ЫСТАМБҰЛДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТОЙЫ
ЫСТАМБҰЛДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТОЙЫ
Сұхбат алумен басталған ресми таныстығымыз бүгінде ағалы-қарындасты адамдардың сыйластығына ұласқан. Сондықтан болар, ағамның кенже ұлы Жүністің үйлену тойынан шет қала алмадым. Бұл той Стамбұлдағы қандастар ұстанатын қазақы салт-дәстүрмен танысуыма сеп болды.
Норвегияның Осло қаласында тұратын қандасымыз Махмұт Башташ ағамыз биыл екі ұлын қатар үйлендірді. Шілдеде өткен Айқан мен Айбикенің тойына бара алмаған едім. Ал тамыздағы Жүніс пен Жібектің қуанышына Алматыдан ат терлетіп, арнайы бардық. Екі келінін де Түркия қазақтарынан алған Башташтар отбасы салтанатты жиынды Стамбұлдағы Қазақ мәдени қорының ғимаратында өтті. Той болатын жерге біз сағат таңғы ондардың шамасында жеттік. Бірер күн бұрын кездескенімізде Махмұт аға еререк келуімізді өтінген. Ал қалған қонақтарды 11-ге шақырған екен. Тек асхана жабдықтары ғана бар ұзынша залдың бір шетіне дастарқандар жайылыпты. Оның үстіне ұсақ бауырсақ пен пластмасса ыдыстарға аз-аздан салынған түрлі тағам қойылыпты. Негізі бір-екі күн бұрын дәл осы жерде швецциялық қазақтардың тойына куә болған едік. Ол кезде де дастарқан жаю үрдісі дәл осындай олған. Яғни, Қазақстандағыдай аузы-мұрнына тірелген ас та төк тағам жоқ мұнда. Жеміс-жидек те қойылмайды. Келген кісілер бірін бірі сарыла күтпейді дастарқан басына отыру үшін. Қап сияқты шағын дастарқан жайылады да, 5-6 кісіге бір табақ тартылады. Берілетін негізгі ас: дәмі тіл үйіретін шашпа палаудың үстіне қуырдақ салынады. Тамақ жеп болған қонақтар бөлменің бір шетіндегі дастарқандарға қарай ойысып, шай ішеді. Ал әлгі бір рет қолданылатын шағын дастарқан қоқысқа тасталады. Біздегідей емес, әйелдер мен ер адамдар бөлек бөлмелерде отырады. Махмұт ағаның тойында еркектер үстіңгі қабатта, ал әйелдер жағы төменгі қабатқа жайғасты. Бұл жақта құдалара бас тарту дәстүрі де қызық. Бас палау мен қуырдақтың үстіне салынады. Біздің елдегідей, «ет қашан келеді» деп сарыла күтпейсіз. Өйткені, бір тамақ пен, бір шай, сонымен той тәмам. Есесіне, арқа-жарқа әңгіме айту, әзіл-қалжың, қазақша жөн-жоралғыға кенде емес. Тойда қазанның құлағын екі адам ұстайды: бірі палауға жауап беретін әйел адам мен қуырдақтың шырайын шығаратын ер адам.
Сонымен, сәл уақыт өткенде той басталды. Біз келімді-кетімді кісісі көп әйелдер жағында болдық. Ерлер отырған жаққа қарағанда кең, атшаптырым зал абыр-cабыр. Бір бұрышта келген кісілердің кәде-сыйын қабылдап алатындар отырады екен. Негізі Стамбұлдақазақ әйелдері көйлек-көншек, мата, жайнамазбен бірге ақша әкеледі. Түріктердің 20 лирасынан бастап, 50, 100, 200 лира немесе 100 долларға дейін беріледі. Біз қатысқан тойда норвегиялықтардың 500 кронасын тізіп қойғандар да табылды.Неғұрлым жақын туыс болса, тарту етілетін сыйақы да соғұрлым қомақты. Қазақстанда сапалы костюм-шалбар кәделі болса, бұл жақта жайнамаз сыйлы екен. Әкелген жайнамаз бен матаның үстіне ақшалары қыстырылып, оны арнайы керілген жіпке ілінеді.
Астан кейін той иелерінің жақындары – Махмұт ағаның жұбайы Ләйла жеңгеміз, күйеу жігіт Жүніс пен отбасына жақын келіндер қауымы қалыңдықты алып келуге шықты. Қыздыңүйі де той болып жатқан жерге іргелес екен. Қалыңдықтың ата-анасы, туғандары ақ батасын беріп, аттайтын ақ босағасына шығарып салды. Жас жұбайлар мен тойға жиналғандар мінген жиырма шақты көлік Стамбұлды аралауға шықты. Ең қызығы да осы: көліктер жас жұбайлар мінген машинаның артында жүруге таласты. Мәрмар теңізінің жағалай жүйткіген көліктер, көңілді музыка, қуанышты күлкі мен машина терезелерінен желбіреген орамалдар… Жарыс десе делебесі қозатын атаның ұрпағымыз, жас жұбайлардан кейін жүруге таласқан кей машина тіпті бір біріне соқтығысып та қалды. Қуаныштың әсерінен болар, ешкімнің қынжылып не қабақ шытқанын көрмедік. Қыдырудан кейін көліктер ат басын қайтадан той болып жатқан жаққа бұрды. Ол жақта абысындар мен жеңгелер жас келіннің басына салатын жаулықтарын дайындап, алдымыздан күтіп алды. Келін залға кіргенде екі орындық қойылды да, күйеу жігіт пен қалыңдық келіннің беті ашылғанша сол жерге жайғасты. Олардың соңын ала бере қалыңдықтың туыстары келді. Жалпы түркиялық қандастар ұстанатын салт-дәстүрдің біздегіден айырмшылығы аз. Кейбір тұстары болмаса. Мысалы, олардың шашу шашқаны қызық.
Түркиялық қазақтардың дәстүрі: той болып жатқан бөлмеде алдымен күйеу жігіт жақ шашады шашуды, сосын –қалыңдық жақ. Оларда біздегідей бір табаққа салмайды, бірнеше табақты бірнеше келіншек бір мезетте шашады. Қызығы да сол. «Аспаннан шұға жауған күн» демекші, жерде отырған қонақтардың төбесінен тәтті жауады. Кейбіреулері тіпті, «құдағи, жаңа мен сен жаққа көбірек шашқанмын, менен шашуыңды аяйсың ба?» деп наз айтып жатты. Жерде отырғандар шашуды жинағанда да біртіндеп емес, қос уыспен етегінің астына баса береді. Құдды жер қазған тракторлар сияқты. Мұндайды бұрын-соңды көрмегесін бе, қатты таңғалдық.
Шашудан кейін шағын-шағын дастарқандар жайылып, құдағилар жаққа дастарқан жайылды. Астан кейін Беташар басталды. Мен қазақы шапан киген бір жігіт қолына домбырасын ұстап, ортаға атып шығатын шығар деп күткенмін. Бірақ екі абысыны екі қолтығынан демеген келіннің жанына күйеу жігіттің жолдасы кеп тұрды. Оның қасында басына бірнеше байланған оқтауды ұстап тағы бір абысын шықты. Жарапазан айтқандай, жеңіл әндеткен әлгі жігіт төрт шумақ өлеңнен кейін «пәленшеге бір сәлем», «түгеншеге бір сәлем» деп түгендей бастады. Ол әндеткен сайын оқтау ұстаған келіншек оқтауын тынымсыз қозғаумен болды. Ал жас келін ізетпен иіліп сәлем етті. Рәсім барысында келіннің туғандары да бірге отырды. Беташардан кейін жұрт тарқай бастады. Бірақ қуаныш мұнымен біткен жоқ. Тойдың екінші бөлігі кешкі сағат 7-де сол Зейтүнбұрны ауданындағы үлкен салтанат сарайында жалғасты.
Тамыздың тамылжыған жаймашуақ кеші. Той болатын жерге келсек, бірнеше үстел дөңгелете қойылыпты. Жиналған жұрт жас жұбайларды күтіп отыр екен. Ертерек келгеннің пайасы сол, Махмұт ағаның қуанышына Еуропаның түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген шетелдік қандастармен таныстық. Қазақтар көп шоғырланған Зейтүнбұрны ауданы әкімінің орынбасары Ілияс Саха деген азаматпен де кездесіп, таныстық. Қуанғанымыз, тойға жиналғандардың көпшілігі «Түркістан» газетінің оқырманы екен. Бұл жерде Атажұрттан жырақта жүрсе де, газетімізді өзгелерге насихаттаудан шаршамайтын жанашырларымыздың бірі Махмұт Башташ ағамыздың еңбегі зор. Айтпақшы, Стамбұлдағы сол тойға Қазақстаннан жалғыз болмадық. Ағамыздың қуанышын бөлісуге талай жылдан бері туғанындай боп араласып кеткен әріптесіміз, Астанадағы Е.Гумилев атындағы университеттің журналистика факультетінің деканы, талай әріптестің тәлімгер ұстазы Қайрат Сақ пен елімізге танымал әнші Гүлмира Ақүрпекова да келді. Бір қызығы, Түркиядағы тойда асаба болғанмен, ұзын-cонар тілек айтып, бата беру дәстүрі жоқ. Тойдың ашылу салтанатында Қайрат ағамызға ғана сөз берілді, сосын асаба құттықтап, сыйлық беру үшін алдымен күйеу жігіттің туған-туыстарын шақырды ортаға, сосын қалыңдықтың туыстары шықты. Берілген сый-cыяпат негізінен ақша (түрік лирасы, доллар, еуро мен Норвегияның кронасы) мен алтын. Бұл шара аяқталғаннан кейін биге кезек берілді. Ал Гүлмира Ақүрпекова тойға шашу ретінде бірнеше қазақ әнін нақышына орындады. Байқағанымыз, қазақша әндерден гөрі түрік пен араб музыкасы қатты ұнайды екен түркиялық қандастарға. Алайда, «Қара жорға» биінің жөні бөлек. Би дегенде тіпті, ақ жаулықты аналар мен әжелер де қағыс қалмады. Көңілді музыка, шат-шадыман күлкі, би мен ақ тілектер… Түн ортасы ауа бере той иелеріне алғысымызды білдіріп, жас жұбайларға ақ тілегімізді айтып, көппен бірге біз де тарқастық. Бұл қуаныш келесі тойдың бастауы болғай деп.
Нәзия Жоямергенқызы,
Алматы – Стамбұл – Алматы