Жаңалықтар

УКРАИНА: ЕУРООДАҚТЫ ТАҢДАДЫ, РЕСЕЙДІҢ УЫСЫНАН ШЫҚТЫ

ашық дереккөзі

УКРАИНА: ЕУРООДАҚТЫ ТАҢДАДЫ, РЕСЕЙДІҢ УЫСЫНАН ШЫҚТЫ

Украина Кедендік одақтан бұрын Еуроодақтың табалдырығын аттауға білек сыбана кірісіп кетті. Жақында ғана министрлер кабинеті Еуроодақпен қауымдастық туралы келісімге қол қойған болатын. Іле-шала бұл мәселе 20 қыркүйекте Вильнюсте өткен Х экономикалық форумында да кеңінен талқыға салынды. Алқалы басқосуға жиналған саясаткерлер украиндық биліктің бұл шешімін бірауыздан құптаса, орыс мүддесін қорғаушы топ дәлізде ұшырасқан журналистерге қарсылығын білдіріп жатты.

Украина мұндай қадамға не үшін барды? Бұл сауалдың астарында біраз мәселенің басы қылтиятыны сөзсіз. Соның бірі – талайдан бері өз арнасына түсе алмай келе жатқан газ дауы. Бұған дейін Украина президенті Виктор Януковичтің ресейлік газға төмендетілген бағамен қол жеткізуге тырысқаны белгілі. Алайда мұнысынан түк шықпаған ол аталмыш мәселеге басқа қырынан келіп, ақыр соңында Ресейдің аузын айға қаратып кетті. Ал Украина билігінің бұл шешімін Ресей қалай қабылдады? Тап қазір жұрттың құлағын түрік еткен де осы жайт. 

Украина Еуроодақ табалдырығын аттауға деген ұмтылысын күні кеше ғана байқатқан жоқ. Мұның алғашқы баспалдағы 2007 жылы мемлекетті Виктор Ющенко басқарған кезде жасалған болатын. Тіпті, сол кезде «Интеграция туралы» заң жобасы қабылданып, көпшіліктен қолдау тапқан еді. Алайда, билік басына орыстілділердің шашбауын көтеріп келген Янукович бұл мәселені біраз уақытқа жылы жауып қойған. Енді бұл қадамға оралатын кез қазір туған сияқты. Ал Украинаның Еуроодақ қауымдастығымен өзара ымыраға келіп, тиімді әріптестікте жұмыс істеуге деген құлшынысын аңдап жүрген Ресей бірнеше рет ескерту жасап та үлгерді. Осы жазда Ресейдің бас санитары Генадий Онищенко украиндық «Roshen» кәмпиттерінің құрамында адам ағзасына зияны бар заттың барын айтып, жұртты дүрліктірсе, артынша украин тауарларын ресейлік нарықтан аластатуға байланысты түрлі амал-әрекеттерге көшкен еді. Кедендік бекеттерде қаңтарылып тұрған жүк көліктерінде есеп болмады. Ол ол ма, маңайдағы посткеңестік мемлекеттерді уысында ұстағысы келетін Кремль Қазақстан мен Қырғызстанға дереу арада кәмпиттің сапасын анықтау керектігін баса айтқанмен, бір ғажабы, екі мемлекет те ешқандай қоспаның жоқтығын дәлелдеді. Бұл «тауар соғысы» енді Донбасс көміріне де келіп жеткен сияқты. Таяуда ғана тырнақ астынан кір іздеуге кіріскен Ресей Донбасс көмірінен улы заттың табылғанын айтып, тұтынушыларды дүр сілкіндірді. Қылышын сүйреткен қыстың алдында жағымсыз жаңалықты естіген халық та әбігер. Әзірге мұның ақ-қарасын анықтап жатқан ешкім жоқ. 

Айтпақшы, ескертудің «көкесін» Путиннің өзі көрсетті. Ол Кедендік одақтан аттап кеткен украиндық билікке тісін батырудан жасқанар емес. «Украина әуелі Кедендік одаққа қосылғанда, Еуропамен әріптестіктің тиімді шарттарына қол жеткізетін еді. Сонда Еуропамен сауда және экономикалық қатынасымыз туралы мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндігіміз болатын еді. Бірақ бұл ұсынысымызды аяқасты еткен Украина Кедендік одақтан бұрын Еуроодақтың экономикалық кеңістігінде еркін қанат жайғысы келгенге ұқсайды. Енді біз де қарап қалмаспыз…» деген Путин сөзінің астарында зілді салмақ жатқаны сөзсіз. Ресей президентінің сөзіне қарағанда, Ресей шұғыл түрде өз нарығын арзан және сапасыз украиндық тауарлардан қорғауға көшпек. «Сондықтан біз алдын ала ескертеміз. Әрине, бұл өз таңдауларың екенін де түсінеміз, бірақ та біз нарығымызды қорғайтын құралдарды енгізуді қолға аламыз. Бұған дейін басқаша түсіндіруге тырысып келсек, бұдан былай шындықты бетке айтуға тура келеді», – деді ол тағы да шамданып.

Кейбір саясаттанушылар Путиннің бұл пікірін «қолдан келер шараның жоқтығы» деп түсінеді. Мәселен, РФ вице-премьері Альфред Кох ресейлік биліктің алдын ала төндіріп отырған қаупінен түк шықпайтындығын айтады. «Ешқандай экономикалық апат болмайды. Әрине, ресейліктер ырқына көнбеген хохолдарды қайтсе де уысында ұстамақшы. Бірақ әр мемлекеттің өз саясаты бар. Украина Еуроодақтың қауымдастық туралы құжатына қол қоя ма, жоқ па, өздері біледі. Есімде, осыған ұқсас жағдай 1990 жылдары Балтық жағалауы елдерінде де болды. Сол кезде Ресей дәл осылай қорқытып, үркіткен. Бірақ Балтық елдері өз дегенін істеді. Олар бұған ешқашан өкінген де емес», – деді. 

Алайда, Украинаның Премьер-министрі Николай Азаровтың қабырғасына Ресей билігінің қабақ шытқаны батса керек, соңғы кездегі отырыстарда бұл шешімнің көрші мемлекеттер үшін де оңтайлы болатынын айта бастады. Мәселен, ол: «Еуропалық одақ өнеркәсібінің алдыңғы қатарлы технологияларын пайдалану жаман ба? Сауда аймағында экономикалық еркіндік жанданып, өмір сүру сапасы жақсара түседі. Түптің түбінде Ресей де еуропалық мемлекет. Сондықтан Мәскеу мен Киев бір кездері жетекшіміз болған Ұлы Петрдің жолымен алға ұмтылуы керек», – деді «өздерің кінәлі» дегенді аңғартып. Ал Украина президенті Янукович болса: «Украина екі құбыжықтың арасында қалды. Мұны күн сайын сезініп келеміз. Ол – Еуроодақ пен Мәскеу. Біз бұған немкетті немесе бейжай қарай алмаймыз. Біз шығыс пен батысты жақындатқымыз келеді. Бұл әрі екі арадағы кедергі келтіретін бөгеттерді алып тастауға таптырмас жол. Осындай мүмкіндік беріп отырған Еуропалық одақ мемлекеттеріне ризашылығымызды білдіреміз», – деді Вильнюсте өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзінде. 

Украина қараша айында Вильнюс­те өтетін «Шығыс серіктестігі» атты саммитте Еуроодақпен қауымдастық туралы келісімге біржола қол қояды. Тіпті, ақпарат құралдары бұдан кейін саясаттың күрт өзгеретінін айтып, көп ұзамай түрмеде жатқанына екі жыл болған экс-премьер Юлия Тимошенконың да бостандыққа шығатынын болжап отыр. Мұның астарында шындық бар сияқты. Себебі, отандастары газға қатысты құжаттарға қол қоямын деп тығырыққа тірелген Юлияның кінәсіз екендігін айтады. Тіпті, Украинаның Еуроодаққа жасаған қадамының өзі Юлияның бостандыққа шығуына жасалған қадам дейді олар. Тағы бір пікірлерге сенсек, Еуроодақ Тимошенконы 15 қазанға дейін отбасына оралуына жәрдем етпекші. 

Ресей Украина бұл құжатқа қол қойса, Украинадан Кедендік одақ мемлекеттеріне Еуропадан келетін тауар ең төменгі бағамен өтетіндігін айтады. Әрі бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен шығын әкелетіндігіне қауіптеніп отыр. Қалай десек те, Мәскеу мен Еуроодақтың ортасында қалған Украина футбол добына айналмаса игі. 

Динара Мыңжасарқызы