Жаңалықтар

САРЫАРҚАДА – САПАЛЫ БІЛІМ

ашық дереккөзі

САРЫАРҚАДА – САПАЛЫ БІЛІМ

Конференцияға залға жиналған мұғалімдерден бөлек, бейнеселектор байланысы арқылы өңірдің барлық қалалары мен аудандарынан бес мыңға жуық өкілдер қатысты. Өңір басшысы өз сөзін: «Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Стратегия 2050 – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін біз жоғары білімді ұлтқа айналуымыз керек деп қадап айтқан болатын», – деп бастады.

Білімді ұрпақты тәрбиелеу ұстаз­дар­дың қолында. Білім беру саласының қызметкерлерінің алдында жан-жақты сауатты жас азаматты тәрбиелеу міндеті тұр.

Конференция барысында облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев «Білім мен тәрбие сапасын арттырудың шарты – инновациялық процестер» тақырыпта баяндама жасады. Білім беру басқармасының басшысы өз баяндамасында өңірде атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталып өтті. 

Олардың арасында Ресей Білім академиясының құрметті мүшесі, психология ғылымдарының докторы Шалва Амонашвилидің идеясы негізге алынған «Рухани-ізгілік педагогика мектебі» пилоттық жобасын айрықша атап кетуге болады. Аталмыш жоба 2013 жылдың қыркүйек айында бас­талып, келер жылдың мамыр айында аяқталмақ.

Теміртауда «Көпмәдениеттілік ор­та жағдайында педагогтар мен ата-аналардың өзара іс-әрекет бағдарламасы», Жезқазғанда «Білім мекемесіндегі көпмәдениеттілік ортасында қоныс аударып келген балаларды әлеуметтік-психологиялық жағынан сүйемелдеу» және Қарағанды қаласында «Оқушылардың этнотөзімділік деңгейін анықтау бағдарламасы» инновациялық жобалары да әзір тұр. Бұл жобаларды жүзеге асыру алдағы күндердің еншісінде. 

Бәсекеге қабілетті маман даяр­лау­дың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру болып табылары сөзсіз. Қарағанды облысының әкімдігі, оңтүстіккореялық АХА компаниясы мен қазақстандық «Лидос ЛТД» арасындағы, машинажасау консорциумы, «Лукас Нулле» және чехиялық «Эйке» компанияларымен арадағы жасалған өзара ынтымақтастық меморандумдары осыған бағытталған.

Конференция кезінде «Бөбек» рес­­публикалық орталығының ша­қы­руымен Алматыда рухани-адам­гер­шілік тәрбиесі туралы семинар өткізген Шалва Амонашвилидің бейнежазбаға түсірілген таспасы көрсетілді.

Онлайн арқылы байланысқа шыққан Теміртау қаласының №17 орта мектебі директорының орынбасары Елена Шляхова және ел Президентімен Теміртауда қатар қызмет істеген Нина Вахитова педагогтар мен ата-аналардың көпмәдениетті орта жағдайындағы өзара іс-әрекеті бағдарламасының күтілетін нәтижелері туралы ойларын ортаға салды.

Халықаралық бакалавриат жобасын енгізу жайы туралы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директорының орынбасары Ақжол Боранбай әңгімелеп берді. Ал, осы жобаның Теміртаудағы барысы туралы «ArcelorMittal Foundation» Азия, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі жоба-менеджері Раджендран (бейнежазба) баяндап өтті.

Ауылдық жерлердегі шағын комплектілі мектеп оқушыларына берілетін білім мен тәрбие деңгейін арттырудағы ресурстық орталықтардың ролі туралы Ақтоғай ауданы Шашубай орта мектебінің директоры Айман Түкібай айтты.

Конференцияда ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы бақылау департаментінің директоры Махмұт Тоқбаев, «Lukas Nulle» компаниясының өкілі Николай Гадев, жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай және «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы, Киевка кенті №2 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әйгерім Сүлейменова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. 

Конференция соңында өңір басшысы аймақтың ұстаздар қауымының алдына бірқатар жаңа міндеттер қойды. Олардың арасында балаларға рухани-адамгершілік тәрбие берудің жаңа тәсілдерін енгізу, барлық білім беру мекемелерінде инновациялық оқыту технологияларын енгізу, жаңа тұрпаттағы мұғалімдердің кәсіптік өсуі үшін тиісті жағдайлар туғызуға қатысты нақты міндеттер жүктеді.

Жиын соңында бірқатар ұстаздар марапаттарға ие болды. Оның бірі, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова сөз сөйлеп, аймақтың үздік ұстаздарына «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ыбырай Алтынсарин төсбелгілерін табыс етті.

Сонымен бірге, облыс әкімі Бауыржан Әбдішев білім беру саласының екі үздік қызметкеріне құрмет грамотасын, ал 8 жас маманға пәтер кілттерін тапсырды.

Облыс әкімі конференцияға қаты­су­­шы­ларды жаңа оқу жылының басталуы­мен құттықтап: «Ұстазы озық елдің болашағы да зор. Бұл – уақыттың өзі дәлелдеген ақиқат. Сондықтан шәкіртіне тәрбие мен білім беретін мұғалімдер қауымына қашанда айтар алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да аймақтың білім беру саласын дамытуға қосар үлестеріңіз көп болсын,» – деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Едіге БЕКТАС