Жаңалықтар

ТОҒЫЗДЫҢ ТОҒЫСЫ

ашық дереккөзі

ТОҒЫЗДЫҢ ТОҒЫСЫ

13 қыркүйекте Бішкекте Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының (ШЫҰ) кезектегі сам­миті өтті. Саммитке ұйымға мүше алты мемлекеттің басшылары түгел келді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Қырғызстанның Президенті Алмазбек Атамбаев дөңгелек үстелдің басында табысып, мезгілдің көкейкесті мәселелерін талқыласты. Сондай-ақ, кеңейтілген құрамдағы алқалы жиынға Иранның Президенті Хасан Роухани, Ауғанстанның Президенті Хамид Карзай, Моңғолияның Президенті Цахиагийн Элбегдорж, Индияның Сыртқы істер министрі Салмон Хуршид, Пәкістанның премьер-министрінің кеңесшісі Сартадж Азиз және бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. 

Мемлекет басшылары экономикалық байланысты кеңейту, өңірлік қауіпсіздік, Сириядағы жағдай, Иранның ядролық бағдарламасы мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.

Жиынды ұйымға бір жылдан бері төрағалық етіп отырған мемлекеттің басшысы Алмазбек Атамбаев ашып, атқарылған істер бойынша есеп берді. «Өңірде және дүниеде жағдай күрделі болып қалуда. Таяу Шығыстағы, әсіресе Сириядағы, Солтүстік Африкадағы ахуалдың шиеленісуі тынышсыздануды үстемелей түсуде. Қырғыз Рес­публикасы ШЫҰ бойынша әріптестердің ұстанымдарына қосылады және тұрақтылыққа саяси-дипломатиялық жол арқылы жетуді қолдайды», – деді Қырғызстанның Президенті. Содан кейін ол Ауғанстан мәселесіне оралып, Ауғанстанды қалпына келтіруде ШЫҰ-ның белсенді түрде қатысу керектігін айтты. А. Атамбаев Бішкекте алдағы 10 қазанда Ауғанстан бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтетінін хабарлап, тараптарды оған қатысуға шақырды.

Өткен жылы Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық қатынас­тарын күшейтудің 2012-2016-жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген еді. Қырғызстанның Президенті бағдарламаны жүзеге асыру үшін ШЫҰ-ның даму қорын және даму банкін тезірек құру бойынша ұсыныстарды қолдайтынын мәлімдеді.

Ұйым келешегінің кең екендігіне сенетінін білдіріп сөзін аяқтаған Қырғызстанның Президенті бірінші сөз кезегін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. 

Қазақстанның лидері жиынға қатысу­шылардың назарын бүгінгі күні шешімін табуды күтіп жатқан бірқатар өзекті мәселелерге аударып, өзінің нық көзқарасын білдірді. Ауғанстан туралы пікірін білдірген Елбасы Ауғанстан халқына өз тағдырын өзі шешетін күн жақындап қалғанын, саммитке қатысып отырған Президенті Хамид Карзай үшін ұйымның жәрдеміне жүгінуге мүмкіндік туып отырғанын меңзесе, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша әңгіме өрбігенде Елбасы саммиттің аясында Президент Хасан Роуханимен сұхбаттасқанын, сол кездесуде белгіленгендей, атом энергиясы тек бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс екенін қадап айтты. «Сирия жанжалы тек тыныштық жолымен шешілуге тиіс. Бұл бағытта біз Ресейдің ұстанымын қолдаймыз. Химиялық қарулар халықаралық қауымның көземелінде болуға тиіс»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы ШЫҰ жетекшілеріне лаңкестік пен есірткіге қарсы күрестің нәтижелілігін көтеру үшін шекарадағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді жасау қажеттігіне тоқталып өтті. Экономикалық ықпалдастық туралы да сөз еткен Елбасы Орталық Азияның су ресурс­тарын пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бұрды. «Өңірдің су мәселесін шешу үшін диалогтың ашық алаңын құруымыз керек. Мұны өзімізден басқа біреу шешіп бермейді», – деді Н. Назарбаев.

Орталық Азиядан Парсы шығанағына дейін көлік дәлізін ашуды ұсынған Қытай төрағасы Си Цзиньпин бір де бір өлкенің жападан жалғыз келелі мәселелерді шеше алмайтынын тілге тиек ете келіп: «Сондықтан күшімізді біріктіруіміз қажет. Біз Ұлы Жібек жолының мүмкіншіліктерін арттыруымыз керек. Бұл үшін арнайы экономикалық аймақ құру талап етіледі. Сөйтіп Индияға дейін керуен жолы пайда болады. Жобаларды іске асыру үшін ШЫҰ-ның арнайы есебі ашылуға тиіс», – деді Қытай төрағасы.

Саммиттің қорытындысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшыларының Бішкек декларациясы қабылданды, ұйымға мүше мемлекеттердің ортасындағы ұзақ уақыттық тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі келісімді іске асыру бойынша 2013-2017 жылдарға арналған іс-әрекеттер жоспары бекітілді.

Бішкек декларациясында, негізінен, алты мәселеге басымдық жасалған. Біріншісі – халықаралық қатынастарға мәміленің бірдейлігі. «Ұйымға мүше мемлекеттер халықаралық және өңірлік жанжалдарды жөнге салу тек қана саяси-дипломатиялық жолмен, күш қолданбай реттелуі керек деп есептейді» делінген құжатта. Екіншісі – жауыздыққа қарсы, атап айтқанда, халықаралық лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі заттарын және қару-жарақты заңсыз сатуға қарсы бірігіп күресу. Үшіншісі – Ауғанстан, Сирия және Иран мәселелері. Ауғанстан бойынша ұйым БҰҰ-ның Ауғанстанда тәртіп орнату бойынша ұстанымын қолдайды. Ұйым Сирияның тәуелсіздігінің сақталуын жақтайды, сириялық химиялық қару халықаралық ұйымдардың бақылауында болуға және жойылуға тиіс және Сирия химиялық қаруды ойлап табуға, өндіруге, жинауға және қолдануға тыйым салу жөніндегі Конвенцияға қосылуы керек (Саммиттің ертеңіне Сирияның Конвенцияға қосылғаны мәлім болды – Н.Б.). ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер кейбір мемлекеттердің Иранға қарсы қару кезеп, қоқан-лоққы жасап отырғанын және бір тарапты санкциялық шараларға баруын орынсыз деп есептейді. Төртіншісі – экономикалық ынтымақтастық. ШЫҰ-ның қорын және даму банкін құрудың мәні зор, сондай-ақ, көліктік-коммуникациялық, инфрақұрылымдық, сауда-саттық жобаларын іске асыруды тездету керек. Бесіншісі – ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, саламаттықты сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағыттарында бірлесіп әрекет жасау. Алтыншысы, ШЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің кеңесіне ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасын әзірлеу тапсырылды. Декларацияда ШЫҰ-ның өлкелері ұйым аясында ынтымақтастықты нығайтып, оны сапалық жаңа деңгейге көтеруге, ШЫҰ кеңістігін «берік достық, үйлесімділік және бейбіт» өңірге айналдыруға ұмтылары белгіленген. 

Саммиттің барысында мемлекет басшы­ларының арасында ешқандай кереғар пікірлер болған жоқ. Бұл саммит оған қатысқан барлық тараптардың бүгінгідей алмағайып заманда мәселелердің тек бейбіт, өзара түсінісу жолымен шешілгенінің оң екеніне пәтуә жасағанымен есте қалатын болар. Тоғыз мемлекеттің басшысы бас қосып, өздерін толғантқан мәселелерді шешуде бір-бірінің іші-бауырына кіріп, тонның ішкі бауындай жарасымдылық танытқаны соңғы кездері әлем халқын алаңдатып, дүниежүзілік соғыстың шығып кетуіне қауіп тудырған Сирия жанжалының әсері де болуы мүмкін. Саммитке қатысқан Ресей Президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымын «Үлкен жиырмалыққа» балама ретінде теңегені ұйымның мәртебесіне және болашағына берген баға десек болады.

ШЫҰ-ның кезектегі саммиті мазмұнды өткені, оның жұмысына ұйымға мүше емес мемлекеттердің де үлкен қызығушылықты танытып отырғаны ұйымның алар асулары әлі алда екендігінен хабар бергендей. Саммиттің барысын бақылауға дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдарының 350-дей өкілі қатысты. 

Бішкек саммитінен кейін ШЫҰ-ға төрағалық Тәжікстан Республикасына өтті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының мемлекет басшылары кеңесінің XIII жиы­нының аясында Қазақстаннның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен екеуара жолығысып, келіс­сөздер жүргізді. Кездесуде сауда-экономика, ин­вестиция, су-энергетика, мәдени-гума­нитарлық бағыттарда, сонымен бірге өңірлік қауіпсіздік бойынша мәселелер қаралды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі