Жаңалықтар

АҚАУЫ БАР АСПАН КЕМЕСІ

ашық дереккөзі

АҚАУЫ БАР АСПАН КЕМЕСІ

11 қыркүйекте Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров ресейліктердің қыркүйектің 17-сінде ұшырылады деп жоспарлаған «Протон-М» зымыран тасығышын басқа мерзімге ауыс­тыру жөнінде ұсыныс айтты. 

Ол:

– Қазір залалсыздандырудың үшінші кезеңі аяқталды. Соған қарамастан, топырақтағы деңгейі – 9,2 есені көрсетіп тұр. Бұл қажетті нормадан анағұрлым артық дегенді білдіреді. Біз залалсыздандыру деңгейін қажетті нормаға дейін түсіруіміз керек. Байқоңырда толығымен залалсыздандыру жүргізілмей тұрып, «Протондарды» қайта ұшыру туралы әңгімені көтерудің өзі артық, – деді кесімді түрде. 

Нұрлан Қаппаров тамыздың 15-сінде Байқоңырдағы гептил уын залалсыздандыру жұмыстарына көңілі толмағандығы жайында мәлім еткен еді. Сол кезде Роскосмос өкілі аумақты залалсыздандыру үшін тағы да 15 күн мұрсат сұраған болатын. Нұрлан Қаппаров Байқоңырда Қазақстанның экологиялық кодексінің жұмыс істеуін талап ететін келіссөздердің тезірек өткізу қажеттігін атап өткен. Табанды министр қазақстандық «Ғарыш экология» компаниясының залалсыздандыруды өз технологиясы бойынша жүргізіп, жақсы нәтижеге қол жеткізгендігін атап өтті. 

«Роскосмос» өкілдері Нұрлан Қаппаровтың ұсынысын қабыл алатындықтарын жеткізген. 

«Роскосмос» басшылығының атынан біз сіздердің ұсыныстарыңызды қабыл аламыз. Сол себепті де, мен біздің жиналысымыздың нәтижесі жөнінде «Роскосмос» басшылығына мәлімдейтін боламын. Біз «Протонды»ұшыру мерзімін басқа мерзіммен алмастыруды қарастыратын боламыз», – деді «Рос­космос» басшысының орынбасары С. Савельев. 

Дегенмен, ресейлік ақпарат құралдары Байқоңырдан қыркүйектің 17-сінде ұшырылады делінген бұл «Протон» зымыран тасығышының да апатты жағдайда қайтарылғандығы жайында мәлімдейді. «РИА новости» агенттігінің хабарлауына қарағанда: 

– Залалсыздандыру шаралары толықтай жүргізілмеді деген өтірік. Залалсыздандыру жұмыстары толығымен жүргізілді, барлығы тазаланды. «Протонды» ұшырудың келесі мерзімі – 30 қыркүйек. Алайда мұның өзі нақты емес, – деген аты-жөнін көрсетуден бас тартқан ақпарат көзі. Дәл сол ақпарат көзінің мәліметін ресейлік ақпарат агенттіктерінің бәрі таратқан. Және сол мәлімдемеде ресейлік «Протон» зымыран тасығышының бұл жолы да апатты жағдайда болғаны расталған. 

Қазақстандық қоғамдық ұйым өкілдері улы гептилмен жанатын «Протон-М» зымыран тасығышының Қазақстан аумағынан ұшырылуына қарсы. Олардың келтірер уәждерінің бірі «Протонның», Ресейдің өзінен ұшырылмауы. Ендеше біз неге оған жол беруіміз керек деген көзқарас күн сайын күшейіп келеді. Біз Қызылорда аймағын тұрақты түрде дамыту жөніндегі қоғамдық палатаның мүшесі Серік Теңізбаевпен телефон арқылы шағын әңгіме өткізген едік. 

Серік Теңізбаев:

Байқоңырда ешқандай шара өткізе алмайды екенбіз

– Байқоңырдан қыркүйектің 17-сінде ұшырылады деп жос­парланған «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру кейінге қалдырылды. Бұны Қазақстан тарапының жеңісі деп бағалауға бола ма? 

– Әрине, Қазақстанның жеңісі деп бағалаған жөн шығар. Өйткені қоғамдық толқулардың бұған қарсы екенін көріп отырған Үкімет халықтың пікірін елемеуден қаймыққан сияқты. Дегенмен, Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің рұқсат бермеуімен қоса, «Протон-М» зымыран тасығышының ұшуға дайын болмағандығы да себеп болған көрінеді. Өйткені бұл жолы ұшырылады деп, дайындап әкелген зымыран тасығыштан ақау шыққан. Қалай дегенмен де, уақыт біздің пайдамызға жұмыс істеп тұр. 

– Өткен нөмірімізде, сіздердің Байқоңыр, Ақай, Төретам ауылда­рында қарсылық акцияларын ұйымдастыруға дайындалып жатқандарыңыз туралы жазған едік. Баспасөздегі мәлімдемелерге қарағанда, әкімшілік оған рұқсат бермеген екен. Бұдан кейінгі әрекеттеріңіз қалай болмақ?

– Иә, заңды түрде әкімшілікке өтініш жазып, бейбіт шеруге шығуды жоспарлаған едік. Алайда, бізге бір аптадан кейін бірден ескертті. Әкімшіліктің айтуына қарағанда, біз Байқоңыр аумағында мұндай шараларды өткізе алмайтын көрінеді. Себебі, КПП-1 Ресейге қарасты екен. Сол себепті де, біздің әкімшілік Ресейдің территориясында Қазақстан азаматтарының шеру өткізуіне рұқсат бере алмайды екен. Олар бізге ресми жауап жолдағаннан кейін, төрт күннен кейін прокуратурадан келіп қауіптің алдын алу үшін, қол қойғызып алды. Шеруге шығу туралы 5-6 адам өтініш жазған едік, егер әкімшіліктің рұқсатын елемей, шығатын болсаңыздар мынандай-мынандай баптармен сотты боласыздар деп ескертті. 

– Енді бұл әрекеттеріңізді қайталау ойларыңызда бар ма, әкімшілікке шеруге шығу жөнінде қайта өтініш жаздыңыздар ма? 

– Жоқ, «Протон-М» зымыран тасығышы қыркүйектің 17-сі күні ұшырылмайтын болды. Сол себепті де, біз шеруге шығу райынан қайтып отырмыз. Ары қарай қалай болатынын көреміз.

– Сіздер бір мәлімдемелеріңізде Қазақстанда «Протон-М» зымыран-тасығышын Қазақстанда ұшыруға мүлдем тыйым салуға күш саламыз деген екенсіздер. Бұған қол жеткізу үшін қандай әрекет етпек ойларыңыз бар?

– Бұл мәселені тек Ресей ғана емес, Қазақстанның құзырлы органдарына жазу арқылы да шеше алады екенбіз. Егер Қазақстанда жанар-жағармай станциясын немесе жылыту қазандықтарын ашатын болсақ, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі оның қоршаған ортаға тигізетін зияны немесе әсерін (АОС) тексереді. Содан кейін ғана рұқсат береді. Ресейдің өзінде «Свободный», «Восточный» деген ғарыш айлақтары жұмыс істейді. Бұл ғарыш айлақтарынан «Протон-М» зымыран-тасығыштарын ұшыруға Ресей экологтары рұқсат бермеді. Өйткені, улы гептилді «Протон-М» экологиялық сараптамадан өткізілмеген. Ал сол сараптаманы неге бізде жасамай отыр? Біз қазір ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа хат дайындадық, онда Қазақстанның экологиялық кодексімен неге жұмыс істемейтіндігіміз жайлы мәселе көтерілген. 

Екінші, «Байқоңырды Ресейге жалға беру туралы» келісім-шартты қайта қарап шықтық. Ол шартқа 1994 жылы желтоқсанның 10-ында қол қойылған. Ол шартта «Жалға беру шарты 20 жылға созылады. Егер жиырма жылдық уақыты аяқталғанға дейін оны қайта қарау немесе жалға беру келісімін бұзу жайында Қазақстан тарапынан ешқандай шағым түспесе, онда автоматты түрде тағы да он жылға созылады» делінген екен. Біз келісім-шарттың осы бабын пайдалана отырып, 2014 жылдың шілдесіне дейін ҚР Үкіметі Ресей Үкіметіне хат жолдауы керек. Не «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруға мүлдем тыйым салады, не онда қолданылатын отын түрін өзгертетін болады демекпіз. Осы мәселелерді қозғау үшін ҚР Үкіметіне хат дайындап жатырмыз. Ресейлік ақпарат құралдары немесе ресми органдары жариялап айтып-жазып жүргеніндей, «Байқоңырды жалға беру мерзімі – 2050 жылға дейін» деген ақпарат жалған. Ресейдің қол астында Байқоңыр 2050 жылға дейін жалда болуы мүмкін. Бірақ, 20 жылдың ішінде ол келісім-шарт қайта қаралуға тиіс. 

– Қазір Байқоңырда қандай залалсыздандыру шаралары жүргізіліп жатыр?

– Байқоңырда шамамен 35 мыңдай Қазақстан азаматтары бар. Бұл барлық тұрғындардың 60 пайызы. Бірақ, соған қарамастан Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының әкімшілік қол астында. Ол жердегі пәтер иелерінің кооперативінен бастап, әкімшілікке дейін Ресейдің қарауында. Тұрмыстық мәселелердің барлығын Ресей шешеді. Сол себепті де, біз ол қалаға емін-еркін кіріп, өз білгенімізше зерттеулер жүргізе алмаймыз. Қазір онда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп айтады. Бірақ, оның қалай жүргізіліп жатқанынан біз бейхабармыз. Мен осыдан 5 жыл бұрын Байқоңырдың сол кездегі әкімінің (қазір марқұм болып кетті) атына сол жерден «Тұтынушылардың құқын қорғаушылардың» филиалын ашуға рұқсат сұрадым. Рұқсат бермеді. 1994 жылғы жалға беру келісімшарты бойынша, бұл мүмкін емес екен деді. Қазір Байқоңыр қаласын Қызылорда облысының қарамағына беру туралы мәселе қарастырылуда. 

– Жалпы, Байқоңыр тұр­ғындарының көңіл-күйі қалай? Ресей құрамында қала беруді ойлай ма, жоқ Қазақстанға қарауды жөн санай ма? 

– Ресей жыл сайын Байқоңыр үшін 1 миллиард доллар жұмсайды. 1994 жылдары дүниенің аумалы-төкпелі болып жатқан кезі. Қалалар қирап, ауылдар иен қалды. Осы кезде қаланың инфрақұрылымдарын өз қолына алған Ресей Байқоңырдың әлеуметтік нысандарын сақтап қалды және дамытты. Жұмыс көздері бар. Бұл жағынан тұрғындарға қолайлы. Алайда мұндағы қазақтар екінші сортты адам іспетті. Ресей азаматтығын қабылдаған адамдардың айлық жалақысы, басқа да құқықтары жоғары. Онда жұмыс істеп жатқан ресейлік мамандар Байқоңырда қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін Ресейдің кез келген қаласынан пәтер алуға құқылы. Оларға жыл сайын демалыс орындарына, санаторийге жолдама беріледі. Ал Қазақстан азаматтары үшін мұның бірі де жоқ. Ал зиянды бірге шегеді. Халық негізінен Қазақстанның құрамына қайтқанды қалайды. Алайда, қала 1991 жылдардағыдай қайтадан үйіндіге айналмай ма деген қорқыныштары да жоқ емес. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ