Жаңалықтар

Азат Перуашев, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты: ТУРИСТЕР КЕДЕНДІК ОДАҚҚА КЕЛЕ МЕ?

ашық дереккөзі

Азат Перуашев, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты: ТУРИСТЕР КЕДЕНДІК ОДАҚҚА КЕЛЕ МЕ?

Қазақстан Парламентінде Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың қатысуымен өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан аумағына кірген кезде адамдар ведомстволық эмблемаларды емес, біздің мемлекеттік рәміздерді көруі тиіс деген мәлімдеме жасады. 

– Неге кедендік өткелдердің жанында – Ресеймен немесе оңтүстік шекара жағында – Қазақстан туының жанында тағы бір ту тұрақты түрде ілініп тұрады!? Көгілдір-жасыл сияқты! Шамасы бұл біздің кедендік қызметтің туы болуы керек. Кейде Қазақстан Республикасының елтаңбасы болмаса да, осы эмблема міндетті түрде тұрады. Негізінде Қазақстанға келетін адамдар, ведомствоға емес мемлекетке кіреді. Осы орайда біздің еліміздің кіреберісінде мемлекеттік рәміздермен қатар кейбір ведомстволардың белгілерін пайдаланудың негізділігі туралы мәселе туындайды, – деген оның сауалына Қаржы министрі Болат Жәмішев кешірім сұрап, бұл мәселені ретке келтіретіндігін айтса, Кедендік комитет төрағасы Мәжит Есенбаев бұған шат-шәлекейі шығып ашуланды. 

– Кешірім сұраудың қажеті жоқ. Азат Тұрлыбекұлының шындыққа сәйкеспейтін нәрсені айтуы бірінші рет емес. Дәлірек айтыңызшы, нақты қай бекет туралы әңгіме болуда, жалау қайда ілініп тұр? – деген ол.

24 қыркүйекте «Ақ жол» пар­тия­­­сының баспасөз қызметі бас кеден­ші­нің күдігін сейілту мақсатында Батыс Қазақстан облысы мен Жамбыл облыстық Кеден бекеттерінің алдын­дағы ту суреттерін нақты дерек ретінде ұсынған екен. Азат Перуашев деректерді жариялауға уәде берген еді аталған жиында. 

Кезінде Кеңестік одақ заманында КСРО-ның туы барлық одақтас республикалардың мемлекеттік рәмізіне айналған еді. Кедендік одақ өз жұмысын бастағаннан бері кеденнің туының анадайдан менмұндалауының да өзіндік сыры бар шығар, бәлкім. Қазір бұрынғы митрополиямен қайта одақ құру жайлы арманның, Путиннің іште жатқан арманының қайта бас көтергеніне біраз жыл болды. Путинге салса, айналасы үш жылдың ішінде Еуразия одағын құрып, оған посткеңестік мемлекеттердің барлығын белден басып енгізуге де кет әрі емес. Сол үшін сырттан келетіндерді де, іштегілерді де кедендік ведомствоның туын желбірету арқылы, жұртты кедендік одаққа саналы түрде үгіттеу санасы жасырылып жатқан сынды. 

Е. Құмар