Жаңалықтар

ЕЛБАСЫНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН КҮНГЕЙ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН КҮНГЕЙ

 Бір айта кететін нәрсе, жұрттың көкейінде жүрген «Елбасы облыс басшысын ауыстырады екен» дейтін қаңқу сөздің бос әңгіме екенін дәлелдеп берді. Асқар Исабекұлын орынтағынан алған жоқ. Мүмкін президент кортежінде отырғанда екеуара сөйлесіп, айтатын сын-ескертпелерін айтқан да шығар, бірақ елдің көзінше сынап-мінеген жоқ. 

Елбасы жұмыс сапары барысында алдымен Шымкентте салынып жатқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының құрылыс жұмыстарымен танысып, одан соң «ODDESSE Zentralasien» ЖШС-нің батырмалы насостар шығаратын зауытқа ат басын тіреді. 

 Облыс орталығында жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысын жүргізу жобасы Елбасының бұрнағы жылы күнгейге келген кезіндегі «Шымкент елімізде үшінші қалаға айналуы тиіс» деген тапсырмасынан кейін басталған болатын. Жобаланған аумақтың архитектуралық-жоспарлау шешімі қаланың осы ауданында бірқатар қоғамдық ғимараттар мен оқу кешендерін орналастыра отырып, ірі сәулет ансамбльдерін құру қажеттілігінен туындаған. Елбасыға әкімшілік орталық жайлы түсіндіріп берген облыс әкімі Асқар Мырзахметов мұнда жалпықалалық орталық алаң мен әкімдік ғимараты, облыстық мәслихат пен облыс әкімдігі басқармаларының кешені, жаяу жүргіншілер гүлзары салынатынын баяндап берді. Асқар Исабекұлының айтуынша, ұсынылған композициялық әдістер қаланың бас алаңының көлемін оңтайлы қалыптастыруға мүмкіндік беретін көрінеді. Алаң ансамблін облыстық драма театрының ғимараты, көпшілікке арналған облыстық орталық кітапхана, көрме кешені, «Түркістан» салтанат сарайы және әкімшілік ғимараттар сияқты ірі нысандар толықтырмақ.

Сондай-ақ, облыс басшысы Елбасыға көпқабатты құрылыс орамдары эсплонаданың екі жағындағы тұрғын-үй массивтерін құрайтынын, магистралды және тұрғын-үй көшелерін, жекелеген сәулет тораптарының құрылысын қалыптастыратынын айтты. Бір айта кетерлігі, көппәтерлі тұрғын-үйлердің кешенді құрылыстары мектепке дейінгі бала­лар мекемелерін, жалпы білім беру мектеп­терін, емханалар сияқты әлеуметтік маңызды нысандардың салынуын көздейді. Ірі сауда және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары бой көтереді. Қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін, соның ішінде магистралды көшелердің бойында орналасқан тұрғын-үйлердің бірінші қабаттарын белсенді пайдалану көзделіп отыр екен. 

Жобада композицияға табиғи факторларды және жергілікті жер бедерлерінің ерекшелігін ескере отырып, рекреациялық кеңістікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Бұдан бөлек тасқын-су мен дренажды суларды ағызу үшін арналарды бекіту, жасанды су қоймалары құрылғыларын орнату көзделіпті. А.Мырзахметовтің айтуынша, жоба аясында салынып жатқан «Наурыз» алаңы келесі айда пайдалануға берілмек. 

Елбасының келесі табан тіреген нысаны жоғарыда айтып өткеніміздей, «ODDESSE Zentralasien» ЖШС болатын. Жылына 2500 дана батырмалы насос шығаратын бұл серіктестік қазақстандық «KARLSKRONA LC AB» ЖШС мен Германияның «Oddesse Pumpen und Motorenfabrik GmbH» ком­паниясының әріптестігі негізінде құрыл­ған қазақ-герман өндіріс орны болып табылады. Бұл кәсіпорын озық инновациялық технологиямен жабдықталып, шығарған өнімі әлемдік нарықта бәсекелестікке қабілетті болмақ. 

Негізінде, бүгінгі таңда еліміз өзіне қажетті мұндай жабдықтарды шетелден 40 млрд. теңгеге сатып алады екен. Ал бұл өндіріс орны сол қажеттіліктің 10 пайызын өтей алады. Серіктестік басшылығының айтуынша, зауыттың жалпы құны 12 млн. еуроны құрайды және ол шығарған өніміне 5 жылға дейін кепілдік береді. Салыстырмалы түрде айтсақ, дәл сондай шетелдік зауыт­тар өз өніміне берген кепілдігі 3 жылдан аспайды. Сондай-ақ, бұл компанияның өнімі елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан ҮИИД «Ақбұлақ», «Су ресурс­тарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы» секілді ірі жобаларды өз деңгейінде атқаруға үлкен көмек бермек».

Аталмыш серіктестік Германияда оңтүстікқазақстандық тұрғындардың ішінен білікті кадрларды оқытып, даярлаған. Және өндірістік, әкімшілік ғимараттарының құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтапты. Сонымен қатар бұл кәсіпорын алдағы уақытта испаниялық «Belgiscast» компаниясымен бірлесе тиек-реттемелі арматуралар, швейцариялық «Sulzer» концернімен бірлесе консольдік насос­тар өндірісін қолға алуды жоспарлауда. Компания басшылығы алдағы үш жыл ішінде 12 млн. еуро көлемінде инвес­тиция тарту ойларында бар.

Елбасы осы екі нысанды арала­ған­нан соң, Шымкент қаласындағы ең биік жерде орналасқан Бәйдібек би ескерткішіне тоқтады. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ