Жаңалықтар

МҰЗТАУДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАСҚА ҚҰЛЫН

ашық дереккөзі

МҰЗТАУДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАСҚА ҚҰЛЫН

Алтайға осыдан он жыл бұрын барғам. Енді міне он жылдан соң, тағы табан тіредім. Ол кезде Орағам алпысқа толған еді. Бүткіл Алтай Орағамның алпыс жылдығын тойлаған. Биыл Алтайдың Кербұғысының жетпісін тойлап отыр. Он жыл бұрынғы Алтай мен он жыл кейінгі Алтайдың айырмасы жоқ. Өзгерген табиғат жоқ. Өзгерген адамдар ғана. Он жыл бұрын дүние есігін ашқан бала бүгін желкілдеген жеткіншек болды. Олар Орағаңның шығармасын там-тұмдап болса да оқитын дәрежеге жеткен. Алтайлықтардың Оралхан Бөкейдің шығармасын оқымауға қақы жоқ. Өйткені онда бүткіл алтайлықтардың тыныс-тіршілігі, болмысы, ең бастысы, табиғи қалпы жақсы сақталған. 

Он жылдан бері ештеңе де өзгермеген сияқты. Сол Алтай. Сол сұлулық. Сол суықтық. Иә, Алтай жақта «қыс ұзақ». Жеңіл-желпі киініп, Қатонқарағай қайдасың деп тартып кеткен біздерді ұзақ қыстың салқыны қарсы алды. Оңтүстіктен барған біздер үшін Алтайдың суығы аса жеңіл болмайтынын сезіндік.

Алтайдың сұлулығының сыры неде десеңіз, суықтығында шығар деген ой келеді кейде. Үнемі қаламгер өзі туған табиғаты туралы «Табиғаттың арда төлі, атақты Алтайым» дейді екен. «Егер Сіз осынау таңғажайып өлкеге – табиғаттың арда төлі атақты Алтайға бармасаңыз, барсаңыз да, оның: Күн Шығыстың бар асылын, бар байлығын, бар сұлулығын өн бойына дарыта жинақтаған асқар-асқар тауларын, асу-асу белдерін, ат омыраулатып жарып жүре алмайтын жасыл шалғын кең жайлауын, кер марал, кербез елігін, мамырлай жүзген аққу-қаздарын, татсаң таңдайда қалар балы мен ақ балтыр ару қайың, қайсар қарағайын – иә, иә, осылардың қадір-қасиетін түсініп, сезіміңізді селк еткізе алмасаңз, әсіресе айналайын адамдарының құдіретті қолынан туындаған жанартаулар мен жаңғыртуларды зерделей алмасаңыз, онда тыңдаңыз…» демеуші ме еді Орағаң. Иә, өр Алтайды Орағаң шексіз сүйді. Қаламгердің қай шығармасын алсаңыз да, оның туған жерге деген, Алтайға деген ерекше махаббатын табар едіңіз. Әлде «табиғат та адам секілді, өзін кім сүйсе, соған ғана ықыласы ауып, ырқына көне ме екен». Бәлкім, солай да шығар. Шыңғыстайды көргенде ойымызға оралғаны да осы.

Мерейтойға арнап, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл Мұхаммед өз құттықтауын жолдаған екен. Министрдің құттықтауында: «Әдебиет көгінде жасындай жарқырап өткен қайталанбас қалам иесі Оралхан Бөкейдің торқалы тойы құтты болсын! Көркем сөз әлеміне көптің бірі емес, көңілдің нұры, жүректің жыры болып, құйқылжи құйылған дегдар дарын төл әдебиетіміздің қазынасына тамаша туындыларды тарту етті. Қоғамның өзекті мәселелерін, дәуір дертін, адамзат проблемаларын өткір көтере отырып, соның бәрін сәтті тұспалмен оқырманға жеткізе білудегі жазушының шеберлігі мен батылдығы әлі күнге таң қалдырады. Дарынды драматург ретінде де ол заман тынысын, адамның арман мақсатын сөз ете отырып, өзі өмір сүрген қоғамның кескін-келбетін боя­масыз аша білді.Өзі жоқ болса да, жазушының соңында қалған мұрасы әрдайым жадымызда жаңғырып, көңіл көкжиегімізді кеңейте берері сөзсіз. Оның есімі ұрпақтан ұрпаққа жасай беретін болады», – делінген. 

«Әкімдер бұл өмірге келеді, кетеді. Ал, Орағаң…»

Қаламгердің жетпіс жылдығына орай, Қатонқарағай ауданы зәулім ескерткіш қойды. Бұл ескерткіштің ерекшелігі де сол, шығармашылық адамының характерін дәл бере білуінде. Қасқайып тұрған жансыз бейнеден әрқайсысы өз Оралханын табары хақ. Ескерткіштің ашылу рәсіміне катондықтар тайлы-таяғы қалмай жиналыпты. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін осында. Бұл да қаламгерге деген жерлестерінің ерекше ықыласы, ерекше сағынышы болса керек. 

Орағаңның мерейтойына арналып қойылған ескерткіштің ашылу салтанатына алыс-жақын елдерден зиялы қауым өкілдері, қаламгердің құрбы-құрдастары, қаламдас достары жиналды. Ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келді. Облыс басшысы өз сөзінде: «Әкімдер, министрлер бұл өмірге келеді, кетеді. Көбісі есте қалмайды. Мәңгілік есте қалатын ақындардың, жазушылардың, композиторлардың туындылары. Сол кісілердің еңбектерінің арқасында ұлт бар екенін, мемлекет бар екенін таниды. Қазақ дейтін ұлт бар екенін, Қазақстан дейтін мемлекет бар екенін білдіргендердің біреуі – жерлесіміз Оралхан Бөкей. Осы Оралханның арқасында ең бірінші әрбір қазақ өзінің туған жеріне, еліне деген махаббатын түсіне бастады. Әрбірі өзінің елін, жерін сүюді Оралханнан үйрену керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, жерлесіміз Оралханның барлық туындылары негізінен елге, жерге, Отанға деген махаббаттан басталған. Өзінің туған жерін, халқын, отанын сүйсе, ол азаматтың ертең өзінің халқына деген берері көп болады. Сондықтан, біз халқын сүйген азаматтарымызды ешуақытта ұмытпауымыз керек. Ол кісілердің алдында басымызды июіміз керек. Сол кісілердің еңбектерін жандандыруымыз қажет. Жазған туындыларын қазіргі жастарға түсіндіріп насихаттауымыз керек. Болашаққа да айтуымыз керек. Биылғы жылдан басталған республикадағы барлық іс-шаралар Орағаңның әруағын тірілтіп, еңбектеірн халыққа, жерлестерімізге тарату мақсатында жасалып отыр. Осы ескерткіш арқылы Оралханның Қатонқарағайда туғанын, Оралханның өз қазағына жасаған еңбегін келешек ұрпақ білсін деп қойдық. Қатонның Оралхан үшін орны бөлек. Қазіргі ұрпақ осы жердің алдында әрқашан бас июіміз керек. Осы жерді қастерлеуіміз керек», – деді.

Сөз зергерінің мерейтойына келген Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева қаламгер туралы өз құттықтауын жет­кізді. «Той құтты болсын! Бәріміз Оралхан ағамыздың туындыларын оқып, сусындап өстік. Қатонқарағайлық болмасам да, сол туындыларды оқығанда, осы аймақты бір көрсем деп армандайтын едім. Осы табиғатты көргенде, көзім жеткен бір дүние, бұл аймақта туған адамның дарынды болмауы мүмкін емес. Өйткені шыңға қарап өскен бала, шыңды, биікті армандайды. Сондықтан, бұл той, баршамыздың, мәдениетті, руханиятты бағалайтын, құрметтейтін барша қауымның тойы», – деді ағынан жарылып.

Ескерткіштің қойылуына қалам­гердің жерлестері, кәсіпкер інілері себепші болыпты. Ескерткіштің мүсінін белгілі мүсінші Қадырхан Хакимов жасапты. Орағаңның ескерткішін қою үшін арнайы байқау өткізілген екен. Байқауға төрт мүсінші қатысып, бақ сынапты. Солардың арасынан оза шапқаны Қадырхан аға екен. Қаламгердің ескерткіші еліміздегі көптеген ескерткіштердің арасында ерекшелігімен де көзге түседі. Көбінде жазушының бюстін қоюға әуес келуші еді мүсіншілер. Бұл жолы қаламгердің нар тұлғасын орнатып, Орағаңның болмыс-бітімін айнытпай беруге тырысқан. Ескерткіш арқылы мүсінші қаламгердің тың образын жасаған. Қадырхан аға мүсінді соқпас бұрын, әуелі ескерткіш қойылатын аймақты қарап, арнайы тексеріп кеткен екен. Мүсінді қалай жасау керек, қаламгердің бейнесін қалай қою керек деген сияқты мәселелерді жан-жақты талқылап, соңында осындай шешімге тоқталыпты. 

– Ескерткіштің қанша нұсқасын жасадыңыз?

– Негізі, бірнеше нұсқасы болды. Ал байқауға қатысуға осы бір ғана нұсқасын өткіздім. Бір эскизін жасағаннан-ақ осылай ой келді бізге.

– Мүсінді жасауға қанша уақыт кетті?

– Сәуір айынан бастадық.

– Қанша қаржы жұмсалды?

– Біз ескерткішті ақша үшін жасағанымыз жоқ. Оралханның әруағы үшін дайындадым. Жігіттердің басын қосып, бірге әзірледік. Бәріміз шын ниетімізбен, Орағаңа деген құрметімізбен жасадық. 

«Құлыным менің» қырыққа толмақ

Қатондағы Мәдениет үйінде Оралхан Бөкейдің жетпіс жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қаламгердің қаламдас достары Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Төлен Әбдік, Марат Мәжитов, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, інілері Дидахмет Әшімханұлы, Тұрсын Жұртбай, ақын Жанат Әскербекқызы қатысып, қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай қаламгердің драматургиясына тоқталды. «Қазақ сахнасындағы жастар драматургиясының ең төрінде, басында біздің Орағаң тұрады. 60-шы жылдары Қалтай Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында» атты шығарма жазып, жастардың қызғылықты думанды өмірін сатиралық тұрғыда көрсетіп, театр сахнасына шықса, 74-жылы бірсыдырғы драматургиялық материалдардан мүлдем күдер үзіп кетейін деп тұрғанда, Оралхан өзінің «Құлыным менің» атты драмасымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына шықты. Келесі жылы Оралханның бұл шығармасының сахнаға шыққанына қырық жыл толады. Нағыз Әуезов театрының сахнасына лайықты деген деңгейде қақыратып көрінген, замандастарын селт еткізген, кәсіби мамандардың құлағын елең еткізген Оралхан Бөкей болды. Бұл шығарманың өзі қатты айғай болды. Сол айғайдың қан базарының арасында мен де жүрдім. Ол кездері театр бөлімін басқаратын едім. Екі-үш рет өткізуге тура келді ол пьесаны. Әр жолы ұтылды. Құлап жатты. Пьесаның өтпеуіне бір белгісіз күш жұмыс істеп жатты. Былай қарасаңыз, министр де, Орталық комитет те қарсы емес. Бірақ спектакль өтпейді. Оның өтпеуінің сырын кейін түсіндік қой. Біздің кейбір үлкен ағаларымыз сыбырлап, күбірлеп, діңкесін құртып жүрген екен. Сондағы тағатын кінәсі, «бұлар әуейіленіп алған топ, бұдан жастар не түсінбек?» деген сияқты. Оның сөзіне, айтайын деген ойында, философиясында ешкімнің шаруасы жоқ. Өте ме, өтпей ме деген шешуші кезеңде Оралханның жылағанын көрдім. Терезенің жақтауына барып, шашын артқа бір сілкіп қойып, жанарлары жасаурап тұрған сәтінде жұбатқаным есімде. «Сендерге өкпелемеймін. Сендер қолдарыңнан келгенін жасап жатырсыңдар. Құдай мені перзенттен қысып еді. Жарайды, ол Жаратқанның ісі шығар. Ал менің шығармашылығымда не шаруасы бар бұлардың. Шалғайымнан жабысып, қағып-соғып, енді менің жазған нәрсеме зияндарын тигізіп жатыр», – деп көзіне жас алды. Бірақ сол жолы пьеса өтті. Сол пьеса қаншама жыл театр сахнасында жүрді. Осы бертінгі уақытқа дейін жүрді. Қаншама буын жастарды тәрбиеледі. Жастарды теріс жолға салған жоқ, оларды керісінше өсірді. Оралхан көп жазған жоқ. Бірнеше ғана шығармасы болды. «Зымырайды пойыздар», «Қар қызы», «Атау-керені» кейінірек жазды. «Құлыным менің» – қазақ драматургиясының классикасы. Грибоедов жеті пьеса жазды. Бірақ «Горе от ума» атты бір ғана пьесасымен аты қалды. Ал Оралхан драматургияға көп қалам тербей қойған жоқ. Ерте кетіп қалды. Алты-жеті пьесасымен елді елең еткізді. Соның ішінде, «Құлыным менің» қазақ драматургиясының тарихында қалды. Ол шығарманы қойса, әлі де елді елең еткізетін дүние болары сөзсіз. Сосын Орекең жалпақбай емес еді. Автор тәкаппарлау болу керек. Ол неге режиссерге жалпақтау керек? Қазір театрлар авторларды жалпақтатқысы келеді. Бұл туралы айтып та, жазып та жүрмін. Дүниеге пьеса алып келген автор. Сондықтан, авторға тәуелді болудың орнына, қазір театрлар авторды төмендеткісі келеді. Бұл дұрыс тенденция емес. Қазақы пайым, қазақы түсінік. Орағаңның тәкаппарлығын айтайын. Өлерінен төрт-бес ай бұрын мені Талдықорғанға ертіп барды. 92-жылдың мамыр айы болу керек. Қасымызда Сайлау Пернебаев бар. Талдықорған театры «Құлыным меніңді» қойыпты. Маған постановка тәп-тәуір ұнады. Керемет көңілді болып барған Оралхан өзінің жұмысын көрді де, нілдей бұзылды. Қылт ете қалатын марқұм. «Ореке, сіз басылыңыз. Ұжымның ешқандай кінәсі жоқ. Сондықтан, жұрттың алдына шығып, рахметіңізді айтыңыз», – дедім. «Жоқ, сен айтшы. Мен шықпаймын. Мені дұрыс түсінбеген». «Ұғынбаған автор қаншама? Шекспирді де ұқпаған, Ореке! Сіздікі дұрыс емес», – дедім. Екеуміз сол жерде кикілжіңдесіп қалдық. Айтқанынан қайтқан жоқ. Шықпай кетті. Қайтарда көліктің алдына отырды. Пернебаев қарап отыра ма, сөйлеп, қалжыңдап бастап еді, Орекең ұрсып тас­тады. Сосын, жым болды. Біз екеуміз шекісіп қалғанбыз талғам жөнінде. Сол күйі бір ауыз сөйлеспей, Алматыға келді. Міне, Оралханның портреті. Күндей болады. Біресе тез ашуланады, біресе жарқырайды. Бірақ мінезі баладай таза еді. Орекеңнің өмірден ерте кетуі, қазақ халқының әдебиеті үшін де, мәдениеті үшін де қасірет. Оралханды бір рет оқу аз, бірнеше рет оқу керек. Меніңше, Оралханды тек оқып қана жеңеміз. Бұл менің девизім», – деді.

Конференция барысында қаламгер туралы жылы лебіздер айтылды. Естеліктер айтты. Шығармалары талданды. Солардың арасында белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың мына бір оқшау пікірі көңілімізге үлкен ой салды. «Орекең «Атау-керені» жазып бітірген соң, «маған оқып көрші» деп ұсынды. Оқып шықтым. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы еді ол кезде. Кабинетімнің есігінің алдынан былай да бір өтеді, былай да бір өтеді. Оқып бітірген соң, менен «қалай екен?» деп сұрады. «Бір ғана өтінішім бар», – дедім. «Орыстың кемпірі өледі. Осында крест жастығының астынан шығу керек сияқты. Содан кейін «Қауіпті будан» деген атын ауыстыру қажет сияқты», – деп едім, «Жарайды», – деді Орағаң. Екі жарымда қайтып келді. «Бес-алты сөйлем қостым. Крест жастығының астынан шығады», – деді. Содан кейін барып, «Қауіпті будан» емес, «Атау-кере» болып, аты өзгерді. Мен Орекеңнің бауырында өскен баламын ғой. Осындай көркемдік шешімге мойынсұнады. Ұлылықтың бір мойынсұнуы осы», – деді Тұрсын аға. Бұл да болса, қаламгердің ұлылығын танытса керек. Әріптес інісінің пікіріне құлақ асып, ойын түсінгенінің өзі абзалдық. 

«Біз ұйқымыз келмесе, Оралханды іздейміз…»

Мерейтойдың екінші күні Шыңғыс­тай­лықтар қаламгерге арнап, үлкен ас берді. Астан соң, Астанадан, Алматыдан келген зиялы қауым өкілдері Өрел, Аққайнар, Алтынбел ауылдарында болып, тұрғындармен, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Сондай кездесудің бірі Өрел ауылында өтті. Өрел ауылындағы орта мектептің оқушыларымен жүздесу барысында қаламгерлеріміз Оралхан Бөкей туралы әңгімелерін айтты, жылы естеліктерін шертті. Солардың арасында, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің сөзіне жиналған қауым көздерінің жасын бір шылап алды. 

– Құрметті ұстаздар! Құрметті жас достар! – деп бастады Нұртөре Жүсіп өз сөзін. – Мен сендердің тараптарыңнан қандай арманыңыз бар деген сұрақ қойсаңдар не деп жауап берер ем?..

Мен мынау жарқырап тұрған жарық аяқ астынан өшіп қалса деп қиялдаймын. Неге? Қазір жарық барда әр бала өз бөлмесінде: біреуінде компьютер,­ бірінде м-агент, енді бірі құлағын ты­ғындап, ән тыңдап, бәрі де өзімен өзі әуре. Ата-ана да өз бетінше: үйде кімнің не істеп, немен айналысып жатқанын ешкім де білмейді. Бәрі өзімен әлек. Ал енді жарық сөне қалса, май шам жағып, не болмаса балауыз шырақ түбіне жиналып, бәріміз бір үйдің баласындай мәре-сәре күй кешеміз. Әкеміз маңдайымыздан сипайды, анамыз бетімізден иіскейді, балалармен отырып әңгіме айтады, өткен күндерден сыр шертеді, ертегі айтады. Жалғыз жарық біздің жанымызды жақындатады. Жан жарасымы орнайды.

Міне, сіздердің 70 жасқа толған ағаларыңыз – Оралхан Бөкей де бала болған. Оның «Біздің жақта қыс ұзақ» деген шығармасын оқыған шығарсыңдар. Алтайда сегіз ай қыс болады. Қасат қардың биіктігінен адам аяқ алып жүре алмайды. Бораны аңыраған аязды қыста пеш түбінде, сол пештің бірде гүрілдеген, бірде ышқына ысылдап шыққан дауысын естіп жатып қиял әлеміне енетін шақтар болады. Оралхан ағаларыңды жазушы еткен сол қиял. 

«Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген сөз бар біздің қазақта. Көк дөнен жете алмайтын жерге көңіл жетеді. Бала көңілі – даладай дархан. Жас күнінде әркім арман жетегінде болады. Қиял әлеміне енеді. Ойша талай жерге барады. Ор-ағаң да сондай болған. Оның жаңа ғана өздерің сахналаған туындысында қасқа құлын Мұзтаудың басына шығып кетеді. Мұзтаудың басына жылқы шыға ала ма? Ор-ағаң Мұзтаудың басынан өзінің қасқа құлынын көреді. Ол жастайынан жазушы боламын деп армандады. Сол арманына жетті.

Мен осы арада бір әңгімені есіме алып тұрмын. 1995 жылы Мысырда болдық. Сондағы бір профессор айтады: – Менің кішкентай қызым бар. Ол қарды көруді армандайды. «Әке, мені қары бар елге апаршы» деп күндіз-түні қыңқылдайды. Оның бар арманы – бір уыс қарды алақанына салып, ұстап көру. Сәті түссе, алдағы уақытта Ресейге апарамын. Ол жақта қар қалың. Қызымның арманын орындаймын,– деп еді.

Мысырда өмірі қар жаумайды. Ол елдің адамдары қар дегенді білмейді. Ал сіздер сегіз ай қыста, қар құрсауында өмір сүресіздер. Кейде «Осы қардан құдай құтқарар ма еді?» деп армандайтын боларсыздар.

«Қыс» дегеннен шығады: бірнеше жігіт қалың қардың құрсауында қалыпты. Әбден тоңған. Жағатын нәрсенің бәрін жаққан. Сөйтіп дір-дір етіп қалтырап отырғанда біреуі: «Осыдан тап сол адамның басын жарармын» деп қайта-қайта айта беріпті. «Ей, не болды саған? Суықтан жынданайын дедің бе? Не айтып отырсың?» десе, «Осыдан аман құтылып, жазға жетсек, көшеде шілденің ыстық күнінде әлдекім «Ту-у, күн қайнап, ыстық болып кетті-ау» дейтін болса, сол адамның басын жарармын» деген екен…

Сол айтқандай, менің балалық шағым өткен Сыр бойында да қар көп болмайды. Жауса, қырбық қар тез еріп кетеді. Біз де бала күнімізде қар жауса екен деп армандап өстік. Есейе келе, Оралхан Бөкейдің кітаптарын оқып, Алтайдың әсем табиғатына қызығып, қалың қардың арасында жүргендей, сілбілеген жаңбырдың арасына кіргендей қиял әлеміне бой ұратынбыз. Сонда осындай әсем табиғаты бар жерді бір көрсек деп арман ететінбіз. Ор-ағаң өзінің туған жерінің сұлулығын, әсем табиғатын, ондағы еңбек адамдарының бейнесін асқан шеберлікпен тек қазақ жұртына ғана емес, бүкіл дүние жүзіне паш етті. Туған жерді сүюдің үлгісін көрсетті. Жазушылық деген оңай нәрсе емес. Жұрт теледидар көріп, концерт тамашалап, не болмаса қалың ұйқыға бас қойып жатқанда саусағының ұшы қаламға жабысып, атар таңды ой құ­шағында, қиял әлемінде отырып атқызып, бір сөйлемді, бір бетті үлкен жан азабымен ақ қағазға түсіріп, тұтас бір көркем шығарманың өзегін жасайды. Оралхан жазған кітаптар сондай шығармашылық азаппен өмірге келген. Оны басынан өткізген жан болмаса, екінің бірі біле бермейді.

Табиғаты сұлу өлкеде өмір сүргенмен сол сұлулықты екінің бірі көре бермейді. Суреткерлік – Алланың сыйы. Оралхан Бөкей – керемет суреткер жазушы. Оның кеудесіне Алла-тағала сөзден сәуле шашқан. Қиялына қанат бітірген. Алтайда туған, өмір сүрген адам аз емес. Ал Оралхан ағаларың сол туған Алтайын, оның әсем табиғатын, сол жердегі қарапайым адамдардың өмірін көркем туындыға арқау етіп, қаншама бейне жасады. Бәрін де суреткерлік шеберлікпен орындады.

Мен сіздердің араларыңыздан Оралхан­дай жазушы шығатынына сенем. Өйткені мынадай көркем өлкеде тұрып адамның сұлулыққа құштар болмауы мүмкін емес.

Жарық өшіп қалса екен дедім. Жас дос! Сенің қиялыңа Оралхан ағал­а­рың­ның қиялындай қанат бітсін. Сол қиял алыс-алыс қиырларға жетелесін. Бәлкім, сендердің араларыңнан біреу болмаса, біреу Мұзтаудың басынан өзінің қасқа құлынын көрер!

Жас адамның көп оқуы керек. Жазушы боламын деген адам тіптен көп оқуы керек. Мынау Абай елінде Абай­дың кем дегенде алты өлеңін мектеп оқушысы жатқа білуі керек деген үрдіс қалыптасып еді. Сіздерге де, Оралхан Бөкей туған жердің түлектеріне Ор-ағаңның кем дегенде бір кітабын оқымайынша, мектеп бітірдім демейтін жағдай орнықса деймін.

Біз ұйқымыз келмесе, Оралханды іздейміз.

Біз қасқа құлын кісінесе, Оралханды іздейміз.

Біз жанымызға тыныштық тапқымыз келсе, Оралханды іздейміз.

Айтыңдаршы, неге іздейміз?

Сіздер де Мұзтауға қараңыздар! Қиялдаңыздар. Армандаңыздар.

Мұзтаудың басынан әркім өзінің қасқа құлынын көретін шығар деп ойлаймын.

Әне, Мұзтау! Әне, қасқа құлын! Көрдіңдер ме?

Көрінеді. Жақсылап қараңдар», – деді тебіреніп.

«Орағамның тәрбиесі ерекше еді»

Қаламгердің мерейтойында Орағаң­ның қарындасы, әрі рухани жанашыры Ғалия Бөкейқызы жүрді. Сонымен бірге, Орағаңның әпкесі Ләззат апайдың ұлы Қанат Тойбағаровпен таныстық. Қанат аға Орағасын ерекше құрмет тұтып өскен, жиен інілерінің бірі. Орағаңның тәрбиесін алған, нағашы ағасынан үйренгені де, оқығаны да көп зерек ұлдың ағасын әлі күнге пір тұтатынын көрдік. 

– Сізді нағашыларыңыздың үйінде өсті деп естідік. Ол кездері қанша жаста едіңіз?

– Оралхан ағамның қолында болдым деп айтпасам да, кішкентайымнан нағашы атам Бөкей мен нағашы әжем Күлияның қолында өстім. Анам пош­та қызметінде жұмыс істеді де, қолы көп тие бермейтін болған соң, бізді Шыңғыстайға әкеп тастайтын еді. Бүгінде музейге айналған үйдің әр табалдырығы мен үшін Мұзтау сияқты болатын. Ол үйдің әрбір қабырғасы бізге жақсы таныс. Әрбір қабырғадағы шегеге дейін жақсы білем десем болады. Мектеп кезінде ауылда – Берелде, өз үйімізде боламыз. Жаз шыға бала-шағаны шешеміз Шыңғыстайдағы үлкен үйге әкеп тастайды. Студент болған соң ғана Орағамның тәрбиесін көрдім. Сол кісінің үйіне демалыс сайын келетін едім. 

– Өзіңіздің қызметтік өсу жо­лың­ызда Орағаңның аты қан­ша­лық­ты көмектесті?

– Шынымды айтсам, жатақханада бірге жүрген жолдастарымның көбі менің Орағамдай ағам барын үшінші курсқа өткенімде бір-ақ білді. Тәрбие солай болды ма, «ағам бар» деп мақтанып айтуға ұялатын едік. Оралхан Бөкейді білетін достарым, жолдастарым алғаш естігенде тіптен таң қалған еді. 

– Орағаңның шығармаларын жиі оқисыз ба?

– Орағамның шығармаларын оқымау мүмкін емес. Кез келген адам кез келген ортада Алтайды айтатыны белгілі. Алтайды айтқанда, еріксіз ойымызға Орағамның шығармалары түседі. Алтай бізге Орағам. Орағам бізге Алтайды еске түсіреді. 

– Ағаңыздың жазушылығынан бөлек, қандай қасиетін ерекше қадір тұттыңыз?

– Ағамыздың жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, болмыс-бітімінің өзі бізге тәрбие болды. Әрбір қимылынан, айтқан сөзінен тәлім-тәрбие алуға тырыстық. Оралхан ағамды көбі тәкаппар, өркөкірек деп айтады. Бірақ маған аға ретінде осының бәрі жақын. Ағамызбен ауылдан гөрі, Алматыда жиірек кездесетін едік. Елге, ауылға келгенде, ағам елдің адамы болып кететін. Азамат болып қалыптасуыма ағамның ықпалы өте көп. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» демей ме? Сол себепті де, еліме қадірлі болып жүрсем, ағамның арқасы деп білем. Сол кісінің өнегесі, тәрбиесі деп білем.

Орағаңның қасқа құлыны, қайдасың?

Шыңғыстайда болған күндері Оралхан Бөкей туралы бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Оның бірі «Орхон» баспасынан шыққан «Біздің Оралхан» атты жинақ. Бұл жинақты Қатонқарағай аудандық әкімдігі мен мәслихаты дайындап шығарған. Жинақтың құрастыруына ел азаматтары Дүйсен Бралинов пен Бейімбет Болаев мұрындық болыпты. 

Сонымен бірге «ҚазАқпарат» бас­­пасынан «Оралхан Бөкей» ат­ты көлемді жинақ жарық көрсе, қа­лам­гердің мерейтойына арналып, қаламгердің рухани інісі, жазушы Дидахмет Әшімханұлы жинақтап, «Ел-шежіре» баспасынан жеті томдық шығармалар жинағын шығарған екен. Жеті томдықтың да тұсауы суреткердің туған жері Шыңғыстайда кесілді. 

Одан бөлек, биыл алғаш рет Қатонқарағайда «Алтай барысы» өткізілді. «Алтай барысына еліміздің түкпір-түкпірінен түйе палуандарымыз жиналып, өз күштерін ортаға салды. Олардың арасында «Қазақстан барысында» көзге түскен түйе палуандарымыз да бар. 

Ат шаптырып, бәйге өтті. Бүкіл Алтай табиғаттың жыршысын, ұлы суреткерін еске алды. Әруағына тағзым етті. Алтайдың Кербұғысының алдында басын иді. Сұлу табиғаттың аясында сұлу сөзден сурет салған қаламгердің жетпісін тойлады. Бүткіл аудан жұртшылығы мұрындық болып, тайлы-таяғы қалмай думандатты. Оралханды қазақ әдебиетін сүйетін барша қазақ сүйеді. Оралханның суреткерлік қырына барша қазақ тәнті болады. Шығармаларын білмейтін жан кемде кем шығар бүгінде. Сондықтан бізде Оралханша «Қайдасың, қасқа құлыным?» дегіміз келеді. 

Гүлзина БЕКТАС

Алматы – Қатонқарағай – Алматы