Жаңалықтар

АЛҒАШҚЫ ДЕЛЕГАТ – ЕЛБАСЫ

ашық дереккөзі

АЛҒАШҚЫ ДЕЛЕГАТ – ЕЛБАСЫ

«Нұр Отан» партиясының XV съезінің делегаттар тізімін партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Астанада өткен партия ұйымының XVІІІ конференциясында Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаев партия съезіне алғашқы делегат болып сайланды. 23 қыркүйек күні елордада қалалық партия конференциясы өтті. Жиын кезінде  «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясының жаңа міндеттері, «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты жаңа саяси Доктринасы талқылауға түскен болатын. Конференцияға  партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Астана қаласының әкімі, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Владимир Редкокашин, ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Надежда Петухова, Астана қалалық мәслихат депутаттары, қалалық бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Жас Отан» жастар қанатының астана қаласындағы жас белсенділері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Елордада өткен партиялық конференция еліміздің республика көлемінде өткізілген алғашқы өңірлік конференциясы. «Нұр Отанның»  XV съезіне  алғашқы делегаттар да осы өңірде сайланып отыр. Астанада басталған алғашқы конференция еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табуда. Апта соңында съезд делегаттарының қорытынды тізімі белгілі болады. Конференцияға қатысушылар «Нұр Отанның» жаңа саяси Доктринасын талқылады. Доктрина аясында Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласына байланысты еңбек адамы ұғымын күшейту керектігі де сөз болды. Ең бастысы, партияның стратегиялық құжаты қазақстандықтардың өскелең ұрпағына үйлестірілген болуы керектігі де айтылды. №2 сайлау округі бойынша «Нұр Отан» қалалық филиалы тарапынан мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мәселелері де айтылды.  Жиын соңында партияның қалалық филиалынан партия съезіне 100 делегат сайланды.

Гүлзина Бектас