Жаңалықтар

АЛАПАТ АШТЫҚТЫ АЗА ТҰТЫП...

ашық дереккөзі

АЛАПАТ АШТЫҚТЫ АЗА ТҰТЫП...

Төңкерістен көз ашпаған Қырғызстан мемлекеті экономикалық құлдырауға жиі ұшыраса да, өр рухы ешқашан төменшіктеген емес. Бұған дейін қырғыз үкіметі ресми құжаттарын қырғыз тіліне көшіру туралы шешімін жария етсе, Кедендік одақ мәселесінде де, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» бекініп отыр.

Қырғыздар Ресейден өтемақы алмақшы

Ал жақында ғана қырғыз саясаттанушысы Нұрлан Мотуев: «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс үшін Ресей өтемақы төлеуі тиіс. Менің идеям бүкіл халықтық деңгейде қолдау табады. Қазірдің өзінде жергілікті казак ұйымдарының атамандары мен сарапшылар ресми Бішкектің бұл мәселені ресми түрде көтеріп және сол оқиғаны геноцид ретінде мойындататындығына күмәнмен қарауда», – деп бірқатар қоғамдық ұйымдарға үндеу жасады. «Қырғызстанның халықтық-патриоттық қозғалысы» партиясының белсенді мүшесі уақыт өте келе бұл бастаманың аяқсыз қалмайтындығына сенімді. Оның айтуынша, қырғыз елінде тұрып жатқан 5 пайыз орыстардың көпшілігі екі елдің азаматтығына ие. «Негізінен олар Ресейде тұрады, ал бізге тек демалуға келеді. Дәлірегінде, Қырғызстанды демалыс орны ретінде ғана пайдаланады», – дейді ол. 

Аталмыш партия 2000 жылы тұң­ғыш қырғыз төңкерісі туралы идеяны көтеріп, өз дегеніне жеткен болатын. Мұнымен қоса, 2008 жылы Манас әуежайындағы американдық базаны­ жабу жөнінде алғаш дабыл көтерген де осы партия еді. Енді, міне екі жылдан бері 1916 жылғы оқиғаны геноцид ре­тінде мойындап, Ресейден 100 млрд. АҚШ доллары көлемінде өтемақы талап етуді ұсынып отыр. Мотуевтің айтуынша, өтемақы Бішкектің қордаланып қалған қарызын жабуға, сондай-ақ қырғыз инфрақұрылымын жаңалауға жұмсалуы мүмкін. 

«Әуелгіде бұл пікірімді түсінбеу­ші­лікпен қабылдағандар көп болды. Бірақ екі жылдың ішінде халыққа жетті-ау деймін. Көзқарастары да өзгерген. Идея көтерілді екен, ол бәрібір жүзеге асады. Мұны мемлекеттің жетекшілері үн-түнсіз құптаса да, ашық түрде жариялағысы келмей отыр. Үкіметтік деңгейде көтерейін десе, Путиннің қаһарынан қорқады. Сол себептен де Ресеймен қандай да бір консенсус іздеу керек сияқты», – дейді саясаткер. Айта кету керек, бір жыл бұрынғы әлеуметтік зерттеу бойынша респонденттердің 80 пайызы Ресейдің өтемақы төлеуін дұрыс деп бағалапты. Іле-шала «Қырғыз туусу» газетінде президенттің, премьердің және парламент мәжілісінің атына жарияланған үндеуде «1916 жыл – Ресей патшалығының қырғыз халқына жасаған геноциді» делінген. Алайда, бұған Ресейдің пәлендей үн қатып, пікір білдіруі күмәнді. Тіпті, елемеуі де мүмкін. 

Қырғызстанда 1916 жылғы ұлт-азат­тық қозғалысы құрбандарын еске алу күні 2008 жылдан бері тамыз айының алғашқы жұмасында атап өтіледі. Ал ресейлік саясаттанушылар: «Қырғызстан аумағында патшалық режимге жаппай қарсы шығу кезінде құрбан болғандар қатарында мыңдаған орыс қоныс аударушыларының көз жұмғанын ескеру керек», – деп әңгіменің ауанын басқа арнаға бұрғысы келгені белгілі. Тіпті, Мәскеу орталығындағы ғылыми кеңестің мүшесі Алексей Карнеги: «Қазір Қырғызстан халқының арасында Ресеймен Кедендік одақ аясында тығыз қарым-қатынас жасауына үзілді-кесілді қарсы тұратын топ бар. Міне, солар әлгіндей ұсынысты айтып даурығып жүр. Алайда, бұл түкке тұрғысыз пікір қолдау таппайды. Бұл біздің жергілікті саясаттанушыларға күлкілі жағдай болып көрінді. Дәл осындай көңіл-күй бүкіл қырғыз халқының басында бар деуге болмайды. Әрбірден соң олар қорқынышын жеңе алмаса, өзбектерден шығар. 1916 жылы не болғанын кім біледі? Мұны тек тарихшылар ғана айта алады» деген кекесінге толы ойын білдірген. 

Ресей саясаткерлерінің уәжі орынды ма, жоқ па? Қалай десек те, олардың сө­зінің астарында астамшылдық, өктемдік, тоңмойындықтың жатқаны байқалады. Сондықтан да қырғыз патриоттары «Тәуелсіз һәм егеменді Қырғызстанның ішкі саясатына ешкімнің араласуына құ­қы жоқ» деп кесіп айтты. 

Голодомор құрбандарын АҚШ-та білетін болады

Таяуда ресми Киев АҚШ-та бой көтеретін Голодомор құрбандарына арналған ескерткіштің жұмысына 2 млн. АҚШ долларын бөлді. Мемориал 2006 жылы АҚШ Конгресі осы мақсатқа көздеген аумаққа қойылатын болды. Алайда осы күзде құрылыс жұмысы басталмаса, Украина ескерткішті салу құқынан айрылуы мүмкін екен. Бұл мәселе жөнінде бастама көтеріп, ағымдағы жылдың бюджетінен қажетті қаржының бөліну керектігін Рада депутаттарына құлаққағыс еткен Украина Сыртқы істер министрі Леонид Кодар мемориалды тезірек қолға алуға шақырды. Әлгі қаулы бойынша, Украина үкіметі Астана қаласынан Тарас Шевченкоға арналған ескерткіштің тұр­ғы­зылуына қаржы қарастырып, сондай-ақ мемлекеттің жағымды бей­несін жасау мақсатында шетелдік белді ақпарат құ­­ралдарымен байланыс ор­на­туға да ақша тапқан болатын. 

Айта кету керек, Голодомор құрбан­да­рына арналған ескерткішке байқау 2009 жылы өткізіліп, ең үздік деген бес жоба іріктеліп алынған. Соның ішінде көп­тің көңілі Лариса Куриластың «Пшенич­ное поле» атты жұмысына тоқтаған. Ал ескерткіш Колумбия округінде 2012 жылдың қыркүйек айында тұрғызылуы тиіс болса да, әзірге ешқандай әрекеттің лебі байқалмапты. 

1998 жылы мемлекеттің сол кездегі президенді Леонид Кучма Украинада Голодомор құрбандарын еске алу күнін бекітті. Содан бері жергілікті халық жыл сайын қараша айының төртінші сенбісінде аштықтан көз жұмған қандастарына дұға бағыштайды. Әсіресе, Виктор Ющенконың шындық жеңіп, «Голодомор – Ресей тарапынан украин халқына мәжбүрлі түрде жасалған геноцид» деп баға бергенін жұрт біледі. Тіпті, Украинаның бірқатар ұлттық партиялары «Голодоморға деген жауапкершілікті СССР-дің тікелей мұрагері ретінде Ресей мойнына алуы керек» деп өтемақы талап еткен-ді. Есесіне, ұлт патриоттары қазіргі басшының саясатын құптай бермейді. Өйткені, Янукович: «Голодоморды бір ғана украина халқына жасалған геноцид деу әділетсіздік. Голодомор Ресейде де, Украинада да, Белоруссияда да және Қазақстанда да болды. Бұл Сталиннің озбырлық саясатының жалғасы іспеттес», – деп мәлімдеген еді.

Жоғары раданың бұрынғы депутаты Михаил Волынецтің пікірінше, соңғы жылдары биліктің Голодомор тақырыбына деген көзқарасы әлсіреп кеткендей көрінеді. «Өзім Голодомор тақырыбының беті жылы жабылған сәтте өскендіктен, тарихтың ақтаңдақ бетіне үлкен кісілердің айтқандары арқылы үңілдім. Украина халқы империяның құрбанына айналды. Біз тарих үшін, кейінгі ұрпақ үшін кінәлілерді ашып айтуымыз керек. Сондықтан да бірнеше миллион аштық құрбандарын еске алу үшін ескерткіштің болуы заңдылық», – дейді. Ол сондай-ақ, президент Януковичтің айналасындағылардың, министрлер кабинеті мен Рада депутаттарының бұл тақырыптан үнемі қашып жүретінін әрі тарихты білмейтіндігіне ашынады. «Білмеген соң, оларға ескерткіштің бар-жоғы да керек емес. Қазіргі жағдайда АҚШ-тан арнайы жер бөлініп отыр. Мұны үкімет қолға алып, жүзеге асырмаса, бұл мүмкіндіктен де айрылып қаламыз» деген Волынец кезінде аталмыш мәселеге басымдық берген Ющенкоға алғыс айту керектігін жеткізді. 

Ал Киев ауқымды стратегиялар институтының директоры Вадим Карасев та биліктен Ющенко кеткеннен кейін Голодомор тақырыбының да күн тәртібінен алынғанын айтады. «Аштықтың Ресей тарапынан болғандығы туралы пікір алынып тас­талды. Қазір Голодомор жәй ғана Украинаның тарихында бір трагедиялық оқиға ретінде айтылып жүр. Яғни, бұл тақырып Кравчук, Кучма басшылық еткен кездегі деңгейге қайта түсіп кетті. Шын мәнінде, бұл маңызды мәселе украин ұлттық бірлігін қалыптастыру үшін негізгі фактор болып саналатынын ұмытпау керек» дегенді алға тартады. 

Десе де, ағымдағы жылдың 19 тамызында Украина президенті Виктор Янукович «Украинадағы 1932-33 жылдардағы Голодомордың 80 жылдығына байланысты шаралар өткізу туралы» бұйрыққа қол қойып және аштық құрбандарын еске алу ретінде 23 қарашаны қаралы күн деп жариялады. Яғни, бұл күні мемлекеттік ту төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралардың өтуіне тыйым салынады. Сондай-ақ радио және телеарна бағдарламаларына бірқатар өзгеріс енгізу де қарастырылып отыр. 

Қазақстан неге қаралы күн жарияламайды?

Ал біз ше? Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, аштықтан 7-8 млн. адам қырылған. Украина тарихшылары ұсынған мәліметте: Украинада 3-3,5 млн., Қазақстанда 2 млн., ал Қырғызстанда 2 млн., Ресейде 2,5 млн. халық аштықтан қырылған делінген. Алайда, сол зұлмат жылдары негізінен аштықтың құрсауына түскен қазақ халқы болғанын біз тұрмақ, шетелдіктер де біледі екен. Елімізде өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасiретi және тарихи тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда бірқатар шетелдік ғалымдардың тосын пікірін естігенде, таңқалысқан едік. Сол шарада дүниежүзінің әртүрлі ел­де­рі­нен келген Қазақстандағы ашаршылық тақырыбын арнайы зерттеумен айналысатын ғалым­дар оның қалай пайда болып, қандай зорлық-зомбылықтармен жүзеге асырылғанын, қан­ша­лықты орны толмас қасіреттерге әкелгенін жан-жақты талдап берген. Мәселен, АҚШ-тан келген ғалым Сара Камерон: «Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған бұл зұлмат «геноцид» тұрғысынан таразылануы мүмкін!» деген мәлімдеме жасады. Талай уақыттан бері жабық тақырыпқа түрен салып жүрген шетел­дік ғалымдардың жиған-тергені де көп екен. Тіпті, қазақ тарихшы-ғалымдары ашып айтпаған мәселелерді бүкпесіз жайып салғаны есте. 

«Қазақтың ашаршылығы – жеткілікті түрде зерделенбеген зерттеу өрісі болып табылады. Оны білу Қазақстанға және қазіргі заманғы қазақстандық қоғамға қатысты түсінікті кеңейтуге ықпал етпек. Біз қазақ бас­тан кешкен ашаршылық жайында көп жайтты зерттеуге тиіспіз! АҚШ-та «геноцидті зерттеу» қарқынды дамып келеді» деген С.Камерон Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде жарияланған архивтік материалдардың бірқатарын тізіп берді. Мәселен Марта Брилл Олкоттың 1981 жылы жарияланған «Қазақстанда ұжымдастырудың басталуы» атты мақаласы америкалық оқырманға қазақ ашаршылығы туралы кең мәлімет береді. Бұл зерттеу кейінірек, яғни 1986 жылы Роберт Конксевттің «Қасіреттің жемісі» атты еңбегінің жарық көруіне ықпал етіпті. Мұны білетіндер кітаптың едәуір бөлігі украиндік голодоморға арналды десе де, әуелі бұл аштық алапаты Қазақ елінен басталғандығына ерекше екпін түсірген екен. Қазақ жас­тары тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алаңға шығып, басын бәйгеге тіккен жылдары-ақ АҚШ ғалымы ашаршылық туралы зерттеу еңбектерін жариялап үлгерген. Бұл кезде кеңестік өктем саясаттың қазаққа жасаған басқыншыл әрекеттері жайында еңбек жазбақ түгілі, айтқың келетін бірауыз сөзің де амалсыз іште өлетін. Бәлкім, қазіргі қазақ ғалымдары ашып, кіре алмай отырған Ресейдің мұрағаттар құлпын батыстың мүмкіндігі мол ғалымдары сол кезде-ақ ашып үлгерген шығар, кім білсін? 

Бұған Стивен Виткрофт пен Р.Дэвистің 2004 жылы жарық көрген «Аштық жылдары: кеңестік ауыл шаруашылығы, 1931-1933» еңбектері дәлел бола алады. Изабелла Охайонның 2006 жылы, Николла Пианчеллоның 2009 жылы шыққан кітаптары толықтай қазақ ашаршылығын талдаудан тұратын кө­рі­неді. 1970 жылдардың ортасында Ресей және Еуразияның зерттеу бағ­­дарламасы бойынша ашаршылық алапатын зерттеуге бел шеше кіріскендердің бірі Халықаралық бей­­бітшілікті қолдау жөніндегі Карнеги қорының жетекші ғылыми қызметкері Марта Брилл Олкот Ленин кітапханасынан 1920-1930 жылдары аралығындағы мерзімді басылым беттерінде жарияланған және мұрағат қорында сақталған құжаттарға қол жеткізген. Ол: «Ұжымдастыру мен ашаршылықты жан-жақты зерттеу үшін Қазақстанда жүргізілген саясатты Кеңес Одағының бүкіл аумағында жүргізілген саясатпен байланыстыра қарау керек. Кремль басшылығы Кеңес одағының әртүрлі аймақтарының мәдени және экономикалық қажеттіліктерінің ерекшеліктеріне назар аудармағаны белгілі. Қазақстан халқын ұжымдастыру кезінде тиісті шаралар қабылдамауын осыдан-ақ аңғаруға болады. Сталин мен оның маңайындағы топ ұжымдастыру мен ашаршылықтың салдарынан болған апатты аса маңызды мәселе ретінде қарамады. Бұл – империялық биліктің үлкен кінәсі. Сондықтан да осыған дейін белгісіз болып келген нақты жағдайларды ашып, бүгінгі ұрпаққа ашаршылық ақиқатын жеткізу – тарихшылардың биік парызы», – деді. 

Белгілі ғалым Елена Тюринаның: «1932 жылы ауыл халқы аштықтан қырылып, Қазақстанда өте ауыр жағдай орын алды. Қазақтар Ресей мен Қытайдың көршілес өңірлеріне үдере көшті. 1932 жылғы 2 сәуірде шаруалардан Бүкілодақтық Орталық Атқару комитеті төрағасының атына түскен шағымда: «Аш-жалаңаш бұқараның балаларымен талғажау іздеп, жолдарда шыбындай қырылып жатқандығы» туралы айтылады. Бұған Қазақстанда қысқа мерзім ішінде жүргізілген ұжымдастыру басты себеп болды» деген пікірі де көпке ой салған. 

Күштеп, зорлық-зом­бы­лық­пен жүзеге асырылған ұжымдастырудан Ресей, Укра­ина және Қазақстанда 7 миллионнан астам адам құрбан болды. Ашаршылықтан ең­ көп қы­рыл­ған қазақтар еді. Бір миллиондай қазақ көрші республикалар мен басқа елдерге кетуге мәжбүр болды. Ақиқаты сол, қазақ жеріндегі аштықты басқа Кеңестік елдермен салыстыруға келмейді. Яғни, қазаққа бағытталған зұлымдықтың салдары нағыз геноцид болатын. Бүгінде сол зұлмат жылдарда миллиондаған адамынан айрылған Украина кеңес коммунистерінің бұл қылмысына «геноцид» деген баға беріп отыр. Ал біз ашаршылық құрбандарына деген құрметімізді тек еңселі ескерткіш арқылы ғана білдірдік. Бірақ неге қазақтың жартысын қырып салған аш­тықты қолдан жасаған геноцид де­мей­міз?

Елбасы Н.Назарбаев та сол нәу­бет­ жылдарындағы тарихтың қа­ра жо­ла­ғының шынайы беті ашыл­ма­ған­дығын айта келе, оның ақ-қарасын ажырату жас ғалымдардың еншісіндегі шаруа екендігін тілге тиек етті. «Ресей, Украина, Белорусь жерлерін қамтыған алапат аштық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Бір белгілісі, сол нәу­бет­те ең үлкен шығынға ұшыраған қазақ халқы. Тек 1932-33 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Одан бөлек 200 мың қандасымыз жер ауып кетті. Мұны әлі зерттеу керек. Біз қазір сол кезде есеп-шоты өзіне пайдалы басшылардың есебімен қарап келеміз», – деді. Сондай-ақ Елбасының: «1929-1933 жылдардағы аштық қазақтың 40 пайызға жуығын қырып салды. Егер аштық болмағанда, қазір біз 45-50 миллион болатын едік!» деген пікірін де жұрт жадынан шығарған жоқ.

Бір өкініштісі, талай жыл бойы қазақтың басына келген ашаршылық нәубетінен сырт айналып жүрдік. Біздің тарих парақтарында ақтаңдақ ретінде мәңгі жазылып қалған ашаршылық тақырыбына оншалықты көп қалам тербей бермейтініміз өкініш ұялатады. Әлі күнге құлыптаулы жатқан сол замандағы құжаттардың бетін нық әрі батыл қадаммен аша алмай келеміз. Тарих – бұрмалауды сүймейді. Бүгінгі ұрпақ тек қана шындықты біліп, шынайы тарихты оқуы керек. Қазір КСРО-ның мұрагері болып табылатын Ресей сол зұлматты жылдармен байланысты көптеген деректер мен құнды материалдарды құпия ретінде сақтап, жария­ламай отыр. Ал бұрынғы КГБ-дан қалған мұрағаттарға біздің ғалымдарды жолатуы да екіталай. 

Біз жыл сайын 31 мамырды сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтеміз. Ол да дұрыс. Бірақ неге арнайы қаралы күн ретінде жарияламаймыз? Шын мәнінде, алапат қырғында қазақтың көптеп ажал құшқанын ескерсек, онда Қазақ мемлекетінің 31 мамырды қаралы күн ретінде жариялауына, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті еліміздің әр өңірінен ашуына толықтай құқы бар. Бірақ… 

Динара Мыңжасарқызы