«ӨМІР» ЖОБАСЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАЙДЫ
«ӨМІР» ЖОБАСЫ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАЙДЫ
Алматы қаласында «Геотехнология-2013: Тау-кен өндірісінің инновациялық даму жолдары мен проблемалары» деген тақырыпта VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Бұл шараға елімізден және әлем елдерінен жүзге жуық ұйым қатысып, тау-кен саласындағы түйткілдерді ортаға салды. Басқосудың екінші күні өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру жайы кеңінен сөз болды.
Әлемдік статистикаға сәйкес, қайғылы оқиғаның жүздеген себебінің ішінде тек төрт жағдай ғана қауіпсіздік шартына байланысты орын алып жатады. Әрине, бұл жерде адами факторға да жол беріп алатын тұсымыз бар. Ал кез келген өндіріс ошағының негізгі басты байлығы – адам. Сол себептен де жұмысшылардың еш уайымсыз әрі кедергісіз еңбек етуі үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету әу бастағы міндеттің бірі. Осы мақсатта Қазақмыс тобының жетекшілері өнеркәсіптік қауіпсіздікті тиімді басқару үшін халықаралық тәжірибеге арқа сүйеп отыр. Бүгінде өз саясатын, мақсаты мен міндетін айқындап алған компания басшылардан әрбір жұмыс күшінің қауіпсіздігін сақтауды қатаң түрде талап етуде.
Конференцияда арнайы баяндама жасаған Қазақмыс корпорациясының Қауіпсіздік, еңбекті қорғау мен экология департаментінің жетекшісі Игорь Рахимов қауіпсіздік мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарымен таныстырды. Оның айтуынша, корпорацияда еңбек қауіпсіздігін сақтау шарасы «Өмір» атты арнайы жобаның аясында жүзеге асуда. «Қауіпсіздік мәселесі біздің компанияда маңызды басымдыққа ие. Сондықтан мәселені шешу үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жайына көңіл бөліп келеміз. Ол үшін мынандай талаптарды негізге алдық. Біріншіден, әрбір жұмыс мекемесінде қауіпсіз еңбек шартын ұйымдастыру. Екінші, осы салаға қатысты ауру түрі мен жарақат алудың деңгейін төмендету. Демек, біз «Өмір» жобасы арқылы әр жұмысшының жауапкершілігін арттыруға байланысты тереңдетілген тәжірибені сіңіруді жолға қойдық», – дейді И.Рахимов.
Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша қауіпсіздікті басқарудың негізгі элементтеріне жүргізілген талдауға сәйкес, жазбаша түрдегі құжат жасақталды. Онда еңбекті қорғау саласындағы әр жеке маманға қатысты талаптар егжей-тегжейлі көрсетілген. Айта кету керек, компанияның 2016 жылға дейінгі Еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі стратегиясы тағы бір сүзгіден өтіп, бірқатар шаралар қайта пысықталды. Бірінші кезекте жетекшілер мен жұмысшылар өнеркәсіптік қауіпсіздік басқарудың он екі элементі бойынша «Тәуекелдерді бағалау және тиімділік», «Оқиғаларды зерттеу», «Жетекшілердің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы мәселелеріне жіті қарауы», тағы басқа жөнінде білім жетілдіруді мықтап қолға алған. Сондай-ақ, компанияда қызметтің негізгі түрі бойынша қауіпсіздіктің корпоративті стандарттары бекітіліп, қажетті құжаттар қайта жаңару үстінде. Әуелгі кезекте алты корпоративтік стандартты енгізу мен оқыту мәселесі қарастырылып, соның ішінде «Жер астында жұмысты жүргізу кезінде қауіпсіздікті талап ету» стандартын енгізу барысында қауіпсіз әдістің мейлінше бар түрі көрініс тапқан.
Қазақмыс корпорациясының Қауіпсіздік, еңбекті қорғау мен экология департаментінің басшысы Игорь Рахимовтың айтуынша, бүгінгі таңда компанияда еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөнінде 36 стандарт жасақталып, бекітілген. «Мұның бәрі негізгі деген он ереже мен бағыт бойынша Топтың еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясатын жүзеге асыруға ықпал етеді. Осы мәселені басымдыққа алған компания дәл қазір өзінің өндірістік бөлімшелерінде басты деген 6 стандартты енгізуге кірісіп кетті. Біз қауіпсіздік басқару тетігінде тың өзгерістер мен жаңалықтарды құп көріп, оның қажет екенін сезінеміз. Алайда, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруда шешімді элемент – тек ішкі өндірістік бақылау ғана емес, бұл компания қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметін бағалау екенін ұмытпау керек. Біз тек бәріміздің күш-жігеріміздің арқасында ғана толыққанды қауіпсіздікті сақтай отырып, әлемдік нарықта сенімділік пен тұрақтылыққа нық қадам баса аламыз», – дейді И.Рахимов.
Қазақмыс Тобы бұл салада көрсеткіштерін жақсартуға байланысты жоспар да құрып қойған. Жақында ғана «Жезқазғантүстімет» ӨБ жобалау командасы еңбек қауіпсіздігі мәдениетіндегі жаңа өзгерістерге байланысты тәжірибе алмасу үшін Жайрем тау-кен байыту комбинатында болып қайтты. Жайрем тау-кен байыту комбинатының директоры Василий Стенькин: «Адам өмірі – бұл өте маңызды жұмыс. Кез келген өндірістің міндеті – қайғылы жағдайға жол бермеу. Себебі, адам өмірін ешқандай байлықпен айырбастай алмайсың. Өкініштісі, ол жұмысшы отбасына да, еңбек ұжымына да қайта оралмайды… » дегенді жеткізді. Шара барысында жұмысшылар өзара тәжірибе алмасып, апатты жағдайдың алдын алуға байланысты ережелерге енгізілген өзгерістерге қанықты. Мұнымен қоса «Жезқазғантүстімет» мамандары Жайрем фабрикасының жұмыс орнын аралап, қауіпсіздікті сақтаудың жекелеген элементтерін енгізу мен басқару процесіне куә болды.
Қазақмыс Тобы әу бастан еңбекті қорғау және қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше ден қойып келеді. Бұл еңбек ұжымы алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетіні анық. Бүгінде өндіріс орындары озық технологиямен жабдықталып отыр. Жаңа инновациялық технологияны қолдану арқылы пайдалы қазбаны өндіру мен игерудің тың әдістері де қолданысқа ене бастады. Әрине, мұның бәрі еңбек ұжымының күшімен жүзеге асатын шаруа екені анық. Бастысы – қауіпсіздік мәселесін босаңсытуға жол бермеу. Қазақмыс Тобы үшін бәрінен де адамның өмірі қымбат. Әр адам әуелі өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жұмыс барысында болмашы қателікке жол беріп, соңы қайғылы жағдайға әкелетін кездер де болып жатады. Бұл әлгіндей қауіпсіздік ережелеріне немкетті қараудың салдарынан туындайтыны айтпаса да түсінікті. Ал бүгінде қарапайым жұмысшыдан білікті басшыға дейін қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға бірауыздан атсалысып келетін ұжымның мақсаты айқын, болашағы жарқын.
Динара Мыңжасарқызы