БҰЛ ҰРЛЫҚ ПА, ӘДЕПСІЗДІК ПЕ?
БҰЛ ҰРЛЫҚ ПА, ӘДЕПСІЗДІК ПЕ?
Конференцияның ғылыми жинағына енген қазақстандық зерттеушілердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған баяндамаларымен таныса бастадым. Әр автор өз саласына тиесілі ғылыми пікірлерін, сілтемелерімен қосып көрсетіпті. 531 беттік ғылыми жинақтың 124-ші бетін ашып қалғанымда «Сакура, самурай: жапондық ұлттық символдық атаулар» деген тақырып көзіме оттай басылды. «Ау, мынау менің халықаралық «Түркістан» газетіне шыққан мақалам емес пе?» дедім ішімнен. Жапон ұлттық символдарының түп-төркіні туралы ғылыми-танымдық дүнием аталмыш газетте 2011 жылдың 10 наурызында шығып еді. Газеттің сол санын тауып алып, мына жинақтағы мақаламен салыстыра бастадым. Бәрі таныс. Бәрі де менің жазғандарым. Қысқасы, доцент Гүлжамал Қортабаева сакура мен самурай туралы менің мақаламды үтір, нүктесіне дейін өзгертпей пайдаланыпты. Ғалым еңбегі азапты ізденістерден тұратындығын қалай ескермеген десеңші. Халықаралық конференция бағдарламасына Қазақстандағы жапонтану секциясы бойынша тіркелген ҚазҰУ-нің бұл доценті қазақ жапонтануының іргетасын қалаған ғалым деген атаққа тым зәру болғандай… Бұндай әрекетті авторлық хұқыққа қол сұғылғандық дер едік. Өйткені, «Түркістанда» жарияланған мақалаға дейін Қазақстанда сакура, самурай, сакэ, т.б. ұлттық символдар арнайы сөз болмағаны анық. ҚазҰУ-нің түркітану, үндітану кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Г.Қ.Қортабаева газетті де, авторды да сыйламай «Сакура сыры» деп аталатын туындыны өз дүниесіне айналдырған. Тіпті «Сакураның тарихы – самурайдың тарихы» деген мақала тақырыпшасына дейін өзгертпеген. Авторлық идеяларды былай қойғанда жапон тіліндегі құнды деректерге жасаған сілтемелеріме дейін дайын күйінде алған.Халықаралық конференция жинағының 125-129-беттерін қамтитын мақаланың төбесіне өз атын бадырайта көрсеткен ҚазҰУ доценті ғылыми еңбектің нағыз авторын айналып өтіп, оның «Ана тілі» газетінде (16 сәуір 2009, 6 бет) шыққан «Жапон мен қазаққа тән ұқсастықтар бар» деген тақырыптағы сұхбаттың бір бөлігін де кесіп алып өз мақаласы етіп жалғапты. Осылайша №1 сілтемесін «Масуджима Шигэнобу «Жапон мен қазаққа тән ұқсастықтар бар» // Ұлт газеті 17 сәуір 2009» деп, жинақтың 125-бетінің төменгі жағына түсірген. Біріншіден, «Ұлт газеті» деп аталатын газет жоқ, тек «Ана тілі» бар. Оны атаса ұсталатынын сезген бе доцент Қортабаева «Ана тілінен» ойып алған мәтінді «Құрамында сакура иероглифі бар тағам атаулары» деген тарауға жалғаған да, авторы Шарафат Жылқыбаева екенін айтпаған. Оның орнына «Түркістаннан» алынған «Жапон тілінде «Гүлдің ұлысы – сакура, жігіт төресі – самурай» деген нақылдың мәні ерекше» деген сөйлемге Масуджима Шигэнобуды автор етіп көрсеткен. Біздіңше, Масуджима Шигэнобудан ғалым жасаудың қажеті жоқ. Ол жапон тілінің оқытушысы ғана. Менің Масуджимамен сұхбатым «Ана тіліне» жарияланған. Қортабаева менің «Ана тіліне» шыққан осы мақаламды пайдаланумен қатар, сілтемеге жапон жігітінің есімін жазу арқылы «бір жағдай бола қалса Масуджима қорғап қалады» деп сенсе керек. Бірақ Қортабаева қателеседі. Егер Жапония мұндай жөнсіздікке жол ашқан болса ең дамыған елдің қатарынан көрінбес еді. ҚазҰУ-нің түркітану, үндітану кафедрасының доценті «Түркістандағы» «Сакура сыры» деген мақаладағы әр сөйлемнің қанша жылдық ізденістен туғандығын білсе, таза ғылымның өткелдерінен өткен зерттеуші болса, бұндай әрекетке бармас еді. «Сауу, саумал, саба, сакэ, самурай, сакана, т.б.» сөздердің Сақ даласымен, Са философиясымен байланысы дәлелденген мақаладағы этимологиялық «Гогэнджитэн. Коуданшя баспасы. Токио 2004, 293 бет» деген сілтемені де кітапты өзі іздеп тауып, оқығандай етіп беріпті. Таразының бір басына жапон архивтерінен, көне заманғы түпнұсқалардан тірнектеп жүріп жинап, қазақ тіліне аударып, зерделеп, саралап жазған ғылыми дүниені, екінші басына көшіріп алған диссертацияны қойып көріңіз, құрметті оқырман. Конференция жинағына Қортабаева берген мақала «Түркістаннан» алынса да газеттің атын көрсетпеген. Осылайша газет ұжымымен қоса ғылыми жинақпен танысатын ғалымдарды да сыйламаған. Сондай-ақ бұл «автор» «Түркістандағы» мақаланың «Әулие ағаш» деген тарауын да өз атынан конференияның ғылыми жинағына енгізе отырып сілтеме ретінде www.alashainasy.kz сайтын көрсеткен. Мақалаларымыздың газет-журналдардан басқа сайттарға да шығатынын білеміз, оларды қадағалап отырамыз. Сакура мен самурай туралы мақаланы мен «Түркістан» газетіне өзім өткізгенмін. Сонда доцент Г.Қортабаева «Түркістан» газеті мен мақала авторын, атаудан қашқандығы қалай?..Қорыта айтқанда Г.Қортабаева халықаралық конференцияға менің үш мақаламды рұқсатсыз пайдаланған. «Ана тілі» мен «Түркістаннан» бөлек, «Жұлдыз» журналының 2012 жылғы №3 санында жарияланған «Жапондар қайдан шыққан?» деп аталатын мақаламды да әлгіндей әдіспен қосып алған. Турасын айтсақ, «Түркістанда» «Сакура сыры» деген мақаланың «Жал-жаяны да сакуранику дейді» деген тарауын конференция жинағының 127-бетіне орналастыра отырып ортасына «Жұлдыз» журналындағы мақаланың бір бөлігін өз қалпында жалғаған. «Бірақ неге жылқының етін ғана сакуранику дейді? («Түркістан» 10 наурыз 2011, 7 бет) деген менің өзім жазған түйіндеме сұрағымды да Қортабаева сол қалпында пайдаланыпты. Яки «Өркениеттер тоғысындағы тіл, қоғам және мәдениет атты конференцияның ғылыми жинағына «Түркістан», «Ана тілі» газеттерінен көшіріліп басылған мақалалардың жапонтанушы авторы атаусыз қалып, доцент Г.Қортабаева өзін сакура, самурайды Сақ өркениетімен байланыстырып зерттеген, жапон мақалдарын, ғылыми тұжырымдарды қазақ тіліне аударған жан-жақты ғалым етіп көрсеткен. Сөйтіп өзін алдыңғы планға шығарып, жапон жігітінің аты-жөнін де өзі білгенше пайдаланған. Ұлы Фудзи тауы мен Кйомидзудэра ғибадатханасы, сакура бағын өз көзімен көріп, тарихын архивтерден тапқандай боп шыға келген Г.Қортабаева бұл қылығын ешкім білмей қалар деп сенсе керек. «Түркістан» газетіндегі «Күншығыс халқы неліктен сакура, сакэ, сакананы ұлттық символ ретінде әспеттейтінін бұған дейін дүниежүзінің бірде-бір шығыстанушысы не әдебиеттанушысы немесе лингвист ғалымы дәлелдей алған жоқ. Бұл символдардың мәніне үңілмеді де. Өйткені, символдардың сыры көшпенділер мәдениетімен байланысты еді» деген жолдардың авторы кім екенін жапондар да, қазақтар да білмейді деп ойлаған болу керек.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, Жапонияның Еуразия ғалымдары мен жазушылар одағының мүшесі