ЕСІЛДІҢ БОЙЫНДАҒЫ EXPO-2017
ЕСІЛДІҢ БОЙЫНДАҒЫ EXPO-2017
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мәжілісте бюджеттік заң жобаларын таныстыру барысында EXPO-2017 халықаралық көрмесінің дайындық жұмыстарына 187 миллиард теңге бөлінді деді. Бұл 2014-2016 жылдары қажетті жұмыстарды игеруге бөлінген қаржы, оның 49 миллиарды 2014 жылы беріледі.
Министрдің айтуынша, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ-ның жарғылық капиталын 141,7 миллиард теңгеге арттыру, оның ішінде Ұлттық қордың мақсатты трансфертті есебінен EXPO нысандарының құрылысын салуды бастауға 35,5 миллиард теңге бөлу көзделген.
Халықаралық көрмеге дайындық жұмыстары бүгінде басталып кеткені белгілі. Астанада EXPO-2017 көрме кешенінің эскиз-идеялары халық назарына ұсынылды. Астанадағы көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясы, соның ішінде EXPO-2017 нысанының символы болатын, Халықаралық сәулет байқауы 2013 жылдың 18 ақпанында басталып, шілде айының 18-де жұмыстарды қабылдау аяқталған болатын.
Мемлекет басшысы EXPO-2017 көрмесі кешенінің эскиз-идеясын таңдау жөніндегі байқаудың нәтижесімен танысты. Әлемнің әйгілі 50 сәулетшісі халықаралық көрмеге өз нобайларын ұсынғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев EXPO-2017 көрмесін өткізу Қазақстан үшін тарихи оқиғаға айналатынын атап өтті.
– Әлемнің көптеген мемлекеттері арасынан біздің еліміз көрмені өткізу құқығын жеңіп алды. Кешен Астанадағы және бүкіл Қазақстандағы ауқымды нысандардың біріне айналады. Осыған байланысты түрлі жобаларды қарастыру керек. Көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті таңдау қорытындысының маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. «Біздің көрменің тақырыбы әрбір құрылыста энергияның баламалы көздерін пайдалану, жылумен және сумен дербес қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыратын «жасыл экономикамен» тығыз байланысты», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұсынылған өтінімдерден көрменің негізгі параметрлері, тиісті тұжырымдамасы ескерілетін «жоба-симбиоз» қалыптастыру мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Байқауға 100-ге таяу жұмыстар түсіп, 20 елдің мамандары бақтарын сынады. Оның ішінде Австрия, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, АҚШ, Нидерланды, Корея, Ресей, Португалия, Норвегия, Түркия, Тунис, Жапония, Франция, Украина және Қазақстан да бар.
Қазақстандық қатысушылар арасында – Қазақстан қаласалушылар одағы, «KAZGOR» жобалау академиясы, Қазақстан дизайнерлері одағының мүшесі Тимур Сүлейменов, Қазақстан сәулетшілер одағынан сәулетші Сәкен Нарыновтың шеберханасы, «Қазөркенпроект» ЕҰУ«ҒЗИ Этносәулетші» және басқалары қатысты. Ең үздік деп танылған эскиз-идеясының авторы 150 мың АҚШ долларын құрайтын жүлде қорын иеленеді. Байқау қорытындысы қыркүйектің аяғында белгілі болмақ.
Жаңа жобалардың бірі – этноауылдар. Бұл ауылдар Ақмола облысының үш ауданында салынады. Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов: «EXPO-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру аясында Целиноград, Аршалы және Қорғалжын аудандарында этноауылдар құру жобалары дайындалуда. Бұл көрмеге келген туристерді халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен таныстыруға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Германия қызығушылық танытуда
Қазақстанның Германиядағы елшілігі және Герман Бундестагы Экономика және технологиялар комитетінің бірлескен «Қазақстан Астанадағы Халықаралық EXPO-2017 көрмесі аясында өзін экономикалық және туристік орталық ретінде көрсетеді» атты экономикалық форумы қазақ-неміс қарым-қатынасын жақындастыра түсті.
Германия Еуроодақ елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып халықаралық «EXPO-2017» көрмесін өткізу жөніндегі Астана кандидатурасын қолдағаны белгілі. Осындай көрме 2010 жылы Ганноверде өткізілген яғни немістер мол тәжірибесінің арқасында елімізге көрмені ұйымдастыру және өткізу барысында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформалар және Өңірлік даму комитетінің мүшесі Асхат Бекенов, Халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Вице-министрі Альберт Рау, «Астана EXPO-2017» ҰК Басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев болды.
Германия өзінің жинақтаған тәжірибесі мен қаржы және технологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстанмен ұзақмерзімді экономикалық ынтымақтастыққа, атап айтқанда, индустриаландыру бағдарламасын іске асыруға және Астанадағы Халықаралық «EXPO-2017» көрмесін өткізуге мүдделі екенін атап өтті. Кездесу барысында Альберт Рау қазіргі кезеңдегі Қазақстан экономикасының дамуы және ҚР мен ГФР арасындағы саяси-экономикалық қатынастардың өзекті салалары туралы кең көлемді баяндама жасады. Ол екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық нышанын атап өтіп, экономикалық және инвестициялық әрекеттестіктің қысқа және ортамерзімді болашақтағы басым салаларына тоқталды.
«Астана EXPO-2017» ҰК басқармасының төрағасы Т.Ермегияев жиналғандарды Астанадағы EXPO-2017 көрмесіне дайындық барысында неміс компанияларына ашылар жаңа инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндап, жасалып жатқан жоба жоспарлары мен техникалық сұраныстар тұрғысынан көрменің таныстырылымын өткізді.
Қазақстандық делегацияның қыркүйектегі Берлинге сапары барысында Халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев және «Астана EXPO-2017» ҰК Басқармасының төрағасы Талғат Ермегияев энергияның балама көздерін өндіру және технологиялар саласында мамандандырылған, «Болашақ энергиясы» Халықаралық көрме жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірген көшбасшы неміс компаниялары басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Ақниет ОСПАНБАЙ