ИННОВАЦИЯ — ДАМУДЫҢ САРА ЖОЛЫ

Соңғы 10 жылда елімізде халық шаруашылығының барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізу үдерісі жүріп жатқаны белгілі. Халқының 70 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өңдеумен айналысатын Оңтүстік Қазақстан облысында инновацияны енгізу, әсіресе осы ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей қадағалауының арқасында аталмыш мәселе нақты шешімін тауып, агросаланың алға жылжуына тың серпін беріп келеді.

Агроөнеркәсіп өндірісінде ең көп таралған инновация кәсіпорындарды басқару және ұйымдастыру, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, механизация, электрофикация және өндірісті автоматтандыру, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу және сақтау екені белгілі.

Осы уақытқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп шаруашылығында көптеген себептермен инновациялық үрдісті ендіру төменгі деңгейде қалып келген-ді. Оның себебі, агроөнеркәсіптік кәсіпорындарындағы технологиялардың тозуы және техника-технологиялық деңгейінің төмендеуі болатын. Дегенмен соңғы жылдары тиімді басқарушылықтың арқасында сала еңсесін тіктеп қалды.

Оңтүстік Қазақстан облысы негізінде мақта, көкөніс пен бақша, жеміс-жидек пен жүзім өндіруге, жалпы осы өнімдерге деген отандық сұраныс көлемін қанағаттандыратын деңгейде облыстың ауыл шаруашылық құрылымдарын мамандандыруды және оларда өндірісті шоғырландыруды бас­тады.

Ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды өндіріске кеңінен ендіру саланың еңбек өнімділігін арттырудың бірден-бір жолы. Осы мақсатта соңғы жылдарда облыста тамшылатып суғару әдісін ендіру көлемі айтарлықтай өсуде. Атап айтар болсақ, 2009 жылы тамшылатып суғару әдісі ендірілген алқап 2,1 мың гектар болса, бүгінгі күнге аталған әдіс 20 мың гектардан асып, республикадағы көрсеткіштің 80 пайызынан көбін құрап отыр. Тамшылатып суғару әдісі жеміс-жидек, жүзім, мақта, көкөніс-бақша және т.б. дақылдарды өсіруде кеңінен қолданылуда. Тамшы­ла­тып суару әдісі ағын суды 2,5-3 есе аз тұтыну­ға, минералды тыңайтқыштарды тамшылатып, дақылдың тек өзіне беру арқылы алынатын өнімді екі-үш еселеуге мүм­кіндік береді. Өңірлік даму бағдарламасына сәйкес, 2015 жылы тамшылатып суғару технологиясын облыста 50 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Десек те ғалымдар облыс деңгейінде аудандар бойынша егістік көлемінің оңтайлы құрылымын қалыптастыру үшін бірнеше шараларды жүзеге асыру керек дегенді айтады. Олар – тұрақты және бәсекеге қабілетті егін шаруашылығын қалыптастыруда, ауыл шаруашылық дақылдарын егуде аймақтық мамандандыру мен егін шаруашылығын жүргізудің ғылыми негізделген қағидаларын есепке алу қажет, оңтүстік өңірдің ғылыми негізделген даму стратегиясына сәйкес кластерлік жанасу бойынша жүзімдіктер мен жеміс-жидек, көкөніс пен бақша дақылдарының егін көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылық дақылдарының элиталық тұкымдық жүйелерін қайта қалпына келтіру және қалыптастыру, көкөніс, жүзім-шарапты өңдеу бойынша өңдеуші өнеркәсіп ұйымдардың өндірістік қуатын ұлғайту, ауыл шаруашылық айналымына дағдарыс себебінен пайдаланбай жатқан тың жерлерді қайта пайдалану және ендіру, ауыл шаруашылық өндірісінің өсімін және экономикалық қызмет саласының өрісін кеңейту, облыстық ақпараттық-маркетингтік жүйені дамыту.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Сайрам ауданының индустриалды-инновациялық дамуының аймақтық бағдарламасы негізінде «Мерхаф» жүйесі бойынша жеміс-жидектерді өңдеу зауыты іске қосылғаны белгілі. Бұл ауданда қазақстандық-израильдік біріккен «Принир» компаниясы 19 млн. теңге көлемінде шетелдік инвестиция­лар жұмсап, өсімдіктерді суарудың жаңа технологиясы – тамшылатып суару ісі жүзеге асты. Израильдік тамшылатып суару әдісі мен қызанақтарды өсірудің қытайлық әдісі – ұрықтарды тікелей себу әдісі де қолданылуда. Әдістің артықшылығы – суды үнемдеп, жұмыстардың толық механикаландыруы жағдайында ұрықтардың жүз пайыз шығуын қамтамасыз етеді. Бұл инновациялық екі әдіс те аз шығын жұмсау арқылы табысты және сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан облысында­ ин­­­но­­вациялық технологияларды қол­дана отырып, үлкен жетістікке жетіп отырған серіктестіктердің қатары соңғы жылдары күрт көбейіп келеді. Солардың бірі – «Ордабасы құс» ЖШС. «Ордабасы құстың» негізгі өнімі – күркетауық еті. Кешен Ордабасы ауданындағы Бадам ауылында орналасқан республиканың агро­өнеркәсiптiк кешенiндегi күркетауық өсiру бойынша алғашқы жоба болып табылады. Заманауи кәсіпорын тұйық өнеркәсіптік цикл ретінде құрылған, құс өсірумен, құрама жем өндірісімен, ет өңдеумен шұғылданады. Бұл iс елiмiздiң Индустрияландыру картасына енгiзiлген және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен iске асырылуда. Құс фабрикасының жалпы құны – 3 млрд. 622 млн. теңгенi құрап отыр. «Қараөткел-2012» жәрмеңкесінде «Ордабасы құс» ЖШС осы күркетауық өнімінің 15 тоннаны құрайтын 35 түрлі ассортиментін астаналықтар назарына ұсынбақшы.

Бүгіндері аталмыш бағытта еліміз­дегі алғашқы жоғары технологиялы­ құс кешені өндірісін одан әрі ұлғайтпақ ниетте. Бүгінгі таңдағы өндірістік қуаты 5000 тонна болса, кешен ұлғайған жағдайда жылына 8110 тонна күркетауық етін даярлап, саудаға шығармақ. «Ордабасы құс» ЖШС-нің бұл бастамасын «ҚазАгроҚаржы» АҚ жан-жақты зерттеу үстінде. Табыс­ты бастама деп тапса, өндіріс көлемін арттыруға мол қаражат бөлмек.

Биылғы жартыжылдықтың қоры­тын­дысы бойынша кәсiпорын 2000 тоннаға жуық ет өндiріп үлгеріпті. Күркетауық етін ОҚО-дан өзге Алматы, Астана мен еліміздің басқа да қалаларына өткiзуде. «Ордабасы Құс» ЖШС-нің директоры Мұрат Тағаев: «қазiргi кезде құс фабрикасында өндiрiлетiн өнiмнiң 35 пайызы мәскеулiк рыноктарға экспортталады. Бұл ретте, ресейлiк серiктестер өнiм сатып алу көлемiн барынша ұлғайтуға әзiр екенiн мәлiмдеп отыр. Алайда, біздің басым мiндетiміз – отандық нарықты күркетауық етiмен қамтамасыз ету», – дейді. Сонымен бірге еттi солтүстiк бағыттан өзге, Өзбекстанға, Ауғанстанда орын тепкен НАТО әскерилерiне жеткiзу туралы келiссөздер жүргiзiлуде. Бүгіндері құс фабрикасында 320 маман еңбек етеді. Өндiрiстi ұлғайту жүзеге асырылған жағдайда тағы да 180 адам жұмыспен қамтылмақ. Компанияның кешендi жоспарына сәйкес 2017 жылға дейiн өндiрiс қуатын 25000 тоннаға жеткiзу көзделіп отыр екен. Бүгiнгi таңдағы негiзгi мiндеттердiң бiрi – өзiнiң меншiктi азықтық базасын құру. Бұл бағытта өнiмдiлiгi жоғары жемшөп зауыты тұрғызылып, iске қосылған.

Әлемдік тәжірибеде құс шаруа­шы­лығы аграрлық сектордың ішіндегі аса тиiмдi және табысты салалардың бiрi болып табылады. Деректерге сүйенсек, еліміздегі құс фабрикалары отандық нарықты жұмыртқамен толықтай қамтамасыз етіп отыр екен. Дегенмен, құс етiне келгенде әлi де болса импортқа деген тәуелдiлiк сақталған.

Соңғы жылдарда макро­эко­но­­­­­микалық оң өзгерістер ауыл ша­руа­шылығы саласын қаржылық қолдау үшін жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Инвестиция салымы бірінші кезекте, дақылдардың сапасын жақсартуға, жаңа, қазіргі заманғы агротехнологияларды ендіруге, саланың техникалық жаңаруына бағытталуда. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық дақылдарын өндіруге қажетті фосфор, азот, калийлік тыңайтқыштарды сатып алу толық субсидиялануда. Шаруаларға сатылатын элиталық ұрықтардың құны 50 пайызға дейін арзандатылып, себілетін тұқымдардың сапасын тексеру толығымен қамтамасыз етілген.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін фермерлер мен жеке кәсіп­кер­лерге жеңілдетілген несиелер беру­дің тиімділігі аса жоғары екені дәлел­денген нәрсе. Өз кезегінде ол инновациялық технологиялардың салаға жылдам енгізілуіне септігі тиері анық. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысында талай шаруа атқарылып келеді. Облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруді негізінен «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ еншілес мекемелері «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Азық-түлік ке­лі­сім шарт корпорациясы» АҚ) және облыстық «Максимум»АИО» ЖШС-гі жұмыстар атқаруда. Аталған қар­жы институттарының басқа қаржы меке­мелерінен ерекшелігі несие қаржының жыл­дық мөлшерлемесі 6 – 9 пайыздың көлемінде. Осы институттар арқылы облыс агроөнеркәсіптік кешеніне 2009 жылдан бүгінгі күн аралығында тауар өндірушілерге 60 млрд. теңгеден астам несие қаржылары беріліп, 12 мыңға жуық ірі, орта және шағын жобалар қаржыландырылған. Нәтижесінде мал шаруашылығын дамыту және мал бордақылау бойынша 7 мыңнан астам жобалар, 3500 гектар жерге тамшылатып суғару әдісін ендіру жобалары, 95 гектар алқапқа жылыжайлар кешендерін салу, 39 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындары, сый­ым­дылығы 70 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары, 1500-ден астам әр-түрлі заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8,5 мың бас­тан астам ірі қара мал алынып, 839 басқа репродуктор ұйымдастыру және т.б ауыл шаруашылығын дамыту жобалары іске асырылған.

Дегенмен еліміздегі ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілерінің 36 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқандығын ескерсек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау шараларын жылдан-жылға оңтайландырып, жетілдіру қажеттілігін көрсетеді. Осыған байланысты қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан кепілдендіру қорын құру және лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникаларының пайыздық мөлшерлемесін субсидия­лау есебінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру қолжетімділігін кеңейту мәселелері қарастырылуда.

Дамыған елдерде техниканы сатып алуға берілетін тікелей дотациялар қазіргі кезеңде өте сирек кездеседі. Бірақ, жеке дағдарыс кезеңдерінде ауыл шаруашылығының дамуында олар кеңінен қолданылды. Мәселен Батыс Еуропа елдерінде фермерлер қажетті техниканың бір бөлігіне ие, ал кейбіреулерінің иелігінде олар тіпті жоқ. Яғни ауыл шаруашылығында мердігерлердің (МТБ, машиналық рингтер және т.б.) техникасын пайдаланады.

Индустриалды-инновациялық даму сипатындағы ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын мемлекеттік инвестиция көздері республикалық және жергілікті бюджет құралы, сол сияқты мемлекет бақылауындағы кәсіпорындар (ұлттық компания, мемлекеттік кәсіпорындар) арасынан индустриалды-инновациялық даму үшін интеллектуалдық және инфрақұрылымдық негізін құрайтын сала ғана қалуы қажет сияқты.

Оңтүстік Қазақстанда жаңадан жүзеге асырылып жатқан тың жобалардың бірі ретінде мектептердің жанындағы жылыжай кешендерін айтуға болады. Мұндай жылыжайларды салып, мектеп оқушыларын өздерінде өндірілген өніммен қамтамасыз ету идеясын облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұсынған еді. Алғашында осындай ұсыныс айтылған кезде оның іске асып кетуіне күмән келтіргендер көп болған көрінеді. Қазақта «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жан-жақты зерделей келе ауыл шаруашылығы басқармасындағылар тың іске кіріскен. Міне, бүгін сол идея өзінің жемісін беріп келеді.

Тұрғындарды жыл бойы жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және көкөністердің маусымаралық жетімсіздігін болдырмауда жылыжай кешендерінің маңызы зор екендігі осы шаруашылықты дамытқан сайын айқын аңғарыла түсуде. 2009 жылы облыста жылыжайлардың көлемі 124 гектар болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 371 гектарды құрап, одан 50 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері алынып, облыс, республика тұрғындарын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің ұсынысымен мектептер жанынан жылыжайлар салу қолға алынды. Бұл өз кезегінде оқушыларды еңбекке баулуға, болашақта оқушылар өздерін жұмыспен қамтуына үлкен септігін тигізеді. Өткен жылы қосымша 140 гектар салынып, жалпы жылыжайлар көлемі 511 гектарға жетіп, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрағанын мақтанышпен айтуға болады.

Келешекте ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуды жетілдіру бойынша инновациялық іс-шараларды жүзеге асыра отырып, өзіндік құны төмен, жоғары сапалы өнім өндіру арқылы ғана әлемде бәсекелестікте өз орнымызды ала отырып, биік нәтижеге жететін боламыз. Соның арқасында техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі және олардың тиімділігінің артып, зиянкестермен күрес жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, агротехникалық іс-шараларды жүргізгенде қуатты, өнімділігі жоғары техникаларды кеңінен пайдалану мүмкіндігі артады, минералды тыңайтқыштар жүйелі түрде пайдаланылады. Оның үстіне өндірілген өнімді тиімді бағамен сатуға және нарықтық жағдайда бәсекелестігі жоғары өнім өндіруге ықпалы тигізері сөзсіз.

Қазiргi таңда облыста ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен ұйымдарындағы өндірісті тұрақтандыру мен қайта қалыптастыру, ауыл шаруа­шы­лық өнiмдерiн сататын көтерме сауда ашу, ауыл шаруашылығы өнiмдерін өндiретiн құрылымдарын кооперациялық байланыс негізінде мамандандыру және шоғырландыру, сонымен бiрге ауыл шаруашылығын машина-тракторлық бекеттердің қызметтерін пайдалану бойынша жұмысты жүзеге асыру үшiн iс-шаралар жүргiзiлуде. Ол жұмыстардың бірқатары ендігі аяқталып та қойған.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ аумағында 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын айта кетейік. Олар – «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС – құрамында мақтасы бар шикізаттардан гигроскопиялық мақтаны, мақта целлюлозасын және техникалық карбоксиметилцеллюлозасын өндіруді ұйымдастыру, «ҚазДемирТекстиль» ЖШС – мақта талшығын және түкті бұйымдардың ассортиментін өндіруді ұйымдастыру және «Оху-Техtile» ЖШС – жіп иіру-айналдыру кешенді ав­то­маттандырылған фабрикасы және т.б.

Осылайша, аймақтық АӨК-дегі­ инновациялық үрдістің дамуы ғылыми-техникалық әрекеттердің жаңа технологиялар, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін меңгерумен тығыз байланыста жүруін қамтамасыз ететін инвестициялық және инновациялық жайлы климат қалыптастыруға тәуелді. Аймақтық АӨК-нің ғылыми-техникалық кешенін басқару жүйесін инновацияны меңгерудің жаңа қағидаларына сүйеніп қайта құру инновациялық әрекеттердің де, агроөнеркәсіп өндірісінің де тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қоғамдық өндiрiстiң объективтi және заңды құбылыстарының бiрi – интеграциялық және кооперациялық бiрлесудi дамыту арқылы – агро­өнер­кәсiп құрылымдарын құру. Қазіргі таңда облыстағы ауылдық аудандарында жүзімді өңдейтін 26 мамандандырылған кәсіпорындар мен цехтар бар, олардың қатарында шарап өндіретін ірі кәсіпорындар «Молчанов және К» ААҚ, «Қапланбек», «Южвино» ЖШС, «Жуалы» ӨК, «Қонысбаев» кәсіпорындары жатады. Бірақ өкінішке қарай, аталған кәсіпорындардың өнімдері шет елдерде үлкен сұранысқа ие екендігіне қарамастан олар өздерінің өндірістік қуатының 40-50 пайызын ғана пайдаланып отыр.

Сүт өнімдерін өндіретін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны облыс бойынша 20-дан асады. Қазіргі жағдайда шикізат қорының шектеулі болуы салдарынан кәсіпорындардың қуаты 50-60 пайыз көлемінде пайдаланылуда. Кәсіпорындар негізінен сүт ұнтақтарымен жұмыс істейді, жаңа сауылған сүт тек қана «Фуд-Мастер» АҚ және жақын арадағы шаруа қожалықтарынан келіп түседі.

Мамандар Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының аймақтық инновациялық жүйе­сінің инфрақұрылымын қалып­тас­тыру үрдісінде мемлекеттік с­та­тусы бар ОҚМУ ғылыми ұйым­да­рын, ауыл шаруашылық ғы­лыми орталықтарды, университет­ кешендерін, интеграцияланған және корпоративтік агроөнеркәсіп құры­лым­дарды және тағы басқа әртүрлі құқықтық-ұйымдастырушылық жоғары технологиялық ұйымдарды, сонымен бірге инновациялық әрекеттерді қар­жы­ландырушы ұйымдарды іске тарту керек дейді.

Қорыта айтқанда, айтылған аг­ро­өнер­кәсіп өндірісінде инновациялық іс-шараларды жүзеге асыра отырып, нарық талаптарына сай, ауыл шаруа­шылығында өндірілген өнімдер мен­ шикізаттарды қайта өңдеу, дайын өнімдерді нарық талабына сай сату арқылы агроөнеркәсіп өндірісінің экономикасын тұрақты қалыптастыру мүмкін, бұл ауыл шаруашылық өндіріс тиімділігінің артуына жаңа мүмкіндіктер ашады, жалпы агроөнеркәсіп өндірісі үшін экономикалық өсуді қамтамасыз етеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button