ХАЛЫҚ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІНЕН АЙРЫЛДЫ
ХАЛЫҚ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРІНЕН АЙРЫЛДЫ
Ол 1942 жылы 9 қыркүйекте Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Құланшы ауылында туған. 1964 жылы ҚазМУ-ді үздік бітірген соң Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, «Жазушы» баспасында, ҚР Баспа комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында, «Жалын» журналында, Авторлық және аралас құқықтар жөніндегі агенттікте жауапты қызметтер атқарды. 1996-2002 жылдары ҚР Ұлттық Банкі мұражайының директоры, 2002 жылдан «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналының бас редакторы болды.
Дүкенбай Досжан ХХ ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келіп, қазақ прозасының дамуына айрықша үлес қосты. Оның құнарлы қаламынан 10 роман, 20-дай хикаят, 100-ден аса әңгіме дүниеге келіп, қалың оқырманның рухани қазынасына айналды. Әлемнің 20 тілінде жеке кітаптары, 2002-2003 жылдар аралығында 13 томдық шығармалар жинағы жарық көрді.
Дүкенбай Досжан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Түркістан қаласының және бірнеше аудандардың құрметті азаматы.
«Зауал» романы үшін 1974 жылы «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы жақсы роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы жақсы кітап» сыйлығын алған.
Қазақ сөз өнерінің ірі өкілі болған қаламгер Дүкенбай Досжанның еңбекқор, қарапайым, аяулы бейнесі ел есінде сақталады. Қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған үздік шығармалары оқырмандармен бірге жасай береді.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанның қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Д.Досжанның табиғи дарынымен жастай көрініп, әдебиет майданында тынбастан, өнімді еңбек етіп келгені атап өтілген.
«Оның қаламынан туындаған әңгімелер мен хикаяттар, романдар оқырмандарын тілінің шұрайлылығымен, ұлттық бояуының қанықтығымен баурайтын», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы жазушының еңбегі әр жылдары әдебиет саласындағы жоғары мәртебелі сыйлықтармен және мемлекеттік наградалармен марапатталғанына да тоқталған.
Нұрсұлтан Назарбаев қаламгердің үздік шығармалары әрдайым халқымызбен бірге жасай беретінін атап өткен.
Дүкенбай қайтып тумайды
«Мұңлық-Зарлық» жыры мынадай бір жолдармен аяқталушы еді: «Мақсұтқа жетіп бәрі де, олар да өтті дүниеден, өзекті жанға бір өлім, тек шайтан ғана өлмеген». Иә, бәрі де өтеді де, кетеді. Бұл өлім жалпы қазаққа батады. Қалай дегенде, халық қабырғалы бір қаламгерінен айрылды. Ол қайтып келмейді. Дүкенбай Досжан сияқты жазушы қайтып туылмайды. Ол өзінің қайталанбас қасиеттерін өзімен бірге алып кетті. Барлық өлім алдын-ала айтып келмейді. Барлық өлім төбеден найзағай түскендей өкіндіріп кетеді. Сондай өкінішті өлімнің бірі – Дүкенбайдың өлімі. Халқы үшін де, замандастары үшін де, әсіресе құрдастары үшін. Тірі күнінде адам мәңгі жасайтындай, мың жасайтындай көрінеді. Ойда-жоқта о дүниелік болғанда орнын сипап, өкініп қалады. Дүкенбайдың өлімі маған қатты батып тұр. Замандас, құрдас деп, өмірбақи қалжыңдап жүруші едім. Жұрттың бәрі білетін еді арамыздағы әзіл-қалжыңды. Сол қалжың, анекдоттарымды жымиып отырып тыңдаушы еді. Тіпті ашуланудың орнына қуанатын сияқты көрінуші еді маған. Оның бәрі өтті де кетті. Ол бақилыққа аттанды. Ол өзінің ойының бәрін, жазам деген дүниесінің бәрін жазып кетті деп ойлаймын. Өткір әзілдерімді, қалжыңдарымды енді кім тыңдайды, кімге айтам!!!
Қош бол, Дүкенбай, Дүкеш дейміз.
Топырағың торқа болсын!
Дулат Исабеков,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері