ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ БІЛЕМІЗ БЕ?
Жалпы қағидаға сәйкес қылмыстық жауаптылық қылмыс жасаған кінәлі адамға сот арқылы жаза тағайындау негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтау туралы» 1999 жылғы 30 сәуірдегі нормативтік қаулысында:
«Қылмыстық белгілері бар әрекет жасаған, бірақ қоғамға елеулі қауіп келтірмейтін адамдарға соттар қылмыстық жаза қолданбай-ақ, олардың түзелетіндігі мен қайта қылмыс жасамайтындығы туралы мәселе талқылап, негіз болған жағдайда ондай адамдарды ҚК-тің 65-68-баптарында көрсетілген негіздері бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға құқылы» делінген.
Аталған қаулыда соттың адамды қылмыстық жаза шараларын қолданбай-ақ түзеуге болатындығы туралы тұжырымы істің жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелген мән-жайларына және сотталушының жеке басы туралы мәліметтерге негізделуі қажет деп атап көрсетілген. Осыған орай қылмыстылықпен күресте мақсатқа жету кінәлі адамды қылмыстық жауапқа тартпай-ақ немесе оған жаза тағайындап, бірақ оны жазаны нақты өтеуден босату арқылы, сондай-ақ жаза өтеуден мерзімінен бұрын босату, өтелмеген жазаның бөлігін жеңілірек жазамен ауыстыру арқылы жүзеге асырылуы да мүмкін.
Осыған байланысты қылмыстық құқық қылмыстық жауаптылықты және жазадан немесе жазаны жеңілірек жазамен айырбастау туралы институтты белгілейді. Мұның әрқайсысы тәжірибеде кеңінен қолданылады. Сонымен бірге ескерілетін жағдай, қылмыстық жауаптылықтан, жазадан босатуды кеңінен пайдаланудың да зиянды жағы бар. Бұл институтты практикада жиі қолдану қылмыстық құқықтағы жауаптылықтың сөзсіз болуы принциптерін аяққа басады. Сондықтан да көрсетілген мәселелерді қолдану заңға негізделген және тиімді болған жағдайда ғана қылмыспен күрес мақсатының қылмыстық жауаптылық немесе жазаны қолданбай-ақ жүзеге асырылу жағдайында ғана қолданылуы қажет.
Қылмыстық заң бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатудың мынадай түрлері анықталған:
Шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
Қажетті қорғану шегінен аспаған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату;
Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
Жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату;
Рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату.
Осы аталған негіздер мен қылмыстық жауаптылықтан босату түбегейлі түрде шартсыз жүзеге асырылады.
Қылмыстық заң бойынша кінәлі деп танылған адамның жазаны өтеуді жалғастырудан босатылуы немесе жазасының жеңілірек жазамен ауыстырылуы мүмкін.
Қылмыстық заң бойынша жазадан босату мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:
Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату;
Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату;
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру;
Жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдерді жазаны өтеуден кейінге қалдыру.
Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеуді кейінге қалдыру;
Айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату;
Рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде жазадан босату.
Қылмыстық жауаптылықтан босату, жазадан босату немесе жазаны одан әрі өтеуден босатудың бір-бірінен айырмашылығы оларды қолдану негіздеріне байланысты болады. Әдетте, қылмыстық жауаптылықтан босату (қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі ескіруге байланысты жауаптылықтан босатудан басқасы) істелген қылмыстың қоғамға қауіптілігі онша көп болмаған және оны істеген адамның түзелуі, жаза қолданбай-ақ мүмкін болған жағдайларда қолданылады.
Жазадан немесе оны одан әрі өтеуден босату сот үкімі бойынша белгілі бір жаза тағайындалып, соны өтеу барысында өздерінің түзелгендігін дәлелдеген адамдарға қолданылады. Мұндай жазадан босату тек заңға белгіленген тәртіппен сот арқылы ғана жүзеге асырылады.
Қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылудың кейбір түрлері жұртшылық өкілдерінің қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату жазаны өтеу мекемесінің және бақылау комиссиясының бірлескен ұсынысы болған жағдайда ғана сот арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық жауаптылыққа тартудың мерзімі ескіруге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату, айыптау үкімін орындаудың мерзімі ескіруге байланысты жазадан босату (69,75-баптар) жұртшылық өкілінің пікірін ескермей-ақ қолданыла береді.
Айнұр Оразбекова,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз Мемлекеттік университетінің
2-курс білімгері