақбасты жерінен басталатын ұлы құрлықпен енді ажырамастай болып тұтасып кетті. Тек Көкарал деген аты ғана қалды. Бұрынғы шекарасы көзден ғайып болған, жерінің бет бедері өзгерген. Бүгінгі Көкарал ‒ баяғы Көкарал емес. Құлазыған шөлстанға айналған. Біз сол Көкаралда туып-өскенбіз. Көне жазбалардан әредікте бір кездесіп қалатын там-тұм деректерде Арал мен Каспийді қайтқан мұхиттың қалдығы деген. Біздің жыл санауымыздан бұрын өткен беймағұлым заманда дәйектелген деректе сол мұхитты «Тетис» деп атаған. Рас та болар, Арал теңізінің арғы жасы 30 миллион, бергі жасы 12-15 мың жыл деген де ғылыми болжам бар ғой. Жарықтық-ай, бұл не көрмеген теңіз десеңші. Ерте дүниеде оның «Сармат теңізі», «Көк теңіз» деген де аты болған. Ал біз жарық дүние дидарына Арал теңізі деп аталып болған кезде келіппіз. Жастық шақта көзіміз көрген аталарымыз осы Көкаралға жеті ел келіп, жеті ел кеткен деп отырушы еді. Айтуларында, Арал теңізі бір бүгін емес, біздің дәуірімізге дейін де талай рет тасып, талай рет құрғап қалғанға ұқсайды. Дегенде, ақылға салып көрсек, озалда бар теңіз қалай жоқ болып кетеді?! Ал құрғап кеткеннен кейін қалай буырқанып қайтадан тасиды?! Шамасы, жобалауымда, сонау ғарыш тұңғиығында Ай бар, Күн бар.  Жер жарықтық солардың ықтиярында ғой. Адамның күні адаммен дегендей планеталарды да бір-біріне жіпсіз байлап қойған ғой. Айталық, Айсыз, Күнсіз Жерде тіршілік болмас еді. Асылы біз тұңғиық тылсымның қай құпиясын білгендейміз. Білетініміз ‒ бүгінгі көзіміз көріп отырғаны. Соңғы жылдарда теңіздің жалаңаштанып қалған ұлтанынан қадым замандағы ақар-шақар қаланың қирандылары табылды. Тылсым табиғат осы теңіздің бір кезде құрғап кеткенін, кейін  жылдар өте келе қайтадан керемет бір күшпен тасығанын бізге қолмен қойғандай тағы бір айғақтап берді. Ал Аққұм, Ауан, Ақбастыда ғұмыр кешкен көнекөздерімізден жадымызға жазылып, құлағымызға сіңіп қалған дерек: бұл теңіздің соңғы тасуы Ресей патшалығы тұсында болған екен.  Ұйқыдағылар шыңырау түнде құдды Жердің жүрегі жарылып кеткендей аса зор гүрілдеген қорқынышты дыбыстан шошып оянып, тасқыннан беталды үркіп қашқан. Сол дүрлігісте көптеген ауылдар қас-қағым сәтте қора-қопсыларымен қоса суға кетіп, қарық болған. Біраз жұрт шейіт кеткен. Асылы, теңіз өзінен-өзі құрғамас, өзінен-өзі тасымас. Тегі әрбір кезең-кезеңде әрқилы себеппен бірде тасып, бірде қайтып тұратын шығар. Мысалы, осы теңіздің біз куә болған соңғы қайтуы қос дарияға бұғалық түскеннен болды ғой. Ауыл-ауылда күні кешеге дейін айтылып келген бір әңгіме: жел жоқта теңіз айдыны Күн астында жарқырап,  тып-тынық тыныстап жататын кездерінде балықшылар небір ғажап көрініске жолығып жүрген. Тал түсте тынып тұрған  теңіздің астынан ұзын су көкке тікесінен шырқап шығып, со күйі барып-барып тұрып қалады екен, құдды айдын шалқардың үстіне орнатқан ақ бағана сияқты болып. Солай бір сәт тұрып-тұрып, қайта шегініп кететін көрінеді. Осы құбылысты теңіздің әр-әр жерінен әркімдер-ақ байқаған. Біздің кіндік қанымыз тамған сол Көкарал түбегі мен аудан орталығы Арал қаласының ара қашықтығы теңіз бетімен ‒ 90 шақырым. Бабаларымыз осы алақандай түбектің қойын-қолтығын тегіс жайлаған. Аққұм мен Ауанның арасында ат қойып, қазық қағылмаған жер қалмаған. Ұзын саны жүзге барады. Бабаларымыздың бұл түбекті атам заманнан қоныстанып, ірге бекіткенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Айтушылар осынау оңаша қойнауға алғашқы қаданың қағылғанына екі жарым ғасырдан да арыда дегенді меңзейді. Иә, бұл түбекті уақытында кімдер жайламаған. Талайлар игілігін көрген. Үркіншілік пен босқыншылыққа душар болған аумалы-төкпелі кезеңдерде осы түбек талайларға пана болған. «Көкаралда су ақпайды, балық ағады» деген нақыл сол бұлғақ кезеңдерде айтылған. Берідегі бір айғақ: Қазақстан байтағын ашаршылық жайлағанда Арқа жерінен ауғандар Қарақалпақстанға осы түбек арқылы асқан. Ал батыстан босқан төртқара ағайындар да теңіздің арғы бетіндегі дария аяғына осы Көкарал арқылы өткен. Содан Сырдарияның атырауына орнығып қалған. Менің әкемнің енші алғанда қам кесектен салып алған үйі «Қармыс» деген қорымның іргесіне жақын еді. Сол жер Қармыс аталып кеткен. Бүгінде оны құм жұтқан. Қармыс есімді кісіні төртқаралардан шыққан билердің бірі болған деп айтады. Бәйімбет бабамыз аталарымыздың айтуында мықты болғанға ұқсайды. Кіші жүз ханы әрі қолбасшы Әбілқайырдың сенімді серіктерінің бірі болған көрінеді. Жаугершілік заманда бірге туған үш арыс ‒ Бәйімбет, Көлімбет және Құлымбеттің ұрпақтары жан-жағын тегіс теңіз қоршаған осы Көкаралды паналаған екен. Содан уақыт өте келе үш атаның ұрпағы алақандай жерге сыймауға айналған. Өзара келіссе керек, көлімбеттер мен құлымбеттер бұл жерден түп көтеріліп көшіп кеткен. Ал Бәйімбет бабамыздың үрім бұтақтары осы түбекте орнығып қалған. Әлбетте бәрі емес. Ал біздің жарық дүниеге келген шағымызда «Аққұм» ауылы Ленин атындағы колхоз орталығы болатын. Есіміз кірген кезде білгеніміз, осындағы бәйімбеттердің бар тапқан-таянған ырыс-несібесі большевиктер өкіметіне бұйырыпты. Бұрын патшалықтың дәргейінде болса, енді елді коммунизмге жеткізбекші болған әпербақандардың құзырына көнген. Ендігі күндерін солардың айтқанымен жүріп, айдауымен өткізген. Біз есейіп, ат жалына жармасып талпынған кезімізде Аққұмдағы отбасы саны жүзге жетпейтін. Қанатын кеңге жайып, іргелі қонысқа айналу орнына біртіндеп кеми берген. Жөргегімізді теңіздің тұзды суына жуып шомылдырған, алды-артымыздан демеп ержеткізген сол ауыл енді жоқ. Тек жұрты ғана қалған. Түбектің соңғы тұрғындары бейіттерді байғыздар мен күшігендерге қалдыруға ырықсыз мәжбүр болып, өздері елден ел асып,  жөн-жөніне кеткен. Бұл күнде олардың бірі ойда, бірі қырда жүрген немерелері мен шөберелері бір-бірін танымайды. Бұл ұрпақты біз де танымайтын кезеңге келдік. Олар да ата қоныстан көз жазған. Парыз бен қарыз деген бар. Бізден кейінгілер ата жұртынан адаспасын,  кімдердің кім болғанын біле жүрсін деген перзенттік ниетпен санаға салмақ салып, ой түбіне бойладық. Бұл ыңғайда көзі тірілерден әуелгі ауыл мен кейінгі колхоз тарихынан маған баяндап бере алатын кімдер қалды дегенде, жасы сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға қарай ат аяңдата бастаған Жарменұлы Ердіқалық нағашыма тоқтаған едім. Бұрынғының адамы, екі патшалықтың куәгері, колхоз өміріне  қашан тарап кеткенше араласқан еңбек ардагері. Бұл хикаятты сол кісіден жазып алып қалған едім. ‒ Көзімізді тырнап ашқалы көргеніміз осы түбектің жері, суы, ‒ деп бастады Ерекең әңгімесін. ‒ Басқа тарапқа мойын бұрмаппыз да, ұзап шыға алмаппыз. Ата-бабаларымыздың ен жайлаған қара көңінде бейнетке белшемізден батып ғұмыр кешіппіз. Арғы заманда күллі Бәйімбет болып осы түбектің Домалақ, Есбол, Айтқұл, Қармыс, Аққұм, Қарабауыр, Қаратөс, Қарабасат, Сарының басаты, Ащықұдық, Айдарлы, Аралқора, Ақсай, Құмсай, Тұз, Өтеулі, Қотан, Сарышоқы, Палуан, Дәуіт, Өндір, Аяп, Тары, Айтұяқ, Қаражыңғыл, Айғара, Керік, Сарша, Қозыбақ, Аққұдық, тағы-тағы жерлерінде, айта берсем көп қой, ауыл-ауыл болып отырған. Мал баққан, әремдеп бақша салған, мөлдектеп егін еккен. Үргенішке керуенмен барып, астық қатынатқан. Мына шеті Шалқар, Ырғыз, Жем, Жаман қалаға дейін мал айдаған. Орынбор барып базаршылайды екен. Аяп, Айтқұл, Айғара, Есбол, Дәуіт, Қотан, Сарының басаты, Өтеулі деген жерлер сол аталарымыздың атымен аталып қалған. Мысалы, Дәуіт ‒ сенің бесінші атаң болады. Сол аталарымыздан кейінгі біздерге: Құламан жер бөледі басын бастап, Есбол би соңына ерді сөзін қоштап. Көп боқан Домалаққа қонып алды, Медетті Өндірдің өкпе тұсына тастап… ‒ деген бір шумақ өлеңі жеткен деп Ерекең кеңкілдеп күліп алды. ‒ Құламан ‒ торжымбайдан шыққан болыс, Есбол ‒ бәйімбеттің биі болған, Медет ‒ Толыбай бидің баласы. Әне, шырағым, солардан қалған Көкарал бізге, бізден сендерге бұйырған. Енді кімдерге бұйырарын бір Алла біледі… Рас айтады, кешегі қан шең­гелдеген большевиктердің аламан-тасыр кезеңіне дейін Көкаралды мекендеген бәйімбеттер жағасы жайлауда, етегі қыстауда дегендей, жалпағынан жайылып жайбарақат ғұмыр кешкен. Бұл өңірде жұт та, ашаршылық та болмаған. Суы, шөбі, ауасы, топырағы таза қоныстарда жан саны да, малы да өскен. Мысалы, Көкаралдың мына басы Аққұм, ана басы Ауан, одан әрі қыр беткейдегі Ақбасты, Құландыға дейін қоныстанған Бәйімбет, Торжымбай, Қабақ тайпаларында ақтар мен қызылдардың жойқын талапайынан, дәулеттілердің малын тәркілеп, өздерін жер аударғаннан, қорқытып үркітуден алды-артына қарамай бас сауғалап қашқан-пысқандардан қалған үй саны бес жүзге дейін жеткен екен. Ерекең: ‒ Қарағым, Алла бірін жал­ған айтқызбасын, бұл Бәйімбет қауымы иманға ұйыған ел еді, ‒ деп әңгімесін сабақтай түсті. – Біздің бір Аққұмның өзінде үш мешіт болды. Ақсайда Жанияз ақынның, Қармыста Қоспай ишанның бері­де Әйімбет мақсымға ауыс­ты/, Аралқорада Әлденияр ақын­ның мешіті. Жарықтықтар, ұл-қыз демей біздің бәрімізді оқытып, намазға жықты. Жалпы Совет заманына дейін Көкарал жұртының іргесі сөгілген жоқ еді. Герман ‒ совет соғысы қалай басталды, солай оңбауға қарадық. Төрт жылға созылған соғыс қолдағымыздың бәрін тонап, шаруамызды шайқалтып кетті. Оған теңіздің тартылып қайту әлегі қосылды. Содан қанша тырбансақ та, түзеле алмадық. Сонымен елдің күйі тайып, ауру-сырқау көбейді. Біз қол-аяғымыз балғадай апылатын болып өскен едік. Өмірімде ауырып ем іздеген жан емеспін. Ас-судың таза болғанынан ғой, қарағым. «Ауру ‒ астан және настан» демеп пе еді бұрынғылар. Айтпақшы, Ыбыраштың бір өлеңі бар еді. Балдар айтып жүретін.  Көшіртіп алып едім, бір керегі болар деп. Соны саған басыбайлы берейін. Бір керегіңе жарар. Ол да нағашы жұртыңнан ғой, ‒ деп тыныс созған Ерекең құбылаға жығылудың қамымен орнынан тұрып кетті. Ыбыраш Құлманұлы ‒ Ерекеңнің немере інісі, соғыс және еңбек ардагері. Қырық жыл бастауышта бала оқытқан. «Шабыты келгенде» қарап жүрмей, ол да  қағаз қаралағыш көп өлеңшінің бірі болыпты. Онысына Көкарал жұрты таңданбайды. Біз білерде бір Аққұмның басында Келімбердінің Құлжаны, оның інісі Смағұл, бел баласы Кішкене, Бораштың Төлеуі мен Аймаханның Төлеуі, Әсенұлы Рахыш, Мысатайұлы Құлмұрат, Тасқынбай баласы Әлшүкір сынды өлеңшілер болды. Әлшүкір атамыздың бір батасы бір батасына ұқсамайтын. Табан астында төгіп-төгіп жіберетін. Бірақ тағдырға не деріңіз бар, бұлар ақын болуды мұрат тұтпаған. Енді бүгінгі темірқанат жас буынның қатарында қағаз қаралап жүргендерден кім барын білмедік. Бір анығы: қазақта қашаннан әр ауылдың өздеріне боларлық өлеңшісі болған, алдағы уақытта да бола бермек. Ыбыраш ақсақалдың «Туған жер» деген бұл өлеңі жүз жолдан асады екен ‒ 28 шумақ. Ерекең намазын қайырып келгесін өзіне оқып бердім. Сол өлеңнен мына бір үзіндіні ойып алған едім. …Жайлауға жазда көшіп кететұғын, Мұғалжар, Бершүгірден асатұғын. Қыстауға Көкаралға қайта келіп, Аққұмға мұз үстімен өтетұғын. Әр ауыл өзінің кеп жерлеріне, Жайғасып үй тігетін көңдеріне. Соғымға деп арнаған малын жығып, Ың-шыңсыз жүретұғын жөндеріне. Барлары шын көңілмен қарасатын, Жоқ-жұқа бірлі-жарым кемдеріне. Уайым-қайғысы жоқ, көңіл тыныш, Саламат-сау болатын дендері де. Жыл келіп мың тоғыз жүз он алтыншы, Халыққа болды нәубет әбігершілік. Айналып оның арты төңкеріске, Қиындық заман туды күнкөріске. Шек қойып шаруаның жағдайына, Сор болды баққан малы маңдайына… ‒ Дұрыс айтқан! ‒ деді Ерекең шамырқанып. ‒ Сондай бір заман бас-талды. Беті қатты большевиктер елдің апшынын қуыра келді. Ауқаттыларды қан қақсатты. Сарышоқыны жайба­рақат жайлап отырған, мың қой айдаған Жиесұлы Иса атамызды бала-шағасымен Қарқаралы асырып жіберді. Дінге тыйым салғасын молдалар бас сауғалап кетті. Жаңа өкіметтің беталысынан шошынған ағайындар Көкаралдан жан-жаққа тым-тырақай тырағайлап бытырады. Сол тұста Аққұм мен Ауанның аралығында үш жүз алпыстай үй бар еді, бәйімбеті мен торжымбайын қосқанда. Солардың төрт түлігін бір орталыққа деп сыпырып алды. Онымен халықтың жағдайы оңалмады. Шолақ белсенділер бабаларымыз ғұмырында есітпеген артель, мойынсерік дегенді жалаулатты. Байларды кедейлерге, әйелдерді еркектерге теңестіреміз деді. Онымен теңеспеді, теңестіре алмады. Мал ‒ қазақтың құты екен ғой, қарағым. Малынан айырылған ағайын артель қашан колхозға айналып, ауызы аққа тиіп шыр біткенше, ел іші едәуір күйзелді. Біздің аталарымыз балықты қалай аулауды білгенімен түпкілікті кәсіп етпеген. Малымен бола берген. Өкімет ауыл-ауыл болып отырған ағайынды Аққұмның басына қоныстандырып, артельге ұжымдастырды. Артельді әуелі /1928 жылы/ Аяп атамыздың Өрекеші, сосын Жиенқұлдың Қазыбайы басқар-ды. Кәсіп ‒ балық аулау. Артель 1930 жылы колхозға айналды. Аққұмда Ленин, Ауанда Сталин атындағы колхоз болдық. Аққұмның колхозын сол отызыншы жылдан алпыс екінші жылға дейін (колхоздың тараған жылы) менің жадымда қалғаны ‒ 16 адам басқарыпты. Солардан Смағұлов Сұлтан елді ел етіп кетті. Бізге Астархан жағынан жіберген. Көзі ашық, көңілі ояу азамат оғадан іскер де екен. Сөйлер сөзге келгенде орысыңды жаңылдырады. Біздің көзімізді ашқан ‒ сол Сұлтекең. Біз дегенде қабағы қату өкімет Көкарал жеріне жиырманың сегізінші жылынан бастап жер аударылған дәулеттілер мен қаралай жазықты болған басқа нәсілділерді жауып жіберді. Орыс, поляк, украин, белорусь, неміс, татар, қалмақ, кәріс, қарашай, түрік, шешен, эстон, болгар, латыш… Сұлтекең олардан да қамқорлығын аямады, бәрін бір ауылдың адамдарындай ұйыстырып, құрылысқа салды. Көше түзеп тұрғын үйлер, колхоз, трес, ауылдық совет кеңселерін, кітапхана, клуб, бастауыш мектеп, наубайхана, дүкен, пошта, балықты сұрыптап өңдейтін лабаз, ішіне түйелермен мұз таситын алапат кең мұзқала /бұған жазда балық сақтайды/, кемелер тоқтайтын плотқа дейін өзі бас-көз болып жүріп салдырды. Мұндайды біз бұрын көріппіз бе?! Соның бәрі Көкаралдан ел кеткенге дейін міні құрамастан тұрды. Колхозды Сұлтекеңнен кейін басқарғандар дайынға ие болып отыра қалғандар. Ақырында соның бәрі бір күнгідей болмай қиратылып, тып-типыл болды ғой… Қарағым, бұрынғылар «апат айтып келмейді» деуші еді. Теңіздің тартылып қайтуы ‒ бізге айтып келген апат болды. Теңіз ‒ күнкөрісіміз, балық ‒ байлығымыз болатын. Жағалау көз ұшына кеткесін біз орғыл құммен алысып айдалада қалдық. Кәсіп тоқырады. Не істерімізді білмей әрі-сәрі күйге түстік. 1969 жылы Аққұмда қырық-елу шамалы үй қалды. Жетіжылдық мектеп бастауышқа айналды. Сол тұста аудандағы балықшы колхоздарды тарату науқаны басталып та кеткен болатын. Ұзын саны жиырма шақты шаруашылық еді. Бәрінің шаңырағы опырылып, жұрты қалды. Бізге де пәрмен келді. Ленин колхозы туын жықты. Бір күндері болғанда Құланды жылқы зауытынан жіберілген жұмысшылар ауыл орталығының бұрау ағашына дейін қалдырмай бұзып әкетті. Көрген көзде жазық жоқ, орталықтың сапалы салынғандығы сондай, бұзғандар әбден қиналды. Бәрінен де мызғымастай етіп салынған мұзқаланы бұзу оңай болмады. Апыр-ай, ақар-шақар ауылымыз көз алдымызда қиратылып жатқанда, денең тітіркеніп, аза бойың қаза болады екен… Қарағым, оның айтатыны жоқ, туған ауылдың қара көңін қимағанмен, амал жоқ, көтерілуге тура келді. Ең соңғы көш жетпіс төртінші жылы қозғалды. Хрущев қасқа халықты коммунизмге жеткіземін деп бөсіп еді. Жеткізу қайда, өзі басымен қайғы болып кетті Алла өзі кешіргей, айдың-күннің аманында дүйім бір теңізден айырылу деген не сұмдық?! Айтпайын-ақ дейсің, бірақ шыдамайсың. Теңіз баяғы қалпында тұрса, мен  ата-бабамның қара көңінде қартаймас па едім… Қайсыбір жылы Қуанышбай балам Көкаралға алып барған, алабас айналып. Қорымдарды жағалап мінажат еттік. Балалар кіші Аралға шомылып, асыр салды. Мен Көкаралға ел енді қайтып келер ме екен, келмес пе екен деп уайымдаумен болдым. Жер бедері қатты өзгерген. Баяғыда аунағаныңда үстіңе жұқпайтын шеге құмның суы жарты құлаштан-ақ шым-шым шымырлап шыға келетін. Су болғанда қандай, ақ құмның сүзгісінен өткен балдай тәтті су еді ғой. Сол су жоқ. Теңіз қайтқасын жер түбіне шегініп кеткен… Көкарал, адыра қалғыр жердің тары, Жаз болса көшіп шығар елдің бәрі. Басына Домалақтың қонып алып, Шаңдағын шығарады Боқан, Сары… ‒ деген Құлжанның бір қайырмасы бар еді. Жарықтықтың лепесі қабыл болған-ау деймін. Көкарал шынымен елсіз, күнсіз адыра қалған екен құлазып. Мен соны көріп қайттым. Бұлай боларын кім білген, өңіміз тұрғай түсімізге де кірмеген… ‒ деп ауыр күрсінген еді сонда бұрынғы өткен могикандардың соңғы тұяғы. Иә, бір кезде сол Көкарал жерінде ақар-шақар ел болған. Дәурен сүрген. Балықшы жұрт бейнеттен көз ашпаған. Коммунизмге жету жолында жанын да, малын да құрбан еткен. Соғысқа барын беріп тұралап қалған елдің тұрмыс күйі алпысыншы жылдарға қарай ХХ ғасыр түзеле бастап еді. Оның аяғы тоқырау болды. Тоқыраудың ағымы құлдырау болды. Сол тоқырау мен құлдыраудың әлегінен теңізі қайтып, елі кеткен. Содан бастап өткен өмір, сүрген дәурен ертекке айналып, жер жүзіне аңыз болып тарап кеткен. Көкаралдағы «коммунизм құрылысшыларының» ақыры осылай болған. Ендігі үміт ‒ Кіші Аралда. Бұрынғы теңіздің солтүстік бөлігін енді осылай атайтын болдық. Солтүстік бөлігі дегеніңіз баяғы толық теңіздің үштен біріндей болатын. Ал бұрынғы теңіздің үштен екі бөлігі, яғни оңтүстік айдыны Қарақалпақстан мен Түркіменстан жағында. Оны енді үлкен Арал дейтін болдық. Теңіз тағдыры ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары осылай шешілді. Баяғыда Аралдың оңтүстік айдынына жойқын ағысты Әмудария құятын. Оның суы Сырдарияның суынан екі есе артық еді. Бұл күнде құя ма, құймай ма, білмедік. Осы екі ұлы дария ‒ Әмудария мен Сырдария екеулеп теңізді сақтап келген еді. Баяғы Арал теңізінің оңтүстік бөлігі ойпат, солтүстік айдыны биік болатын. Осы биік бөлігінің суы теңіз деңгейі ортайып қайтқан кезде ойпатқа қарай құлаумен болды. Содан солтүстік Аралдың орны жұтап қалатын болғасын оңтүстік пен солтүстік бөлігі шекарасынан Көкарал бөгетін салуға тура келді. Амалсыздан ғой. Қазіргі кіші Аралды амалдап ұстап тұрған осы бөгет. Бірақ бұл тоспаны салуда қателік кеткен. Солтүстік теңіз акваториясын баяғы қалпына жеткізу үшін ендігі тереңдігін 46 метр деңгейге көтеру керек болып тұр. Басында бөгетті жобалаушылар екі нұсқа ұсынған: 42 немесе 46 тереңдік деп. Бөгетті саларда Ресейден шақырылған мамандар 42 мерт тереңдікті құп көрген. Сонымен көпір сол жобамен қарайтылды. Бірақ тоспа біткелі көпірдің астындағы қақпалар аңқиып ашық тұр. Себебі, ұзыны 13-14 шақырымдай бөгетті су басып кетіп, қыруар еңбек босқа кететін болды. Содан да қақпаларды амалсыз ашып қоюуға тура келген. Енді бұл күнде Сырдариядан жіберіліп жатқан су қақпалар арқылы иен далаға тоқтамастан зырқырап ағып жатыр. Сумен бірге балықтар да жөңкіліп кетуде. Оны балықшылар мен браконьерлер үлгіргендерінше аулайды. Аулауға ілікпегендері ит пен құсқа жем болып рәсуа болуда. Нақты дерек: өткен 9 жылда теңіздің солтүстік бөлігіне Сырдариядан 64,3 текше-шақырым су жіберілген. Содан 24,5 текше-шақырымы ғана кіші Арал акваториясында қалған. Басқасы құла түзге кеткен. Шығын ба? Шығын! Бөгетті салудың бірінші кезегінің біткеніне жеті жыл. Енді екінші кезегі  сәтті сағатын күтуде. Қашан басталады? Оны мәртебелі Үкіметіміз біледі. Ал біз тезірек басталғанын күтудеміз. Тек көңілдегі күдік: бір жұмыс ‒ екі жұмыспен бітсе жақсы. Ал картадағы Арал теңізінің енді бұрынғы қалпына келмейтіні бүкіл әлемге мағұлым болды. Қалпына келтіру үшін оңтүстігі мен солтүстігіндегі қос дарияны бұғалығынан босатып, еркіне жібе-ру керек. Бірақ олай ету мүмкін емес. Сондықтан ғой, үмітімізді кіші Аралға артып отырғанымыз. Қайтеміз, соған да қанағат.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері