Жаңалықтар

ХАЛЫҚ «KEGOC» АКЦИЯЛАРЫН КҮТУДЕ

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚ «KEGOC» АКЦИЯЛАРЫН КҮТУДЕ

 Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын әзірлеген еді. 2015 жылға дейін есептелген «Халықтық ІРО» бағдарламасы біршама ірі әрі тұрақты мемлекеттік компаниялардың акцияларын қор нарығына кезең-кезеңмен шығаруды көздейді. Осы бойынша алғаш болып «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын былтырғы жылдың 6 қарашасынан бастап сатылымға шығарған еді. Қор нарығынан табыс тапқысы келетін азаматтар сол күннен «Қазпошта» бөлімшелеріне лек-легімен ағылып жатты. Ал биыл қай компанияның акциясы сатылымға шығады? 

«Халықтық акционер бол!» деп жарнамасы жер жарған шараның мақсаты не? «Халықтық IPO» бойынша дүниежүзілік мысалдар өте көп. Мысалы, 1970-1980 жылдары Малайзияда жаппай жекешелендіру жүргізілді. Нәтижесінде елдің қор нарығына 8 млн.-нан астам адам тартылды. Мемлекеттік компаниялардың акциялары бүгінгі күнге дейін жоғарғы сұранысқа ие және Малайзияның қор нарығында ең өтімді нәрсе болып табылады. Ал Германияда алғашқы «Халықтық IPO» 1930 жылдары іске қосылды. Сол кездері ірі неміс компаниялардың акциялары сатылды. Бірнеше жыл ішінде неміс өнеркәсібі қажетті қосымша қаражатты және инвестициялық ресурстарды жинап алған. Бұл экономиканың алға жылжуына өз септігін тигізді. Германияда 2004 жылдың басында мемлекеттік Deutsche Postbank IPO жүргізді: неміс банкінің акцияларын орналастыру сәтінен бастап екі еседен артық қымбаттады. Өз кезінде Польшадағы инвесторларға да 750-ге жуық мемлекеттік кәсіпорындардың бағалы қағаздары ұсынылды, осылайша үкімет елдің өсіп келе жатқан бюджет дефицитін және шетел қарыздарының жоғарғы деңгейін өтеу үшін кең ауқымды жекешелендіру науқанын жүзеге асырды. АҚШ-тың халқы осындай инвестицияларды банк депозиттеріне қарағанда, аса табысты және пайдалы балама таңдауы деп қарастырады екен. Өйткені эмитенттерге өте қатал талаптар қойылады, міне АҚШ тәжірибесі осынысымен ерекшеленеді. Сондықтан да батыс капитал нарықтарындағы «Халықтық IPO» шеңберінде орналастырылатын акцияларға деген сұраныс әдетте жоғары болады. Орташа есеппен, нарықтық экономикасы дамыған елдерде ересек адамдардың ширегіне жуығы акционер болып табылады. Халық бос ақша қаражатының 95 пайызына дейінгі бөлігін салым мен бағалы қағаздар түрінде сақтайды.

 «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, мұндағы мақсат – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы саналы түрде бағдарламаға қатысуын қамтамасыз ету. Ол былтырғы жылдың соңына таман жүзеге асқан халықтық науқанның сәтті бол­ғанына кеңірек тоқталды. «ҚазТрансОйл» акциялары саудаға түскен кезеңнен бері оның құны оң динамикаға өзгерген. Нақтыласақ, қазіргі күні «ҚазТрансОйл» акциясының қор нарығындағы орташа құны 10-14 пайызға өсіп, 800-830 тең­ге­мен сау­далана бастапты. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» өзінің жаңа акцио­нер­леріне 2012 жылдың қорытындысы бойын­ша дивидендтер төлеуді де жос­парлайды. Таза табысының ең кемі 40 пайызын ІРО арқылы акционерлерге бөліп таратпақ ниетін бұған дейін де компания жариялаған болатын. «Жалпы, «ҚазТранс­Ойл» тәжірибесі Халықтық ІРО-ның Үкі­мет атқарып отырған кең ауқымды акциясы ғана емес, біздің азаматтарымыз үшін ұлттық компаниялардың тең иегері атанып, экономикаға өз инвестициясын са­лу арқылы табыс табуға нақты мүмкіндік екенін де көрсетті. Біз үшін бұл қадам белгілі бір жағдайда тәуекелге толы болған еді. Әуел бас­тан бұған күмән келтіргендер де болды. Алайда азаматтардың «Ха­лықтық ІРО-ға» оң көзқарасы қалып­тасқанын байқап отырмыз», – дейді Қуан­дық Бишімбаев. Сөйтіп, сарапшы­лардың сөзіне сенсек, ІРО-ның тұсауы сәтті кесілді. Ендігі кезек 2013 жылдың мамыр-маусым аралығына жоспарланған KEGOC-қа келіп тұр. Бұдан әріректе, яғни 2013 жылдың төртінші тоқсанында «ҚазТрансГаз» ком­паниясы да қор нарығына шы­ғары­лады. Сосын «Самұрық-Энерго» АҚ не осы жылдың соңында, не болмаса 2014 жыл­дың басында Қазақстанның Қор биржа­сына аттанады. 

Айта кету керек, алғашқы компания акцияларына сұраныс 55,9 млрд.теңгені құрады, олардың ішінде жеке тұлғалардан 18,6 млрд. теңге сомасына 29 678 өтінім келіп түссе, 11 зейнетақы қоры 37 млрд. теңгеге акциялар сатып алуға ниет білдірді. Осылайша сұраныс ұсыныстан 2 есеге немесе 200 пайыздан асып түскен еді.

 Халықтық IPO бағдарламасына Қордың аса тұрақты деген 10 компаниясы таңдалды. Бағдарламаның алғашқы тұсауын «ҚазТрансОйл» АҚ-ы ашып берді. Ендігі кезекте «Kegoc» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ акциясын сатылымға шығарады. 2014 жылы «Қазақстан Темір жолы» және «Қазақтеміртранс» компанияларын шығаруды көзделуде. Соңғысы болып «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазАтомПром» компанияларының акцияларын шығару жоспарлануда. Еліміздің азаматтары осы компаниялардың ішінен кез келгенін таңдап, акцияларын сатып ала алады. Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, «KEGOC» АҚ «Халықтық IPO-сы» жоспарланғандай, ағымдағы жылдың соңына дейін сатылымға шығады. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында стратегиялық компаниялардағы үлестерді қазақстандықтарға сатудың құқықтық мүмкіншіліктері бойынша ортақ позиция әзірлеп қойды. «Шын мәнінде ешқандай да құқықтық қайшылық жоқ. Ортақ позиция әзірленді. «KEGOC» IPO-ға шығуға дайындалуда. Әзірге акциялардың алғашқы орналастырылатын күнін айтпаймын», – деп нақтылады министр.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов «KEGOC» АҚ акциялары «Халықтық IPO» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылдың II тоқсанында сатылымға шығатындығын айта кетті. Сондай-ақ, ол «Самұрық-Энерго» акциялары жекелеген инвесторлар арасында «ҚР электр энергетикалық саласын дамыту тұжырымдамасын белгіленген мерзімде аяқтаған және 2015 жылдан кейін генерациялау стансаларын және үлестіргіш желілерді тарифтік реттеу бойынша әдіс-тәсілдерді анықтау іс-шараларын жүргізген жағдайда орналастырылатындығынан хабардар етті. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев: «Халықтық IPO» бағдарламасының акцияларын сатып алу барысында брокерлік шоттарды ашсаңыз, соның өзі жетіп жатыр. «Қазпошта» брокерлік қызметтермен қатар трансфер-агентімен де қызмет көрсете алады, ол дегеніміз шот ашуға көмектесу және брокерлік компанияға тапсырыс беру», – деп халықты бағдарламаға қатысуға шақырды.

Айта кету керек, «KEGOC» АҚ «Қазтрансойл» АҚ-нан кейінгі «Халықтық IPO» бағдарламасына кірген екінші ұлттық компания болып табылды. Аталған компания республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы бола тұра, электр энергиясын ұлттық электр желісі арқылы электр энергиясын беру бойынша функцияларға, желіге жіберуді техдиспетчерлендіруге және электр энергиясын тұтынуға ие. Бүгінгі таңда компанияның жарғы капиталы 106,8 млрд. теңгені құрайды, ал компанияның табысы алдын ала есептеу бойынша 2012 жылы 71 674 млн. теңгені құраған. Компания мәліметі бойынша компанияның қарапайым акциялар саны 10 767 297 дананы құрады, ал акциялардың атау­лы құны 10 мың теңгені құрайды, артықшылықты акциялар жоқ. 

Компанияның «Халықтық IPO» шығуына дайындығы шеңберінде тәуелсіз отандық және шетелдік консультанттар тартылған және халықтан өтінім қабылдау үшін «Қазпошта» АҚ-ның 3 мыңнан астам трансфер-агенттік пункті ашылады. Компанияның Халықтық IPO бағдарламасын жүргізу неден туындады? Бағдарламаны жүзеге асырудағы басты мақсаттардың бірі мемлекеттік компаниялардың акционері атануына мүмкіндік беру. Бұл қазақстандық ең табысты өндірістер, яғни мұнай, газ, көлік пен электр энергиясының үлескері болуда таптырмас мүмкіндік. Сонымен бірге, бағдарлама шеңберінде мемлекет ішіндегі қаржы қазақстандық экономиканың өсіміне жұмыс істейтін болады. Компания-кандидаттардың деңгейі әртүрлі. Алайда, барлық компанияларға қойылатын талап біреу ғана: ол қаржылық көрсеткіштер өлшемі, жетекшілердің мінездемесі және корпоративтік басқарманың деңгейі. Бұл ретте тартылған компаниялардың барлығы әлемдік тәжірибеге сүйеніп, негізгі көрсеткіштерін жақсартуға тырысуда.

Динара Мыңжасарқызы