Жалған мен жалғыздық жыршысы
Жалған мен жалғыздық жыршысы
Оралхан Бөкей – қазақ сөз өнеріне емеурінге толы ырғақты, сентиментализммен астарласып жатқан романтикалық сарынды әкелген, психологиялық ой ағымына құрылған лирикалық желіні көркем жүйе ретінде ұстанып, шығармалары арқылы мүлдем тосын көркем әлемді қалыптастырған жаңа тұрпатты (новатор) жазушы. Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт категориясын табиғи тұрғыда емін-еркін алмастыра пайдаланып, соны көркем ырғақ пен емеурінге ұйытқан, сол арқылы шығармаларына заманауилық әрі замандық сыпат берген, сонымен қатар өзі өмір сүрген уақыттың көңіл-күйін кешегі заманның ауанымен әлдилеген, екі дүниені тең екшеп, екіұшты сезім арқылы қиялыңды тербеп, ойыңды баураған, қалайда, көңіліңе мазасыздық әкелетін көркем жүйе – оның басты шығармашылық ұстанымы болды. Заман ығына жығылмай, тасада ықтамай, ықтасыннан атып шығып, оқыстан кеудесін желге төсеп тұра қалатын, оқыстан ағысқа қарсы жүзетін, оқыстан сең мен көшкінге қарай ұмтылатын мінезді кейіпкерлер әлемі оның өзінің де жазушылық мінезін танытатын.
Оралхан Бөкейдің бас асауы басылмаған өр мінезі, үнемі бұлқынысты қимыл жағдайында бейнеленген көркем әлемі, тылсымы мен тынысын ішінде ұстап, булығып, қиялданып жүретін көркем кейіпкерлері ақыры оны жан «Айқайына» алып келді. Жазушының заман сарынын, көркем түйсігі мен уақыт шындығын «көкірек көзімен» (Абай) көре білгені сондай, «Айқай» мен «Атау-кере» хикаяттарындағы бостандық рухы еркін елдің тізгінін ұстауға ұласты. Үнемі булығып, жан бостандығы мен бас бостандығына аңсайтын Ақпан («Мұзтау»), Нұржан («Қар қызы»), Тасжан («Мынау аппақ дүние»), Ақан («Бәрі де майдан»), Тасжан («Жетім бота»), Таған («Атау-кере»), Оспан («Өз отыңды өшірме…») бейнелерінің басты аңсары да рухани тәуелсіздік болатын.
Жазушының шығармаларындағы осынау бір үзілмейтін аңсардың астарын өз ортасы да, шетелдік әдеби қауым да, оқырман да үнсіз түсінді. Сондықтан да болар, Оралхан Бөкей, өз тұсындағы қазақ қаламгерлерінің ішіндегі шығармалары шет тіліне ең көп аударылған әрі сол тұстағы әдеби аңсарға өзінше бағдар берген нысаналы жазушы болды. Оның шығармашылық өмірбаянының басталғанына жарты ғасыр, дүниеден озғанына жиырма жыл өтсе де, қазақ әдебиетінде сол аңсардың орынын толтырған құбылысты көркем әлем әлі нышан танытқан жоқ. Мүмкін, ол әлем, жазушының мынау «аппақ дүниедегі» өз орыны сияқты ойсырап тұруы да мүмкін. Сонысымен де Оралхан аяулы, сонысымен де Оралхан сөз өнеріндегі жасынның суымен суарылған құдіретті талант иесі болып қала береді.
Таланттың қыры мен сыны, сыры мен сымбаты, яғни, дүниені көркем қабылдау әсерінің қалыптасуы, көркем пайымдауы (көзқарасы), көркем бейнелеуі – суреткерлік мінез арқылы танылады. Оралханның өзі де, шығармалары да мінезді еді. Өзінің кіді мінезі әкеге тартса да, оның көркем шығармаларының мінезі – табиғатынан егіліп туған есіл сөздің иесі Күлия анасының жандүниесімен жалғасып жататын. Егіліп, есіліп, шалықтап, шарықтап, қиял мен қиялидың арасында өзі айтқандай «ләухи» боп өмір сүрген, сағымдай мұнарланған кейіпкерлердің толғанысы – күліп отырып жылап жіберетін, жылап отырып күліп жіберетін, озан дауысты, мұңлы сарынды Күлия шешесінің ағынан жарылған ағысты әлдиінің әуенін еске салатын. Тіпті оның үлкен әдебиеттегі мінезі де өзінің талант тұсауын кескен, Семейдегі шығыс өңірі жас жазушыларының семинарына көркемдік жетекші болып келіп, ешкімге белгісіз Оралхан Бөкеев атты бұла жігіттің талантын әуелете асқақтатып, «Ғайни» деген шағын әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған Сәкен серіге (Жүнісовке) ұқсап кететін бас асау тұстары аз емес еді. Сол шағын шығарма «Шұғыла» мен «Сарыарқаның жаңбырының» жолын ашты. Ол сол үш әңгімесімен әдебиетке екпіндеп кірді де, қашан көзі жұмылғанша арыны басылған жоқ.
Ол – жалпы әдебиет әлеміне романтикалық-сентиментальдік ағымды реализмге теліген, Антуан сент де Экзюпери, Ясунари Кавабата, Джером Сэлинджер сияқты бірегей суреткерлер қатарындағы талант мінезінің бір ашылған, бір қыры құпия күйін сақтап қалған тұғырлы да, тылсым тұлға болып саналады. Оның адамдық мінезі де, қаламгерлік қыры да, өзі ең жақын тартқан етбауырларына да толық әдібін жазбай кетті. Оралханның жақын да жат, кейде ыстық, кейде жатбауыр кейіпкерлерінің ішкі әлемі сол қыртысы тегістелмеген күйі бүгінгі күннен аттап, ертеңгі күнге бел асып барады. Мұнда Оралханға театр факультетінің табалдырығын аттатқан актерлік қабілетінің де сыбағасы бар.
Оның көркем әлемі – мәңгілік аңсарлы әлем. Экэюпери – аспан әлемін, Кавабата – Фудзияманы, Джером Сэлинджер – бозбалалар әлемін қалай дүние оқырмандарының аңсарына айналдырса, Оралхан Бөкей – Алтайды, Өр Алтайды сондай нысаналық бейнеге айналдырды. Оның шығармаларындағы Алтай – тек алыстан ағараңдап, бір шөкім бұлт құсап бұлаңдаған Ақсөре (Мұзтау) ғана емес, ол – иман мен адамгершіліктің, пәктік пен тазалықтың, жігер мен ерліктің, өрлік пен еркіндіктің Ақсөресі – өлшемі болды. Оның барлық кейіпкерлері үнемі сол шыңға ұмтылу, жету жолындағы арпалыста суреттелуінің астары сонда. Тіпті құм мен теңіз туралы туындыларының өзінен де Алтай мен Ақсөренің рухы танылып, кейіпкерлері биікке ұмтылып тұрады. Ол өзінің жеке өмірінде де, шығармаларында да Алтайды жырлап өтті және санасы мен кеудесін керген Алтайға деген сол сағынышы басылмай кетті. Алтай – Оралхан Бөкейұлының жалғыз ғашығы, жалғыз және ең басты кейіпкері болып қалды.
Алтайдың асқақ Ақсөресі (Мұзтау) – ол үшін мәңгілік мұрат пен аңсар нысанасына ұмтылған, аспандағы бұлтқа сауал қойған мұңлы әрі қиялилау, санасы мен сезімі қосарлана булықтырған шақта құмығып барып тосын қимылға баратын, Бұқтырмамен, яғни, заман ағысымен салынды болып кетпей, өрге ұмтылған шарасыз момындардың рухани мәресі. Оның алғашқы әңгімесіндегі қаяу көңілді Ғайни ғана тау қойнына тығылып ұятына ұя табады. Ал қалған туындыларының барлығындағы желі табиғаттың, яғни, Алтайдың баурынан басталып, заман аңғарымен Ақсөреге – Мұзтауға қарай бет алып бара жатып, өрге өршелене ұмтылып, көктемде өзенді бойлап барып, уылдырығын шашып, мерт болатын көксерке құсап, не найзағайдан, не бораннан, не сеңнен, не селден, не көшкіннен, не өзен тасқынынан тосқауылға ұшырайды. Бұл тек тағдыр мен табиғаттың ғана тосқауылы емес, заманның тосқауылы болатын.
Оралханның емеурінсіз, астарсыз, өткен заман мен өз тұсындағы қысымы басым кеңістік пен өмірді салыстыра меңземеген: Терісаққан неге теріс ағады? Терісаққан Есілге құяды. Есіл қайда құяды. Шіркін, Есіл Терісаққанға құйсашы – деген іспетті екіұшты ойға қалдырмайтын бір де бір шығармасы жоқ. Ол осы екіұшты көркем емеурінімен де қазақ прозасына соны бетбұрыс әкелген «Сарыарқаның самалы», «Қамшыгер», «Бура», «Ардақ» сияқты алғашқы әңгімелерімен шығармашылық даралыққа ие болды. Мұндағы сентиментальді-романтикалық сарын мен себепсіз шалық (пафос) астаса келе сөзсіз, ыммен ғана қазақ ұлтының тауқыметті, кейде үмітсіз тағдыры туралы мұңлы сезім татын тұщындыратын. Расында да, неге Терісаққан? Теріс ағып тұрған заман ағысы емес пе. Есіл – Обьқа, Обь – мұхитқа құяды. Демек, Терісаққанның сусырап жатқан қазақ сақарасына тамшысы тамбайтынын меңзеп отыр ма? Бура поезға келіп соғылып өледі. «Заман қарайғыры даланың бурасын таптап кетіп барады» – дейді. Сонда Бура – қазақ ұлты да, поезд – отаршыл империя ма. Күнәсіз, қиянаттан хабары жоқ, жаны да, тәні де пәк Ардақ қыз неге қара күштің құрбандығына шалынады. Мына қамшыгер социализм заманында неғып шекара аттап жүр. Қаруын неге іздейді. Неге: Бәрін де «өткеннің садағасы» – деп мына заманға жеріне қарайды?
Иен далада киесінен айырылып, иесіз ағып жатқан Терісаққан, иесі мен киесінен қоса айырылып, ызадан булығып, кетіп бара жатқан поезды соққан Бура, мысы мен мекенінен адаланған, қамшысының ұшымен киесін қайтарғысы келіп жүрген Қамшыгер (кейіпкердің атының өзінен саяси емеурінді астар іздеген баспа редакторы оның есімін Садақбай деп өзгерттірген), киесінен де, есінен де айырылған, тәнін тілгілеп кеткен жауыздықтың не екенін білмеген Марқакөлдің Ардағы (мұнда Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегінің ұзын сарыны бар), елінен де, жерінен де, баласынан да айырылып, Ай мен дала ғана жұбатқан, айдалада аңырап қалған Айпара бейнелеріндегі аңырау сарыны «Кербұғы» арқылы көркем тұжырымын тапты. Ұлы даланың ұлы сарыны, кеңістік ырғағы, уақыт әуені құлақ күйін келтірген шығармашылық аңсар Алтайдың аңғары мен қапталына келіп құндақталды. Алайда замана ауаны мен заман ырғағының озан әлдиі Оралхан шығармаларының ұзына бойындағы бұрау желісі болып қалды.
Енді ол көңіл-күй «Жасын», «Үркер», «Жылымық», «Қасқыр ұлыған түн» арқылы «Қар қызы», «Мұзтау» хикаяттарына ұласып, ондағы оқиға сарыны уақыттық сыпатта көрініп, өз заманының пернесін басты. «Қысы ұзақ» қар басқан, ызғарлы «мынау аппақ дүниені» заман ызғары ретінде емеуірін етіп алып, сол ызғырықта өмір сүрген, қиял мен қияли өмірдің арасында үскірікке ұшыраған жандардың жан қысымы – өмірден тыс шеңберде, қиян құзда, шыған шыңда, алыс асуда, көшкінді қыспақта оқшау суреттелді.
Жалғыздық – Оралхан Бөкейдің шығармаларындағы басты желі, көркем түйсіктің тереңінде ұйлыққан көңіл ауаны, пендеге тиесілі жазмыштың сыйы деңгейінде шендестірілген көркем бейнелеу жүйесінің жиынтығы, иірілген ойдың шүйкесі міндетін атқарды. Тіпті «Өз отыңды өшірме…», «Атау-кере» сияқты іргелі, кесек те көлемді, әртүрлі тартыстың тамырлары тоғысатын романдарының өзінде кейіпкерлер жалғыздықпен жиі бетпе-бет қалады. Мұның басты себебі, ол шығармаларына оқиғаны желі етіп алудан бойын аулақ салды. Барлық кейіпкерлері тек ішкі толғаныс арқылы тұлғаланды. Тіпті публицистикалық туындыларының өзінде ол адамның ішкі ой иірімін басты нысана етіп алды. Бұл ретте Оралхан Бөкей журналистика саласында лирикалық кейіпкерді очерк жанрының бір қыры есебінде орнықтырған қаламгер.
Оралханның шығармаларындағы сол жалғыздықты сезіндіретін де және сол жалғыздықтан құтқаратын да табиғат болатын. «Қар қызындағы», «Құм мінезіндегі», «Жетім ботадағы» – ән салатын шағылдар, ән айтатын, жылайтын құм төбелер, «күрсінетін, өкситін, өзіне шақырып күлетін толқындар» жалғыздықтан кеудесі сартап болып зарыққан жалғыздың жүрегін әлдилейді. Қоғамнан түңілген кейіпкерлер табиғаттың тосын да мылқау құбылысымен ғана сырласа алады және одан жауап алады. Мұндай тылсым үйлесімдердің кейіпкердің ішкі әлемімен астасып кететіні сондай, оқырманын «бота жетектеген қыздың» толқынды кешіп, күнге қарай бет алып бара жатқанына иландырады. Оны иландыртып тұрған – тек қана Оралханның жазу мәнеріне ғана тән, көркем әсерің мен ойыңды жоғары-төменді, ілгерінді-кейінді, оңды-солды шайқайтын лықсымалы шалықтаулар (пафос).
Оның бұл тәсілді – оқырманның өзін кейіпкердің көңіл күйімен үндестіріп жіберетін пафосты шебер меңгергені сондай, Оралханның оқырмандары (иә, Оралханның өз оқырманы болды) «ай астындағы айдында бота жетектеген қызбен бірге теңіз кешіп кеткісі» келетін. Бұл ретте ол өз кезеңіндегі «культтік» сипаттағы жазушы болды. Оның шығармалары оқыған адамды ешқашан да бей-жай қалдырған емес. Үнемі сана мен көңіл толқынын шайқап отырды. Бір сәт көңіліңді аспанға ұшырып, еш түсініксіз «бәрі де өткеннің садағасы» деп кейіпкерін жерге қарай лақтыра салу, содан кейін әлдебір емеурін арқылы жұбата салу, қайрып өзінің көңіл ауанына түсіру – сол жалғыздықты жұбатқан жазушылық әлдиі сияқты әсер қалдыратын.
Міне, осындай лықсымалы шалықтаулар – ішкі ырғақпен, жосылып тұрған көркем тілмен, табиғат суретімен астасқанда, кейіпкердің шарасыздықтан туындаған жандүниесі аса қуатты әсерге бөледі. Қарама-қарсы көркем тәсілдердің ағыстары мен ырғағының осылай лирикалық әуенмен шарпыса үйлесім табуы оның көркем әлемін құбылысқа айналдырды. Әдебиеттің ешқандай теориясына бағынбайтын, өлшемге симайтын. Өз тұсындағы әдебиет сыншыларын былай қойғанда, қисынмен (теориямен) қаруланған зерттеушілердің де осы күнге дейін оның шығармаларының ерекшелігін тап басып тани алмай жүргендігі де сондықтан. Өйткені, оның туындыларында кеңістік пен уақыт категориясы әр сөйлемде, әр абзацта алма-кезек алмасып жататын. Ал бұл тәсіл «Айқай» («Шайтан көпір»), «Атау-кере» хикаяттарында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы екі хикаяттағы Дауыс, Аспан, Айқай кім, иә, кім? Қазіргі уақытқа, өткен заманға қаһарын төгіп тұрған кімнің дауысы, кімнің айқайы, қай аспан?
Оралхан Бөкейдің туындыларындағы кеңістік пен уақыт категорияларының классикалық сарынын кеңестік батыс жазушылары, шет ел қауымы тез түсінді. Жапатармағай жеделдете аударылды. Өйткені бұл екі ұғым – дүниені, сол арқылы адам жанын түсінудің саналық сыпатын, яғни, әуелі сана, содан кейін болмыс деген қисынды танытатын. Өкінішке орай, адамның санасын болмысқа бағындырған кеңестік көркем өнер теориясы, көркем кеңістік пен уақытты тек тарихи уақыт тұрғысынан қарастырды. Ал тарихи уақытқа тек таптық, партиялық, ұлтсыздық (интернациональдық) тұрғысынан баға берілді. «Атау-кередегі» тұқымы азған егде әйелдің бейнесін болмыстық тарихи уақыт тұрғысынан талдау мүмкін бе? Мүмкін емес.
Кеңес тұсында бұл категориялар ырғақ, әуен, буын, екіұшты желі, екіесті шарықтаулар ретінде қарастырылып, оның тегін психологиялық көркем талдаулардан таратты. Бұл – «амалсыздың амалы» екенін көркемөнер теоретиктері түсінді, Ш.Айтматовтың «Жаңғырық» пен М.Булгаковтың «Шебер мен шайтан» (әдебиет сыншылары «Мастер мен Маргаританың» түпкі мәнін осылай тәмсілдеуге ықтиярлы) шығармаларын талдау арқылы кеңістік пен уақыт мәселесін еш қаулы-қарарсыз, оқулықсыз шешіп алды. Ал қазақ әдеби қауымы оның жігін ажырата алмай қалды. Соның нәтижесінде Оралханның туындылары психологиялық көркем талдау, әсіреәфсаналық (мифтік) сарын, пафостық шарықтау деген теориялық тұрғыдан түпкі тегі негізделмеген қисындармен қисындыра талданып келеді.
Көркем шығарманың мәйегі – көркем түйсік. Ал тарихи уақыт оның сыртқы қабығы. Демек, Оралхан Бөкей шығармаларының сыртқы жылтырақ қабығын қызықтайтын уақыт өтіп кетті. «Атау-кере» мен «Шайтан көпірдегі» көркем кеңістік пен көркем уақытты «тарихи уақыттың» қабыршағынан шығарып алып қарастырғанда ғана жазушының нақты түпкі көркем аңсарын аша аламыз.
Оралханның қаламынан шыққан және қалыпты реалистік қасаң суреттеу тұрғысында жазылған шығармасы – «Өз отыңды өшірме» романы. Әдеби қауым туындының көркемдік сыпатынан көрі жазушының жанрын өзгерткеніне жатырқай қарады. Сол салқын қабақ оқырманның да райына із салды. Әдеби пікірдің үнсіздігі жазушыны қатты алаңдатты. Тіпті өзінің қаламына деген сенімсіздікті де оятты. Қаламгердің бұрынғы жазу мәнерін өзгерткеніне оқырман қауымның іші ашығандай, өздерінің рухани әлемін жырлаған жазушыдан көз жазып қалатындай сезінді. Бұл ешқандай негізсіз және әділетсіз пайымдау еді. «Өз отыңды өшірме» романы – ХХ ғасырдағы қазақ романдарының белортасынан орын алатын тұлғалы туындының бірі болып әдебиет тарихында қалды.
Осы тұста ол өзінің реалистік ырыққа ықтаған қаламын суытқысы келген сыңай танытып, сахналық шығармалар жазды. «Құлыным менің» пьесасы сахнаға қойылғанда әдеби қауымның да, оқырмандардың да беті бері қарап, баяғы «жалғыздық» пен «жалғыздардың» жыршысымен қайта табысқандай болды. Бұдан кейін сахнаға жол тартқан «Текетірес»,«Мен сізден қорқамын», «Желтоқсан желі», «Қар қызы», «Зымырайды поездар» атты шығармалары жазушының кезекті туындысы ретінде салқын қабылданды. Мұның басты себебі, бұл пьесалардың дені бұрын жарияланған көркем шығармаларының сахналық нұсқасы екендігінде болса керек. Оның есесіне, «Қара сөзбен жырлайын» және «Тортай мінген ақбоз ат» атты шағын топтамалары оның реалистік жазу мәнері мен жазушылық шеберлігін қанық-танық анықтап берді.
Өзінің сүйікті жанрына қайырылып оралғанда жазылған «Бәрі де майдан», «Шайтан көпір», «Атау-кере» хикаяттары Оралхан Бөкейдің шығармашылық өнерінің атойлы асуы болып табылады. Жоспар күйінде қалған «Алданған ұрпақ» трилогиялық романын қандай шығармашылық тағдыр күтіп тұрды, оны енді болжау мүмкін емес.
Қалай дегенмен де, қазақ көркем сөз өнеріне өшпес таңба, өлмес туынды қалдырған Оралхан Бөкейдің шығармашылық жолы қашанда туған елінің зиялы қауымының назарында, зерек оқырманның ойында, зерделі әдебиеттанушылардың алғауында болары анық.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор