Жаңалықтар

ЕЛШІЛДІК ИДЕЯДАН — ЕГЕМЕНДІККЕ ДЕЙІН

ашық дереккөзі

ЕЛШІЛДІК ИДЕЯДАН — ЕГЕМЕНДІККЕ ДЕЙІН

ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалы Ресей қазақ елін түгелге жуық жаулап алды. Өзінің отарлау саясатын тереңдету мақсатында қазақ иелігіндегі Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал, Астрахан секілді кейбір ірі қалаларда патша үкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл басылымдардың негізгі мақсаты патша үкіметінің үкімдері мен жарлықтарын жергілікті халыққа жеткізу болатын. Осындай мақсатпен жарық көрген басылымдардың бірі – «Түркістан уәлаятының газеті». 

Аталмыш басылым 1870 жылдан шығып тұрған орыс тіліндегі «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны қазақша, екі саны өзбекше) басылған. Газеттің ресми бөлімінде патша үкіметінің бұйрық-жарлықтары шығып тұрса, ал ресми емес бөлімде қазақ халқына пайдалы (егіншілік, мал шаруашылығы, отырықшылық, сауда, әдебиет пен мәдениет, оқу ісі мен өнер, сонымен қатар әйел теңсіздігі) материалдар жарияланды. Осы мәселелер арқылы газет халықтың рухани сауатын ашуға күш салды.

Заман ағымы бір қалыпты тұр­мады. Төңкерістің дүмпуі сезілген сайын, қарапайым халықтың оған құмарлығы арта түскен. Қазақ даласындағы ат төбеліндей ғана ел оқығандары біріге білді. Жан серіктікке семсердің орнына қаламды таңдады. Тарих беттерінде халықтың жоқтаушысына айналған «Айқап», «Қазақ», «Серке», «Сарыарқа», «Алаш», «Бірлік туы» секілді ба­сы­лымдар пайда болды. Бұл басы­лым­дардың әрқайсысының ел тари­хындағы алатын орны баға жеткісіз екені даусыз мәселе. Себебі, ХХ ғасыр – мәдени-рухани даму ғасыры; ХХ ғасыр – ояну ғасыры; ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болумен қатар, қазақты қазаққа айдап салып, таптық күресті күшейткен ғасыр; ХХ ғасыр – қазақты аштыққа ұшыратып, қырған ғасыр; ХХ ғасыр – елім деп еңіреген ерлерді халық жауы деп санап, тарих бетінен мүлдем өшіріп тастауға ұмтылған ғасыр; ХХ ғасыр – тарих бетінде екі бірдей дүние жүзілік соғысқа куә болған ғасыр; ХХ ғасыр – қазақтың елдік мақсұттан айнымай, бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізген ғасыр екенін естен шығармауымыз керек. 

Қазақ даласын большевиктер өз ықтиярына көндіргеннен соң, алаштықтарға оларды мойындаудан басқа еш амал қалмайды. Алайда алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүр өз жалғасын Түркістаннан табады. Бұлай айтуымыздың да өзіндік дәлелі бар. 

ХХ ғасырдың бас ширегіндегі түр­кістандық әдеби орта өз кезе­гін­де саяси текетірестерге толы төң­керістердің ушығуы, елдегі қара­пайым халық жағдайының нашарлауы, отаршылдық саясаттың күшеюі, үстемшіл патша үкіметінің құлауы, үкімет басына саяси биліктердің таласуы секілді қым – қуыт кезеңде елдің болашағы үшін күрескен қайраткер аспантау тұлғалардың шоғырынан тұрады. 

Олардың қатары түркі халық­та­рының бірлігін көздеп, үміт туын Түркістанға тіккен Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Хайретдин Болғанбаев секілді қай­раткерлермен бірге кеңестік тоталитаризмге қарсы күрес жүргізу үшін, бұрын «Қазақ» газетінде қаламы шыңдалған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабаев секілді дарынды қаламгерлермен толықты. Бұрынғы «Қазақ» газетінің елшілдік бағытын алдымен Мұстафа Шоқайұлы ашқан «Бірлік туы» басылымы жалғастырады. «Бірлік туы» жайлы Дихан Қамзабекұлы: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-18 жылдары ұлттық, түрікшілдік бағыттан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түркі әлеміндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялыларының елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жапқан кезде (кейін қайта ашылады) оның жалауын жығылтпай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын», – дейді.Ал Нұрхат Сапуанов оның ең басты себебін «Бірлік туы» газетіндегі қаламгерлердің барлығының да қаламын қарыштаған, тәй-тәйлеген алғашқы еңбектерін жариялап, әдебиеттің кәусар бұлағынан сусындатып, нағыз әдебиетке жолдама берген «Қазақ» газетімен байланыстыра отырып дәлелдейді. Ол: «Біріншіден, ол «Қазақ» газетінің жалпы бағытын жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, соған еліктеген, «Қазақтың» деңгейіне ұмтылған. Екіншіден, газетке М.Шоқайұлы, Х. Болғанбайұлы, С. Қожанұлы, М. Дулатұлы, А. Мәметұлы, Б. Майлыұлы сияқты қаламдары «Қазақта» шыңдалған, әрқайсысы бір-бір тұлға арыстар ат салысқан»,– деп «Бірлік туы» хақындағы ойын білдірген. 

«Қазақтың» туын жықпай, ел­шіл­дік бағытты іліп әкетіп, ары қарай жалғастырса, тіпті оның жалпы халықтық белең алуына бұрын «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер ат салысса, онда қалайша «Бірлік туын» елшілдік бағытты жалғастырушы деп айта алмаймыз? 

Біздің тарихта әттеген-ай деп, сан­ соқтыратын кезеңдер мен құ­пиясы ашылмаған сан қилы ақтаң­да­ққа толы оқиғалар жеткілікті. Рахманқұл  Бердібайдың: «Біз тарихы­ жазылмаған халықпыз» деуі содан болар. Кеңестік қызыл шекпенділер «Бірлік туына» да «Қазақтың» кебін кигізіп, жауып тастайды. Ендігі халықтың жоқтаушысы Сұлтанбек Қожанұлы ашқан «Ақ жол» газеті болды. «Қазақ» пен «Бірлік туы» көтерген жүк салмағы «Ақ жолға» түсті. Алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді жалғастыру үшін «Ақ жол» газеті «Қазақ» пен «Бірлік туы» жүрген сүрлеумен жүрді. Себебі бұл басылымның да айналасына «Қазақта» қаламы шыңдалған қаламгерлер жиналған еді. Дүкенбай Досжанның «Абақты» атты еңбегі арыстарымыздың темір тордағы жан күйзелісінен, сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы мәдени өрлеу кезеңінен мәлімет беретін таптырмас дерек көзі екені аян. Осы кітапта арыстарымызды тергеу ісі туралы мәліметтер келтірілген. Аталмыш мәліметтер біз қозғап отырған жайтқа қатысты болғандықтан үзінді келтіруді жөн санадық. 

«Дулатов Ташкентке келісімен Қожановпен тіл табыса кетті. Қожанов Дулатовтай іскер кісі тапқанына қатты қуанып, жаңа газет ашуға тапсырыс берді. Бірнеше күннен кейін «Ақ жол» газеті ашылды. Газеттің жауапты редакторы Қожанов болса да, негізгі шаруаның бәрін Дулатов өз мойнымен көтерді» (Әділов Дінмұхамедті тергеу ісінен үзінді). Бұл жерден біз «Ақ жол» газетінің шығуына сеп болған Сұлтанбек Қожанов пен «Қазақтың» редакторларының бірі Міржақып Дулатов екеніне көз жеткіземіз. Ал ары қарайғы жұмысының шындап дамуына кімдер үлес қосты?  Шынымен алашшыл бағыттағы елшілдік дәстүрді ұстанды ма? Тағы да «Абақтыдағы» деректерге үңілейік. 

«Өз басым Ташкентке жұмыс істеуге 24-жылдың аяғында келдім. Бұған дейін Ташкентте ешқашан болмаған едім. Бұл қалаға қазақ оқу-ағарту институтының шақыртуы бой­­ынша оқытушы болмақшымын. Бұрынғы таныстарымның ішінен жалғыз семейлік Ысқақов Даниялды ұшыраттым. Аз уақытта Байтасовпен, Кемеңгеровпен, Ғалымжановпен, Досмұхамедов Халилмен танысып үлгердім. Оқу-ағарту институтында сабақ бере жүріп «Ақ жол» газетінде істедім. Орынборда шығатын «Жас қазақ» газеті мен «Пионер» журналынан басқа өзгедей басылымдарға материал берген емеспін. Мен келгенше «Ақ жол» газетінде Жұмабаев істеген екен…» (Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінен үзінді). Сонымен «Ақ жолда» Қожанов пен Дулатовтан басқа Аймауытов пен Жұмабаевтың да болғаны айқындалды. Алайда аталмыш басылымның бетіндегі жарияланған материялдарға қарап, жоғарыда аты аталған тұлғалармен қатар онда Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Хайретдин Болғанбаев сынды қайраткерлердің қаламының ізі қалғандығы байқалады.

Алашшыл бағыттағы елшілдік дәс­түрді жалғастырушы басылым ре­тінде тану үшін, бұдан артық қан­дай дәлел керек. Өйткені бұл қалам­гер­лердің барлығы да «Қазақтан» сусындап, алашшыл бағытты мақсұт тұтқан ақын-жазушылар екені етенеден белгілі. Амантай Шәріптің мә­ліметіне сүйенсек, С.Мұқанов «Ақ жолды» «Түркістан республикасының басқарушы газеті» – дейді. Олай болған жағдайда халық жүрегіне жол тапқан басылым болды ғой сонда. Халықтың жүрегіне жол тапқан басылымды елшілдік дәстүрді жалғастырушы басылым демеу күнә болар, сірә. Асылында Әділов Дінмұхамедті тергеу ісінде «Ақ жол» газеті жайлы тағы бір құнды мәлімет бар. Зер сала үңілу артықтық етпес.

«Бұл кезде барша күш-жігер баспасөзді жаулап алуға салып жатты, баспасөз арқылы жұртты еліктіру, ілестіру оңай. Бұл ойлары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің арқасында толық іске асты деп мәлімдеуге болады». Қайраткердің «бұл кезде» деп отырғаны – бұрынғы «Алаш» белсенділерінің кеңестік үкіметті еріксіз мойындаған тұсы.

«Бірлік туы» мен «Ақ жолды»­ «Қазақ» газетінің ұстанған бағытын жал­ғастырушы басылымдар ретін­де тағы бір қырынан олардағы жа­рия­ланған материалдардың үндес, сарын­дас­тығымен де дәлелдеуге болады.

«Қазақ» газетінде жарияланған «Г. Дума», «Мектеп керектері», «Оқу мезгілі», «Қазақша оқу жайы», «Оқу жайы», «Бірлік туында» ба­сыл­ған «Иман күші», «Мұғалім және шәкірттер», «Түркістанда орыс сиездері», «Ақ жолдың» бетіндегі «Қазаққа пайдалы жас талап», «Дау тоқтап, іс басталсын», «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі», т.б. мақалалар сөзіміздің бұлжытпас айғағы бола алады. Себебі бұл басылымдар әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, білім алу, өнер үйрену секілді әлі күнге дейін еш маңызын жоймаған мәселелерді көтере білді.

Осылардың барлығын назарда ұстасақ, онда ХХ ғасырдың басындағы түркістандық әдеби ортаны алашшыл идеяның өміршеңдігін кеңейтті деп айтуға болады. Тіпті большевиктер жеңіске жеткен кездің өзінде де тоталитаризм түтеткен түтінге тұншықпай, елшілдік бағытты биікке самғата көтерді. Сол арқылы отаршылдық бұғауда құрсауланып қалған халық жүрегіне еркіндік сезімін ұялата білді. Олар түптің түбінде алашшыл бағыттағы елшілдік идея қазаққа егемендік алып беретініне, қазақты тәуелсіз ел ететініне сенді. Ал тарих бұл ойды дәлелдеді. 

Тарих қойнауында әлі қанша сыры ашылмаған шындық бар екен? Бұл бізге беймәлім. Алайда тарих алдауға көнбейді. Қанша қолдан жасағанымен келер ұрпақ ақиқатын таныры анық. Дихан Қамзабекұлы: «Қазақтың халықтық қалпын, замана сапырылысының жай-жапсарын бетіне айна-қатесіз түсірген «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Жас азамат» газеттеріндегі деректер ғылыми айналымға түс­пейінше, тарихнамамыздың көсегесі кө­гермесі хақ», – дейді. Себебі ұлттық құн­­ды­лық­тарды сақтап, тарих қой­нау­ын­дағы ақтаңдақтардың ақиқатына жетіп, келер ұрпаққа тек шындығын жет­кізу үлкен мақсұтты іс. Бұл өткен мен бүгіннің ғана емес, келешектің де ісі болып қала бермек.

А. Батырбеков,

журналист 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы