Жаңалықтар

Жапония оралмандары

ашық дереккөзі

Жапония оралмандары

Жылдар бойы, тiптi бiр ғасырға жуық уақыт Отанынан шалғай, болмысы бөлек елдiң арасында өмiр сүре жүрiп, атамекенге деген бекем сенiмiнен  бiр сәтке де айнымаған ниетi адал ағайындарға алғыс айтуға тиiспiз. Өйткенi Қазақстан сияқты қыр асқан қандастарын қайтарып алу саясатын жүргiзiп отырған Германияға қайтқан немiстердің көбі төл тiлiн Отанына оралған соң үйренуде. Оларға Германия арнайы тiл курстарын ашып, сауаттандыру қолға алынған. 

Қазақстандағы жағдайға келсек, қазақ тiлiн де, әдет-ғұрып сабағын да оралмандар жергiлiктi қазақтардан артық бiледi. Шекаралас елдердегi қандастарымызды айтпай-ақ, мұхиттың ар жағындағы аралдардың тiзбегiнен тұратын Жапониядағы қазақ отбасы қазақша сөйлеп, үй-iшiн қазақша жабдықтағанына таңдануға болмайды. Күншығыс елi көшпендiлер тәрiздi бауырмалдық сезiм, ұжымдық намыс, инабат ұғымдары қанмен сiңгендiктен, техникасы қарыштап, экономикасы дамыса да, ежелгi салтынан жаңылмауды өзiне мiндет деп бiледi. 

Жер көлемi 372 мың шаршы шақырымды құрайтын, саны 127 млн.  халық алыстағы ағайындарына құшағын айқара ашуда. Алыс-жақын шет елдегi 300 мың жапон өз Отанынан қазақтар секiлдi қуғын-сүргiннiң кесiрiнен ажыраған жоқ. Олардың Бразилия, Португалия, Қытай, Корея, АҚШ сияқты мемлекеттерге қоныс аударуының басты себебi — әлеуметтiк жағдай. Экономикалық дағдарыс кезiнде шет елден жұмыс iздеп, сыртқа кеткен жапондар Отандық өндiрiс жедел дамып, Жапония әлемнiң экономикалық көрсеткiшi жоғары елi ретiнде алдыңғы санатқа шыққан соң, бiртiндеп атамекенге оралуды ойластыра бастады. 

Дамылсыз еңбекпен шұғылданатын жапондар бөтен елге барғанда ана тiлiн ұмыта бастағаны рас. Атамекенге келгенде бiршама ұлтсызданған қандастарға билiк орындары қамқорлық танытуды қолға алуды ұйғарды. Жапонияның шеткерi аудандарында тұратын тегi жапон шет елдiктердiң жағдайы Үкiметтi алаңдатуда. Оралмандардың дiлсiз, тiлсiз ұрпақтарын не жапонша, не шетелше оқыта алмай қаратерге түскен жергiлiктi басқару орындары бiраз уақыт бұрын iрi аудандар мен қалалардың басшыларының басын қосып жиналыс ашқан болатын. Мәселенiң төркiнi оралман балаларының ана тiлiн түсiнбей дүбәрә күйде қалуында болып отыр. Халқы толығымен жапонша сөйлейтiн мемлекетте бөтен елдiң болмысымен келіп, сыйып кету оларға қиын болғаны рас. Баласының келешегiн ойлаған  оралмандар ана тiлiн үйрену жөнiнде жоғары жаққа өтiнiш жасаған. 

Сол жиналыста баяндама жасаған қала басшылары оралмандардың ортаға бейiмделуi туралы пiкiрлерiн айтқан болатын. Минокамо қаласының әкiмiнiң айтуынша, Отанына қайтушылардың саны көбейген сайын олардың балаларын мектепке орналастыру, жапон тiлiн үйрету, қоғамға бейiмдеу тәрiздi мәселелер қиындап барады.

Йоккаичи қаласында Бразилиядан көшiп келген 9000 жапон тұрады. Олардың көпшiлiгi шет ел азаматтығынан әлi шыға қоймаған. Он жыл бұрынғымен салыстырғанда оралмандардың саны екі есе көп. Олардың мектеп жасындағы балалары жапон тiлiн бiлмейдi. Ата салтынан тағдырдың жазуымен алыстаған бейкүнә ұрпаққа Үкiмет барынша жағдай жасауда. Бұнда жапон тiлiнiң курстары жұмыс iстеуде. Ана тiлiн алаңсыз 3-4 ай оқыған соң бала кәдiмгi мектепте оқуын жалғастырады. Бразилияда туылған жапон балалары өз тiлiн мүлдем бiлмейдi екен. Мектептегi жапонша оқуды түсiнбеген оларға осындай курстар арнайы ашылған. Ивата қаласының әкiмiнiң мәлiмдеуiнше, бұл балалардың Отаны – Бразилия болғандықтан, жапон тiлiн үйрену олар үшiн оңай емес. Қала әкiмшiлiгi оралман балаларына ана тiлiн оқытатын кәсiби мұғалiмдердi даярлауда. Оралман баласына жапон тiлiн үйретуге жалғыз кiсiнiң шамасы жетпейдi. Сондықтан әр мұғалiмге екi көмекшiден бөлiнген. 

Кезiнде қазақ байлары кәмпеске, қуғын-сүргiннiң кесiрiнен шет елге ауса, жапондардың жат жұртқа кетуiне экономикалық дағдарыс кезiндегi жұмыссыздық мәжбүрлеген. Мысалы, 1908-1940 жылдар аралығында 780 000 жапон жұмыс iздеп, теңiз асып кеткен. Олардың төрттен бiр бөлiгi Бразилияға тұрақтаған. 70 000 халық Солтүстiк Америкаға қоныстанса, II дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Бразилияда тұратын жапондар саны 275 000-ға жеттi. Олардың денi 1980 жылдарға дейiн Жапония экономикасы қалпына түскенше, шет елде тiршiлiк еттi. 1980 жылдардан бастап, бразилиялық жапондар туған елiне орала бастады. Бiрақ олардың қаны жапон болғанымен, тiлi мен дiлi бразилиялық едi. Бүгiнде Жапониядағы бразилиялықтар саны бойынша кәрiс пен қытайдан кейiнгi үшiншi орында тұр.  Бразилия­дан атамекенiне оралғандар негiзiнен Гунма және Ооита префектураларына орналасқан. 

 Бразилияда туылған жапон қызы Сена Нишиоканың ата-анасы II дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Бразилияға қоныс аударған болатын. Сондықтан оның туған жерi – Бразилия, туған тiлi – португал. Бiрақ Сенаның мақсаты Отанына қайтсе де оралу болады. Ол шет тiлдерiмен қоса ана тiлiн де меңгере отырып, туған елiне пайдалы iспен айналысуға бет бұрады. Сан-Паулуда жапон тiлiнiң мұғалiмi болып жұмыс iстейдi. Iстiң бастамасы бразилиялық балаларға жапон тiлiн үйретiп қана қоймай, ұлттық мәдениет құндылықтарына да бейiмдеу екендiгiн түсiнген Сена Отанына оралған соң арнайы сыныптар ашып, Оота деген елдi мекендегi жұмысшы балаларына сабақтар жүргiзе бастаған. Оота – Жапониядағы өндiрiс орындары көп шоғырланған, зауыт-фабрикалардың мекенi болғандықтан тұрғындардың негiзгi бөлiгiн жұмысшылар құрайды. Олардың арасында бразилиялық жұмысшылар өте көп. Олар – Жапон экономикасының келешегiне көз жiберiп, балаларын Бразилияда емес, Күншығыс елiнде оқытуды мақсат еткендер. Бiрақ тiлдi жетiк меңгеру үшiн әлеуметтiк, тiлдiк орта болуы керек. Ол орта – жапон қоғамы, сондықтан Жапониядағы бразилиялықтар балаларын жапон мектебiнде оқытуды жөн көредi. 

Дегенмен, Бразилияның негiзгi тiлi – португал тiлi болғандықтан, балалардың жапонша тiл сындыруы қиынға соғуда. Бiрақ Сена сияқты нағыз ұлтжанды  мұғалiмдер шет ел балаларына жапон тiлiн үйретуде үлкен ықыласпен кiрiскендiктен, олардың тiлдi меңгерiп қана қоймай, жапон қоғамына сiңiп кетуi мүмкiн. Сенаның мектебiнде балалар жапонша жабдықталған сыныптарда оқиды, жапонның ұлттық тағамдарымен тамақтанады. Оларға арнайы салт-дәстүр сабақтары да өткiзiлiп тұрады. 

Бiздiң елмен салыстырғанда жапон оралмандары үшiн азаматтық алу, тұрғын үй табу, жұмысқа орналасу, құжаттарды рәсiмдеу, т.б. мәселелер кедергi емес. Материалдық жағынан қам жемейтiн оларды ұрпағының ана тiлiн бiлу мәселесi ғана толғандырады. Жапония Үкiметi шет елден келген қандастарының ұлтсызданған ұрпақтарын жапондандыруға барын салуда. Ал Қазақстандағы тiлi де, дiлi де еуропаланған қазақтар ұлтжандылықты оралмандардан үйренсе жөн-ау!        

Шарафат Жылқыбаева