ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУДІҢ ЖҮЗ КҮНІ
ТАРИХТЫ ЗЕРДЕЛЕУДІҢ ЖҮЗ КҮНІ
Кеше Астанада Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткізілген алғашқы жиыннан бері жүз күн өтіпті. Үшінші отырыста үш жарым айдың ішінде осы бағытта атқарылған істердің жай-жапсары пысықталды.
Алғашқылардың бірі болып баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының түгелдей «Халық тарих толқынында» атты бағдарлама аясында ақпараттық-насихаттық жұмысқа жұмылдырылғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, биылғы жылдың 5 маусымынан бері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 2170 материал жарық көрген екен. Оның 743-і мерзімді баспасөзде жарияланса, 524-і электронды ақпарат құралдарында, 903-і ғаламторда жарық көрген.
Осы уақыт аралығында республикалық телеарналарда тарихи тақырыпқа арналған 25 циклды хабарлар жүйесі жасалды. Оның ішінде, «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілетін «Сақтар», «Ғұндар», «Үйсіндер» фильмдері мен «Хабар» телеарнасы түсірген тарихи тұлғалар туралы фильмдер бар.
Бұдан бөлек, ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің паспортын жаңарту ісі қолға алынған. Бүгінге дейін 89 тарихи-мәдени жәдігердің құжаттары жаңартылды. Қалғандары бойынша аймақтарда жұмыс жүріп жатыр.
Министрлік тарихи сананы жаңғырту бағытында ғаламтор мүмкіндіктерін мүлт жібермейді. Мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген, тарихи тақырыптағы кітаптардың электронды нұсқалары түгелдей порталға орналастырылады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихшылардың өздерінің бастамасымен тарих ғылымында қордаланған ақтаңдақтарды ашуға талпыныстар болып, 90-жылдардың басынан ортасына дейін бірқатар ғылыми еңбектердің сериясы жарық көрген болса да, дәл қазіргі кезеңдегідей жүйелі сипат алған жоқ болатын» деп атап көрсетті.
Министр ұлттық тарихты зерделеу бағдарламасы бойынша жұмыстардың қорытындылары туралы келесі жылдың басында егжей-тегжейлі есеп беретінін мәлімдеді.
Бұдан соң сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз баяндамасында «Халық тарих толқынында» бағдарламасын жүзеге асыруға 60-тан астам жоғарғы оқу орны мен республикадағы барлық ғылыми институттардың атсалысатынын айтып өтті. Жалпы алғанда, бағдарламаны жүзеге асыруға 300-ден аса ғалымдар тартылған.
Министрдің айтуынша, қазақ тарихын зерттейтін шетелдік ғалымдарға қатысты мәліметтер топтастырылып, олармен әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Он төрт мемлекетте қазақ ұлттық тарихын зерделеуге үлес қосып жүрген 28 ғалым бар екен. Бұдан бөлек, жергілікті ғалымдар шет мемлекеттердегі мұрағаттар мен мұражайдағы қазақ халқына қатысты құжаттар мен жәдігерлерді алу үшін іссапарларға шығып жүр. Олардың он мемлекетке: Иран, Үндістан, Қытай, Египет, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Ресейге барып-қайту кестесі бекітілген.
Осы ведомствоаралық жұмыс тобының бірінші отырысында мемлекеттік хатшы жоғарғы оқу орындарында тарих кафедраларын қалпына келтіру жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда, білім және ғылым министрі республика аумағындағы білім ордаларында 19 дербес Қазақстан тарихы кафедрасы қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Оған қоса, министрлікте тарих оқулықтарын жазуға арналған нұсқаулықтар дайындалды.
Тарихты зерттеуші мамандар дайындау мәселесі бұған дейін талай айтылған. Министр биыл тарихшы мамандарды дайындауға мемлекеттік тапсырыс аясында 210 грант бөлінетінін хабарлады. Әйтсе де, бұл саладағы кадрларды шетелде дайындауға баса көңіл бөлініп отыр. Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясының аясында тарих ғылымы бойынша сегіз мамандықтың иелері ғылыми тағылымдамадан өту үшін әлемнің озық университеттеріне аттанбақ.
Отырыс барысында «Mangi el» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналының және Қазақстан тарихына арналған e-history.kz ақпараттық-білім беру анықтамалық порталының тұсаукесері өткізілді.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат ұсынатын порталда ұлттық тарих туралы материалдар кезең-кезеңдерге бөлініп, онлайн-дәрістер, электронды оқулықтар және интерактивті әдістер арқылы жарияланған.
Жақында республикалық жас ғалымдар қауымдастығы құрылған болатын. Бұл қауымдастық «Тарих тағылымы» атты төл журналын шығаруды жоспарлап отыр.
Отырысты қорытындылаған Марат Тәжин Елбасының ғылыми-тарихи қауымдастықтың алдына ұлттық тарихи жадымызды қайта жандандыру, тарихымызды әлемдік-тарихи процестің бір бөлігі ретінде терең зерделеу және «ақтаңдақтарды» жою жөнінде тапсырмасы бар екенін айтты.
Мемлекеттік хатшы: «Осы бағдарлама қолға алынғалы бері жүз күнде тындырылған шаруа санаулы» деген сыбыстар естіп жүрміз. Шын мәнінде, мұндай ауқымды шаруаларды атқару үшін айлар емес, жылдар керек. Сондықтан көпшілік қауымды бұл мәселеге орай бізге түсіністікпен қарауды сұраймыз»,– деді. «Бұған дейін мұндай ауқымдағы шаруалар жасалмаған»,– деді ол. Өз сөзінің дәлелі ретінде Марат Тәжин Орталық Азия дәстүрлі өркениеттерін зерделеу жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу орталығының, «Геоархеология» халықаралық зертханасының, «Дүниежүзі тарихын зерделеу» ғылыми-зерттеу орталығы мен Популяциялық генетика зертханасының ашылғанын айтып өтті.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің 25 қазанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде өтетінін хабарлады.
«Тарихшылардың жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап отырмыз. Ешкімге дәл осындай жағдай жасалмаған»,– деп тұжырды Мемлекеттік хатшы. Ендігі жұмыстың жауапкершілігі – тарихшыларда.
Гүлбиғаш ОМАР
Астана