Жаңалықтар

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДА 1,5 МИЛЛИОН АДАМ ТҰРАДЫ

ашық дереккөзі

ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДА 1,5 МИЛЛИОН АДАМ ТҰРАДЫ

Шағын қаланың қамы қашан жасалады? Қазақстандағы қа­лалықтардың 16,8 пайызы шағын қалалардың тұрғыны. Олар үшін әрине жергілікті әкім­діктер жауап береді, алайда бөлінген қаражаттың мардымсыз жобаларға жұмсалатыны жасырын емес. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шалғай аймақтағы халықтың тұрмыстық жағдайы мен қала инфрақұрылымын қалай дамытпақшы? 

Бұл мәселені Премьер-министр Серік Ахметов қатаң тапсырған болатын. «Моноқалалар мен облыс­тар әкімдеріне: осы қалалардың экономикаларын әртараптандыру, инвестициялық, перспективті және осында айтылғанындай «зәкірлі» жобаларды пысықтау бағытында нақты шаралар қабылдансын!», – деді Үкімет басшысы. Бұл дегеніңіз аймақ басшыларын «Мо­ноқалаларды дамыту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бөлінген бюджет қаражаттарының дер кезінде игерілуін қамтамасыз етуге міндеттеу. Қаражаттың атүсті жобаларға бөлінуін әкімдік есептерінен көруге болады. Қала аулаларын жаңарту, жастар саясатын дамытуға пәленше қаржы бөлінді, игерілді деп жаһанға жар салады. Ал іс жүзінде бірен-саран аулалар жөнделеді, шеткерірек аудандары мүлдем назардан тыс қалады. Дәл осы жағдайды жастар саясатынан да көруге болады. Жастардың тәрбиесі, білім алуы, сондай-ақ қоғамдық өмірін қамтитын жобалар белгіленеді, қаражат игеріледі. Бірақ жастар сая­саты жақсарып кете ме? Шетелде білім алып, біліктілігін шыңдап, өз қаласын дамытуға атсалысып отырған белсенді жастар некен-саяқ. Осы тұрғыда Үкімет басшысы: «Биылғы жылғы талдау көрсеткендей, осы бағдарлама аясында моноқалаларды дамыту бағытында әкімдердің назары, басым көпшілігінде, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды өрістетуге шоғырланып кеткен. Бұл ретте бағдарламаның негізгі бағыттарына, атап айтқанда, осы қалалардың экономикасын әртараптандыруға, өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті өркендетуге жеткілікті көңіл бөлінбей отыр!», – дей келе қаражаттың ең керекті бағытта жұмсалуын талап етті, 

Қазақстанның кең байтақ даласында қалалар мен ауылдар шашыраңқы орналасқаны белгілі. Сондықтан «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы әуелі қатынас жолын жөндеуден басталуы тиіс. Әсіресе шалғай ауылдағы жол тарту, міндетті көлік жүргізу мәселесін қарастырған абзал. 

Шағын қалалардағы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның 70 пайызының тозығы жеткен. Тіпті табиғи газ бен ыстық су жүргізілмеген қалалар баршылық. 2013 жылы осалдың орнын толтыру үшін инвестициялық жобалар бойынша 6,3 миллиард теңге және биыл жүргізілетін шараларға 6,6 миллиард теңге бөлінген. Ендігі мақсат осы қаржының сапасыз жұмыстарға рәсуаланбауын қадағалау. 

Қаржы бөлінген қалалар қатарында Арқалық, Абай, Құлсары, Ақсай, Қаратау, Жаңатас, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Шахтинск, Лисаковск, Жаңаөзен және Курчатов бар. Бас-аяғы – 27 қала. Осы елді мекендердің ішінде 6 қаланың экономикалық әлеуеті жоғары, 19 қала орташа және 2 қаланың әлеуеті төмен екен. Бұл қатарға Аягөз сияқты бірнеше қаланың енбегені туралы былтыр бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. 

Бірінші кезекте апаттық үйлердің жағдайын түзету кезек күттірмейтін шаруа. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары тұрғызылған ғимараттардың тозығы жетіп, қу қаңқасы қала сәнін кетіруде. Мұндай үйлердің тұрғындары қауіпті болса да баспанасын тастап кете алмайды. Ал нарықтағы бағасы құнсыз. «Бағдарламаның шеңберінде 2015 жылға дейін моноқалалардағы барлық қолданыстағы апаттық үйлер мен ғимараттарды бұзу жөнінде тапсырма берілді. Апатты үйлердің жалпы ауданының тұрғын үй қорының жалпы ауданындағы үлесінің ең нашар көрсеткіштері – Арқалықта, Абайда, Жаңаөзенде, Қаратауда және Жаңатаста!» – деді Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Сол себепті биыл мемлекет ірі кәсіпорындарға күні қараған қалалардағы апатты үйлерді ысыруға 750 миллион теңге бөлетін болды. Осы қаржыға жыл соңына дейін Жаңатас қаласында – 62, Қаратауда – 18, Абай қаласында – 16 және Арқалықта – 17 көнерген үй күресінге жіберіледі», – деді ол. 

«Жергілікті атқарушы органдар қаладағы компаниялармен бірлесіп, әрбір моноқалада кемінде бір инвес­тициялық жобаны іске асыруға тиіс болған. Қазіргі уақытта осы жұмыстың қарқыны көңіл көншітпейді», – деді Өскенбаев мырза. Оның айтуынша, 27 моноқаланың 15-де ғана жобалар қолға алынған. 12 моноқалада іс-шаралар жоқ. Дегенмен оң бастамалар да жоқ емес. Кейбір қалалар дамыту бағдарламасына қолы жетпей отырса, тізімге енгізілген қалалардың сиқы мынау, қаржы бөлінген, тапсырма берілген – бірақ компаниялармен бірлескен жобасы дайын емес. «Шайнап бергенді жұта алмау» деген осы шығар. 

Моноқалаларда 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жұмыссыздық жойылады. Халық тегіс жұмыспен қамтылады. Қалай? Бұл қалаларда Кеңестер одағында жұмыс істеген кәсіпорындардың қаңқасы ғана тұр. Жаңа өндіріс салмай, халықты жұмыспен қамту мүмкін емес. Жұмыссыздық деңгейінің жоғары көрсеткіштері Арқалықта – 9,4 пайыз, Кентауда – 8,7 пайыз және Ақсу қаласында – 7,9 пайыз. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр! Бұдан басқа, көптеген моноқалаларда экономикалық белсенді, яғни еңбекке жарамды халықтың үштен бір бөлігінен астамы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың санатына жатады. Осы көрсеткіш жағынан Қаратау (49,7 пайыз), Арқалық (49,3 пайыз), Жітіқара (47 пайыз), Жаңатас (37,1 пайыз) және Құлсары (30,7 пайыз) көш бастап тұр Негізінен, бұл адамдар нәпақасын жүйе құраушы кәсіпорындардан айырып жүр. Ендеше, бұл қалалардың экономикасын диверсификациялау маңызды бола түспек. Бірақ өндіріс орындарының құрылысына халықты жұмылдыратыны белгілі, бірақ көбінде ер адамдар есебінен екені түсінікті. Сондықтан шағын кәсіпкерлікті бірінші орынға шығарудың маңызы  зор. Мұны Өскенбаев мырза атап өтті. 

Бағдарламаның екінші бағыты – экономиканы әртараптандыру және шағын және орта бизнесті дамыту. Ол үшін әкімдіктер кемінде бір зәкірлік жобаны іске асыруы тиіс, – деді. 

Бағдарламаның басты мақсаты – моноқалалардың экономикасын жандандыру, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ жаңа өндіріс құру. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап іске қосылғаны белгілі. Ал біздің ниет бұл бағдарламаның «Ақ бұлақ», «Ауылды дамыту» және тағы сол сияқты бағдарламалардың кейпін кимей, бөлінген қаражаттың қажетті бағытта игеріліп, оң нәтижесін беруі.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ