Жаңалықтар

ЖЕМҚОРЛАР ПАРТИЯДАН ШЫҒАРЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ЖЕМҚОРЛАР ПАРТИЯДАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Кеше Астанада «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңес бюросы мен Партиялық бақылау комитетінің бірлескен мәжілісі өткен болатын. Бұл жиында бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова мен бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовті партия құрамынан шығару туралы шешім қабылданды.

Осылайша, партия өз қатарын сыбайлас жемқорлықпен аты шыққандардан тазартып жатыр.

Партияның баспасөз қызметі тарат­қан деректерге жүгінсек, биылғы жыл­дың сегіз айында жемқорлық айыбымен партия қатарынан шығарылғандар саны былтырғы жылдың осындай мерзім ішінде мүшеліктен бостылғандарға қарағанда төрт есе көп. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылы 49 адам, биыл 201 адам жемқор болғаны үшін «Нұр Отан» партиясы мүшелігінен босатылған. Олардың 60 пайызы – мемлекеттік және бюджеттік ұйым басшылары. 

«Нұр Отан» партиясы Партиялық бақылау комитетінің Астана қалалық филиалының Төрағасы Дәулеткерей Рахметуллиннің айтуынша, 2008 жылдың 12 қарашасында «Нұр Отан» ХДП ҚБ №18 «Уақытша қаржылай көмек көрсету» келісімі негізінде Бақыт Сыздықова төрағалық еткен «Қазақстанның болашағы үшін» Жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігіне жедел түрде қайтарылатын шартпен 7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Келісім-шарт негізінде қаржы 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін қайтарылуы тиіс және тиісінше әр өткен күнге төленетін айыппұл құны 0,1 пайызды құраған. Қазіргі кезде қарыздың ортақ сомасы айыппұлмен қоса алғанда 15 млн. теңгені құрап отыр. Осы уақытқа дейін көптеген ескертулерге қарамастан, Бақыт Сыздықова қарызды уақытылы қайтармаған. Бұл мәселе партияның орталық қадағалау комиссиясы өткізген осы жылғы аудит тексерісінен кейін анықталып отыр. Осыған орай, Бақыт Сыздықованы «Нұр Отан» партиясы мүшелігінен шығару шешімі қабылданды. Дегенмен, оның 1999 жылдан бері партияның белсенді мүшесі екендігін ескере отырып, егер ол қарызды жедел қайтарған жағдайда, айыппұл мәселесіне қатысты оң шешім қабылдануы мүмкін екені айтылды. 

Бұдан соң осы мәжілісте бұрынғы білім және ғылым вице-министрі, 1999 жылдан бері партия мүшесі Саят Шаяхметовтің мәселесі талқыланып, оның жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттері жария болды.

Ол 2013 жылғы 29 сәуірде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласында 700 адамға арналған оқу орнын салу кезінде 1,5 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттік қаржыны иемдену мен жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 17 мамырдан бастап сот шешімімен Саят Шаяхметов үй қамауына алынған. Қазіргі кезде қылмыстық іс бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, соңғы шешім сотта қабылданады.

Осылайша, Саят Шаяхметов партия беделін түсіргені үшін «Нұр Отан» ХДП қатарынан шығарылды. 

Көлбай ЖЕҢІС