Жаңалықтар

ӘР ҚАЗАҚТІЛ САҚШЫСЫНА АЙНАЛУҒА ТИІС

ашық дереккөзі

ӘР ҚАЗАҚТІЛ САҚШЫСЫНА АЙНАЛУҒА ТИІС

Айыппұлмен шектелгісі келмеген сот мемлекеттік тілдің мәселесін көтерген белгілі журналист Жарылқап Қалыбайды 3 күнге абақтыға қамады. Алдымен орысша шығарған шешімнің қазақша нұсқасында қате дегенің өріп жүр. Тіпті, соттың тегі де қате жазылған. Ал белгілі азаматты 5 күнге қамауды сұраған прокурордың көмекшісі қазақшаға шорқақ көрінеді. Мемлекеттік тілге қатысты сорақылық мұнымен де шектелмейді. Сондықтан да журналист өзіне қысастық жасаған компанияны сотқа бермек. Өкініштісі, осы тұста тіл жанашырларына үн қосқан ұлт зиялылары саусақпен санарлықтай.

«Тіл үшін тағы да қамалуға дайынмын»

Өткен аптада елімізге танымал журналист, «Жұлдыздар отбасы» мен «Аңыз Адам» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбай SCAT компаниясының ұшағымен Антальядан елге қайтып келе жатқанда туындаған даудың кесірінен 3 күнге темір торға тоғытылған болатын. Абақтыдан шыққаннан кейін баспасөз мәслихатын өткізген Жарылқап Қалыбай журналистер мен жиылған қауымға алдымен болған жайтты қысқаша баяндап берді: «Бар кінәм – суық тиіп, қызуы көтеріліп келе жатқан баламды ұшақта қолымнан түсірмей, жұбатуға тырысқаным. SCAT компаниясының стюарды Хабибуллаев (оның аты-жөнін кейін білдім) үстіме томат шырынын төгіп жіберді. Мен: «Бұл не істегенің?» деп едім, маған: «Орысша айтыңыз, мен қазақша түсінбеймін» деп салды. Ашуға булыққан мен: «Неге орысша сөйлеуім керек? Сен неге қазақша сөйлемейсің? Антальядан шыққалы жарты сағат өтті, әлі мемлекеттік тілді қолданған жоқсыңдар» дедім. Сол-ақ екен, Айжан Әбілдина деген стюардесса қыз жанымызға жүгіріп келіп, шала-пұла қазақша сөйлей бастады. Ал әлгі Хабибуллаев «Қазақша білмеймін, білгім де келмейді!», – деді. «Ендеше ертең SCAT компаниясын заңды жолмен тәртіпке шақырамын. Мемлекеттік тілді білмейтін мәңгүрттер Қазақстанның әуе жолында жұмыс істемеуі керек» деп ескерткенде, әлгі Хабибуллаев бір қағазды көрсетті: «SCAT – Ресейдің компаниясы». «Компания қай елдікі екенінде шаруам жоқ. Сендер Қазақстан аумағында жұмыс істейтіндіктен, Қазақстанның мемлекеттік тілін білуге міндеттісіңдер» деп бұлқан-талқан болдым. Олар асты-үстіме түсе бәйек болып, шырын төгілген шалбарымды тазалап беріп, қолыма тағы бір шыны шай ұстатып, кешірім сұрады. Арадағы түсініспеушілік осымен біткен шығар дегем, алайда ұшақ қонуға аз уақыт қалғанда олар маған қарсы отырғандардың қолын жинай бастады. Меніңше, бұл – екіжүзділік. Шекісіп қалғанмен, кейін қайта татуластық, келістік. Ендеше неге үстімнен арыз жазбаққа оқталды? Қарап қалмауға бекініп, стюард пен стюардессалардың әрекетін ұялы телефонымдағы бейнекамераға түсіруге көштім. Әлгі Айжан деген қыз телефонымды жұлып алмаққа оқталып, қолыма жармасты. Мен қарсыласып, телефонымды өзіме қарай жұлқа тартып едім, ол «Көрдіңіздер ме, маған күш қолданып жатыр!» деп айқай салды. Кенет тағы бір стюардесса (ешқайсысының аты-жөндерін білмейміз, өйткені, ешкім бейдж тақпаған) жаныма жүгіріп келді де, «Мына актіге қол қойыңыз», – деп бұйырды. Әлбетте, мен бас тарттым! Қонуға аз уақыт қалғанда олардың барлығы қазақша сөйлеуге көшті. Ұшақ қонды, жұрт жапа-тармағай сыртқа шығуға оқталғанда, жаңағы Айжан деген қыз: «Қазір полицейлер келеді, орындарыңызда отыра тұрыңыздар», – деді. Содан полиция қызметкерлері жұрттың алдында абыройымды төгіп, масқарамды шығарып, сыртқа алып шықты». Осы оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырған мәселе: Жарылқап Қалыбайдың ащы судан ұрттап алуы. Оны өзі де жасырған жоқ: «Ішкенім рас. Ұшақтан түскен бетте сот-медициналық сараптама жасалынды. Алдында 50 грамм виски ішкен едім. Спирттің бұл мөлшері бір кесе қымызда да болады екен. Өкінішке қарай, осы 50 грамды сан-саққа жүгіртіп, мені қаралауға тырысып жатқандар бар екен. Оны SCAT та іліп әкетті. Ішкенімді мойындаймын, бірақ SCAT компаниясының мемлекеттік тілді білмейтін, білгісі келмейтін қызметкерлері бар кінәні менің 50 грамм виски ұрттағаныма жапқысы келеді».  

Журналистің сан соғып қалған тұсы: сот-медициналық сараптама жасал­ғаннан кейін полиция қызмет­керлерінен «Енді не болады?» деп сұрағанында, «ештеңе етпейді, бірнеше орташа жалақы көлемінде айыппұл төлеумен бітетін шығар» десе керек. Алайда арада 1 апта уақыт өткенде Жарылқап Қалыбай сотқа шақырылады да, оны әй-шайға қаратпай, абақтыға ала жөнеледі. Ж.Қалыбайдың айтуынша, сотқа оның үстінен шағымды шекісіп қалған Хабибуллаев (оның ұлты ұйғыр көрінеді) емес, қазақшаға шорқақ Айжан Әбілдина деген қазақ қызға жазғызыпты. Сонда SCAT қазаққа қазақты қарсы айдап салуды көздегені ме? 

Ана тіліне араша түсем деп арандап қалған Ж.Қалыбай соттың тым қатал жаза кескеніне де наразы: «Жасым 54-те. Осы кезге дейін бірде-бір рет тәртіп, не заң бұзған емеспін. Сонда SCAT қызметкерлерінен мемлекеттік тілді мен талап етпегенде, кім талап етеді?! Бәлкім, қызбалыққа салынған шығармын. Менің басымнан өткен бұл жағдай әр қазаққа түрткі болуы тиіс. Әр қазақ жүрген жерінде тек мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етсе, Тіл туралы заң біртіндеп жүзеге аса бастайды. ҚР Президенті Н.Назарбаев бір сөзінде: «Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде құқықтық-нормативтік негізін қалап бердік. Оны жүзеге асыру әр қазақтың өз қолында», – деген еді. Өкінішке қарай, біз барлығын Үкіметке ысырып тастап, қарап отырамыз. Онымен қоймай, «ойбай, бұл дұрыс емес, мына заң іске асырылмай жатыр» деп наразылық танытамыз».

«SCAT бір мезетте бірнеше заңды бұзды»

Баспасөз мәслихатында сөзін: «Жарыл­қап Қалыбаймен бұрын-соңды жақсы таныс болмасам да, болған жайтты ести сала, Оралдан Алматыға ұшып келдім. Елге танымал азаматтың басына іс түссе әрі өзін қазақпын деп есептейтін, кеудесінде намысы бар қазақ болса, кез келген азаматтың бей-жай қарай алмайтыны сөзсіз. Бұл оқиға Жарылқап Қалыбайдың жеке басына қатысты емес, мемлекеттік тілге қатысты», – деп бастаған Ж.Қалыбайдың адвокаты Абзал Құспан SCAT тарапынан Жарылқап Қалыбайға қарсы бірнеше заң бұзушылықтың орын алғанын айтты. Абзал Құспан адамдардың құқықтық тұрғыда сауатсыз болуы көптеген кемшілікке жол беретінін де жеткізді: «Егер жоғары білімді, арнайы ғылыми атағы бар, 90-жылдардан бері мемлекеттік тілді дамытуға атсалысып келе жатқан әрі республикаға танымал қос басылымның басшысы осындай жағдайға ұшырап жатса, көшедегі қарапайым қазақтың күні не болмақ? Сіздерді бұл жерге жинаған себебіміз, адвокат ретінде болған оқиғаға құқықтық тұрғыда баға беру».

Абзал Құспанның айтуынша, SCAT қызметкерлері тарапынан бірнеше рет заң бұзушылыққа жол берілген. «Біріншіден, ұшақ жерден көтерілмес бұрын тек орыс және ағылшын тілінде хабарлама жасаған. Екіншіден, Қалыбайдың 1 жасар ұлы Махамбеттің қызуы көтеріліп, ауырғаны рас. Баланың ауырғанын растайтын қолымызда дәрігерлік анықтама бар. Ұшақтан түскен бойда ол Алматыдағы балалар инфекциялық ауруханасында 3 күн бойы ем қабылдаған. Қойылған диагноз: ОРВИ. Үшіншіден, Жарылқап Қалыбай ұшаққа мінген соң, бортсерік үстіне шырын төгіп жібергенімен қоймай, мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқан және орыс тілінде сөйлеуді талап еткен. Бірден кешірім сұраудың орнына, тоқтамай асханаға қарай өтіп кетуі, ол жақта да «қазақша білмеймін, білгім де келмейді» деп дөрекілік танытуы – кикілжіңнің басты себебі. SCAT компаниясы – заңды тұлға. Яғни, елімізде қабылданған заңдарды орындауға міндетті. ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 56-бап, 6-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті» делінген. Демек, SCAT компаниясының қызметкерлері Жарылқап Қалыбаймен болған келеңсіздікте Ата заңнан бастап бірнеше заңның бірнеше бабын бұзған».

«Прокурордың өзі қазақша білмейді»

Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, Ж.Қалыбайға қатысты қолданылған 330-баптың 1-тармағы бойынша адам тек айрықша жайттар болғанда ғана қамауға алынады екен: «Көшедегі бұзақылар мен басбұзарларға қолданылатын жазаны Ж.Қалыбайға қолданатындай не болды? Айыппұлмен-ақ шектелуге болар еді ғой. Әрі ол сотқа кикілжіңнің неден туындағанын, яғни, бар кінә үстіне шырын төгіп жіберген бортсеріктің кесірінен басталғанын айтады. Соттағы сорақылық мұнымен бітпейді, не адвокат жалдатуға немесе туғандарына қоңырау шалуға рұқсат берілмейді. Ал заңға келсек, әрбір айыпталушының 1 рет қоңырау шалуға құқы бар. Тағы бір сорақылық, сотта айыптаушы болған прокурордың көмекшісі Тазабеков қазақшаға шорқақ болғандықтан, прокурорлық қорытындыны орыс тілінде берген. Мемлекеттік тілдің мәселесі қаралған сотқа мемлекеттік тілді білмейтін қызметкердің қатысуы қазақ тілін қорлаумен тең сияқты. Сондықтан шығар, сот қаулысының қазақша нұсқасында қате өріп жүр. Тіпті соттың тегі де «Тұрғұнбеков» деп қате жазылған. «ҚР Конституциясының 83-бабының талаптарына сәйкес, прокуратура – ең жоғарғы қадағалаушы орган. Осыдан екі жыл бұрын прокуратура қызметкерлері барлық мемлекеттік қызметкерлермен бірге мемлекеттік тілден сынақ тапсырғаны белгілі. Сонда бірауыз қазақша білмейтін Тазабеков ол сынақтан қалай өтті?» деген адвокат Абзал Құспанның сөзін жалғастырған Жарылқап Қалыбай: «Сол Тазабеков Алматы қалалық сотындағы апеллациялық сотқа тағы келіпті. Сондағы айтқаны: «Бұл кісіні абақтыда әлі де отырғыза түсу керек». Қолындағы екі бет қағазға қазақша қарсылық жазып әкеліпті. Соны оқып бер десе, оқи алмай қиналды. Болмағасын бір студентті әкеліп, соған оқытты», – дейді. Ж.Қалыбай мен оның адвокаты «Егер бізді жала жапты десе, сот Тазабековті шақырып алып, онымен мемлекеттік тілде сөйлессін» дейді. Бұл талап сол оқиғаға қатысы бар SCAT компаниясының бортсеріктері: Марченко, Шарипова, Хабибуллаевқа да қатысты. Шағымданушы тарап әуе кеңістігіне тікелей қатысы бар ҚР Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағұловтың атына да шағым жолдамақ болған. Аталған құжатта сол күні ұшақта болған бейнекамераны қарап шығу, Ж.Қалыбай отырған орындықтың реттік саны т.б. айғақтауға мүмкіндік бар. Жағымды жайт, Қалыбайдың шағымы министрге жетіп үлгерместен, ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мырза ҚР Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевті қабылдап, оған әуежайлар мен әуе компанияларында жолаушыларға қызмет көрсетудің ақпараттық стандарттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Яғни – Тәжин мемлекеттік тілді шетқақпайлауға жол бермеуді қатаң тапсырды.

Осы келеңсіздіктен сабақ алған әріптесіміз енді «Жұлдыздар отбасы» журналының жанынан арнайы штаб құрып, авдокат Абзал Құспанды еліміздің түкпір-түкпірінде тіл тұрғысынан құқығы аяққа тапталған қандастардың құқығын сотта қорғау үшін заңгер-журналист етіп жұмысқа қабылдауға шешім шығарыпты. Сонымен қатар ауқымы кең қоғамдық қозғалыстың іргетасын қалай отырып, әр қазақты мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға жұмылдырмақ: «Меніңше, мемлекеттік тілді қорғайтын заңгер-журналист әрбір қазақ редакциясында болуы тиіс немесе арнайы ұйым құру керек. Қарапайым азаматтар тіл туралы заңның орындалуын өздері талап етуге міндетті». 

«Аққу – көкке, шортан – көлге»…

Жарылқап Қалыбай мырза абақтыда жатқанда қазақтілділердің өзі бірнешеге бөлінді: бірі журналисті қолдаса, енді бірі «ішіп алған айыбын мемлекеттік тілмен жасырып-жапқысы келеді» деп кінәлады. Ж.Қалыбай қамауға алынған күннің ертесіне мемлекеттік тілдің мәртебесіне және азаматтың қапастағы тағдырына алаңдаған бір топ азамат абақтының алдына жиылды. Өкініштісі сол, мемлекеттік тіл аяқасты етілген осы жайтқа жаны ауырғандар сол көшеге сыймай кетуі керек еді. Бірақ олай болмады. Жиылған жұрт «барымен базар» деп өзін-өзі жұбатып қайтты. Сол жолы «Жұлдыздар отбасы» журналынан жиі жылтыңдайтын елімізге танымал әншілер мен өнер иелерінің ішінен тек Нұрлан Албан ғана төбе көрсеткеніне де қынжылған едік. Бізге берген сұхбатында: «Әншілік – біздің кәсібіміз, ең бастысы, біз – елміз, азаматтармыз, ел болуға ниеттенгендер қатарынанбыз. Бұл жерге өзіме жарнама жасайын, арзан бедел жинайын деп келген жоқпын. Ел-жұртпен бірге болайын, үйде жатып егескенше, қандай шешім қабылданатынын өз көзіммен көрейін деп келдім», – деп ағынан жарылған ол көңіліндегі қаупін де жасырмады: «Егер өз елімізде біздің Ана тілімізді құрметтеген сыйқы осы  болса, болашағымыз не болмақ? Өзім орысшаны жетік меңгермегенмін, әйелім орысшаға шорқақ, бала-шағам бірауыз орысша білмейді. Қазақстанда біз сияқты қаншама қазақ отбасы бар. Сонда біздің күніміз қараң болғаны ма? Жарылқап Қалыбайға қатысты осы дауды жылы жауып қойсақ, еліміздегі өзге ұлт пен ұлыстың мұндай сорақылыққа еті үйреніп алады. Сонда біздің егемендігіміз қайда?! «Кеңес үкіметі кезінде» деп қойып, әңгімені соғамыз. Құдай-ау, сонда Кеңестер Одағы келмеске әлі кетпегені ме? Менің қорқатыным да осы». Өкінішке қарай, абақтыдан кейін алғаш рет ресми кездесу өткізген Жарылқап Қалыбайды қолдауға өнерпаздарымыз тағы да келмеді. «Арпа ішінде бір бидай болған» Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз ғана. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 20 жылдан астам уақыт өтсе де мемлекеттік тілдің тым пұшайман халде қалғанына қынжылған ол SCAT компаниясына тиесілі ұшақпен ұшудан бас тартып отыр. Сонымен қатар әншілер мен өнер иелерінің қоғамдағы түрлі мәселеге белсенді ой қоса алатын ұйым құрғанын қалайды: «Маңызды нәрселерге үн қоса алатын ресми ұйымымыз болса деймін. Қазір жастар жағы Жарылқап Қалыбайдың басынан өткен келеңсіз жайтқа қатысты арнайы шара ұйымдастыруға қамдануда. Бұл бастаманы мен де қолдаймын». 

Бір айта кетерлігі, сейсенбі күнгі баспасөз мәслихатына адам көп жиналды. Әлеуметтік желі арқылы құлақтанған жұрттың жапа шеккен журналиске ғана емес, мемлекеттік тілге араша түсуге де тырысқаны анық. Шара соңында кейбір азаматтармен Қазақстандағы мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы туралы ой бөліскен едік. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ